Зорлық-зомбылықтың алдын алу – қоғам қауіпсіздігінің басты кепілі

Бүгінде отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі қоғам үшін өзекті әлеуметтік проблемалардың бірі болып отыр. Бұл құбылыс жеке бір отбасының шеңберінде ғана қалмай, жалпы қоғамдық тұрақтылыққа, азаматтардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, оны болдырмау тетіктерін жетілдіру – мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндеті. Қармақшы ауданында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері пробация қызметі, сондай-ақ әлеуметтік сала мамандарымен бірлесіп, профилактикалық іс-шаралар, рейдтер мен түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – құқықбұзушылардың алдын алу, пробация есебінде тұрған азаматтардың тұрмыс жағдайын бақылау, отбасындағы жанжалдардың алдын алып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларды дер кезінде анықтау. Рейдтер барысында азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, құқықтық кеңестер беріледі. Сонымен қатар психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету жолдары туралы ақпарат ұсынылады.
Мамандардың айтуынша, зорлық-зомбылықтың алдын алуда ерте анықтау мен алдын алу шаралары маңызды рөл атқарады. Отбасындағы түсіністік пен өзара сыйластықты нығайту, құқықтық сауаттылықты арттыру – мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алудың негізгі тетігі болып табылады.
Алдағы уақытта да Қармақшы ауданында аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, отбасылық құндылықтарды қорғауға және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеуге бағытталатын болады.
Егер Сіз немесе Сіздің жақындарыңыз тұрмыстық зорлыққа тап болса, төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласып, көмек сұрай аласыз:
Сенім телефоны: 111, Полиция басқармасы және бөлімдері – 102, Дағдарыс орталықтарының байланыс нөмірлері: «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы қоғамдық қоры – 8-777- 340-87-34, 8-707-159-35-51 – «Жан» дағдарыс орталығы, 8-800-080-77-71 – «Ана үйі» қоғамдық қоры.
Қармақшы ауданы полиция бөлімінің
Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобы















