ОРТАҚ МҮДДЕ – ӨРКЕНДІ ӨҢІР
Тарихи тамыры тереңде жатқан, ұлттық руханият пен мәдениеттің ордасы саналатын Қармақшы ауданы бүгінде Мемлекет басшысының жүйелі бастамалары, Үкімет пен облыс басшылығының қолдауы нәтижесінде тұрақты даму жолында келеді. Ауданымызда әлеуметтік-экономикалық өсім, инфрақұрылымдарды жаңғырту, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жоба іске асырылып, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға айрықша мән берілуде.
Осы орайда Мемлекет, Үкімет және облыс әкімі тапсырмаларының орындалуын алға тартқан аудан әкімі Жандос Еркінбек Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте биылғы жылдың I жарты жылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Аудан әкімінің айтуынша биыл ауданның бастапқы бюджеті 12 млрд 176 млн теңге көлемінде бекітіліп, І жартыжылдық ішінде аудан бюджетіне екі мәрте нақтылау жүргізіліп, нәтижесінде бюджет көлемі 21 млрд 115 млн теңгеге ұлғайған. Аудан бюджетінің қаражатын тиімді жоспарлау мен қосымша қаржы көздерін тарту нәтижесінде бюджет 8,9 млрд теңгеге, яғни 73,4 пайызға өскен.
– Биыл қаңтар-маусым айларында ауданның макроэкономикалық көрсеткіштерінің барлығында оң көрсеткіштер қалыптасты. Атап айтқанда: өнеркәсіп өнімі 118,7 пайызды, өңдеу өнеркәсібі 118,6 пайызды, ауыл шаруашылығы өнімі 101,8 пайызды, негізгі қорға салынған инвестиция 103,1 пайызды, құрылыс жұмыстары 109,1 пайызды, тұрғын үйді пайдалануға беру 119 пайызды, бөлшек сауда көлемі 102,3 пайызды құрады, – деді аудан әкімі.
Жалпы Қармақшы ауданы ауылшаруашылығы саласына негізделген. Сондықтан макроэкономикалық көрсеткіштерінің басым бөлігі ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктерге байланысты.
Биыл ауданда 25 654 гектарға егіс егілсе, оның ішінде 13097 гектары – күріш, 1000 гектар – жаздық бидай, 1200 гектар – мақсары, 2 гектар – күнбағыс, 8950 гектар – жоңышқа, 39 гектар – сүрлем жүгері, 56 гектар – судан шөбі, 1180 гектары – картоп, көкөніс, бақша дақылдарын құрап отыр. Осы жылы аудан бойынша су лимиті 509 млн м3 болса, бүгінгі уақытқа дейін 329 млн м3 су егістікке алынып, су лимитінің 65,0 пайызы пайдаланылған. Судың деңгейі былтырғыдан аз болуына байланысты су тапшылығының алдын алу мақсатында аудандар бойынша кезектілік кестесі жасалып, бекітілген.
– Кезектілік кестесіне сәйкес осы жылдың 9-15 шілде аралығында Қармақшы және Жалағаш аудандарында 55,3 м3/сек су алу керек болса, нақты 49,2 м3/сек су алынды. Егіншілікті қажетті сумен қамтамасыз ету және жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында биылғы жылы республикалық бюджеттен қаржы қаралып, Қуаңдария ауылдық округі аумағында орналасқан «Таңатар» каналына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда, – деді аудан басшысы.
Брифингте ауылшаруашылығымен қатар, ауданның экономикалық дамуына тікелей әсер ететін шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы да басты назарда екені айтылды.
Жыл басынан бастап 1 шілдеге дейін ауданда тіркелген кәсіпкерлік субъектінің саны 3205 бірлік болса, оның ішінде белсенді жұмыс жасайтыны 3051 бірлікті құрап отыр. Яғни мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламалары шеңберінде 33 жоба несиелендірілген. Атап айтқанда, бірыңғай кешенді бағдарлама шеңберінде екінші деңгейлі банктерден 4 жобаға, аграрлық несие корпорациясынан «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде 9 жобаға, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде «Байқоңыр» ӘКК-нан 20 жобаға несие берілген.
Сонымен қатар, аудан бойынша жаңа бизнес-идеяларды дамыту мақсатында өз кәсіптерін бастау үшін әлеуметтік осал топтарға жататын 48 азаматқа қайтарымсыз грант беруге комиссия тарапынан оң шешім қабылданған.
Еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі – білім беру саласы екені белгілі.
2024-2025 оқу жылында 14928 оқушы білім алып, 766 мектеп бітірушінің 694 оқушы, яғни 90,6 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Оның ішінде 54 түлек «Алтын белгі» және 48 түлек «Үздік аттестат» иеленді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 694 оқушы қатысып, 147 оқушы жүз және жүзден жоғары балл жинады. Нәтижесінде ауданымыз облыс көлеміндегі аудандар арасында алдыңғы орындардың біріне шықты.
Сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен облыс бойынша ең жоғары 138 балды ауданымыздың 2 оқушысы алды.
Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне 46 оқушы қатысып, 22 оқушы жүлдегер атанды. Оқушылар арасындағы Республикалық ауыл олимпиадасының облыстық кезеңіне 103 оқушы қатысып, оның 49 оқушысы облыстан жүлдегер атанса, 16 оқушы Алғыс хат иеленді. Республикалық кезеңінде 4 оқушы жүлдегер атанды.
Сонымен қатар, биыл білім саласында 3 орта мектеп, 1 бөбекжай-бақшада және 5 мектеп жанындағы спорт алаңдарында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыстары жүргізілуде.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен жасөспірімдерді түзете-дамыту, оңалту, әлеуметтік бейімдеу мақсатында «Қармақшы ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне аудандық бюджет есебінен ғимарат сатып алынып, табысталды.
Денсаулық сақтау саласы бойынша осы жылдың 6 айында ауданда 300 нәресте дүниеге келген. 1-5 жас аралығында бала өлімі тіркелген жоқ. Байқоңыр қалалық көпбейінді ауруханасына өткен жылы 10 науқас мониторы, 10 дефибрилляторы, 2 дана анестетикалық тыныс алу аппараты, 2 дана көпфункциялы төсек және 5 жаңа жедел-жәрдем көлігі алынып, осы жылдың қаңтар айында пайдалануға берілді.
– Өткен жылдың желтоқсан айында ауруханамыз компьютерлік томография және маммография аппараттарымен қамтамасыз етілсе, Төретам кенті емханасы жаңадан флюорография аппараты және жүктілік кезіндегі 2 дана КТГ аппаратымен,1 дана отоакустикалық аппарат, лор комбайн алынып, биылғы жылдан бастап іске қосылып, пациенттер үшін қолайлы жағдай жасалды, – деген аудан әкімі әлеуметтік салаға тоқталды.
Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан үшін басты міндет. Жұмыс іздеуші ретінде «Мансап орталығына» хабарласқан 3131 адамның 389 адамы бос жұмыс орындарына орналастырылған.
Биылғы жылы аудан бойынша 2667 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып, бүгінде 1006 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданда 127 отбасының 669 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек төленген. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы жұмыссыз 11 азамат жұмыспен қамтылып отыр.
«Жастар тәжірибесімен» 50 адам 32 мекемеге жолданса, әлеуметтік жұмыс орындарына 32 адам 21 мекемеге, қоғамдық жұмысқа 655 адам 188 мекемеге жолданған.
Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 65 жас маманға көтерме жәрдемақы төленсе, 35 жас маманға тұрғын үй алуға несие беру жоспарлануда.
Спорт саласы бойынша биыл спорттық жетістіктерге толы жыл болды. Аудан спортшылары бірнеше ірі жарыста жоғары нәтижелер көрсетті. Жалпы спорт түрлері бойынша жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында жерлестеріміз 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальді иеленсе, Азия чемпионатында 3 алтын, Әлем чемпионатында 1 қола медальді иеленді. Атап айтқанда, ауыр атлетикадан Ерасыл Сәулебеков Перу елінің Лима қаласында өткен Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болса, жақында ғана шілде айында Астана қаласында өткен Азия чемпионатында алтын жүлдені иемденді.
Сонымен қатар, 23-25 мамырда Үндістанның Дели қаласында өткен Азия чемпионатында Алыш күресінен Назерке Әбілтаева классика және еркін түрінен екі бірдей І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ 31 спортшымыз спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне ие болды.
2024-2025 жылдар аралығында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында келесі жұмыстар атқарылды. Мәселен, былтыр Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында спорт кешендері пайдалануға берілсе, биылғы жылы Ақай ауылындағы денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілді.
– Ауданда халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жосалы кентіндегі 2 ойын алаңына, ІІІ Интернационал ауылында балаларға арналған ойын және спорт алаңын орналастыру және Қуаңдария ауылында воркаут алаңын орнатуға қаржы бөлініп, жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Төретам кентінде футбол алаңын орнатуға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жеңімпаз мердігермен келісім шарт жасалды.
Аудандық бюджет қаражаты есебінен Жосалы кентінде орналасқан 7 спорт және балалар ойын алаңдарына және Ақжар ауылдық округіндегі Ораз ахун көшесінде орналасқан спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық спортты дамыту мақсатында ауданда алғашқы рет демеушілер есебінен «Ақтөбе и К» ЖШС қолдауымен Ақтөбе ауылында жалпы құны 80,0 млн теңге болатын «Ипподром» құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары күз айларында аяқталады деп болжамдалуда, – деді Жандос Еркінбек.
Мемлекет басшысы мәдениет саласын әрдайым басты назарда ұстап, барынша қолдау көрсетіп келеді. Ауданымызда жалпы мәдениет саласы бойынша 34 мекеме халыққа қызмет көрсетсе, сол мәдениет ұйымдарында 120 үйірме жұмыс жасайды.
Биылғы жылдың өткен 6 айында үйірмеге қатысушылар 5 республикалық байқауға, 6 халықаралық байқауға, 16 облыстық байқауға қатысып, нәтижесінде жоғары орындардан көрінді.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген мерекелік шарада Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың мемориалдық белгісінің салтанатты ашылу рәсімі және Жеңістің 80 жылдығына арналған танымдық конференция өткізілді.
Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай облыс көлемінде өткізілген өнер байқауында ауданның өнер ұжымдары жоғары дайындықпен қатысып, жүлделі І орынды иеленді.
Халықаралық деңгейде танылып жүрген жерлесіміз, опера әншісі Әйгерім Алтынбек әлемге әйгілі Италиядағы «Ла Скала» театры академиясының 12 үздік орындаушы қатарынан көрініп, тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болып, еліміздің мәдениет пен өнер саласындағы беделін арттыра түсті.
Ауданда барлығы 84 тарихи және мәдениет ескерткіштері мемлекет қорғауына алынған. Биыл тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану мақсатында аудан аумағындағы 15 ескерткішке аудандық бюджеттен қаржы қаралып, құжаттандыру жұмыстары жүргізілсе, Марал ишан кесенесінің жөндеу жұмыстарын жүргізуге демеушілік есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Былтыр аймақ басшысының қолдауымен музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер үйі мен жастар орталығы, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи, мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият орталығының» құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Оған аудандық мәслихаттың 2025 жылғы 17 маусымдағы №288 шешімімен «Руханият орталығына» 14 штат бірлігі ашылды.
Ауданда ауқымды жұмыстардың бірі – газдандыру. Осы орайда елді мекендерді газдандыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі Дүр Оңғар ауылына газ тарту жобасы орындалуда.
Жоба аясында 86,9 шақырым газ құбыры және 3 газ реттегіш шкафты пункттер орнатылады. Сонымен қатар, Иіркөл және Төребай би ауылдарына газ желілерін тарту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізуде. Қазіргі таңда, аудан халқының 78 пайызы табиғи газдың игілігін көруде.
Ауданда маңызды инфрақұрылымдардың бірі – электр желілері. Бүгінде электр желілерінің ұзындығы 931 шақырымды құраса, 146 трансформатор бар.
2024-2025 жылдары 4 нысан бойынша электрмен қамту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Көмекбаев және Ақтөбе ауылдарының электр беру желілерінің құрылысы аяқталып, нысандар пайдалануға берілсе, Иіркөл және Дүр Оңғар ауылдарында бұл жұмыстар орындалуда. Алдағы уақытта, ауылдарды кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Брифингте аудан әкімі Жандос Еркінбек жол инфрақұрылымы бойынша да маңызды ақпар берді. Аудан көлемінде жол жөндеу, көше жарығы, жаяу жүргіншілер жолы бойынша жұмыс қарқынды атқарылуда. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 155,3 шақырымды құраса, оның ішінде асфальтты 148,8 шақырым, қиыршық тасты 6,5 шақырым. Жолдардың 100 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
Аудан орталығы мен аудандағы барлық кент, ауылдық округтер арасындағы жолдар толық тас жолмен қамтылған.
– Биылғы жылы автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарына үш деңгейлі бюджеттерден қаржы бөлінді. Ірі жобалар қатарында Ақжар ауылындағы Абай Құнанбаев көшесінің жаңа құрылыс жұмыстары бар. Жобаға керек қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда пайдалануға берілді. Ал «ТөретамАқай» айналма жолының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жоба жүзеге асырылуда.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жосалы кентіндегі Келмембет батыр және Қали Шыңғысов көшелерін күрделі жөндеу жұмыстарына 233,8 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан әкімі.
Аудан бюджет қаражатының басым көпшілігі халыққа қажетті инженерлік инфрақұрылыс, жол жөндеу және әлеуметтік нысандар салуға бағытталуда.
Сөз соңында аудан әкімі тілшілер тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап беріп, Президент Жолдауын, мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, облыс әкімінің іс-қимыл жоспарын назарға ала отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жүзеге асыра беретінін жеткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі