» » ЕРЕКШЕ ТҰЛҒАЛЫ ЕҢБЕК АДАМЫ

ЕРЕКШЕ ТҰЛҒАЛЫ ЕҢБЕК АДАМЫ

Тәкең әңгімешіл кісі еді. Қолтығының астындағы жастығын ысырып қойып малдасын құрды дегенше-ақ Көрғұлының бір тарауына түскен жыршылардай көсіле жөнелеріне сене беріңіз. Әңгіме: «Басқынбай – шопыр, мен – бастық…» деп басталса, сөзді Қуаңдария кеңшарының №2 фермасында ферма меңгерушісі болып жүрген кезінен толғағысы келгені. «Шіркін, бәйгеқара ат біткеннің жүйрігі едіау!...» деп бастады дегенше, әңгімені ілгеріректен қозғап, Құсмұрын тауынан әрі Жіңішкеқұмға дейінгі даланы түгел шарпиды. Ал, Қуаңдария арнасының бойындағы «Тасқараның шлюзі» атанып кеткен алаптың жер-суы туралы айтқысы келсе: «Бұрын бізде жоқ еді, мына «Амур сазаны» деген балығыңның өзі мінезді болады екен ғой!...» деп алары сөзсіз.
1978 жылы пайдалануға берілген Қуаңдария арнасының бойындағы 8 көзді су тоспасын аудан жұрты «Тасқара шлюзі» атап кеткен. Мамандардың есепті құжаттарында бұл су бекеті «ПК-1107» деп белгіленеді. Қуаңдария жеріндегі Шаргелтай, Есболат, Әліптамы, Қарабай, Жиделі атанған шабындық-жайылымдықтар мен ауылдың егістік, бақшалық жерлерін суландырып тұрған «Бақанды», «Әлия» каналдарының су деңгейі осы бекет арқылы реттеледі.
Ал енді бар ма, сол жылдары бұрынғы Жаңадария каналдар басқармасына қарасты тоспаның су реттеуші-технигі қызметіндегі Тасқара ағай мен Күнтай апаның үйіне атбасын тіреп, сәлем бермей өтетін адам кемде-кем болатын. Үй иелерінің қай уақытта да жаюлы тұратын ақ дастарқаны мен құлақ құрышын қандырар шұрайлы әңгімесін осы төңіректен өтіп бара жатқан кім болса да қиып кете алмай, еріксіз атбасын бұрушы еді.
Сексенінші жылдардың ортасы-ау деймін, жолым түсіп Бақандыға қарай осы тоспадан өтудің реті келді. Көпір үстіне тоқтап, әлденені түрткілеп жүрген Тәкеңе сәлемдестім. Былай да ақкөңіл, әзіл-қалжыңы мол осы бір төртбақ келген тығыршық денелі кісінің біздің әулеттен тараған үлкен-кішінің қай-қайсысын да нағашы тұтып, кездескен жерде жарқын амандасатын әдеті еді.
– Уау, Құндекем баласы, сені қай жел айдап келді? Несібеңнің молын-ай! Мана сәскеде Бақандыдағы судың деңгейін көтеруге тоспаны басып қойып ем, өзекті өрлеген Амур балықтары секіріп, көпірдің үстіне түсіп жатыр. Солардың тыпырлап жатқандарын қайта суға лақтырып жүргенім ғой. Мұның өзі таза суға ұмтылғанда өлгеніне қарамай өрге шапшитын неме екен, көпірдің бетон жақтауларына тұмсығымен соққандары анау астындағы темір торда бұлқынуға шамасы келмей, тағдырына мойынсұнып жатыр. Солардың бір-екеуін алып, Күнтайға қуыртып жейік. Үйге түс, – деді.
Сөйтті де су деңгейін көрсететін шкалалы рейкісіне нәлде не цифрларды блокнотына түсіріп, тордан алған екі «амурскийді» сүйрете-мүйрете мені ертіп үйге беттеді.
Шай үстінде өз майына өзі қуырылған семіз балықтың басынан миы мен көз майын суыра сорып, омыртқа ортасындағы майлы жұлынды деммен тартып, солқылдатып отырмыз. Сексеуіл шоғының сөнбеген қызуымен ызыңдай түскен самаурынның әнімен бірге әңгіме де қыза түсуде. Бір сөздің ретінде Тәкеңнің әңгіме ауанын басқа арнаға салғым келіп:
– Тәке, баяғы қара аттан кейін атыңызды шығарған осы «Амурский» болды-ау?! – деп, әзіл тастадым. Ойым, алпысыншы жылдардың бас кезінде Қарақұмда бәйгенің алдын бермей, «Тасқараның қара аты» аталған жүйрік аты туралы айтқызу.
Білемін, сүйріктей сұлу жаратылған қара атты қалай мәпелегенін, қарақшыға жақындағанда арындай шапқан жүйріктерді артқа тастап, суырыла жөнелгендегі сұлулығына талайлардың тамсанғанын айта бастаса-ақ Тәкең де ерекше бір құлшыныспен сөзді құбылта жөнеледі.
– Ой, несін айтасың, бала?! – деп алған Тәкең магнитофонның лентасын біраз кері айналдырғандай боп үнсіз отырды да, түзеліп алды – жарықтық қара ат бұра тартатын қыңырлығы да жоқ, қанша күйлі болса да ала қашар тарпаңдығы да жоқ есті мал еді. Ақжар совхозы құрылған алғашқы жылдары Бөлегенов – директор, Тиыштыбайдың – ферма бастық кезі, бірыңғай қаракөл қойын жерсіндіріп, мал бақтық. Өзің білесің әкем Шөкетай, мына сойырғас Дәуренбек пен Әбілда Төртбаев бар, керейт Ыбырай ақсақал бар сол кездегі МТСтің, Оян, Ақбел, Сталин колхоздарының малын қырға шығарып, Қарақұмның Аралға қараған бетін жайлау қылдық қой.
Ол кісілер үлкейгесін келесі буын жастар тоқа Есболат, Жайшылық пен Сахи бар әке таяғын қолға алып, бас шопан атандық. «Қарақұм дегенше қарағым десейші!» дегендей, жері от, кеші салқын, шыбын-сонасы жоқ маң далада мал семіртіп, осы күнгі СЖК деп жүргендеріңді пайдаланбай-ақ жүзіне 130-145-тен төл келтіріп жүрдік. Қойды қырықтықпен өзіміз қырқып, жүн өткіземіз. Қосақтап қой саудырып, үкіметке сары май өткіземіз. Баққан малың күзде шелді болса, қыста қоңды болады. Қоңды мал көктем мен жазда төлді болады. Жазғытұрым мал төлдету кезінде Нұрадағы Бәйелі мен Молдиман жеріне таласа қонып, қызғалдақ, сарғалдақ, қой жуа мен қоңырбас сияқты балаусаға оңалған малды күн ыси бастағаннан әрі айдаймыз. «Айыртабан», «Сарытабан», «Қызылбастың соры» мен «Бекарыстанның үйтамы» төңірегін жаздай жайлау етеміз. Күздің мизам шуағынан қалдырмай күземді алғаннан кейін қой жарықтықты ащылы-тұщылы шөптер мен ермене жусанға бір жайып ащылатып аламыз да қандыра суарамыз. Түс қайта сарысаған, бұзаубас, ебелек біткен жазыққа шығарып бір мезгіл жайғанда тойынған қой ауылға өзі беттейді.
Міне, осы кездер қойшылардың арқа-басын кеңге салар уақыты. Жаздың басында болатын малшылар слеті, тамызға қарай келетін пішпе тойлар, қыз ұзату, келін түсіру деген сияқты қуаныштар көбіне осы шамаға белгіленіп өткізіледі.
Сен айтып отырған қара аттың аламанға түсіп, алапаты артатын шағы осы кезең. Мұндайда әркім қолындағы жүйрігі мен жорғасын, талабы бар деген тайы менен құнанын бөлек суарып, бөлек жайып, «құда қаласа пәленшенің тойында бағын сынаймын» деген ішкі есеппен жүреді.
Көп айтып, не басыңды ауыртайын, бір күні Көмбе жақта бір пішпе той болатын болып, қара атты дайындай бастадым. Ол кезде Исаханның інісі – Мусахан жас. Атқа шабатын сол. Өзі қағылез жеңіл. Әйтсе де тақымы мықты шымыр бала. Өзім белгілеп берген жерге айтқан тәртібіммен кейде шоқытып, кейде шауып барып келеді. Суын алады, кездіреді дегендей, жал-құйрығын түйіп жаратып жүр.
Той болатын күн де келді. Осы күнгі қарақалпақтың үйіндей он екі қанат болмағанмен Сыр талынан иіліп, Ақжардағы үйшілердің қолынан шыққан туырлықты ақбоз үйлерден алтауы қатар тігіліпті. Ашамайлы ер салған тайлары бар, ақ дөдеге жапқан аттары бар, түйемен келгендері де бар, әйтеуір қарақұра көп. «Бәйгесін ала алмасақ, көкпарын алып кетерміз» дегендей, жеңіл ерттелген сіңірі жуан аттар да төбе беткейлеріне қаңтарылыпты.
Біз де келіп, өзімізге белгілеген үйге түстік. Домбыра ұстап, гармон асынған өнерпаздар үйүйге кезек кіріп өнер көрсетіп жүр. Ауыл айналасы ұшына тиын түйген орамалды мүше ғып, бірі қашып, бірі қуған тайға мінген балалар.
Бәйгеге қанша ат қосылар екен, «ерден ердің қаупі бар» дегендей, басқа жерлерден келген кімдер бар екен, қосылатын аттарды сынап, ат жарауын алдын ала байқап, баға беріп жүрген ешкім жоқ па екен? – деген оймен көңіл күпті мен отырмын.
Бір кезде: – қасында екі үш кісі бар Хамза келе жатыр, – деген әңгіме шықты. Білемін ауылға Таң жағынан келіп, керейттерге қона түстеніп жатып кететін жігіт қой. Көп араласым болмаса да «әйгілі Қоқыбай сыншының әулетінен» дегенді есітетінмін. Құрметтеп, төрге отырғыздық. Шай ішіліп жатыр. Менің кім екенімді білгеннен кейін:
– Атақты шопан Тасқара деген менмін де, бала. Қара атыңның жайынан да хабарым бар. Бүгін мен көріп шыққан аттардың ішінде сенің атыңды бөктерер жүйрік жоқ. Тек анау төбе басындағы оқшау тұрған атты біле алмай тұрмын. Аралдың аты. Егесі қасына ешкімді жуытпайды. Құлағы мен көзінен басқа жерінің бәрі тұмшалаулы. «Топырақ ыстық» деп, киізден тұяққап кигізіп қойыпты. Мен сенің атыңды көрмеймін. Шабандоз балаңа айт, Қараны кездірген болып, ана мүлгіп тұрған аттың қасынан жиырма-отыз қадам жерден жетектеп өтсін. Одан әрі егесі жақындатпайды. Өзі бір айқай адам екен. Осы жерден бақылап отырамыз – дегені ғой!
Бала кетті. Қарап отырмыз. Тап қасына бармаса, құдайдың кең жерінде кім қалай жүрем десе де ешкім әңгіме айта алмайды. Бәріміз де іштен тынып қалдық. Екі көзіміз аттарда. Әлгі кісі айтқан төбе етегіндегі дүзгіннің тұсынан қара ат өте бергенде ана қаңтарулы жүйрік өзінен-өзі селк ете қалды.
– Болды, бала! – деді Хақаңның дауысы мен екі үйден кейін отырған ат егесінің «Қап!», – деген дауысы қатар естілді. Олар да түрулі есіктен осы сәтті аңдып отыр екен.
– Атыңның аруағы басым түсті, бала. Бәйге сенікі! – деген сыншы қолын жайғанда бәріміз де «әумин!» бет сипадық.
Не керек, қамшының бүлдіргесін білегінен өткізіп, айналдырып отырған Мусахан атты қинамаған қалпы қарақшыдан жеке-дара өте шықты. Қауіп қылған атымыз қаракөк екен, үшінші аттан мойнын ғана оздырып екінші келді сол жолы.
Жастайынан қолымда өсіп, атақты шопан Тасқараны атын екінші көрсеткен «Тасқараның Қара атының» әңгімесі көп, шырағым деп Тәкең алдындағы суып қалған кесеге қолын созды...
Біз әңгіме етіп отырған Тасқара Шөкетаев ақсақал Қазалы уезіне қарасты Қуаңдария болысы жерінде 1921 жылы кедей-шаруа отбасында дүниеге келді. Кейін «Оян» колхозындағы мектептен 7 кластық білім алды. Еңбек жолын «Оян» ұжымшарында бригада есепшісі, шопанның көмекшісі болып бастап, аға шопан таяғын қолына алған ол Ақжар совхозы боп құрылғаннан кейін қаракөл қойын өсіруде еңбегі жанып, бірнеше рет «Социалистік жарыс жеңімпазы» белгісімен, аудандық, облыстық партия, кәсіподақ комитеттерінің мақтау грамоталарымен әлденеше рет марапатталды. Ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығы саласындағы жемісті еңбегі үшін 1961 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасын алды.
1959 жылы көктемде жыл сайын мол өнімге қол жеткізіп жүрген Сахи Ыбыраев, Есболат Кеңесбаев, Жайшылық Төртбаев сияқты озат шопандардың басын қосып, «Коммунистік еңбек бригадасы» атағын жеңіп алу жолында бірлесіп еңбек етті. Ойлаған мақсатына жетті де. «Қазақ КСР Социалистік мал шаруашылығының Еңбек сіңірген шебері» құрметті атағына ие болды.
1964 жылы Ақжардан бөлініп, Қуаңдария қой совхозы болып құрылғанда 1965 жылдың көктемінен бастап №2 ферма меңгерушісі қызметін атқарды. Жинақталған мол тәжірибесінің арқасында 7 сыныптық білімімен ферма шопандарына басшылық етті. Кейін совхозға арнаулы орта білімді, жоғары білімді мал мамандарының келе бастауына байланысты жастарға орнын беріп, мал азығын даярлау мақсатында құрылған шөпшілер бригадасын басқарды.
Елге сыйлы, еңбекке мығым жан 1978 жылдан Жаңадария су шаруашылығы басқармасында Қуаңдария арнасы арқылы Қызылқұм шабындықтары алқабын суландыру ісінде жоғарыда айтылған «ПК-1107» су тоспасында шаруашылықта мал азығын дайындау ісіне елеулі еңбек сіңірді. Мұның өзі мал басының аман сақталып, өз төлі есебінен көбеюіне едәуір септігін тигізді. 1981 жылы зейнет демалысына шыққаннан кейін де 90-шы жылдарға дейін осы жұмысты жалғастырды. Жұрттың қазірге дейін «Тасқараның шлюзі» атап жүргені де осы тоспа.
1944 жылы 1924 жылы дүниеге келген Күнтай Досанқызымен отбасын құрып, дүниеге 2 ұл, 5 қыз әкелді. Оларды тәрбиелеп өсірді, оқытты. Қазіргі кезде барлық балалары балалы-шағалы болып, алған мамандықтары бойынша белгілі қызметтер атқарды. Кейбірі зейнет демалысында. Алматы, Шымкент, Қызылорда қалалары мен Жосалы кентінде тұрады. Тәкең 1995 жылы 74 жасында өмірден ертерек озғанымен Күлтай апа 96 жасқа келіп, осы балалардан 17 немере, 23 шөбере көрді. Құдайға шүкір осылардың алақанынан су ішкен бақытты әже атанып, 2019 жылы дүниеден өтті.
Тәкең туралы айтар әңгіме көп. Өмірі – дастан, көкірегі күмбірлеген көк сандықтай еңбек адамының ерекше тұлғасы ауылдастарының есінде, ағайындары мен сыйлас інілерінің жүрегінде.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы
28 қазан 2025 ж. 153 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10456)

18 қараша 2025 ж.

№87 (10455)

15 қараша 2025 ж.

№86 (10454)

11 қараша 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 901
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 602

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930