ЖАҢА ҒАСЫРДЫҢ ЖҰМСАҚ УЫ
Біз қазір көп дүниені зиян екенін біле тұра қолдана беретін жағдайдамыз. «Зиян ғой» десе, «білемін» деп сол дұрыс емес әрекетті жасай береміз. Түптеп келгенде, зияны өзімізге ғой. Ал оны саралап түсінгенде кешігіп қалатыныңыз анық. Жастарды өзіне еріксіз баурайтын осындай дүниенің бірі – электронды темекі. Елімізде вейпке тыйым салынғанына қарамастан, көлеңкелі айналымға тосқауыл болмай тұр.
Ол бұрынғыдай дүкен сөрелерінде тұрмайды. Десе де оған деген сұраныс азаймаған. Тыйым болғанымен, оны тұтынушылардың тиыны дайын. Ебін тапқандар түрлі мессенджер арқылы саудасын әлі жүргізуде. Бұл көлеңкелі нарықтың саудасын жастар әлі жүргізіп жүр. Сұраныс болмаса сауда болмас еді.
Былтыр маусым айында елімізде вейптер мен темекі өнімдерін сатуға және жарнамалауға тыйым салатын заң ресми түрде күшіне енген еді. Ал биыл қабылданған заңға түзетулер енгізіліп, ереже қатаңдатылды. Енді вейпті сақтап, тасымалдайтындар да жауапқа тартылады.
Зерттеулерге сүйенсек, биыл әлемде электронды сигареттер мен вейптер нарығы 45,03 миллиард АҚШ долларына бағаланған. Ал 2024 жылы жаһандық нарық көлемі 36,41 миллиард АҚШ долларынан асса, орташа жылдық өсім қарқыны 29,6%- дан жоғары болған. Сарапшылар 2037 жылға қарай табыс 1,06 триллион АҚШ долларынан асады деп болжаған. Көрсеткіштің бұлай қарқын алуына вейпті «қауіпсіз нұсқа» деп қабылдайтын жас буын мен осы сектордағы танымалдықтың артуы ықпал ететін көрінеді.
Жалпы «vape» дегеніміз ағылшын тілінен аударғанда «булану» деген мағынаны білдіреді. Құрамында глицерин, пропиленгликоль және ароматты қоспалар бар. Бұл қоспалар вейп апараты ысыған кезде реакцияға түсіп, адамның денесінде зиянды 31 қосынды түзіледі. Ең қауіптісі диацетил деп аталады. Диацетил вейпті қолданатын адамдардың 75%-ның жағдайында облитерациялық бронхиолит, қалыпты өкпе тінінің дәнекер тінмен орын басуы секілді өзгерістерге ұшыратады. Яғни ел арасындағы электронды темекінің зияны жоқ деген дүдәмал пікір шындыққа жанаспайды деген сөз. Бұл жерде тек жану процесі тек булануға ауыстырылды. Бірақ құрамы іс жүзінде өзгерген жоқ. Никотин екі жағдайда да кездеседі, айырмашылық тек оны жеткізу әдісі мен қарқындылығында. Вейп сұйықтықтарының құрамына кіретін никотин тұрақты физикалық және психикалық тәуелділікті қалыптастыратын нейротоксиндер мен алкалоидтарға жатады, бұл никотинге тәуелділікпен күресте электронды темекінің пайдасы туралы барлық дәлелдерді жоққа шығарады. Никотин тамырларды бұзады, жүрек, тамыр, тыныс алу жүйесінің жағдайын нашарлатады. Никотинді үнемі қолдану, тіпті аз мөлшерде болса да, ауыр ауруларға әкеледі, бұл вейптің жасөспірімдерге тигізетін зиянын тағы бір рет растайды. Жоғарыда аталған аурулардан басқа гастрит, асқазан жарасы, жүрек ауруларын туғызады.
Соңғы зерттеулер вейптер будың тұрақты әсеріне байланысты тістердің жағдайына теріс әсер ететінін анықтап отыр. Сондайақ бір реттік түрін бірнеше адам қолданғанда герпес және басқа да жұқпалы ауруларды жұқтыру ықтималдығы артады. Тағы бір ескертерлігі, электронды темекінің тым қауіптілігінде. Егер оларды дұрыс пайдаланбаса, кез келген уақытта тұтанып, кей жағдайда жарылып кетуі мүмкін.
Халқымызда «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөз бар. Жаман әдет тез жұғады. Еліміздің санасын улайтын, жұртты адастыратын электронды шылымнан іргемізді аулақ салғанымыз жөн. Бұл үлкен қасірет. Дені сау ұрпақ өсіріп, байтақ жерімізді жасыл етіп сақтағымыз келсе, әр ата-ана жасөспірім балаларын қадағалауы тиіс. Өскелең ұрпақ көк түтіннің шырмауында қалмасын десек, электронды темекіден саналы түрде бас тартуымыз керек. Бұрын арнайы қабылданған заң жоқ дейтін едік. Ал қазір заң бар. Бірақ заңға бағынған адам болмай тұр. Баршамызға заңға бағыну міндет, ал біздікі сырты сұлу болғанымен, іші «у»-ға толы сәнді темекіге алданып, сергелдеңге түспесе деген ниет.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ