» » Аптап ыстық қашан қайтады?

Аптап ыстық қашан қайтады?

Жер бетінде температураның жоғарылауы жылдамдауда. Бұл таяу онжылдықтарда аптап ыстықтың үдей түсуіне әкеп соқтырады. Ол онжылдыққа жетпей-ақ биылдың өзі тас төбеңнен күйдіріп барады. Әсіресе оңтүстіктегі аймақтар үшін шілде айы аптап ыстық теперішін көрсетуде. Қош. Ыстық қашан қайтады? Қалай қорғанамыз? Бүгінгі мақаламызда жан-жақты қамтып көрейік.

Ауа райының әдеттен тыс ыстық кезеңі парниктік газдардың бөлінуімен байланысты болуы мүмкін екенін анықтаған Цюрихтің Жоғары техникалық мектебінің ғалымдары аптап ыстық үдей түсетінін болжауда. Газ шығарындылары неғұрлым жоғарылаған сайын аптап ыстық ұлғая бермек. Зерттеушілер Жердің он жыл ішінде 0,18 градусқа дейін жылынатынын алға тартып отыр. Бұл тұжырымдар парниктік газдар шығарындыларын азайту керегін көрсетеді.
Одан бөлек, олар парниктік газдар Жердің климатын тез өзгертіп отырғандықтан, қазіргі қолға алынып жатқан шаралар жеткіліксіз деген тұжырымға келді.
– Алдағы онжылдықтарда қазіргі температуралық көрсеткіштерден әлдеқайда асып түсетін рекордтық аптап ыстыққа дайындалуымыз керек, – дейді зерттеуге қатысушы Эрик Фишер.
Тарихи фильмдерге көз жүгіртсек, онда қазекемнің қалың-қалың киіммен жү­ретінін көреміз. Аптап бастала сала баршамыз жеңіл киініп, салқын сусындар ішіп, көлеңке іздеп жан сауғалап кететініміз бар ғой. Ал жазда жайлауды, қыста қыстауды мекен еткен ата-бабаларымыз ыстықтан киіммен қорғанған екен.
Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, ежелде қазақ ыстық күнге қарамастан көбіне ұзын киімдер киген. Жердегі шөп пен гүл біткеннің бәрін дәрі деп қараған. "Малдың жүнінен тоқылған салқын киімдер, күн өткізбейтін бас киім киіп, шатырша қалпақ, қалқан қалпақтарды киіп күннен қорғанған. Үстіне ұзын шапан киген. Сол арқылы аптап ыстықтан қорғанып, оның денеге өтуінен, күнге күюден сақтанған" дейді этнограф.
Киімдерден бөлек қымыз, шұбат, айран, қатық, іркіт секілді сусындарды тек салқын түрінде ішкен дейді. Жалбыз, ермен сияқты дәрілік шөптерді ағын суларға салқындатып қойып сусын ретінде пайдаланған. Солайша ыстықтан қорғанған. Ақпан айы қақаған аяз, суық болса, шілде айында шіліңгір ыстық болады деп есептеген. Қазақта сұңғыла, дана есепшілер болған. Сол есепшілер алдын ала жаздың қай айы, қай аптасы, қай күндері ыстық не салқын болатынын зерттеп, халыққа хабарлап отырған. Айтқаны айнымай келетіндерді халық үнемі тыңдаған. Тұтас халықтың ата кәсібі болған мал шаруашылығының дамып, өсіп, өркендеуі осы ауа райын болжаушылардың арқасында деп есептеген.
Қазақ шілденің аптабында бағып отырған малдарын ұлы төр жайлауға шығарып жіберген. Содан кейін мал шелденеді, ірі-қара қомданады. Кейіннен төр жайлаудан орта жайлауға, одан етек жайлауға, содан кейін ғана қыстауға келген. Тұтас табиғатқа, жәндіктердің жандануына қарап отырып та ауа ра­йын жақсы болжай білген. Осыдан-ақ, қазақтың даналығына көз жеткізуге болады. Этнографтың айтуынша, қазақ халқы бір мүшелі 13 жылдың да ауа ра­йын алдын ала есептеп, біліп отырған. Сондықтан да халқымыздың ыстықтан қорғану тәсілдері мықты болған. Әрине, ол кезге оралып, сол кездегідей үрдісті ұстай алмаймыз. Енді не істемек керек?
Ыстықтан қорғану үшін қазіргі кезде көпшілігіміз кондиционердің көмегіне жүгінеміз. Бірақ кондиционер – салқындаудың жалғыз жолы ғана емес, сондай-ақ денсаулыққа зияны басым. Кондиционерсіз қалай салқындауға болады? Ендеше үйде, жұмыста, көлікте аптап ыстықтан қалай қорғанудың жолдарын біле жүрген артық болмайды. Үйді салқын ұстау үшін терезелерді таңертең ерте және кешкі мезгілде ашып желдетіп алу керек. Жарық шамдарын диодты шамдарға ауыстырған жөн. Олар жарық шамдарға қарағанда жылуды өте аз бөледі. Күннің ыстығы ұйқыға бөгет болып, мазаңыз қашса, онда төсек орын жабынын жатардан 1-2 сағат алдын пакет қалтаға салып, тоңазытқышқа салып қою керек. Мұздатқышқа салуға болмайды. Күннің ыстығында еденді күніне 2-3 рет ылғалдап сүртіп тұрған дұрыс. Пластик бөтелкелерге мұз қатырып, терезе алдына қойып қою да үйді біршама салқындатады. Күн ыстықта сыртқа шыққанда бірінші кезекте жеңіл, кең және ашық түсті киім киюге тырысқан жөн. Егер жұмыс орнына дейін жаяу баратын болсаңыз немесе қоғамдық көлікте біршама уақытыңыз кететін болса, онда таңертең өзіңізбен бірге мұзды су алып алғаныңыз дұрыс. Мұз жәймен еріп, салқындықты тудырады. Жұмыс орнында салқындатқыш болмаса, қасыңызға су толы кішірек ыдыс қойып қойыңыз. Ыдыс ішіндегі су буланып бөлмені салқын ұстауға біршама септігін тигізеді.
Медицина ғылымдарының докторы, дәрігер Андрей Бобровскийдің сөзінше, жаз мезгілінде ағзаға сұйықтық әдеттегіден көп мөлшерде қажет болып жататындықтан, көбірек сұйықтық ішкен абзал. Оның айтуынша, бұл ретте шөлді басу үшін қарапайым суды тұтынған дұрыс. Оған қандай да бір жемістерді қосып, дәмдірек етуге де болады. Ал тәтті газдалған сусындар мен шырындарды керісінше ыстық күнде ішпеген дұрыс.
"Ыстық күнде калориясы көп газдалған сусынды ішпеген жөн. Соңғы деректерге сәйкес танымал өндірушілердің калориясы төмен газдалған сусыны артық салмақтың пайда болуына айтарлықтай әсер етпейді. Бірақ тәтті газдалған сусындар калориясы өте аз болса да, адамның шөлі қанбаған секілді реакция тудырады. Адамның тағы бірнәрсе ішкісі келіп тұрады. Қапталған шырын мен газдалған сусынның айырмашылығы жоқ. Олардың пайдасы аз, зияны бірдей" дейді ол.
Еске салсақ, бұған дейін "Қазгидромет" РМК өкілдері 27-29 шілдеге арналған ауа райы болжамын ұсынған еді. Синоптиктердің болжамынша, осы аптада ел аумағында ауа температурасының төмендеуі күтілді. Метеорологтардың мәліметінше, аптаның басында Мәскеу аудандарынан келетін антициклон елдің көп бөлігіне әсер етті. Салдарынан ауа темпертурасы төмендеп, ыстықтың беті қайтты. Дегенмен оңтүстіктіктерді алдағы апта аптап ыстығымен күтіп тұр.

Айнұр ӘЛИ
31 шілде 2021 ж. 637 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 301

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 398

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930