АҚЫЛДЫ ТЕЛЕФОН АҚЫЛСЫЗ БАЛАНЫ ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Қазір екінің бірінің қолында телефон. Жай телефон емес, смартфон. Алысты жақындатып, әлемдегі жайттың бәрін бір ғана тетікпен көріп қарауға болады. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін телефонның құлағында ойнайтынын қайтерсіз? Жақсыны үйреніп, игі дүниені үйренсе құба-құп. Әйтсе де жоқтан өзге керексіз нәрсемен уақыт өлтіріп жатқандары қаншама?! Иә, смартфон – баланың жаңа тәрбиешісіне, TikTok – ұстазына, Instagram – ержетіп келе жатқан жеткіншектің болмыс айнасына айналды. Бұған кім кінәлі? Технология ма, әлде оны тізгіндей алмай отырған ата-ана ма? Саралап көрсек. Бір қызығы, әлемде жыл сайын 5 миллион адам телефонның кесірінен көз жұмады. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жариялаған мәліметі. Ғалымдар осылай жалғаса берсе, өлімжітім бұдан да көп болуы мүмкін дейді. Бірақ смартфонды түкке пайдасыз құрал деп те айта алмаймыз. Өйткені осы құрылғы арқылы ғалам жұртының 90%-ы төлем жасап, 60%-ы жұмыс істейді.
ҰСТАЗЫ СМАРТФОН ҰРПАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ?
Бүгінгі мектеп партасында отырған бала кітап ақтарғаннан гөрі, TikTok парақтап, лайк санап отыр. Сөйлегенде ғаламтор тілімен сөйлейді. Оның жанына, қиялына әсер ететін ұстаз емес, Instagramдағы бейтаныс блогер. Мұның бәрі – технологияның жетістігі, иә. Бірақ сол жетістікке иелік ете алмасақ, ол жетістік емес жіберілген қателікке айналмай ма? Кітаптың парағын ашып, ұстаздың жанарынан жылулық сезінбей өскен ұрпақ ертең адамгершіліктің әліппесін қайдан үйренеді?
Ұстаз – жүрекпен сезілетін мамандық. Ол робот емес, репост жасайтын блогер де емес. Ол – баланың жан дүниесін түсініп, жүрегіне жол табатын жан. Бірақ бүгінгі кей ұстаз сол балаға жақындаудың жолын TikTok арқылы іздейді. Сабағын шоуға, тәрбиесін трендке балайды. Мұғалімнің уақытын енді журнал толтыру емес, reels жасау «жеп» жатыр. Сонда біз кімге қарап өсеміз?
Бүгінде еліміздегі балалардың 88%-ында жеке смартфон бар екен. Ал ата-аналардың 62%-ы баласының гаджетке телмірген уақытын бақылайтын арнайы бағдарлама орнатпайды, шектеу қоймайды. Бұл – шын мәнінде, бала тәрбиесін экранға беріп қою. Қай ата-ана баласын бейтаныс адамдармен оңаша қалдырады? Бірақ интернеттегі ашық желі – дәл сондай орта. Абайламаса, сананы улап, көзқарасты өзгертетін, құндылықты терістейтін кеңістік. Себебі баланың психикасы, мінезі мен қызығушылығы осы кезеңде қалыптасады. Ал TikTokтағы кез келген тренд, Instagram-дағы жылтырақ өмір көріністері баланың шынайы өмірден алшақтап, жалған ұғым қалыптастыруына себепкер болып жатқаны да жасырын емес.
БІЗДІҢ ТӘРБИЕ НЕГЕ БҰЗЫЛЫП КЕТТІ?
Бүгінгі ұрпақ құндылықтар соғысының құрбаны болуда. Сондықтан да балалардың сөйлеу мен ойлауы дұрыс бағытта дамымай отыр. Баланың телефонмен тым ерте «қауышуына» себепкер болып отырған да – үлкендердің өзі. Қазір баланың қолына смартфонды «мазаламау үшін» ұстата салатын әке-шеше аз емес. Ал кейін баласының виртуал әлемнен шықпай, тұйықталып, күйзеліске ұшырап, агрессияға бой алдырғанына алаңдайтын да тағы сол ата-ана.
Сондықтан ата-ана баламен сөйлесуді, бірге уақыт өткізуді, кітап оқуға қызықтыруды онымен шынайы өмірде достасуды қайта үйренуі керек. Себебі бала тәрбиесін TikTok-тағы трендтерге қалдырсақ, ертеңгі ұрпақ тек смартфоннан шабыт алатын болады. Ал шабыт қайдан келсе, болмыс та сол жаққа бұрылады.
Qazbilim group компаниясы басқарма төрағасы, ұстаз Аятжан Ахметжанұлы отбасында ортақ әңгіме таппаған бала тәрбиені сырттан іздейді деген пікір айтады.
– Бұрын үйімізге қонақ келсе, әке-шешеміз «үлкендердің ақылын, әңгімесін тыңда» деп отырғызып қоятын, сонда дастарқан басында келген кісілердің жақсы әңгімесіне қанық болатынбыз. Шайдан соң, қолына су құйып, батасын алатын едік. Әрине, жақсы сөз – жарым ырыс. Қазір қонақ келсе, баласының қолына телефон беріп, «мынаны көріп, тыныш отыр, бөлмеден шығушы болма» дейтін жағдай қалыптасты. Яғни, баламызды жақсы әңгіме тыңдатуға да мұрсат жоқ. Одан қалды бұрын отбасында жақсы әңгімелер айтылатын, мазмұнды кітаптар оқылатын. Бүгін ше? Бүгінде отбасындағы 3 адам 3 телефонмен, 5 адам болса, 5 телефонмен отырады. Өкініштісі сол, отбасында ортақ әңгімелер сұйылып барады. Енді отбасынан әңгіме таппаған бала оның бәрін сырттан іздейді, тәрбиені сырттан алады. Бұрын отбасы дұрыс емес шаңырақта тәрбиеленген баланы «ол баланы көше тәрбиелеген, ата-анасынан тәрбие көрмеген» дейтін әңгіме бар еді. Бүгінгі күні барлық баланы көше тәрбиелейтін, барлық баланы телефон тәрбиелейтін күйге жеттік. Солай бола тұра, оның салдарынан әлеуметтік желідегі шығып жатқан әртүрлі оқиғаны таңғалыспен қабылдауымыз мүмкін. Әрине, күлкілі. Балаңыз үлкейіп келе жатқан кезде біз «балаға үлгі-өнеге көрсетерлік не жасап жүрміз?» деген сұрақты өзімізге қойсақ бола ма? Бір уақыт баламызбен сөйлесеміз бе, серуенге шығамыз ба? Бәрі де – бүгінгі отбасының сұрағы, – дейді ол.
БАЙЛАНЫС ҮЗІЛЕ БЕРМЕК
Бүгінде бәрі жұмысбасты. Баладан бұрын жұмыс маңызды боп кеткендей. Әрине, баланы асырау үшін жұмыс керек. Десе де жұмыс қаншалықты қауырт болса да, қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де ата-ана бала тәрбиесін басты назарда ұстауы тиіс.
Бала бойындағы табиғи қасиет пен адами құндылық отбасында, мектепте, қоршаған ортамен қарым-қатынасы негізінде қалыптасады емес пе?! Әрине, тәрбиенің негізі – ата-анада.
Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады дейді дана халқымыз. Қазірде ата-ананың көбі сауатты. Әріден соң екінің бірінің қолында телефон. Қалауын тапса, қажетті ақпаратын әп сәтте-ақ тауып алады. Бала психологиясын оқимын, баламен дұрыс қарым-қатынас құрғым келеді деген аналардың да қарасы көбейді. Баланы бұрынғыдай көзқарас пен қатаң мінезбен тәрбиелеу қиынырақ. Психологияда жылы сөзбен жүрекке жеткізу әдісін кең қолданылады. Кезінде Абай атамыз да қара сөздерінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» деген еді ғой. Дәл солай. Балаға да аялы алақан, жылы сөз бен мейірім қажет-ақ. Сол үшін де тәрбиені телефонға ысырмай, баламен қарымқатынасты берік етіп, онымен мейлінше мейірімді мәміле жасау қажет-ақ.
ЗИЯНДЫ ЗАРДАБЫ
АҚШ ғалымдары бірнеше жыл бұрын 2-3 жас аралығындағы 47 баланың миына маңызды зерттеу жұмысын жасаған. Ғалымдар тәулігіне бір сағаттан аса смартфон қолданған баланың миындағы сөйлеу және жазу қабілетіне жоғары деңгейде зиян келетінін анықтаған. Сонымен бірге бала тұйықталып һәм өздіөзімен оңашаланып, қоршаған ортамен байланысудан қалатын көрінеді.
Мамандардың айтуынша, бүгінде мектеп жасындағы бүлдіршіндердің 60 пайызға жуығы көзілдірік киеді. Бұған бірден-бір себеп – қалта телефондары. Көру қабілеті төмендеген балалар айналадан оқшауланып, қимылқозғалысының төмендеуі мүмкін деген қауіп бар. Әрі ата-аналардың бала денсаулығына салғырт қарауы мәселені ушықтырып отыр. Баланың «ата-анасы», «досы», «сыныптасы» да телефонға айналуда. Жұмысбасты атаананың жалғыз сенері де осы смартфон болғандай.
Дәрігерлер үш жасқа дейінгі балаларға мүлде смартфон беруге болмайтынын айтып кеңес беруде. Бұл жасқа дейінгі балалардың миы үздіксіз қалыптасу кезеңін бастан кешетінін ескертеді. Сонымен қатар телефон ұстап өскен балаларда психологиялық және неврологиялық аурулар туындау қаупі кездеседі.
Ұялы телефон бүгінде әр адамның айнымас серігіне айналды. Жас та, кәрі де телефонды құлаққа тосып, күндіз-түні сөйлесумен болады. Тіпті тілі шықпаған сәбиге дейін телефон сұрап қыңқылдайды. Мектеп жасындағы балалардың қолынан түспейтін «ойыншығы». Алыстағы елді мекендерге дейін ұялы телефон қолданады. Қай жерге барсаңыз да, телефонға телмірген жандардан көз ашпайсыз. Әрине, смартфон, айфондар – өркениетті өмірдің белгісі. Ғаламтор, түрлі әлеуметтік желімен шектелмей, қазір түрлі аударымдарды, төлемдерді телефон арқылы жүргізіп, бақылауға алуға болады. Айналаға қарасаңыз, үйде, жұмыста қолына телефонды ұстап алып, үңіліп отырған бір адам. Алайда, бұл өркениет ғажабының отбасында кесірі, денсаулыққа зияны да орасан. Бұрын «Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер» дейтін үлкендер. Қазір «Телефон бұзау да емізер, таяқ та жегізер» болды.
ТҮЙІН Қазір балаларға барлық жағдай жасалған. Небір мықты спорт кешендері бар. Үйірмелерде де балаға шектеу жоқ. Барамын десе, бәрі бар. Жай уақытта «болашақ жастардың қолында» деп ұрандатқанда, алдымызға жан салмаймыз. Қазіргі жастарға қарап, «Болашағы жоқ жастардың телефоны қолында» деп өзгеруге сәл қаласыз. Сөз соңында айтпағымыз мынау. Ата-ана бала санасының телефон қолданысымен шектеліп қалмауына немқұрайлы қарамаса дейміз.
«Баланы бастан» демей ме дана халқымыз. Тал шыбықтай кезінен майыстырмай, нағыз тәрбиемен түзеп отырса, ертеңгі күні ұлтымыздың рухын әлсіретпейтін, текті ұрпақ болып қалыптасарына күмән жоқ...
Ақнұр САҒЫНТАЙ