ЕР ШЕШІМІ БЕРЕКЕГЕ СЕП
Отан – отбасылардың жиынтығы. Қарапайым тілмен айтқанда білектей жуан арқанның өзі жібектей жұқа жіптердің қосындысынан тұрады. Жібектей жұқа жіптерді тарқатсаң, білектей жуан арқанды да үзу мүлде қиын емес. Биылғы дәйекті дерекке сүйенсек, елімізде қаңтар-наурыз айлары аралығында 22400 отбасы құрылса, ажырасып жатқан жанұялар саны 10200-ді құрап отыр. Дәл осылай үзілген жібек жіптердің құрамы көбейген сайын, білектей жуан арқанның да сапасы төмендейтіні сөзсіз. Қазақ отбасыларының ажырасуы біздей дамушы ел үшін қай жағынан болсын, мүлдем тиімсіз. Осыншама отбасылардың ажырасып жатқандығына кім кінәлі? Ата-ене, қайынапақайынсіңілі, абысынажын немесе келін? Ал түбіне тереңірек үңілсек,негізгі кінә бұларда емес секілді.
Осы мақаланы жазу үстінде мына бір әңгіме ойға орала кетті. Ертеректе енді ғана отау тіккен жас отбасы үлкендерден еншісін алып, қалаға қоныс аударады. Баламыз оқуға түссе, қаладағы ағайынның үйіне тұрғызуға асығатынымыз бар емес пе? Қала тірлігіне бейімделіп келе жатқан жас отбасыға ағайынды қыздар қосылады. Отағасы жұмыста, жас келін үй шаруасында. Ал студент қыздар сабағында. Алғашында бәрі тамаша болғанымен, күндер өте келе қарындастарының жеңгелеріне деген күңкілі, келіншегінің қайынсіңлілеріне деген өкпе-назы ұлғайып бара жатқанын аңғарады. Бір күні барлығын жиып алып «Бірің – өмірлік жолда таңдап алған серігім, енді бірің – ауылы жақын ағайынымсың. Мен үшін өмірімдегі ең қымбат жандардың бұлай жүргені менің жаныма батады. Егер бірге тұра алмайтын болсаңдар, қарындастарым, сендер сабақтарыңды қойып, ауылға жол тартыңдар. Ал келіншегім біз өмірлік жолымызды мұндай қарым-қатынаспен жалғастырмай-ақ қоялық. Ендігі шешім өздеріңде» деп үйден шығып кетеді. Бұл «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жағдайдан шығудың жалғыз әрі дұрыс шешімі еді. Осыдан кейін үйге қайта оралғанда қазанда ас пісулі, дастарқан жайнап, кірбің түскен көңіл көтеріліп, қатесін түсінген қыздар қауымы енді ренжіспеуге уәделесіпті. Бұл жанұя ішіндегі оң шешімін тапқан бір ғана мысал. Кейде осындай шағын реніштер үлкен дауға алып келеді. Оның үдемеуіне ер адам өзінің жауапкершілігі арқылы тосқауыл бола алады.
Егер ер жігіт нақты шешім қабылдамаса салы суға кетеді, ісі ешқашан өнбейді. Өмірінде береке болмайды. Отбасындағы береке сол үйдің отағасының, ер азаматының нақты бір ауыз сөзінде, бір ауыз нақты шешімінде. Отбасы ойран болмасын десек, ер азаматтар нақты шешім қабылдап үйренуі қажет.
Бүгінгі таңда көпбалалы аналардың жер-жерде жан айқайын естиміз. Бірі – ажырасып шеттей бала-шағасымен қалса, енді бірі – азаматынан қайран жоқ болғасын қолын бір сілтегендер. «Ер азаматым», «аманатым» деп етегінен ұстаған ері сенімді ақтамады. Қорған болар қамқорым деген отағасы, қамқор да қорған да бола алмады. Желді күні ықтырмам деген өмірлік жолдасы, ықтырма да болмады. Шеттей баламен далада қалған ана жәутеңдеп әркімнен үміт күтті. Үміт те, сенім де ақталмады. Енді ол шеттей баламен кімге сенеді, кімді аяйды? Ол енді ешкімге сенім артпайды, дауласпаса далада қалатынын біледі. Өзі мен балаларының өмірі үшін ол енді ешнәрседен аянбайды. Ешкімді де аямайды. Қамқор болар арланы болмаған соң, күшіктерін аман алып қаламын деген бөлтіріктердің анасы түз тағысы өзіңе қарсы шабатыны табиғи заңдылық. Бұдан шығар жол қандай? Не істеуіміз керек? Ер бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін уақыт келді. Отбасына ие бола алмаған еркектен, Отанына қорған бола алмайтын ез шықпай ма? «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп атам қазақ бекер айтпайды. Сондықтан ез емес, ер тәрбиелеуді ерте бастаған жөн. Нақты шешім шығаратын ерлер көбейсе, отбасы күйремей, бала жыламай, ана қиналмай өмір сүретіні анық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА