ЖЕҢІС ПАРАДЫНА ҚАТЫСҚАН
Еңбекке енді араласа бастаған шағында тұтқиылдан басталған ел еңсесін көтертпеген сұрапыл майданға баруға өзі сұранып, әскери комиссариатқа барғанда 17 жаста еді. Қарапайым шаруа отбасынан шыққан жас баланың Отан қорғау жолындағы талабы таудай болғаны мен шикілігі көрініп-ақ тұрған. Аудандық әскери комиссариат тарапы жас баланың бұл құлшынысын ол кезде қолдамады.
Келесі 1942 жылдың тамыз айында 18 жастағы жасөспірімді майданға шақыру қағазы өзі іздеп тапты. Бұл кез Кеңес әскерінің неміс-фашист басқыншыларымен бетпе-бет арпалысының бет қаратпай тұрған ызғарлы шағы еді.
Қармақшы жерінде қарапайым шаруа отбасынан шыққан қазақтың қара баласының бірі Торыбай Аманжоловқа Батыс Украина әскерінің №268 гвардиялық атқыштар полкінде жаяу әскерлер сабын толтыру бұйырыпты. Бұл кезде мұздай темір құрсанған фашист басқыншылары мен кеңестік жауынгерлер Полтава қаласы үшін жан алысып, жан берісіп жатқан.
Қиян кескі қырғынның ғасырға татитын әр күні артта қалып, қасарысқан жаудың шегіне бастаған кезі де келді. Омбы қар басқан орманның қазылған орларына түсіп, қабақты қырларына шыға жүріп Харьков қаласына да жетті. Бір жағы майды артқа тастап, «қаланы азат еттік» деген хабарға да қуанысып қалды. Сол жолы ғой Бас қолбасшының Алғыс хатын алып, алғаш кеудесіне майдан медалін тағынғаны. Ең өкінішті болған жағдай, қанша ілгері бастық дегенімен, талай қанды көйлек жолдастарының ойламаған жерде көз жұмып, уақыт өткен сайын қатарының сиреп бара жатуы. Еңсені езіп, көңілді көтертпейтін Батыс аспанының қара бұлты күн сайын қоюланып, жуық арада ашыла қояр түр танытпайды.
Әскери жорықтағы түрлі тапсырмаларды тиянақты орындау, тұтқиылдан басталған ұрыс кезінде батыл шешімдер жасау жас жауынгердің рухын шыңдай түсіп, ерлік қимылдарымен полк басшыларына да таныла бастады. Әскери шені қарапайым жауынгерден сержант дәрежесіне көтерілді. Ұрыс даласында үш рет жараланып, госпитальдің де дәмін татты. Үш рет майдан шебіне қайта оралып, жорық жолын қайта жалғастырды.
Ұлы Жеңістің хабарын Польша жерін азат етіп, Варшава қаласын жаудан толық тазартып болған кезде есітті. Бейбіт өмірді көксеген әлемнің әрбір азаматына орасан зор қуаныш пен шаттық әкелген бұл хабар барлық жерде радиодан үздіксіз таралып жатты. Бұның да бойындағы көкіректі кернеген ашу-ызадан жинақталған шер мен шемен өзі құралпы қарулас жауынгерлердің құшағында қуаныш жасы боп көзден ыршып шыққаны есінде.
1945 жылдың 9 мамыр күні Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруіне қатысу бақытына ие болды. Бұл күн қарапайым теміржолшының есінде мәңгі сақталып, ағайын, туыстары мен сыйлас достарының арасында асқан бір көңіл толқуымен, ерекше мақтаныш сезімімен айтып жүрді. Ол сөзін растайын дегендей, омырауында ІІ дәрежелі «Қызыл жұлдыз» ордені жарқырап тұратын.
Соғыстан кейінгі бейбіт өмірдің алғашқы жылы өз бөлімінде болған майдандас жолдастарымен бірге соғыс зардабынан тас-талқаны шыққан Тула қаласын қайта қалпына келтіру ісіне араласты. Қираған қаланың құрылыс жұмыстарында болып бірнеше ғимараттың бой көтеруіне қатысты. Жергілікті ұлт өкілдері мен жолдастық, достық қатынаста болып, кейін хат арқылы хабарласып тұрды.
1946 жылдың күзіне таман аман-есен елге оралып, Қазалы вагон пайдалану депосының Жосалы техникалық қызмет көрсету бекетінде слесарь-жөндеуші болып жұмысқа орналасты. Ынты-шынтысымен беріле жұмыс жасаған, жол бойы ісінің қыры-сырын жете меңгерген жас жұмысшының еңбегі бағаланып, вагон қараушы, аға вагон қараушы, вагон бақылау және жөндеу бекетінің шебері жұмыстарына сатылап көтеріліп отырды.
1954 жылы Тихонов бастаған Жосалы вагон жөндеу цехында аға қараушы бола жүріп, әріптесі Мәденбай Құдабаев, қараушылар Тапаев, Кенжеев, Сударгин, вагоншы Табан Ұзақбаев, Сыдық Ешниязов, слесарьлер Ерғазиев, Бекеевтер мен қойын-қолтық жұмыс атқарып, вагон жөндеу мен платформаға келіп тоқтаған ауыр эшалондарды кідіртпей жөнелтуде тындырымдылығымен көзге түсті. Өзіне жүктелген айлық және тоқсандық міндеттемелерін асыра орындап, сала министрлігінің Алғыс хатына ие болды.
Сол жылы сәуір айында Москва қаласында өткен теміржол транспорты қызметкерлерінің бүкілодақтық кеңесіне қатысушылардың үндеуін қызу қолдай отырып, осы бір аса жауапты да құрметті істе әрқашан абырой биігінен көріне білді.
Әрине атқарған әр жұмысының ерекшелігін жан-жақты түсініп, жауапкершілігін терең сезінген адам әріптестері арасында зор абыройға ие болатыны белгілі. Саланың білікті маманы ретінде кейінгі жастарға білгенін үйретуден жалықпады. Жүк және жолаушылар тасымалы кезінде теміржол қауіпсіздігін қамтамасыз ету де әр іске ұқыптылықпен, тиянақтылықпен, асқан жауапкершілікпен қарап, өз ісінің шебері атанды.
Ел экономикасының күретамыры – теміржол саласын өркендетуге қосқан үлесі үшін берілген «Еңбек ардагері» медалі, ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «КСРО Құрметті теміржолшысы» атағы оның еленген еңбегінен хабар беріп тұрған айшықты белгілер. Сол сияқты «Үздік вагоншы», «Еңбек белсендісі» төсбелгілері, Құрмет грамоталары сияқты толып жатқан салалық қызметтегі марапаттарының саны да едәуір.
Бұлардан басқа Торыбай ақсақалдың 1970- 80 жылдарда Халық депутаттары Жосалы поселкелік кеңесіне үздіксіз үш шақырылымда қатарынан депутат болып сайланғанын айтсақ, кентіміздің экономикалық, әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқан өкілетті органның белсенді мүшесі болғанын да байқаймыз.
1924 жылы Жосалы қыстағында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген Торыбай ақсақал өмірлік жары Ұрхиямен ұзақ жылдар бақытты ғұмыр кешіп, 1989 жылы тамыз айында дүниеден озды. Екеуі отбасында 11 бала өсіріп тәрбиеледі. Аймаққа белгілі, ағайынға қадірлі, үлгілі отбасы ретінде ел құрметіне бөленді. «Батыр Ана» атағын алған ардақты ана Ұрхия Қарақұлова да өзінің еңбек жолын теміржол ісімен байланыстырып, жұбайымен бір салада үзеңгілесе еңбек етті. Бүгінде өнегелі отбасынан тараған 26 немере, 32 шөберенің алды жоғары оқу орындарында оқып түрлі мамандық алса, кейінгілері мектеп қабырғасында үлгілі оқушылар атанып жүр.
Екеуінің отбасындағы достық одағы, ұрпақ өсірудегі ұлағатты тәрбиесі нәтижесіз кетпей Жаяхмет, Мұрат, Марат атты балалары әке жолын жалғастырып теміржол саласында мамандығына сәйкес қызметтер атқарды. Абырой биігінен көрінді.
Теміржол қызметінде 43 жыл еңбек етіп, Қорқыт станциясының бастығы болған саланың құрметті ардагері Жаяхмет болса бүгінде жолбойы қызметкерлері ардагерлері ұйымына басшылық жасап жүрген қадірлі ақсақалдардың бірі.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы

















