» » КӨКТЕМНІҢ ӘР КҮНІ БАҒАЛЫ

КӨКТЕМНІҢ ӘР КҮНІ БАҒАЛЫ

Өткен жылы Сыр салысынан тау тұрғызып, есімі ерекше аталған аймақ шаруашылықтары арасында ауданға қарасты Дүр Оңғар ауылының «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де болған еді. Облыстық «Алтын күз – 2025» салтанатты іс-шарасында Орынбасар Төлепов басшылық ететін серіктестік өзге әріптестерінен оза шауып, «Озат егін шаруашылығы» номинациясын жеңіп алған болатын. Осылайша, шаруашылық диқандары бағдарлы мақсат пен ауызбірліктің арқасында науқанды жоғары дәрежеде қорытындылап, еңбектерінің жемісін көрді.
Көктем түсе серіктестік шаруалары биыл да жылдағы дәстүрмен дала жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Нақты айтқанда, 20 наурызда басталған егіс орналастыру жұмыстары бүгінде қызу қарқын алған. «Шаруашылық мамандары бүгінде 200 гектарға бидай, 633 гектарға суданка шөбі, 40 гектарға сүрлем және 40 гектарға дәндік жүгері егіп, жұмыстың көрігін қыздыруда. Ал шаруашылықтың негізгі дақылы – күріш өнімін 2554 гектар жерге егуге дайындық үстіндеміз» дейді серіктестіктің бас агрономы, аудандық мәслихат депутаты Төлеу Ералиев.
– Несібесін дала төсінен айыратын диқан қауым үшін көктем нағыз еңбекке бел шеше кірісетін шақ. Қыста сәл тыныстап алған жұмыскермамандарымыз осы жылдың да ырыздық-нәсібін теруге үлкен дайындықпен келіп отыр. Басты ұстанымымыз – береке-бірлік. Осы уақытта ақ егісті орналастырып болып, Сырдың жайқалған күрішін егуге – жерін тегістеу, су арналарын ашу, тазарту және өртеу жұмыстарын жасап жатырмыз. Бұйырса, күрішті 20 сәуірде егіп бастаймыз деген жоспарымыз бар, – дейді күріштің жайын жақсы білетін білікті маман.

Ауыл халқының дені шаруашылықта жұмыс істейтін болғандықтан, оларды еңбекке ынталандырып отыру – ертеден қалыптасқан жайт. Былтырғы егін қорытындысында да озаттар төрден көрініп, еңбектеріне қарай сыйақылар мен қосымша қаржыға ие болған. Атап өтер болсақ, серіктестіктің №4 бригадасы (бригадирі Данияр Нұрмағамбетов) 38 млн, №3 бригадасы (бригадирі Сағат Әбжалиев) 36 млн теңге қаражатқа ие болса, басқа бригадалар да 11-5 млн теңге көлемінде ынталандырылған.
– Науқанға адамдарымыз да, техникамыз да жақсы дайындықпен кіріп отыр. Жылдағы атқарып жүрген өзіміз қыр-сырын жетік білетін шаруамыз. Сол себепті де елдің ырыс-несібесі деп, сапаға жұмыс істейміз. Бізде жастармен бірге, өнеге ететін аға буын өкілдері де қызмет етуде. Олардың алды Оралбек Машарапов ақсақалымыз 75 жаста болса, одан кейінгілерінің 30-40 жылдық еңбек тәжірибелері бар өз ісінің майталмандары. Жастарымыз да егін шаруашылығына төселіп, кәсіптеріне қарай машықтануда, – дейді Т.Айманұлы.
Наурыз түсе серіктестіктің бригада басында түрлі техниканың гүрілі үдей түскен. Дала жұмысына 12 «ХТЗ», 5 «CLAAS», 15 «МТЗ-80» тракторы мен 1 экскаватор, дәнекерлеу техникалары тартылса, еңбек қостарында 150-ге жуық адам, ал ауыл ішінде көлік жөндеу шеберханасы, қырман, құрылыс алаңы, сондай-ақ алма бағында да еңбек жалғастығы үзілмеген.
«Егіннің жайын еккен білер» демекші, дүроң­ғарлықтарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған серіктестікте саналы ғұмырын еңбекке арнаған бірнеше ұрпақ өкілі көптеп саналады. Ұрпақтар сабақтастығының үзігін жалғаған Аймановтар, Пірдашовтар, Өмірзақовтар, Жүнісовтер, Мыхановтар, Әбжалиевтер, Қуаңбаевтар және тағы басқа еңбек әулеттерін құрметпен атай аламыз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
05 сәуір 2026 ж. 133 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (10491)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (10490)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (10489)

27 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 804
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 504

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930