СУ – ҮНЕМДЕГЕНГЕ ҚҰТ

Бүгінде су ресурстарының азаюы тек Қазақстан үшін емес, жаһандық деңгейдегі өзекті мәселеге айналуда. Климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендер ағынының тұрақсыздығы, суды тиімсіз пайдалану – мұның барлығы ауылшаруашылығы саласына тікелей әсер етуде. Әсіресе, суармалы егіншілікке тәуелді Сыр өңірі үшін бұл мәселе айрықша маңызға ие.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарын үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру және суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы тапсырмаларға сәйкес өңірде егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде.
Жақында Олжас Бектенов төрағалық еткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындықпен қатар, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі кеңінен талқыланған-ды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы аймақта егіс науқанына әзірлігі мен өңірдегі су тапшылығы жағдайында атқарылып жатқан нақты шараларды атап өтті.
Биыл облыс көлемінде 185800 гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Суды көп қажет ететін күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 900 гектарға азайтылып отыр. Соңғы төрт жылда бұл көрсеткіш 19 мың гектарға немесе 21 пайызға қысқарған.
Күріш алқаптарын азайту арқылы суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілмек. Бұл бір жағынан су үнемдеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан егіс алқаптарының құрылымын тұрақтандыруға жол ашады.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Өткен жылы тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері 8 100 гектар жерге қолданылса, биыл бұл көрсеткіш 16 700 гектарға жеткізілмек. Сонымен қатар, 60 мың гектар күріш алқабы лазерлік тегістеуден өткізілген. Биыл оның көлемі 65 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Бұл шаралар судың ысырап болуын азайтып, өнімділікті арттыруға бағытталған.
Қазіргі таңда шаруашылықтар тұқыммен толық қамтамасыз етілсе, оған қажетті тыңайтқыштар да сатып алынған. Егін егуге қатысатын ауылшаруашылығы техникалары толығымен жөндеуден өткен.
Ерте егілетін дақылдар наурыз айының бірінші онкүндігінде себілсе, күріш егісі сәуірдің үшінші онкүндігінде басталады. Дегенмен, жоспарланған егіс көлемі Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының алдағы отырысынан кейін қайта нақтыланбақ.
Аймақ басшысы су лимитіне сәйкес жоспарланған көлемнен артық бірде-бір гектарға егін егілмеуі тиіс екенін қатаң ескертіп отыр. Магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы судың егіс алқаптарына жеткізілуі, ауыспалы егіс тәртібінің сақталуы тұрақты бақылауда болмақ.
Қазіргі геосаяси және климаттық жағдайда су ресурстары экономикалық қауіпсіздіктің маңызды факторы саналады. Сондықтан су үнемдеу – тек аграрлық саясаттың емес, ұлттық қауіпсіздіктің де құрамдас бөлігі.
Сыр өңірінде қолға алынған шаралар – су тапшылығына бейімделудің нақты көрінісі. Егіс алқаптарын оңтайландыру, заманауи технологияларды енгізу, қатаң бақылау мен тәртіп – мұның барлығы өңірдің тұрақты дамуына негіз болмақ.
Ерсін СӘДУҰЛЫ















