САЛҚЫН САМАЛДЫҢ КӨЛЕҢКЕЛІ ЖАҒЫ
Халқымызда «Дені саудың – жаны сау» деген сөз бар. Яғни денсаулықтың зор болуы – ұзақ өмір сүрудің кепілі екені анық. Тән саулығы мен рухани саулықты сезіну үшін көпшілік ескере бермейтін ұсақтүйек нәрсе бар. Ол денсаулық күтіміне байланысты қарапайым ережелер. Қарапайым болғанымен саулық үшін өте маңызды орын алады.
Тамыз айы болса да, алдағы апталарда ыстық күтілуде. Шіліңгір шілдедегі аптап ыстық кезінде адамдар салқындаудың амалын салқындатқыштан іздеді. Дегенмен көп адам оның денсаулыққа қаншалықты қауіпті екенін біле тұра ыстыққа төзе алмауды сылтау етіп, түрлі ауруды өршітіп алғанын да білмей қалады. Себебі кондиционер қосылған бөлмеде шамадан тыс көп отыру созылмалы ауруды қоздырып қана қоймай, қауіпті вирусты да тудырады.
Енді бұл салқындатқыш яғни кондиционер біздің өмірімізге қай уақыттан бастап келді деген сұраққа тоқтала кетсек. Ең алғашқы кондиционердің тарихы ХІХ ғасырдың он бесінші жылында Францияда Жанна Шабанеске патент берілгеннен басталды. Ол ауаны салқындатудың революциялық технологиясын ұсынды. Бірақ ұсынысы теория жүзінде ғана қалды.
Жиырмасыншы ғасырда У.Кэриерге НьюЙорктегі ірі баспахана иелері ұсыныс тастайды. Оларға желдетудің жаңа жүйесі қажет еді. Өйткені бөлме ішіндегі жоғарғы ылғалдықтан баспа материалдарының сапасы нашарлай бастаған еді. Арада бірнеше уақыт өткеннен кейін АҚШтағы Детройт дүкендер желісі салқындату әдісін енгізді. Дүкенге келушілер санында есеп жоқ еді. Осы кезден бастап адамдар кондиционерлерге қызығып, үйлеріне орнатуға ниет білдіре бастады.
Бір қызығы, ауаны салқындату жүйесі механика мен электр пайда болмай тұрып жүзеге асырылып келді. Бедуиндер белбеу немесе ер-тоқымға бекітілген арнайы су құйылған құмыраларды шалманың бос жиегіне орналастырып отырған. Су мата арқылы біртіндеп көтеріліп, салқындататын күшке ие болған.
Ал ежелгі персияда үйлер мен сарайлар салу кезінде желдету жүйесіне сумен жабдықталған арнайы шахталарды қолданған. Соның арқасында тұрақты температура сақталып отырған. Үндістанда қазірдің өзінде күн ыстық кезде кілемшелерді суға малып, оларды ашық есіктер мен терезелерге орналастырады. Осындай қызықты тәсілдің арқасында ғимараттың ішін лезде салқындатуға болады.
Ал қазір салқындатқыштың сан түрі бар. Қалтаңызға қарай көңіліңізге ұнағанын сатып ала аласыз. Жалпы кондиционердің пайдасымен бірге зиянының қатар жүретіні туралы барлық адамның біле жүргені дұрыс. Жаз айында ең көп кездесетіні – суық тию, жөтел сияқты ауруларды қоздыратын нәрсенің бірі – адам ағзасының ауа температурасының күрт өзгеруіне, бейімделіп үлгірмеуі салдарынан болатынын есте ұстаған жөн. Яғни салқын бөлмеден бірден ыстыққа шығуға да болмайды. Осы орайда сіздерге бірнеше кеңес ұсынсақ.
Ең бастысы кондиционерді пайдаланғанда біріншіден, ара қашықтық 3 метрден аз болмауы керек. Салқын ауа адамға тура бағытталмай, ауа төбе мен қабырғаны айналып барып қозғалуы қажет. Екіншіден, бөлмедегі ауа құрғап қалатындықтан, адамдардың тыныс жолы зардап шегеді. Тамақ ауруы мен жөтел пайда болады. Сондықтан бөлмеге ашық суы бар ыдыс қойған абзал. Тым болмаса дымқыл шүберек іліп қойса, ауаның құрғап кетуінен сақтайтынын білген жөн. Үшіншіден, түнгі мезгілде кондиционер қосып ұйықтауға болмайды. Оның себебі түнде адам ұйықтағанда дене температурасы төмендейді. Ал түнгі режимі бар кондиционерді іске қосқанда салқын ауаның бағытын жоғарыға қарай бағыттап қою керек. Төртіншіден, кондиционерді қолданғанда оның ең алдымен вирус тасымалдаушы екенін ұмытпаған дұрыс. Соңғы технологиямен жасалған кондиционерлер зиянды бактериясы бар ауаны жұтып, орнына таза, салқын ауа бөледі.
Жылдар бойы тазаланбаған орталық кондиционер жүйесі тұрғындардың көз кілегей қабығын, тері қабаттарын, ас қорыту жүйесі мен жүйкелерін тітіркендіріп, бас ауруын, ұқыпсыздықты және айналуды тудыруы мүмкін. Бұл жағдай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «ауру ғимарат синдромы» терминін енгізуіне жеткізді.
Алайда айта кету керек, қазіргі кондиционерлердің көбісі ауыстырылатын фильтрлермен жабдықталған, олар шынымен де ауаны шаң мен басқа да зияннан тазартуға көмектеседі. Бірақ бұл фильтрлерді нұсқаулықта көрсетілгендей ауыстырып тұру керек. Ал егер сіздің фильтріңізді үш айда бір рет ауыстыру қажет болса да үшінші жыл тұрып қалса, онда өкпелеуге орын жоқ. Сондықтан салқындатқыш қолданғанда салқын самалды ғана емес, саулығыңызды да ойлап қойғаныңыз абзал.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ