» » Жаһандану дәуіріндегі отбасы: беріктік пе, босаңдық па?

Жаһандану дәуіріндегі отбасы: беріктік пе, босаңдық па?


Атам қазақтан қалған мынадай тәмсіл бар. «Әйел жерден шыққан жоқ, ол да еркектің баласы. Ерлер көктен түскен жоқ, әйел – оның анасы» дейді. Осылайша ерте заманда-ақ ер мен әйелдің құқығын екі жол қағидамен бекітіп берген. Бұл қағида қағазда қатталмаса, мөр басылып бекітілмесе де, дәстүрлі отбасы заңы болып орындалған. Соңғы жылдары жаныңды жегідей жеп, үрейіңді ұшырған зорлық-зомбылық мәселесі күн тәртібінен түспей келеді.  Небір деректі естіп, жағамызды ұстаймыз. Ең сорақысы, мәселесі шешілмеген екеудің кесірінен бейкүнә періштелердің тағдыры талқанға түсіп, тіпті өлім құшып жатқаны жасырын емес. Отағасына ренжіген отанасының терезеден бірінші сәбилерін, одан кейін өзін тастап өмірден баз кешуінің түпкі себебі қандай? Жауапсыз әке ме, ақылсыз ана ма? Бізге беймәлім. Салдарын саралап көрсек.

Бүгінгі отбасы – ертеңгі қоғам

Туралықты сүйген Төле би «Әйел жақсы болса, ердің басшысы емес пе? Бұрынғылар осылай демес пе?» десе, ақын Мағжан Жұмабаев «Елдің елдігін сақтайтын – тарихы, жол-жорасы, ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сақталып, көп буын қолданып келе жатқан жол» дейді. Мұның бәрі – ұлттың бірлігін ұстаған, сөзге тоқтаған жұртымыздың айнымас заңдылықтары. Ал осы жолдан ажырау бізді адастыруда. Түрлі заманды бастан өткерген халқымыздың тағдыры талай талқыға түсті. Сондай қилы заманнан өтсе де, Алаш ұлдары азаттыққа табан тіреді. Содан бері 34 жылды артқа тастадық. Тәуелсіз елдің ұрпақтары бүгінде өздері бала тәрбиелеп, ата-ана атанып отыр.
Біз естіп жүрген зорлық-зомбылықтың бірсырыпасы осы тәуелсіз ұрпақтың бойынан көрініс табуда. Мұндай қатыгездіктің себебі неде? Қалай шектен шықтық? Өзіңнен әлсізді басыну дегенді сараладық па? Әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, жұмыссыздық, кинолардан көретініміздей қазақтың бай, кедей болып бөлінуінің кесірі тіпті содан туындаған өшпенділіктен емес пе? Біз сан сылтаумен ақталып, артымызға үлгі-өнеге, аталы сөз, баталы тілек қалдырмасақ, кейінгі толқын қандай баға береді? Жауабы жоқ сансыз сұрақ. Бірақ біз салдармен емес, жағдаймен ғана күресіп жатырмыз.
Мәселен, қазір әйелдердің құқығы, балалардың қауіпсіздігі туралы заңға өзгеріс енгізілді. Талап күшейді. Алайда заңмен тоқтай қалар ма? Қатаң заң ерке өскен ұрпақтың ұнамсыз қылығын қалыпқа сала ала ма? Кінәлілерді қамай беру мәселені түпкілікті шеше ме? Түптің түбінде бұл заң ер мен әйелді, ата-ана мен баланы бір-біріне қарсы қойып жүрмей ме? Мұны таразыға салып көрмедік.
Қазіргі қоғамда «әкенің мысы», «әке жолы», «әкең біледі» деген тіркестерді аз естиміз. Оның орнына «анаңнан сұра», анаң біледі», «әкеңді қойшы» деген сөздер көп қолданысқа ие. Бұл атам заманнан келе жатқан дәстүрлі отбасы құндылығын жоюға әкелуде.

Құндылықтар өзгерді ме?

Осы жерде елім деген Абай, ұлтым деген алаштықтар еске түседі. Ұлтты сақтайтын – ұлттық салт-сана, дәстүр, құндылықтар. Осыны ұққан, бойына сіңірген ұрпақ қана ұлтымызды ғұмырлы етеді. Батыстық өркениет сананы байлап дәстүрден жаңылып барамыз.  Қалай десек те, халқымыз құндылығы жазылмаған заңмен бекітілген отбасы институтынан ажырап барады. Ер мен әйел де ұлттық менталитеттен алыстауда. Ана – бала, әке – бала, ата – немере , әпке – бауыр араларына жік түсті. Теледидардан, әлеуметтік желілерден көрсетіліп жатқан ұлтқа жат әрекеттер бүгінгі ұрпақты тоздыруда. Ал осы жат әдеттерден зорлық-зомбылық шығып жатыр. 
Бұрын қан-жоса болған қатыгездікті кинодан көретінбіз. Енді құлақ естігенді көз көрі, ел болып талқылаудамыз. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген осы болар. Сонымен қатар қазір «қара шаңырақ» ұғымы ауылдарда ғана кездеседі. Кенже бала да жеке тұруды қалайды. Жалғыз қалға үлкендер уақыт өте келе қарттар үйін паналауға мәжбүр болады. Бұл да дәстүрлі құндылықтың құлдырауы. Себебі бұрын бізде қарттар үйі деген ұғымның өзі болмайтын. Әрбір қарт өз үйінің қазынасы болып төрде отыратын. Ал қазіргі қарттар қазыналы емес пе?

Технология мен ақпарат дәуірінің әсері

Соңғы онжылдықта отбасы өмірі бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеріп жатыр. Бұған басты себеп – ақпараттық технологиялардың күрт дамуы. Смартфон, интернет, әлеуметтік желілер күнделікті тұрмысқа терең еніп, бір жағынан жеңілдік әкелсе, екінші жағынан, отбасы мүшелері арасындағы шынайы қарым-қатынасты әлсіретіп отыр.
Кешкі ас үстінде әркім өз телефонына үңілген, балалардың ата-анасымен сөйлесуден гөрі YouTube пен TikTok-қа уақыт арнауы – бүгінде қалыпты көрініске айналған. Ата-ана жұмысбасты, бала экранға тәуелді. Осылайша, жан дүниелік жақындықтың орнын виртуалды байланыс басып отыр.
Ақпарат ағыны мен әлеуметтік желілерде салыстыру, бәсеке, мінсіз өмірді насихаттау отбасыларға психологиялық қысым тудырады. Қарапайым қарым-қатынастың, бір-бірін тыңдай білудің, шынайы әңгімелесудің орнына әлеуметтік желідегі «контент» бірінші орынға шығып барады.
Бұрын бір-бірімен сөйлесіп, бірге уақыт өткізетін отбасы мүшелері енді әр бұрышта отырып, әрқайсысы өз экранына үңілген күйде отыруы жиі кездеседі. Әсіресе, бала мен ата-ана арасындағы байланысқа бұл кері әсер етуде. Ата-ана бос уақытын гаджетпен өткізсе, бала да соған еліктейді. Нәтижесінде эмоциялық жақындық пен сенімге негізделген қарым-қатынас әлсірейді.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі жалған шындық, жасанды  әдемі де бақытты өмір көріністері көп отбасының ішкі атмосферасына қысым түсіреді. Өз өмірін басқалармен салыстыра отырып, адамдарда қанағатсыздық, өз өміріне көңіл толмаушылық сезімі пайда болуы мүмкін. Бұл – күйзеліске, ажырауға алып келетін факторлардың бірі.
Тағы бір елеулі мәселе – цифрлық тәуелділік. Бала да, ересек те телефонсыз отыра алмауы, шынайы өмірге қызықпауы бұл бүгінгі отбасының алдында тұрған нақты қауіп.
Дегенмен, технология толығымен зиян емес. Егер ол дұрыс қолданылса  білім алуға, байланыс орнатуға, ортақ қызығушылық табуға көмектеседі. Мәселе – отбасының цифрлық мәдениетке қаншалықты бейімделгенінде. 
 
Түйін
Ұл-қызымызға әлемдік білім кеңістігінің озығып алып, оны ұлттық педагогикамен ұштастырсақ ұтылмас едік. Отбасы құндылығы оңалып, халықтық тәрбие төрге озар еді. Ер мен әйел мен мықтымын деп таласпас еді. Екеуі де ұлт намысы, бүгінді емес, ертеңгі кемел келешекті, қауіпсіз, бақытты қоғамды ойласа, жат қылықтан безінер еді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
10 қыркүйек 2025 ж. 38 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№68 (10436)

09 қыркүйек 2025 ж.

№67 (10435)

06 қыркүйек 2025 ж.

№66 (10434)

03 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.
Баршаның назарына!

Баршаның назарына!

21 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 373
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Халықтың асыл қазынасы

Халықтың асыл қазынасы

09 қыркүйек 2025 ж.
Ұлттық код

Ұлттық код

09 қыркүйек 2025 ж.
Театрдың ғажайып әлемі

Театрдың ғажайып әлемі

07 қыркүйек 2025 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 148

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930