КАССАЦИЯ СОТЫ ЖӘНЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ
Сот жүйесіндегі құқықтық қорғаудың маңызды әрі соңғы сатыларының бірі – кассация соты болып табылады. Оның негізгі мақсаты – төмен тұрған соттардың заңды күшіне енген шешімдері мен қаулыларының заңдылығын тексеру, яғни істің мән-жайын қайта қарамай, материалдық және процессуалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылғанқолданылмағанын бағалау. Бұл кассация сатысының басты ерекшелігі болып саналады.
Кассация сатысында сот істің фактілік мән-жайларын қайта зерттемейді, дәлелдемелерге жаңа баға бермейді, тек сот актілерін қабылдау кезінде заң талаптарының сақталуын талдайды. Осы арқылы кассация соты – сот тәжірибесінде кеткен елеулі қателіктерді анықтап, оларды жоюға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде азаматтардың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеуге бағытталған.
Сонымен қатар кассация соты құқық қолдану тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Әртүрлі соттарда бір құқық нормасының әрқалай қолданылуы қоғамда құқықтық белгісіздік туындатуы мүмкін. Ал кассация сатысы осы олқылықтардың алдын алып, заң нормаларының бірдей әрі дұрыс қолданылуына ықпал етеді. Бұл төменгі соттар үшін құқықтық бағдар қызметін атқарады.
Кассация сотының тағы бір маңызды қызметі – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Заң үстемдігі қағидаты сот шешімдерінің әділ, негізді және заңға сай болуын талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, кассация сатысы сот төрелігінің сапасын арттырып, сот жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Аталған жүйенің тиімді қызметі азаматтардың әділ сотқа қол жеткізу құқығын нақты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл сот жүйесіне деген сенімді нығайтып, құқықтық мемлекеттің қалыптасуына оң әсерін тигізеді. Сондықтан кассация соты – сот жүйесіндегі заңдылық пен әділдіктің сақталуын қамтамасыз ететін маңызды құқықтық институт болып табылады.
С.ҚОЖАҚОВ,
Қармақшы аудандық сотының судьясы
















