ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: БҮГІНГІ ИДЕЯ – ЕРТЕҢГІ ШЕШІМ

Мемлекет басшысы қай кезде де адами капиталға, ғылым мен білімге, инновацияға ерекше мән беріп келеді. Аталған бағыттар мемлекет қызметінің стратегиялық басымдығы ретінде анықталып отыр. Бұл жас ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылыми ізденістермен айналысуына, сонымен қатар инновациялық тың идеяларды іске асыруларына жол ашады.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Жасанды интеллект: бүгінгі идея – ертеңгі шешім» тақырыбында адамзат дамуының жаңа кезеңін айқындайтын оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, ауданның әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, жергілікті мәселелерді шешуде жасанды интеллект технологияларын қолдану дағдыларын қалыптастыру мақсатында ғылыми-тәжірибелік жобалар байқауы өтті. Онда жасанды интеллект пен заманауи технологияларға қызығушылық танытқан ауданымыздың барлық мектебінен дарынды оқушылар бақ сынап, жобаларын ұсынды.
Байқауға ауданға арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібековтер қатысты.
Білім сайысының салтанатты ашылуында сенатор Руслан Рүстемов сөз сөйлеп, ізденімпаз жастарға лебізін арнады.
– Хакім Абай «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп ғылымның адам өмірінде айрықша орнын тереңнен толғайды. Ал Сыр елінің шайыр ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуұлы «Ақыл – тон, андағанға азбайтұғын, ғылым – кен, күнде өніп қоздайтұғын» деп білім мен ізденістің сарқылмас қазына екенін ұлағат етеді. Бүгінгі жас буынның ғылым мен технологияға бет бұруы осы даналық сөздердің өміршеңдігін дәлелдейтін жарқын көрініс.
Білім мен инновация тоғысқан бұл байқауда жас зерттеушілер заманауи технологиялар, цифрлық шешімдер және жасанды интеллект мүмкіндіктеріне негізделген тың жоба ұсына отырып, AТ саласына деген қызығушылықтарын, ел дамуына үлес қосуға деген шынайы ұмтылыстарын көрсетті.
Жасанды интеллект – болашақ емес, бүгіннің технологиясы. Сондықтан жастарға сапалы білім беріп, олардың ғылыми ізденісі мен шығармашылық бастамаларын қолдау стратегиялық маңызы бар міндет. Осындай байқаулар жасөспірімдердің зерттеушілік ойлауын қалыптастырып, еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға берік негіз қалайды.
Байқауға бақ сынамаққа келген барша талапкерге сәттілік серік болсын дей келе, баршаңызға шығармашылық табыс тілеймін, – деді ол. Байқауға аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаров, қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Досбол Дүйсембеков, №199 орта мектептің информатика пәні мұғалімі Асылбек Мырзабаев, аудандық Оқушылар үйінің әдіскері Алтынбек Әділов, педагогұйымдастырушы Марал Аймаханова, «3D модельдеу» үйірмесінің қосымша білім беру педагогі Руслан Аққасынов, «ART дизайн» үйірмесінің қосымша білім беру педагогі Қайсар Каналбеков, «Робототехника» үйірмесінің қосымша білім беру педагогі Нұрлыбек Малаев, «Жас натуралист» үйірмесінің қосымша білім беру педагогі Мархабат Сматовалар қазылық етті.
Сайысқа қатысушылар ереже бойынша 4 бағытта жаңашыл идеяларын таныстырып, оның қолданылу мүмкіндіктерін дәлелдеулері керек. Бірінші бағытта – «Korkyt Heritage & Tourism» (тарих және туризм) тақырыбында аудан туризмін дамыту және тарихи мұраны насихаттау болса, екіншісі – ғарыш айлағының көршілестігін пайдалана отырып, инженерияға қызығушылықты оятуда «Space & Tech» (Байқоңыр және инженерия) негізіне бағытталды. Үшінші бағыты – «Agro & Eco Intelligence» (ауылшаруашылығы және экология) тақырыбында аймақтың аграрлық секторын және экологиясын жақсартуға арналса, төртіншісі – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Smart Qarmaqshy» (қауіпсіз және ақылды орта) қалыптастыру.
Білімділер бәсекесі мәресіне жетіп, үздіктер анықталды. Аудандық мәслихат аппаратының басшысы Жарқын Омаров ғылыми-зерттеу жобаларымен жүйрік шыққан мектеп шәкірттері мен олардың жетекшілеріне алғысын айтып, марапаттау рәсімін жасады.
Байқау нәтижесінде, «Korkyt Heritage & Tourism» бағыты бойынша І орын аудандық Оқушылар үйінің үйірме шәкірті Гүлсезім Шайманға, ІІ орын №80 мектеп-гимназия оқушысы Рамазан Бекмұратовқа, ІІІ орын №111 мектеп оқушысы Гүлім Кендебайқызына берілсе, алғыс хатқа №277 мектеп-лицей оқушысы Асхат Алманиязов пен №109 мектеп оқушысы Жаннұр Оразбек лайықты деп танылды. «Space & Tech» бағыты бойынша І орынды №279 мектеп-лицей оқушысы Аружан Шонықбаева жеңіп алса, ІІ орынға №80 мектепгимназия оқушысы Нұрхан Ұзақбай, ІІІ орынға №250 мектеп-лицей оқушысы Бекнұр Елтаев ие болды. №106 мектеп оқушысы Айгерім Мусағалиева мен №26 мектеп оқушысы Жансая Мұратқа алғыс хаттар тапсырылды. «Agro & Eco Intelligence» бағыты бойынша №274 мектеп оқушысы Зарина Жолбарыс І орын биігінен көрінсе, ІІ орынды №279 мектеп-лицей оқушысы Айдын Темірбеков, ІІІ орынды №105 мектеп-лицей оқушысы Алиби Мухамеджан иеленді. Ал алғыс хатпен №111 мектеп оқушысы Ерасыл Құдайбергенұлы мен №28 мектеп оқушысы Рамазан Бибітов марапатталды. «Smart Qarmaqshy» бағыты бойынша І орынды №109 мектеп оқушысы Нұрқанат Үсенбекұлы, ІІ орынды №113 мектеп оқушысы Нұрлы Төлеу, ІІІ орынды №185 мектеп оқушысы Нұрайым Ғалымжанқызы қанжығаларына байлады. Ал №105 мектеп-лицей оқушысы Дінислам Жанболатұлы мен №183 мектеп оқушысы Аяна Сабырова алғыс хатпен мадақталды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ















