» » Тіл және тірлік

Тіл және тірлік

Əлемде айына екі тіл өледі екен. Кəдімгідей келмеске аттанады. Жаназасы шықпай, қара жерге кірмей-ақ өле салады. Бір жылда 24 тіл ажал құшады. Бұл ресми дерек. Жер шарында 6 мыңнан астам тіл бар болса, жыл сайын 24-ін жоғалтамыз. Мамандардың топшылауы, ХХІ ғасырдың соңында қолданыста 600 тіл ғана қалады екен. Əсіресе, əйгілі лингвист Майкл Краустың болжамы бойынша, ғасыр соңында əлемдегі тілдердің 90 пайызы жойылады. Демек, әлемдегі ұлттардың 90 пайызы өледі. "Тілі өлген ел - тірі өлген ел". Қасірет пе?
Тілдің өлуі - сол тілде сөйлейтіндердің жойылуы. Мəселен, 1995 жылы 5-қарашада касаба тілінде сөйлейтін ең соңғы Богон есімді азамат дүниеден өткен. 4-қарашада касаба тілі тірі болса, 5-қарашада бұл тіл өлді. Тағы бір мысал, 1992 жылы 8-қарашада Батыс Кавказдағы обух тілінде сөйлеген ең соңғы адам Тефлик Есенщ дүние салғанда, обух тілі де бірге өлді. Жоғалу алдында тұрған тілдерді сақтаудың қам-қарекетімен жүрген лингвист Стив Андерсон обух тілін қағазға түсіруге екі сағат кешігіпті. Тефлик тұратын ауылға лингвист барғанда тұрғындар 2 сағат бұрын обух тілін жерлепті.
Тілдің өлуі - ұлттың жойылуы. Тіл - ұлттың жаны, болмысы, таңбасы, байлығы, басты қазынасы. Тіл мен ұлт қалай жойылады? Үйретпеуден, кейінгі ұрпаққа мұраның дұрыс жеткізілмеуінен. Бір ұлттың өкілі өз тілінен гөрі өзге тілді жетік меңгеріп, ұрпағына өз тілінде емес өзге тілде тəлім беруінен өледі.
Тілді, ұлтты жойылудан сақтау үшін қайтпек керек? Бəз біреуді жөнге салып, тəртіпке шақырудың қажеті жоқ. Өзімізден бастайық, ұлт тілін жоғын түгендемес бұрын отыз екі тіс қоршауындағы тілден бастайық.
Алдымен тілді шұбарламайық. Қазақ тілі аса көркем. Осы ұлттың ұрпағы болған соң айтып отқан жоқпыз, өзге ұлт өкілдері де қазақ тіліне сүйсініп өткен. Мəселен, Затаевич "Қазақ сөйлегенде дала əн салып тұрғандай" деген еді. Тілді сақтау сөйлесуден басталады. Қазақша сөйлесейік. Орыс не ағылшын сөзін əңгіме арасына қоспайық. Өйткені сіздің сөзіңізден үлгі алып тұрған кейінгі толқын бар. Балаңыз не кейінгі ініңіз бен қарындасыңыз, тіпті болмаса немере-шөбереңіз. "Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүрсе, артқы доңғалағы сол ізбен жүреді". Бұл бірақ өзге тілде сөйлеме, үйренбе дегенді білдірмейді. Өзге тілде сөйлеуді үйрену өзге ұлт өкілімен тілдесуге керек. Біздің өңірді қазақылықтың ордасы дегенмен, бізде де әңгіме арасына орысша тұздық қосып жіберуді мақұл көретіндер көп. Байқаймын, орыс тілінде сөйлеуді интелегенттік, мәдениеттің озығы көретін қандастар жетеді. Кім-кімнің де есіне салайын, күллі Еуропа бұтына шүберек байлап, табанын тоздырып жаяу жүргенде қазекемнің арғы атасы ғұндар мен сақтар, үйсіндер мен қаңлылар шалбар киіп, ат үстінде ойнақтап жүрген. Мәдениеттің озығын бізден үйренген талайлар. Оған да мысал жетеді.
Екіншіден, төл тіліңді өзге ұлт өкіліне құрметтеуді үйретіңіз. Қайсыбір тілде сауал қойғанға, сол тілде жауап беруге даяр тұрамыз. Жалпақ шешейлік басым бізде. Иілуге, жығылуға даяр тұрамыз. Қазақ қазаққа ғана мәтіби. Өзімізге ғана күш көрсетуге, үстемдік етуге асықпыз. Рас қой. Ұлтаралық қақтығыс тудыру ойда жоқ. Біреуді біреуден биіктетуді не аласартуды ойлап отырғанымыз жоқ. "Өзім дегенде өгіз қара күшің болмаса" өздігіңе болайын" деген екен ескінің бір кісісі. Мұндағы мақсат - таразы басын теңестіру. Қазақстанда тұратын өзге ұлыстар қазақ тілін түсінбейді емес, сізді қазақ тілінің ғылыми негізіне оқытуға даяр. Бір мысал, басқа өңірлерге қоныс аударған ағайын-туыстың балалары өзге тілде шүлдірлеуге бейім. Сол жұртқа қыдырып барған ауылдың балалары да лезде "тіл сындырып" келеді. Бұл мысалды айтпасақ та, күнде көріп жүрміз. Бірде танысымның баласы Керекуге барып келген ғой. Сол жақтан күшік әкеліпті. Танысымның айтуына қарағанда, күшік асыл тұқымды екен. Бірақ, мені иландырғаны бұл емес, күшікке қойылған атауда. Ит иесі күшікті "Мұхтар" атапты. Күшіктің енесі де Мұхтар екен. Айтқанды бұлжытпай орындайтын болған соң күшік те сондай болсын деген ырыммен Мұхтар атаныпты. Қазақта Мұхтардай зиялы тұлғалар көп. Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов, Мұхтар Құл Мұхамед... Аты аталмағандар өкпелей қоймас. Сол Мұхтарларды біле тұра танысым итті Мұхтар атауға арланбапты. Әлгі күшік қазір ит болды. Барған сайын иттің атын өзгертуді сұраймын. Талай қызылкеңірдек те болдық. Жуырда ит байлаудан босап кетіп, ит ататындар "менің арманымды" орындапты. Іштей "атауын өзгертпесе, у беріп өлтірермін" деп жүргем. Сол танысыма айтқаным бар, "қазір осы күшікке не орыс, не шешеннің есімін қойшы, көзіңе көк шыбын үймелетер олар кеп" деген едім. Мәселе итте емес, атауында һәм баланың еліктеуінде болып тұр. Өз тіліне құрметі жоқтарға еліктеп, өз асылын құрметсіз етті.
Үшіншіден, өз тіліңді құрметтеуге үйрен. Кез келгеннің қолында ішінде ит өлген бір дүние бар. Төлқұжат деген. Кім екеніңізді көрсетер сол құжатты қолыңызға алыңыз. Есіміңіз қазақ тілінде жазылған ба? Тегіңіз ше? Мəселен, есімім - Дастанбек, тегім - Садық. Есімімнен қате кете қоймайды, өйткені мұнда тек қазақ тіліне де, орыс тіліне де ортақ əріптер бар. Тегім һəм əкем аты - Садықта қазақтың қасиетті екі төл əрпі бар: ы мен қ. Төлқұжат даярлағанда ы - и, қ - к болып қалса, əкемнің аруағы тынши ма? Өйткені қазақшаны жөнді ұқпайтын құжат жасаушы əкем атын "Садик", яғни балабақша (детсат) қылып жіберуі мүмкін. Ал əкем есімі тегіннен Садық болған жоқ, Садық ахундай елге шипасы тисін, халыққа шынайы пайдасы деген ниетпен қойылды. Бұл мысал, ал төлқұжатта аты-жөнім Дастанбек Садық болып тұр. Əке есімін қорлатпаудан бұрын, тілді қорлатпауды ойлап, төлқұжаттағы аты-жөніңіздің жөнді болуын қамтамасыз етіңіз. Сондай-ақ -ов пен -евтен құтылуға асығыңыз. "Онда тұрған не бар, -ов пен -евтен еш зиян шекпедім, майда-шүйдені мəселе еткен несі" деуіңіз де мүмкін. Бірақ, үлкен мəселеге титімдей мəселе сеп болады.
Жуырда бір басылымнан "Қытайлар тіл мәселесіне бет бұрды" дегенді оқығам. Астапыралла, миллионды былай қойып, миллиардтың үстіне шыққан халыққа тіл көтерер мәселе ме? Уикипидея "әжейдің" айтуынша, қытай тілінде 1,5 миллиард адам сөйлейді екен. Олар тілді күйіп тұрған мәселе қатарына жатқызса, біздікі жанып-жанып, шоғы қалған мәселе екен-ау. Мақаланы оқу барысында білдім, қытай тілі де өзге тілдердің кірігуі барысында байырғылығынан айрылуда екен. Қытайлар ұлттық мәселесін көтеруде бірінші орынды ешкімге берген емес. Ал біз ше? Тіліміздің тілім-тілім болғанын қалаймыз ба? Сөйлеушісі 12 миллион ғана қазақ тілінің болашағын жарқын етер де, өлі тілдердің ауылын жақын етер де мына біз. Тіл - бабадан жеткен аманат. Аманатқа қиянат қылмайық, бауырым.
Дастанбек САДЫҚ
26 маусым 2018 ж. 1 868 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031