МИНИМАЛИЗМ ӨМІРДІ ҚАЛАЙ ЖЕҢІЛДЕТЕДІ?
Үйде зат көбейген сайын оның шашылуы да тез. Ал оны жинау керек деген ойдың өзі адамды шаршатады. Несін жасырамыз, онсыз да жұмыстан шаршап келгенде үй жиналмай тұрса жүйкеңіз жұқарады. Мұның бір шешімі – артық заттан арылу.
Бүгінде адамдар ақшаны заттарға емес, өзін-өзі дамытуға, денсаулыққа немесе ерекше әсерлерге жұмсауға тырысады. Сондай-ақ заттың санына емес, сапасына көбірек мән береді. Бұл минимализмнің негізі. Минимализм дегеніміз не? Артық заттан арылып өмірді қалай жеңілдетуге болады. Жеңіл өмірдің сыры неде? Саралап көрсек.
Қазіргі қоғамда ақпараттың көптігі, қарбалас өмір ырғағы адамды шаршатып, артық дүниелерден арылуға деген ұмтылысты күшейтті. Осындай жағдайда соңғы жылдары кеңінен таралып келе жатқан өмір салтының бірі – минимализм. Бұл тек заттарды азайту емес, өмірдің мәнін қайта қарап, шынайы құндылықтарға басымдық беру философиясы.
Оның тарихы туралы не білеміз?
Бүгінде сәнге айналған минимализмнің тарихы ХХ ғасырдан басталады. 1960 жылы американдық суретші Барнетт Ньюман кенепке бір тік сызық сызды.
Бұл қарапайым туынды көрерменге ерекше әсер сыйлады. Осыдан кейін минимализм өз алдына жеке кеңінен таныла бастады. Кейін бұл үрдіс сәулет саласына енді.
Ал әлемге минимализм стилімен үлгі болған жапондар бала кезден «дүниеге байланып қалма, тек керегін ғана пайдалан» деген сөзді құлақтарына құйып өседі. Бұған елде жиі болатын жер сілкінісі де әсер етті. Олар төтенше жағдайда өз қауіпсіздігін ойлау маңызды деп санайды. Сондықтан үйін қажетсіз затпен толтырмайды. Жиһазы да барынша қарапайым, ағаштан жасалған шағын шкаф. Оның ішінде санаулы ғана киім. Бөлмеге әдеттегідей кереует қоймайды, керісінше үстел мен матрас қана қояды. Асүйде де артық ыдыс жоқ. Бұл оларға үй шаруасын реттеуді жеңілдетеді. Артық дүниеден арылыңыз Көпшілік «алдымен өмірім бір жүйеге келсін, содан кейін минимализмге көшемін» деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде бұлай емес. Өмірді ретке келтірудің алғашқы қадамы – артық заттардан арылу. Қажетсіз дүниелерді жинап ұстау тек кеңістікті емес, уақытымызды да тарылтады. Ал олардан құтылған сәтте бос кеңістік қана емес, бұрын жетпей жүрген уақыт та пайда болады.
Сондықтан ертеңге қалдырмай, дәл қазір бастаңыз. Артық заттарды тастау үшін арнайы білімнің керегі жоқ, тәжірибе барысында үйреніп кетесіз. Есіңізде болсын, «бос уақыт пайда болғанда кірісемін» десеңіз, ол уақыт ешқашан келмейді. Ал бүгін жасаған алғашқы қадам – сізді еркін әрі жеңіл өмірге бастайтын ең үлкен өзгеріс.
Минимализм тәжірибесін бастан өткергендердің айтуынша, артық дүниеден арылған кезде адам ештеңеге өкінбейді. Мәселен, кей адамдардың өмірінде сақталған мүліктің мөлшері бұрынғыдан бірнеше есе азайған. Мың заттың тоғыз жүз елуін тәрк еткеннен кейін де олардың ешқайсысы өкінерлік құндылық болып шықпайды. Алғашында белгілі бір нәрсеге қимастық туындауы мүмкін, бірақ уақыт өте келе ол сезімнің ізі де қалмайды. Бұрын аса қажет сияқты көрінген заттар кейіннен мәнсіз болып, тіпті есіңізге де түспейді. Бұл құбылыс артық дүниенің адамның өміріндегі рөлі қаншалықты болмашы екенін айқын көрсетеді.
Көп жағдайда адамдарды артық заттан арылудан ұстап қалатыны – болашақта өкінеміз бе деген қорқыныш. Бұл табиғи сезім, әрбір жанға тән. Дегенмен он жыл бойы шкафтың түбінде жатқан ескі пальто немесе бала кезінде теңіз жағасында жиналған қабыршақтар сияқты дүниелер өмірлік маңызға ие емес. Олар көбіне тек иллюзия ретінде сақталады.
Сондықтан минимализм идеясы қарапайым бір қағидаға сүйенеді: «Тастаған ешбір затыңыз өкінуге тұрмайды». Бұл қағиданы түсінгенде ғана адам шын мәнінде артық нәрседен құтылып, ойын жеңілдете бастайды. Үйді қажетсіз заттардан тазарту – тек кеңістікті ашу ғана емес, ішкі дүниені де ретке келтірудің жолы. Әр артық зат миға белгі береді: «мені жу», «мені жөнде», «мені жаңаға ауыстыр», «мені жина». Ал бұл «шулардан» босап шыққанда ғана адам шынайы маңызды істерге көңіл бөлуге қабілетті болады.
Артық заттардан арылуды әдетке айналдыру – минимализм жолындағы ең сенімді тәсілдердің бірі. Әдет қалыптастыру үшін уақыт пен жүйелілік қажет. Мәселен, сіз таңертең жүгіруді дағдыға айналдырғыңыз келсе, алғашқы күні тек ерте тұрып, есікке дейін барумен шектелесіз. Келесі күні аяғыңызға кроссовки киесіз. Осылайша кішкентай қадамдар арқылы үлкен нәтижеге біртіндеп жетесіз. Жапон мен америкалық бейсболдың аңызы саналатын Итиро Судзукидің айтуынша, кез келген ұлы жетістік осылайша шағын әрекеттерден басталады.
Заттардан арылу да дәл осы қағидамен жүреді. Алдымен ең айқын, ешкімге қажеті жоқ дүниелерден бастаңыз. Кеше ғана тастауға қимай жүрген ескі тәпішке немесе көптен бері тозған саптама етік – алғашқы қадамға жарайды. Ертеңінде көгерген плащтан құтыласыз. Күн сайын жаңа қадам қосқан сайын батылдық артып, артықтан арылу оңайырақ бола түседі.
Минимализм және уақыт құндылығы
Минимализмнің негізгі қағидаларының бірі – уақыттың қадірін түсіну. Қазіргі заманда адам баласы күн сайын сан түрлі ақпарат пен міндеттердің ортасында өмір сүреді. Осындай қарбалас тіршілікте уақыт ең бағалы ресурсқа айналды. Минимализм осы құндылықты дұрыс пайдалануға үйретеді.
Артық зат көбейген сайын оны күтуге, жинауға, реттеуге, тіпті ойша алаңдауға кететін уақыт та көбейеді. Үйдегі қажетсіз дүниелерді сақтау, киімдердің арасынан таңдау жасау, артық техниканы пайдалану – мұның бәрі байқалмай-ақ уақытты алады. Ал минимализм осы артықтықты азайтып, адамның күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталады.
Зат азайған сайын адам өз уақытының едәуір бөлігін босатады. Бұл уақытты әркім өзіне маңызды дүниелерге жұмсай алады: отбасымен сапалы уақыт өткізуге, жаңа білім игеруге, шығармашылықпен айналысуға немесе жай ғана тынығып, ой жинақтауға мүмкіндік туады. Осылайша минимализм адамның өмір сапасын арттырып, уақытты саналы пайдалануға жол ашады.
Сонымен қатар минимализм тек тұрмыста ғана емес, жоспарлау мен міндеттерді орындауда да көрініс табады. Яғни адам барлық істі бірдей атқаруға тырыспай, ең маңызды істерді ғана таңдап, соған күш салуды үйренеді. Бұл тәсіл уақытты тиімді пайдаланып қана қоймай, өмірдегі басты мақсаттарды айқындауға көмектеседі.
Сондықтан минимализмді тек заттарды азайту деп түсіну жеткіліксіз. Ол – уақытты бағалауға, өмірді қарапайым әрі мазмұнды етуге бағытталған өмірлік ұстаным. Уақыттың қадірін білген адам ғана өмірдің әр сәтін мәнді өткізе алады.
Тұтыну мәдениетіне жаңа көзқарас
Қазіргі қоғамда тұтыну мәдениеті бұрынсоңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Нарықтағы бәсекелестік, жарнаманың ықпалы және әлеуметтік желілердегі өмір салтын көрсету үрдісі адамдарды үнемі жаңа зат сатып алуға жетелейді. Көп жағдайда адамдар қажеттіліктен емес, қоғамдағы трендке ілесу немесе өзгелерден қалмау үшін түрлі бұйымдарды иеленуге ұмтылады. Соның салдарынан артық зат көбейіп, тұтыну шектен тыс деңгейге жетеді.
Ал минимализм философиясы осы үрдіске өзгеше көзқарас ұсынады. Ол адамды саналы тұтынуға, яғни әрбір сатып алатын дүниеге ойланып қарауға шақырады. Минималистік ұстаным бойынша кез келген затты алар алдында «Маған шынымен қажет пе?», «Бұл менің өмірімді жеңілдете ме?» деген сауалдарға жауап іздеу маңызды. Мұндай тәсіл адамды ойланбай сатып алудан сақтап, қаржыны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар минимализм табиғатқа деген жауапкершілікті де арттырады. Артық тұтыну өндірістің көбеюіне, ал өндіріс табиғи ресурстардың көп жұмсалуына әкеледі. Сондықтан саналы тұтыну тек жеке адамның өміріне ғана емес, қоршаған ортаға да оң әсер етеді. Аз сатып алып, барды ұқыпты пайдалану арқылы адам табиғатқа түсетін салмақты да азайта алады.
Бүгінде минимализм тұтыну мәдениетін мүлде өзгеше деңгейге көтеріп отыр. Ол адамдарды заттың санына емес, сапасына мән беруге үйретеді, яғни көп әрі арзан заттың орнына ұзақ уақытқа жарайтын, шынайы қажеттілікті өтейтін дүниені таңдауға бағыттайды. Мұндай ұстаным адамның өмірін жеңілдетіп қана қоймай, тұрақты әрі жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Көрсету үшін сақталған дүниелердің құны жоқ Адамдар көбіне заттарды өзінің нақты қажеттілігі үшін емес, өзгелердің көзқарасына әсер ету мақсатында ұстайды. Бұл – табиғи нәрсе. Біз бәріміз сырт көзге қалай көрінетінімізге мән береміз. Кейбірі қымбат сағат пен сәнді автокөлік арқылы мәртебесін көрсеткісі келеді, енді біреулер қымбат жиһаз, заманауи техника немесе сәнді киім арқылы өзін «сәтті өмір сүріп жатқан» адам ретінде танытқысы келеді. Тағы біреулер шығармашылық тұлға кейпін қалыптастыру үшін музыкалық аспаптар мен өнер туындыларын жинайды.
Алайда шын мәнінде бізге қуаныш сыйлайтын нәрсе – күнделікті пайдаланатын қарапайым дүниелер ғана. Олар артық күтімді қажет етпейді, уақытымызды да көп алмайды. Ал өзгелерге әсер ету үшін жиналған заттар уақыт өте келе босқа орын алып, күш пен энергияны текке жояды.
Сондықтан өз-өзіңізге сұрақ қойыңыз. «Мен бұл затты шынымен жақсы көремін бе, әлде оны өзгелерге ұнау үшін ғана сақтап отырмын ба?» Егер жауап екінші нұсқаға жақын болса, одан құтылғаныңыз дұрыс. Өйткені адамның құндылығын қымбат жиһаз да, сәнді сағат та айқындамайды. Сізді нағыз көрсететін нәрсе – іс-әрекетіңіз, көзқарасыңыз және уақытыңызды қалай бағалайтыныңыз.
Түйін Қорыта айтқанда, минимализм – тек заттарды азайту емес, өмірге деген көзқарасты өзгертетін тұтас философия. Ол адамды артық дүниеге емес, шынайы құндылықтарға мән беруге үйретеді. Қарапайымдылықты таңдаған жан өмірдің әр сәтін тереңірек сезініп, уақытын да, күш-қуатын да маңызды істерге бағыттай алады.Минимализм адамның тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, ойы мен жан дүниесіне де тыныштық әкеледі. Артықтан арылған сайын адам өз өмірінің мәнін айқынырақ түсініп, шынайы бақыттың затта емес, рухани байлық пен жақын адамдардың жанында екенін сезіне бастайды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ














