САДЫҚ АХУН
Есімі Қазақстан мен Орта Азияға белгілі тұлғалардың бірі – Сыр бойының өкілі Садық ахун Қодарұлы. Айта кетсек, 1937 жылдың тамыз айының бірінде өмірден өткен Садық ахунға замандас болған інісі, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов былайша көңіл айтқаны бар:
«...Оһ-дәрия, өткен Сәкең әзиз еді,
Халықтың нарқы қымбат гауһар еді.
Ғылымға он екі пән болған мәшһүр
Лұқпандай заманында дәркер еді.»
Осынау қысқа өлең арқылы Тұрмағамбет ақын Садық Қодарұлының өмірдегі әділ бағасын берген.
Ал Садық Қодарұлы алдымен ақын, оның есімі Ақмешіт жұртшылығына ХІХ ғасырдың соңында емшілігімен де белгілі бола бастады. 1890-1891 жылдар шамасында Тәуелібайдағы Аспан руының ақын қызы Ырысты оған жұмбақ өлеңін жолдапты. Бұл айтысқа 16 ақын қатысқан көрінеді. Ырысты қыздың жұмбағы:
«Керуен түйең бар ма, қос артқандай,
Қос артып, жүк түйесін босатқандай.
Өзің де қартқа басқан кісі екенсіз,
Кәріні бар ма, амал жасартқандай».
Оған Садық ақын былай деп жауап қайтарған екен:
«Өлген соң бастан кетер көңіл құмар,
Жүк арттым талай-талай көңілге нар!
Қайталап кәрі кісі жас болмайды,
Әншейін көңіліңізге келген шығар».
Міне, осы кезден бастап Садық есіміне ақын деген атақ қосылады.
1913 жылы Ыбыраш Ержанұлының Таубайдың Жүсібімен айтысында жазған өлеңінде:
«...Шамшадин, Мырзекең мен ақын Садық,
Қалжекең, Дәулетназар Һәм Әлібай,
Қожекең, Алдешекең, Шаймағанбет.
Жылқыайдар, Әбдікәрім, бұл Тоқсанбай,
Ақылдың даналары міне осылар», – дей отырып, діни қайраткерлер арасында Садықты ақын деп атаған. Ол 1898 жылы Қармақшы ауданындағы қазіргі Иіркөл ауылында 40 жылдай мешітте имам болып, діни-ағартушылық қызмет атқарған. Осы қызметіне қоса, емшілікпен де айналысқан. Оның әкесі Қодар Таңатаров та батыр болған кісі екен.
Садық ахун Қодарұлы 1894 жылы «Көкілташ» медресесі жанындағы Иран дәрігерлер мектебінде төрт жыл бойы дәріс алады. Туған жерге 1898 жылы оралған. Бірде Қарсақбай комбинатына басшы болып келген Қаныш Сәтбаевты 1929 жылы көлік жүргізушісі Бәкір Балғабаев Иіркөлдегі Садық ахунның үйіне әкеліп емдетеді. Бұл сөзді мен Кетебай Тойбазаровтың аузынан естіген едім. Академик Қаныш Сәтбаевтан басқа Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне үш мәрте депутат болған Қашақбай Пірімов, 30 жыл колхоз-совхоз басқарған Жаңабай Азаматов, тағы басқалар да емделіп, жазылып шыққан деседі.
Сыр сүлейлерінің бірі ақын Шораяқтың Омары (1873-1924) науқастанып жатып Садық ахунға былай деп жазғаны бар: «...Көріп кет, келіп Сәке жан барында, Жан жатыр жергілікті аңғарында» деуі-ақ, С.Қодарұлының үлкен емші болғанын айғақтайды.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының доценті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Ұлжан Байбосынова да өз зерттеуінде мұны растап, өлең жолдарын келтіреді.
«Көріп кет, келіп Сәке жан барында,
Жан жатыр жергілікті аңғарында.
Атыңды, сипатыңды санжат еттім,
Сарсылтып дерттің қысқан салдарында.
Ізіңе ынтық болып інің жатыр,
Кеселдің кілті қора албарында.
Қолдағы құшырыңды жұмса,
Сәке, Ұстазың Әбу-Сина жалбарын да».
Шораяқтың Омарының осы бір өлең жолдары Садық ахунға Сыр бойы ақын-шайырларының қойып кеткен ескерткіші іспетті.
2025 жылдың соңында Ұлттық кітапханада Садық Қодарұлының туғанына 165 жыл толуына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда Садық Қодарұлының діни-ағартушылық қызметімен қатар емшілік (дәрігерлік) қызметіне ғалымдар кеңінен тоқталды. Бір қызығы, Садық ахунның ұрпақтарының арасында бүгінде дәрігерлік салада еңбек етіп жүрген 20- ға жуық ғылым кандидаты, докторант, магистрант, медицина саласындағы орта буын қызметкерлері бар екен. Біз көрген Садық ахунның үлкен баласы Әбжан мешіт ұстап, емшілікпен айналысса, ал кенжесі Тәжидин фельдшер қызметімен қатар емшілікпен де айналысады.
Садық ахун Қодарұлы Қармақшы ауданының №4 Далакөл ауылы «Көптің көлі» серіктестігінде 1861 жылы туған. Арабша сауатты. Бұқарада, Хиуада емшілер даярлайтын діни оқу орнында оқыған. 1932 жылы молдалық жасағаны үшін тұтқынға алынып, абақтыда алты ай отырып шыққан. Ол «Қармақшы ауданында тәуіпшілікпен айналысып, жасырын түрде адам емдеп, сол үшін олардан ақы алады» деп айыпталған. Кеңес үкіметі мен партия саясатына қарсы үгіт жүргізгені үшін айып тағылып, ОГПУ-дің Қармақшы аудандық өкілінің 1936 жылғы 18 ақпандағы қаулысымен тұтқынға алынып, қылмыстық іс қозғаған. Қармақшы аудандық НКВД бөлімінің 1936 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен Қодарұлы Садықтың жасының ұлғаюына, еңбекке жарамсыз мүгедектігін ескеріп, УКП-ның 202 бабына сәйкес іс қысқарған. Қызылорда облыстық прокурорының 1997 жылғы 12 мамырдағы қорытындысымен Қодаров Садық КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығының негізінде толық ақталған.
Жалпы С.Қодарұлы екі рет түрмеге қамалған. Қармақшыдағы дәрігерлердің жетекшісі Пальчиков та оған қырын қарап, емшілігіне кедергі келтіреді. Бұл оқиғадан хабардар туыстары Сәкеңді туған жері, қазіргі Ақжарма ауылына көшіріп әкеледі.
Садық ахуннан ондаған жас білім алған. Олардың ішінде өз баласы Әбжан (1902-1972), Мақсұт (1909-1942) Әбдіхалық Жадаков, Әбжан Бектібаев, тағы басқалар бар. Ә.Бектібаев 1937 жылы «халық жауы» атанып, жазаланды. Ал үлкен баласы Әбжан қудалаудың талайын басынан кешірсе, Мақсұт Мақсұм 1941-1945 жылғы соғысқа алынып, майдан даласынан оралмаған. Сәкеңнің кенжесі 40 жыл фельдшерлік қызмет атқарған, соғыс ардагері. Тәжидин аға бір әңгімесінде өзінен гөрі ағасы Әбжанның молдалықпен қатар емшілігінің күшті болғаны, әкесі елге пайдаланған 400 түрлі дәрілік шөптерден өзі 33 түрін ғана меңгергенін қынжыла айтқан-ды.
Ал Сыр бойында Садық ахунды ұлықтау шаралары 1991 жылдан басталды. Тереңөзекте үлкен шара өтті. «Қазақстан» телеарнасынан «Ақталған ақын» атты хабар берілді. Садық ахунның кітаптары, пайдаланған емдік шөптері бұрынғы Тереңөзек ауданының музейіне және Қызылорда облыстық ауруханасындағы музейге қойылды.
Тарихқа жүгінсек, 1970-1980 жылдар аралығында Қазақстанда халық емшілерінің халықаралық симпозиумы өтетін болады. Сол тұста Мемлекет басшысы Д.Қонаев «...бізде халық емшілері болған ғой, соны іздеп табыңдар» депті. Сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Т.Шармановтың тапсырмасымен Қазақстан медицина және денсаулық сақтау тарихының музейі ашылады. Музей директоры, медицина ғылымының кандидаты Болат Әбдікәрімов (кейін ғылым докторы атанған. Т.Д.) Люба Ахметқызы Арықова 1981 жылдың 22 сәуірінде С.Қодарұлының мұрагері Тәжидиннің үйіне келіп, ахун мұраларымен танысады. Екі-үш кітабын зерттеуге Алматыға алып кетеді.
Садық ахунның емдеу тәсілдері кейінгі ұрпаққа балалары Әбжан мен Тәжидин арқылы жетті. Садық емшінің ұрпақтарының айтуынша, оның 5 түрлі емі болыпты. Біріншісі – шөп дәрілермен, екіншісі – қан алу, үшіншісі – қарау (гипотерапия), төртіншісі – үзу (уқалау), бесіншісі – дұғамен емдеу екен. Тәжидин ақсақалдың айтуынша, сол дәрілік шөптермен жүрек, бауыр, құрт ауруы мен асқазанды емдеген. Садық ахун жасаған дәрілік шөптер Сыр бойында, Сарысу, Шымкент өңірінде өседі екен. Садық емші шұбар құрбақаны күйдіргі ауруына, шөлде кездесетін шұбар ала жыланды да ем үшін пайдаланыпты. Қасқырдың кеңірдегі мен бүркіттің тұмсығын да емге қолданған. Садық Қодарұлы науқастарды үйімен көшіріп әкеліп емдеген және тазалықты қатты ұстанған. Ауыл маңынан «Гәж» деп аталатын саз топырақпен үй ішін, есіктерезені жуғызған. Бұл қазіргі тілмен айтқанда, дезинфекция жасау.
2017 жылы Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының және Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен «Туған жерге тағзым» атты акцияға орай жазба ақындар айтысы өткізіліп, Садық ахунның мұрасының маңызы зор екендігі айтылды.
Жалпы Садық ахун (ақын) хақында 39 түрлі мазмұнда жазылған мақала бар. Әртүрлі жинақтарда Садық ахунның мол мұрасы да жіті жарияланып келеді. Алматыда Ұлттық кітапханада өткен конференцияда да Садық Қодарұлының қайраткерлік қасиеті талданды. Оның халық игілігі мен діни-ағартушылық саласының көрнекті өкілі болғаны әрі имандылыққа, білімге, ауызбірлікке үндегені шипагерлік өнерді дамытқан ірі тұлғалардың бірі екені айқындалды.
Конференцияда баяндама жасаған елімізге белгілі, философия ғылымының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев «Садық ахун Қодарұлы – ислам ілімі мен қазақ дүниетанымының арасын жалғаған алтын көпір. Ол тек мешіт салған, ем жүргізген, шәкірт тәрбиелеген тұлға ретінде емес, философиялық феномен ретінде қымбат» деп атап көрсетті. Бүгінде С.Қодарұлының (1894- 1910) құмның астынан, тұрғын үйдің қабырғасының арасынан табылған 40-тан астам құнды дүниесі ұрпақтарының қолында. Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы «Шығыс қолжазбалар мұрасы», Халықаралық деректер орталығының бас ғылыми қызметкері, РhD Өмір Тұяқбай кітапханаға қабылданған 15 кітап пен 4 қолжазбаның аттарын атап, түсін түстеп берді. Олар – түрік, араб тілдерінде және 1894-1911 жылдарда Ташкент, Бұқара, Мысыр, Ыстамбұл, Қазан баспаларынан шыққан құнды дүниелер. Мұнда Құран ілімі туралы түсінік, арабша-түрікше сөздік, әл-Кария және оған жазылған түсіндірме, трактаттар жинағы бар. Ғалым Өмір Тұяқбайдың көмегі арқылы емдік шөптер, діни хисса-хикаяттар және ұстазы Ораз Мұхамед Бекетайұлының қолжазба кітабы, адамның ойөрісінің дамуы, көзқарасы, емдік дұғалар туралы жазбалары бар екенін білдік. Конференцияда Садық ахунның немересі, медицина ғылымының кандидаты С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры Толқын Тәжидинқызы Садықова «Садық ахунның емдеу тәсілдері» тақырыбында баяндама жасап, бұрын мәлім болмаған емдеу тәсілдерін талдап берді.
Садық Қодарұлы туралы зерттеу барысында өзімен құрдас, сыйлас болған Қалжан ахунның хатын таптық. Бұл хат шамамен 1897-1898 жылдары жазылған сияқты. Хат Садық ахунға көмектесуді сұрап, ағайын болып келетін Өтеген биге арналған.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
















