ПАРТИЯ ЖҰМЫСЫ – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН
ӨТКЕН АПТАДА «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ЖАНДОС БАЗАРТАЙ ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ. САПАР БАРЫСЫНДА ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ, ПАРТИЯНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ, АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІН ҚОЛДАУ, ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ КЕҢІНЕН ҚАМТЫЛДЫ.
Жұмыс сапары аудан әкімі Жандос Еркінбекпен кездесуден басталды. Кездесу барысында ауданда партияның жобалары мен сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу деңгейі жан-жақты талқыланды. Аудан басшысы партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттердің орындалуы жөнінде кеңінен баяндап, негізгі көрсеткіштер мен атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Өз кезегінде облыстық филиал төрағасы Жандос Базартай партияның алдағы кезеңге арналған мақсатміндеттерімен бөлісіп, өңірлік даму бағытындағы басымдықтарды атап өтті. Сонымен қатар аудандық филиал тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары сөз болды.
Жұмыс сапары аясында Жандос Базартай кенттегі «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржыландырылған жеке кәсіпкер Фариза Ахауованың «Фариза» кондитерлік шағын цехының жұмысымен танысты.
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бұл жоба бүгінде нақты нәтижесін беріп келеді. Кездесу барысында цехтың өндірістік процесі, шығарылатын өнім түрлері және алдағы жоспарлары таныстырылды.
Қазіргі таңда «Фариза» кондитерлік цехы сапалы әрі сұранысқа ие өнімдер шығарып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – ауылдық жерде кәсіп бастаймын деген азаматтарға көрсетіліп отырған нақты қолдаудың айқын көрінісі.
Жоба бастамашысы Фариза Ахауова «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде жылдық төменгі пайызбен 8,0 млн теңге көлемінде несие алып, заманауи құралжабдықтар сатып алған. Нәтижесінде өндіріс көлемі ұлғайып, өнім сапасы артып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Жандос Базартай өз сөзінде «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және ауыл экономикасын жандандыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, осындай жобалар арқылы ауылда шағын бизнестің дамуына жол ашылып, халықтың тұрмыс сапасы жақсара түседі.
Сапар барысында партия филиалының төрағасы аудан орталығындағы «Руханият» орталығында жастармен кездесті. Ашық диалог форматында өткен жүздесуде өңір жастарын толғандыратын өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, білім беру сапасы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ жастардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуы күн тәртібіне шығарылды. Сонымен қатар партияның жастарға арналған бастамалары мен жобалары, оларды іске асыру тетіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
– Жастар – елдің ертеңі. Сондықтан олардың ұсыныс-пікірлері партия жұмысының басты назарында болуы тиіс. Әрбір жас өз ойын ашық айтып, бастамаларын еркін ұсынуға мүмкіндік алуы керек, – деді Жандос Базартай.
Кездесу барысында жастар тарапынан ауыл жастарын қолдау, еріктілік қозғалысын дамыту, инновациялық идеяларды жүзеге асыру, мәдениспорттық жобаларды көбейту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Одан кейін «Руханият» орталығының мәжіліс залында партия активтерімен кездесу өтті. Жиынға бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партия мүшелері, мәслихат депутаттары мен белсенді жастар қатысты.
Кездесуде партияның ел дамуына бағытталған бағдарламалық мақсаттары, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Жандос Базартай партия мүшелерінің белсенділігі мен ұйымшылдығын атап өтіп, ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етудің маңыздылығына тоқталды.
– Жуырда Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы аймағымыздың тарихи-мәдени ерекшеліктеріне ерекше тоқталды. Бұл Қармақшы ауданына да тікелей қатысты. Ауданның өңір тарихы мен мәдени мұрасындағы орны айрықша. Бүгінде ауданда әлеуметтік-экономикалық даму қарқынды жүріп келеді, – деді облыстық филиал төрағасы.
Бүгінде партияның аудандық филиалына қарасты 18 бастауыш партия ұйымында 4120 партия мүшесі бар. Партияның Саяси кеңес бюросы, мәслихаттағы депутаттық фракция, партиялық бақылау комиссиясы мен бастауыш ұйымдар өздеріне жүктелген міндеттерді жүйелі атқаруда.
Жыл қорытындысы бойынша Жол картасындағы шаралардың 97 пайызы орындалған. Жоспарланған 66 іс-шараның 64-і толық іске асырылып, қалған 2 ісшара орындалу үстінде.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында елді мекендерді газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бұған дейін Жосалы, Төретам кенттері мен Ақай ауылына газ жеткізілсе, өткен жылы Дүр Оңғар ауылы көгілдір отынға қосылды. Биыл Иіркөл мен Төребай би ауылдарын газдандыру жоспарланған.
Сонымен қатар Жосалы кенті, Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында дене шынықтырусауықтыру кешендері салынса, былтыр Ақай ауылында жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Елді мекен ішіндегі және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу, электр желілерін жаңғырту, тұрғын үймен қамту жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Партия филиалы әрі қарай да әкімдікпен бірлесе халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыра бермек.
Жиында Жандос Базартай «Аэропорт» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бауыржан Дүйсенбаевты зейнеткерлік демалысқа шығуымен құттықтап, партияның дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін алғыс білдіріп, сый-сияпат жасады.
Сонымен қатар, партия жұмысына белсене араласып, қоғамдық-саяси жұмыстарда белсенділік танытып жүрген бірқатар партия мүшесіне алғыс хат табысталды.
Одан кейін төрағаның жұмыс сапары Дүр Оңғар ауылында жалғасты. Мұнда оған партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылған бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар таныстырылды.
Ауылда жалпы ұзындығы 86,9 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылып, жоба өткен жылдың қараша айында толықтай пайдалануға берілген. Бүгінде ауыл тұрғындары газдың игілігін көріп отыр. Бұл жоба тұрмыстық жағдайды жақсартып қана қоймай, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ықпал етуде.
Сондай-ақ құны 427,352 млн теңгені құрайтын заманауи спорт кешенінің жұмысы көрсетілді. Нысан ауыл жастарының бұқаралық спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар жаңа дәрігерлік амбулаторияның қызметімен танысып, медициналық көмектің қолжетімділігіне назар аударылды.
Жандос Базартай «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы халықтың нақты сұранысы негізінде дайындалғанын атап өтіп, алдағы уақытта да өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдау жалғасатынын жеткізді.
Облыстық филиал төрағасының бұл жұмыс сапары партия мен жергілікті биліктің бірлескен еңбегінің нәтижесінде өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасып жатқанын көрсетті.
Ерсін СӘДУҰЛЫ

















