БАУЫРДАН БЕЗГЕН БУЫН БАУЫРМАЛ БОЛА АЛА МА?
Бүгінде бір үйге қонаққа бара қалсақ, құралақан аттау әдеттен қалды. Әсіресе, үйде бала барын білсек, қолымызға міндетті түрде тәттідәмді салынған дорба іліне кетеді. Оның өзін де жай бере салмаймыз, әр балаға бірдей етіп, санын түгендеп, «ешкім ренжімесін» деп үлестіріп шығамыз. Себебі қазіргі балалардың да мінезі бөлек. Біреуінікі екіншісінікіндей болмаса, шу көтеріліп, үйдің іші у-шу болады. Еркелігі ме, әлде еркіндікті еркелікпен шатастырып жүргеніміз бе кім білсін?!
Расында, бүгінде әр үйде бір емес, бірнеше ерке бардай көрінеді. Бірі ғана емес, бәрі бірдей «менікі дұрыс» деп өз дегенін істетпей қоймайтын тентекке айналып бара жатқандай. Сонда кінә кімде? Балада ма, әлде ата-анада ма? Бір қарағанда, біз баланың бойына бауырмалдықты емес, байқамай «менмендікті» сіңіріп жатқандаймыз. Кемшілігіміз де, қателігіміз де – осы.
Бала күнімізде ата-анамыз үйге әкелген тәттісін әрқайсымызға бөліп беретін. Бірақ сол тәттінің дәмі таңдайымызда ғана емес, санамызда да сақталып қалды. Өйткені «бауырыңмен бөліп же» деген бірауыз сөз бізді бөлісуді, мейірімді болуды, өзгені ойлауды үйретті. Сол бір қарапайым ескерту бауырға деген жанашырлықты бойымызға дарытты емес пе?
Ал қазір ше? Бала тыныш отырса болды, айтқанының бәрін істеп береміз. Тәттісін де, қалағанын да бере саламыз. Көнбесе, қолына ұялы телефон ұстатамыз. Болды, тыныштық орнады. «Бөліп же, ол сенің бауырың» деген сөзден гөрі, «мынау сенікі, үндемей же, ешкімге көрсетпе» дегенді құп көретін күйге жеттік. Тәрбиеден бұрын құлақ тыныштығын таңдағандаймыз. Сонда кейін баланың мінезіне, қоғамның өзгерісіне кінәні өзімізден емес, өзгеден іздеуіміз қаншалықты әділетті? Осындай тәрбие көріп өскен бүгінгі буын ертең қандай қоғам құрады? Келер ұрпақтың бауырмалдық, жанашырлық секілді асыл қасиеттері қай деңгейде болмақ?
Қазақты өзге халықтардан айрықшалап тұратын қасиеттердің бірі бауырмалдық еді. Жеті атаға дейін қыз алыспай, бір-бірін туыс көрген ел едік. Жақынға ғана емес, жатқа да жанашыр болуды жөн санаған халықпыз. Ал бүгін ше? Жеті ата түгілі, бір туған бауырымен араласпай, өкпе-назбен, қырғи қабақ күй кешіп жүргендер аз ба? Бұл да сол бала күннен басталған тәрбиенің жемісі емес пе?
Бала тәрбиесі отбасынан басталатыны ақиқат. Бауырмалдық та дәл солай. Баланың санасына «сенің ең жақын жанашырың бірге туған бауырың» деген ойды ерте сіңіруіміз керек. «Бауырыңды ренжітпе, ауыр сөз айтпа. Жасы кіші бауырға кешіріммен қара» деп үлкендер жиі айтып отырушы еді. Осындай сөздер баланың жадында қалса, жүрегіне ұяласа, ол ертең есейгенде де бауырын жатсынбайды.
Қиын сәтте қолындағы барын бөлісіп, демеу болатын жан да сол бауыр. Бала күнде бір нанды бөліп жеп, бір аулада асыр салып ойнаған бауыр ертең өмірлік тірегіңе айналуы бек мүмкін. «Бірге тумақ бар, бірге жүрмек жоқ» дейді дана халқымыз. Дегенмен, мына жалған дүниеде бауырдан асқан жанашыр жан табыла қояр ма екен? Сондықтан бауырмен қарым-қатынасқа бейжай қарауға болмайды.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ















