ШЫНАЙЫ ДОС – НЫҒМЕТ
Әңгімені Лұқман хакімнің баласына қалдырған мына өсиетімен бастауды жөн көрдім. «Балақай, иман нығметінен кейінгі ең ұлы амал – шыншыл дос табу. Шыншыл дос үлкен жеміс ағашы секілді. Отырсаң, саған көлеңке болады, жемісі сен үшін тағам болады, ешқашан пайда бермегеннің өзінде саған еш зиянын тигізбейді» деген екен. Бұл ғалымдардың адам өміріндегі достықтың құндылығын айқындағаны.
Алланың құдіреті шексіз, маған сондай шынайы досты осы жасқа дейін нығмет етті. Бір-бірімізден еш ажырамадық, сырластық, сыйластық, бауыр бастық. Өмір арнасы жақсы жағымен ғана жылжымайды, өкініші де қатар жүреді. «Салтанат, сабырлы бол, Бақытжаныңнан айырылып қалдық» деген хабарламаны Қожекеңнен естігенде... Иә, мұндай суық хабарды өзгеден емес өз аузымнан естісін дегені – Құдай қосқан жан жары, серігінің азаматтығы. Өлім түгілі, өсекке де қимайтын жан досымнан ойламаған жерден айырылып қалдым. Қалам арқылы досыма деген сағынышымды, шынайы достық жайлы ой толғанысымды білдіргім келеді.
Өз өміріңнің мағыналы, сапалы өтуіне өзің ғана жауаптысың. Сол өмірде жаныңда сырласың болар, серігің болар досты өзің таңдауың керек. Қазақта «Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа» деген сөзі бар. Біздің бір-бірімізбен жақындығымыз балабақшадан басталды деп айтуға болады. Бір көшенің бойымен бірге барып, бірге қайтатынбыз. Ол кезде дос дегеннің шын мағынасын кім біліпті. Кім кәмпит, кім ойыншығын берсе «менің досым ғой» деп айта салатын едік. Балабақшадан кейін бірге мектеп табалдырығын аттадық. Атаанам екі ай ерте бергісі келсе де, менің айтқаным болып, Бақытжанмен бірге 1-сыныпқа бардым. Міне бұл қадамды достықтың алғашқысы деп айтуға болады. Балалық, бүлдіршін, бойжеткен кездегі бал шақтарымызды бірге өткіздік. Досым екеуміздің мінезіміз, әдетіміз, ой-өрісіміз ешкімге айтпайтын сырымыз бір-бірімізге аян. Сондықтан ұзақ та берік болды.
Білімнің негізгі фундаменті бастауыштан, мектептен қаланады. Екеуміз де үздік оқыдық. Ол әдебиет пәнін сүйді, шығарма десе алдына жан салмайтын. Мен математика пәнін жақсы көрдім. Бір-бірімізге деген риясыз көңіліміздің, қалтықсыз сенімнің арқасы болар, алға қойған мақсатымыз бір болды. 8-сыныпты бітіргеннен кейін Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оқуға түстік. Міне, осылайша ауылдан алыс кеткен біздердің бір-бірімізге деген жақындығымыз арта берді. Қазақта «Киімнің жаңасы, достың ескісі жақсы» деп бекер айтпаған.
Бір-бірімізсіз қадам баспаймыз. Бізді көрген қыздар, мұғалімдер «Осы сендер трактордың тіркемесі сияқтысыңдар» дейтін. Әдетте достардың мінезі әртүрлі де болады екен. Мінез сәйкестігіміз бөлек. Солай болса да әлдекімдерге ұқсап шапылдасып, тілмен түйреп ұрысу деген өмірімізде болмапты. Бір-бірімізді қабақпен түсінеміз. Алла оған сабырлықты, салмақтылықты берген. Әр нәрсені баппен, байыппен қарап орындап, мақсатына жетеді. Жасыратыны жоқ, достығымызға жұрт қызығып та, қызғанып та қарайтын.
Нағыз жалындаған жастықтың албырт шақ студенттік кез. Бір бөлме, бір керует. Бақытжанның жалпы мінезі салмақты, сабырлы болғасын ба асықпайтын. Ол мені «сағатым» дейді. Мен ұйқыдан тұрсам ғана тұрады. Сондықтан бірге кешігіп те қалатын кез болады. Қыздарымыз сырымызға әбден қанық, бір-бірімізсіз елестете алмайды.
Бірде мен жоғары оқу орнында студенттер арасында шахматтан жарысқа қатысатын болдым. Шахматтың бір күнде бір ғана партия ойнап бірнеше күнге созылатынын білесіздер. Сол жарысқа да Бақытжансыз бармаймын, алғашқы партияны жеңіспен келгесін, барлық күнде де менің қасымда демеуші болды. Біртүрлі ол бармаса, жеңіліс табамын деп ырымдап алғанбыз ба? Әйтеуір менің қасымнан қалған емес. Мен жетістікке жеткенім сенің арқаң деймін. Бірге тойладық, бірге қуандық. Міне, бұл да рухани жақындықтың, сенімділіктің, сәтсіздікке ұшырамасын деген шынайы достықтың белгісі.
Педагогикалық училищені бітіргеннен кейін де, жұбымыз жазылмай өз туған ауылымызға, ұшқан ұямызға келіп ұстаздық еңбек жолын да, қыз салтанатын да бастадық. Өзі мінезге бай, мінезі көркіне сай, аппақ қызға жігіттердің көзі түсе бастады. Бітіргенімізге екі жыл да болған жоқ, Қожабай атты сырбаз жігітпен бас қосты. Бір жылдан кейін Салтанат атты қызы дүниеге келді. Бірақ көп ұзамай шетінеп кетті. Бүгінде Алланың берген бес перзенті, олардан өрбіген немерелері бар. Балаларынан бақыт тапқан ата-ана деп айтуға әбден лайық. Өйткені ұлқыздарының барлығы да мектепті «Алтын белгіге», «Үздікке» бітіріп, өз қалаулары бойынша бүгінде мамандық иесі, үлгілі отбасы атанған.
Біздің балаларымыз да достығымыздың нағыз куәсі болған. Кішкентай кездерінде апта сайын бір-бірімізді көрмесек «Осы Бақытжан апалармен ренжісіп қалдыңдар ма, неге келмеді, біз неге бармадық?» деп іздеп отыратын. Аллаға шүкір, екеумізде де бауырлар, туған-туыс, жолдас та бар. Дегенмен шынайы достың өміріңде алатын орны ерекше екен. «Өмірдегі ешнәрсемен бағаланбайтын, сатып ала алмайтын, таразыға тартылмайтын шынайы достық» деген көнекөз қариялардың айтқан сөздерінің мән-мағынасын осы жасқа келгенде түсінгендеймін. Ешкімге айта алмайтын сырыңды оған ғана ашық айтып, бірге бөлісіп сырласқан, өмірлік нұсқа болған аяулы адал досты ұмыту мүмкін бе?
Бірде Қожекең екеуі кешқұрым әдеттегідей үйге келіп, әңгіме-дүкен құрып отырып кеткен болатын. Сол кезде біз ата-анамызға естелік кітап шығаруға дайындық жұмыстарының жүріп жатқанын айттым. Сонда Бақытжаным «Неге маған да ескертпедің? Ол кісілер жайлы мен де ойымды жазар едім, ол кісілер жайлы неге жазбасқа?» деді де, қағаз, қалам тауып алып бір бөлмеге отырып жаза кетті. Аз уақыт ішінде жазған естелігі керемет шығыпты. Риза болдық. Тақырыбының өзі «Асыл туған адамның, Алтын жетпес нарқы бар» деп тұр. Керемет емес пе? Қалай қуанбассың!
Анам үнемі Бақытжан демейді. «Сенің Пахытжаның қайда, неге көрінбейді?» деп іздеп отыратын. «Күлсең үлкенге күл» деген бар емес пе? Бірде ораза айында анамды, жолдастарымнан Мейрамкүл мен Бақытжанды ауызашарға шақырғанмын. Тамақтан кейін «Апа, демаласыз ба?» десем, маған ренжиді. «Мен де қыздарыммен әңгімелессем бе деп отырмын» деп. Өздерінің бір-бірімен әңгімелері де жараса кетеді. Жасы келген кісінің айтары бар екен. Бір кезде: «Пақытжан, Мейрамкүл, айналайындар, ертең мен о дүниеге кеткен күні сендер де келіңдер, құр қалып қоймаңдар демесі бар ма?» Мына кісі кетпей тұрып шақырған несі деп бірбірімізге қараймыз. Сөйтсем, қазақтың салтымен, ырымымен өзінің жинаған сандықтары ұл-қыздарының жинаған, сақтаған сандықтары ашылып, оны тәбәрік ретінде таратылады, содан құр қалмасын дегені екен. Бақытжан маған көзін қысып «Бұлар шақырмаса, айтпаса не істеймін?» десе, «мен шақырып отырмын, келіңдер» демесі бар ма?
Бақытжанның ата-анасы да бізді өте жақсы көретін. Бір өкініштісі, ата-анасы өмірден өте ерте кетті. Екеуі де, ұлағатты ұстаз болған. Әкесі Ермек аудандағы ең алдыңғы математика мұғалімі, анасы Нагина керемет бастауыш сынып мұғалімі болатын. Қай ата-ана өз баласын осындай тәрбиелі, үлгілі отбасынан шыққан жанмен дос болғанына қуанбасын. Досым да атаана жолын жалғап, өмірін ұстаздыққа арнап, қаншама шәкірт тәрбиелеп ұшырды. Сол білім-біліктілігінің арқасында еңбек өтілінің алғашқы жылдарында-ақ республика деңгейінде «Оқу ісінің үздігі» мадақтамасына ие болды. Бүгінде інісіңілілері, күйеубала, келіндері әр салада қызмет жасап, бір отбасының ғана емес, халықтың құрметіне бөленіп жүр.
Өмірде шынайы дос табу үшін мына нәрселерге көңіл бөлу керек. Бірінші – ақылды болу. Ақылдылық жақсы ойға, дұрыс бағытқа жол көрсетеді. Екіншісі – көркем мінез. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) мінез туралы хадисінде «Мүміннің иман тұрғысынан ең кемелі – мінезі көркем болғаны жақсы» деп айтқан. Көркем мінез бен шыншыл кісімен дос бол. Ол сенің сырың мен айыбыңды жасырады. Қиын кезде сенімен бірге болады. Өзінің ең қымбат нәрсесін саған береді. Жақсылығыңды жаяды, жаманыңды жабады. Ал жағымпаз, сөзі әдемі, бірақ жүрегінде арам ойы бар достан сақтан. Басыңа іс түскенде тастап кетеді.
Үшінші пасықтан сақтан. Онымен дос болу, сұхбаттасу саған пайда әкелмейді. Дос таңдау – жай ғана амал емес, ерекше көңіл бөлетін сақтықпен қарайтын бағыт-бағдар. Дегенмен әрбір адамның өзінің де жүрегі таза болса, сондай дос бұйыратыны анық. Ал досың дұрыс болса, өмірің берекелі, мерекелі болатыны сөзсіз.
Салтанат ТӨЛЕПОВА