ТҮРКІ ЖҰРТЫНЫҢ ОРТАҚ МАҚТАНЫШЫ
Қорқыт ата – Сыр бойында өмір сүрген ежелгі Оғыз тайпаларының ұзаны (жырау) және «Кітаби дәдем Қорқыт» эпопеясын тудырған үлкен эпос орындаушысы. Ол – оғыз-қыпшақ ортасындағы саяси әлеуметтік мәселелерге жол нұсқаған басты тұлға, ел ішіндегі жол-жоралғыны, салтдәстүрді реттеуші батагөй дана, халықтың сыртқы жаудан, ішкі даудан аман болуын қадағалаушы ақылгөй, дүйім жұрттың көші-қонын, мекен-тұрағын, ен тұрағын, ен-таңбасын, ұран таңбасын, ұран-ұжымын белгілеп отыратын білгір болған.
Қорқыттың туып-өскен жері – Сыр суының аяғындағы Жанкент қаласы. Ал, мәңгілік жай тапқан топырақ – ауданға қарасты Қорқыт стансасы. Қорқыт баба үш ханның уәзірі болған өз заманының ойшылы. Ол туралы аңызәңгімелер қазақ халқы арасында ерте кезден-ақ кеңінен тараған. Солардың бірі – оның дүниеге келуі туралы. Аңыз бойынша Қорқыттың анасы құланның жаясына жерік болып, құрсағында үш жыл көтеріп, жылына бір рет толғақ қысып отырған екен. Қорқыт дүниеге келер алдында күллі әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түрткісіз қараңғылық басыпты. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қатты қорқыныш билепті. Сыр бойы мен Қаратау өңірінің аспаны қараңғы тартып, қарауытып кетіпті. Сондықтан бұл маңай «Қара аспан» аталыпты. Қорқыт дүниеге келген соң жел тынып, бұлт ыдырап, күн шығып, тіршілік мамыражай күйге түседі. Сонда қариялар: «Бұл өзі қорқытып келді, аты да Қорқыт болсын» деп, нәрестеге ат қойған екен. Қорқыт анасынан туылған бойда-ақ тілі шығып, сөйлеп кетіпті-міс. Осы оқиғаға байланысты, яғни Қорқыттың өмірге қалай келгені туралы ерте замандағы қобызшылар мен жыраулар, бақсы-балгерлер айтатын өлең-жырлар сақталған.
Қорқыт туралы аңыздың бірі – оның ажалдан қашуы. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген ел аузында кең тараған афоризмді екі түрлі түсіну керек. Біріншіден, Оғыз-қыпшақ ұлысында үлкен әлеуметтік өзгерістер, яғни феодализм мен аталық қоғам арасындағы қайшылық, ауыспалы заманның таңбасы. Екіншіден, «адам өлген соң қайта өмір сүреді» деген ертедегі сақ тайпаларынан қалған сенім сақталған. Қорқыт туралы аңыздар, берісі оғыз-қыпшақ дәуірінің, әрісі жалпыадамзаттық, яғни дүниенің жаратылу актісі туралы түсініктердің жемісі. Қазақ аңыздарында Қорқыт тек бақсы ғана емес, астындағы желмаясын сойып, терісін қобызына шанақ еткен күй атасы. Ә.Марғұлан Қорқыт өмірінің соңғы кезеңі туралы былай дейді: «Қорқыт Сырдарияның үзілмей ағатын суына қарап, өлім мені қанша қуса да, оны бұл жерге келтірмеспін деп, қобызын толқыта күңірентіп тарта беріпті. Қорқыттың күйін дүниедегі жан иесі түгел ұйып тыңдапты. Аспандағы құс ұшуын, самал жел есуін қояды екен. Ажалдың өзі де Қорқыттың күйіне балқып, бұған жақын келе алмапты. Көп ұзамай ұйқы көрмей, қатты ұйқыға батқан кезде, оны өлім іздеп тауып, кілемде ұйықтап жатқан Қорқытты қайрақ жылан келіп шағып өлтіріпті. Қорқыт өлгенімен, оның ұзақ заман тартқан күйлері тоқталмапты».
Қорқыттың ізі қалған Қаратау қойнаулары мен Сыр бойындағы ескі қалалар, елді мекендер, күмбез, кешендер хақындағы аңыздар қазақ халқының арасында күні бүгінге дейін сақталған. Әлем халықтарына ортақ типологиялық сондай аңыздардың бірінде оның дәулетті адам болғандығы туралы айтылады. Бірақ «молшылықтан Құдайымды ұмытып кетпейін» деп, дәруіштікпен жиі-жиі ел аралап жүреді екен. Сол сапарларының бірінде Сырдарияның жағасында Қорқыт дәрет алып, намаз оқыған жерде оның құлағына әзірейіл сыбырлап: «Қорқыт, сенің уақытың бітті, иманыңды үйір, жаныңды аламын» депті-мыс. Сонда Қорқыт өмірін ұзартуды өтініп сұраған екен. Құдай Қорқыттың тілегін қабылдап: «Онда хабар өзіңнен» болсын. Мені ал деген сөзді өзің айтқан кезде, әзірейіл жетіп келеді» депті. Күндердің бір күнінде Қорқыт ел аралап жүріп келе жатса, бас жібін сүйретіп жүрген бір тананы көреді. «Егесі іздеп, әуре болып жүрген болар. Ит-құсқа жем болмай тұрғанда ұстап алып, жақын маңдағы үйлердің біріне байлап кетейін» деп баспаққа жақындағанда ол қаша жөнеледі. Оны қуа-қуа шаршаған Қорқыт: «Сені ұстамасам, мені Құдай алсын» деген сөздің аузынан қалай шыққанын аңғармай қалыпты. Осы сөзіне қатты өкінген Қорқыт қалған өмірінің ақырына дейін өлімнен құтылудың амалын іздейді.
Жер кіндігін тапқан абыз енді мәңгі өлместің амалын іздеп «Ажал осы жерге жолай алмас-ау» деген оймен Сырдария өзенінің ортасына кілем жайып, көкірегіндегі шерін қобызға қосады. Қобыз әуенінің сарынымен су бетіндегі кілем тербетіліп батпайды екен.
Қорқытқа қатысты зерттеулер хатқа түскен алғашқы айғақ «Кітаби Дәде Қорқыт» XV ғасырда жазылған. Кітаптың 12 тараудан тұратын Ватикан нұсқалары белгілі. Бұл еңбектер оғыз этносы арасында айтылып жүргенімен, мерзімінде хатқа түспеген, ауызша таралу арқылы сақталған.
Сырдың бойы сыр тұнған тарихи орындар мен ескерткіштерге бай. Солардың ішінде түркілердің бәріне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, ғажайып музыкант Қорқыт бабаның құрметіне қойылған ескерткіштің бітімі бөлек, тағылымы зор дер едік. Әйгілі орыс ғалымының «Сырдария бойында Қорқытты қадірлеудің мың жылдық өнегесі бар» деген пікірінде үлкен шындық бар. Өйткені бұл Қорқыт атаның кіндік қаны тамған жер, Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкентте дүниеге келген данагөй бабаның өмірге шыр етіп келген, ғұмыр кешіп, көз жұмған жері. Бабаның аңызы мен рухани-музыкалық мол мұрасы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жер де – осы Сыр өңірі.
Ерекше сәулетімен алыстан менмұндалап тұратын баба кесенесі рухани дүниенің есігі іспетті. Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кесенесі адамзатқа күйбең тірліктің шеңберінен шығуды, әрбір сәттің құнды екенін бағалай білуді еске салып тұрғандай. Қорқыттың мәңгілік өмір дегені де қайталанбас уақытты қадірлеп, келешекке өнер, руханият арқылы өшпес із қалдыру болса керек-ті.
Әлемге аты мәшһүр Қорқыт ата мемориалды кешені Жосалы кентінің солтүстік-батысындағы 18 шақырым жердегі Қорқыт стансасына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Коммунистік партияның асқақтап тұрған шағында сол кезеңдегі аудан басшысы Елеу Көшербаев осы кешенді тұрғызуға ерекше ықпал жасаған еді. Соның нәтижесінде кешен құрылысы 1980 жылы архитектор Б.Ибраев пен физик-акустик С.Исатаевтың жобасымен басталған.
Тәуелсіздік алған алғашқы уақыттан бастап Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында көптеген ауқымды жұмыс қолға алынды. Елімізде қаншама өнер жәдігерлері қалпына келтіріліп, түгелденді. Сыр бойындағы ескі шаһарларға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері есепке алынып, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Сондай қолға алынған кешенді шаралардың бірі – Қорқыт ата кешенін қайта жаңғырту жобасы болды. Ескерткіш жаңғыртудан өткелі мұнда тәу етіп келушілер қатары еселеп артты. Қайта жаңғыртудан соң ескерткіштің биіктігі 12 метрге, ал ескерткіш тұрған жердің өзі (тұғыры) 2,5 метрге биіктеді. Бұған қоса, амфитеатрды жағалай бауырлас түркі елдерінің туы немесе ұлттық символдары орналастырылды. Оған екі жылда бір мәрте өткізілетін «Қорқыт және ұлы дала сазы» өнер фестивалі кезінде тутұғыр орнатылды. Бұрынғы ескі темір бетон материалдарды мрамор мен ұлутас тастары ауыстырды. Ал, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының арғы бетіндегі «Қорқыт ата зиярат ету орталығынан» осы ескерткіш кешенге дейінгі, онан «Ақсақ қыз» кесенесіне дейінгі аралыққа жүргіншілер жолы салынып, жарықтандырылып, аумақ түгел абаттандырылды.
Кешен аумағында орнатылған қобыз ескерткіші төрт элементтен тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стеллалар қобыз бейнесін көрсетеді. Оның түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылған тәрізді Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған.
Алтайдан тараған түгел түркінің киесі, қобыздың иесі, ортақ миф пен фольклордың атасы саналатын Қорқыт ата мұрасы адамзат тарихында айрықша із қалдырған құбылыс ретінде ЮНЕСКОның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Нақтырақ айтқанда, «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен енгізілген құжат Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луиде өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитетінің 13-үкіметаралық отырысында мақұлданып, тиісті шешім қабылданды.
Бүкіл түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт атаның мемориалды кешені тек қазақстандықтардың ғана емес, шетел азаматтарының да қызығушылығын туғызған қасиетті орын.
Медет ӘМІРБЕКОВ,
Қорқыт ата мемориалды музейінің экскурсоводы