» » ОТБАСЫ ТЫНЫШТЫҒЫ – ОТАН ТЫНЫШТЫҒЫ

ОТБАСЫ ТЫНЫШТЫҒЫ – ОТАН ТЫНЫШТЫҒЫ

Қас қарайып күн батқан. Үйдегі балалардың екі көзі терезе мен есік жақта. Сәл тарсылдаған дыбыс естісе бойлары үрейленіп, жүздерінен қорқыныш сезіледі. Анасы да өзінен бұрын балаларын ойлап бәйек болып жүр. Әлсін-әлсін далаға шығып, көшедегі темір қақпаның саңылауынан «ол қандай күйде екен?» деп алаңдаулы.
Бұлардың зәре құты қашатындай бар. Себебі үйіндегі отағасы талтүсте ұйқысынан ояна сала арғы көшедегі дүкенге немесе бірге отырып ішетін маскүнемдерге бас жазудың қамына кеткен. Оның бұлай талтүске дейін ұйықтайтынындай бар. Себебі кеше кешкісін араққа сылқия тойып алып, үйіндегі әйелі мен бала-шағасына әңгір таяқ ойнатқан. Күндегі әрекеті осы. Бейшара әйелін балаларының көзінше көгала торғайдай сабап, себепсіз шу шығарған. Арақтың күшімен бар концертін қойып болғаннан кейін түпкі бөлмеге кіріп жауды қырған батырдай алаңсыз ұйқысына кеткен еді. Міне, сол жатқаннан талтүсте басы мең-зең боп сынып бірақ оянды ол.
Отағасының аузына арақ тиді деген хабар естісе, әйел бала-шағасы тыныштықпен қош айтысатын. Үйдегі балалардың мұндай қорқынышты өмір сүріп жүргені Күнсұлудың жанына қатты батып жүр. Абайсызда қатты дыбыс шығып кетсе үйдің кішкентай кенжесі көзі жасқа толып, бірден жылап жіберетінді шығарған. Анасы қанша жұбатса да жүрегі шайылып қалған. Қалған балалар да әкелерінің мас күйін көргеннен арғы бөлмеге тығылып, құлақтарын жауып алатын. Жанжалдың бәрі біткен соң қорқасоқтап аналарын жұбатып, жан-жағынан қаумалайтын.
Алыстан қарайған сұлба көрінді. Жүрісі сау адамдікіне ұқсамайды. Жақындаған сайын күңіренген дауысы естіледі. «Көрсетем мен бұларға» деп әлдекімге ызаланып, ашуын шығарып келеді. Темір қақпаға жақындағанда Күнсұлу өзінің күйеуі екенін нақ білді. Дереу артқа шегініп, не де болса балаларыма зияны тимесін деп үй есігінің алдынан күтіп алды. Мырзабек бар күшімен темір қақпаны итеріп ашып, «Күнсұлу қайдасың? Мында кел» деп айқайға басып кіріп келді. Үстіндегі ала көйлегінің жырымы шыққан. Қараңғыда сүрініп құлағаны көрініп тұр. «Қойшы Мырзеке, балаларды шошытып біттің алаңсыз. Не болды саған, жетеді ғой енді бізді ұрғаның» деп шыр-пыр болып жақындауға қорқып тұр. Негізі ұруға себеп жоқ еді. Көшеде бірге ішетіндердің бос сөзіне еріп «Мен әйелімді былай ұстаймын» дегенге бұл да әлсізге күшті болып есіріп жүргені. Ақша тауып отбасын асырап жүр дейтіндей істеп жүрген жұмысы да жоқ. Көшеде өткенкеткен таныстарды қаужап, тапқан тиынтебенге арақ ішеді. «Ей, үйде кім еркек...? Мен еркек. Менің дегенім болады, түсіндің бе? Арақ бар ма?» деді жұдырығын көтеріп. Шыдамның да шегіне жетті ме, Күнсұлу шыдамай күйеуіне қарсы келді бүгін. «Саған керегі қу арақ па? Отбасыңнан сол артық болды ма? Ең болмағанда балаларыңды аясаңшы. Үйдің берекесін қашырып біттің ғой, не жетпей жүр саған?» деп бар даусымен айқайлап жылап жіберді. Өзіне қарсы шыққан әйелін сол сәтте жападай алақанымен салып келіп жіберді. Қатты күштің екпінімен Күнсұлудың басы есікке соғылып жерге құлады. Сырттағы дауыс қатты естілді ме, іштегі балалары шыдамай сыртқа атып шықты. Жердегі анасын көріп «мама» деп жылап жатыр. «Аңырамай жабыңдар ауыздарыңды, шешелерің өлген жоқ». «Тұр, е қатын» деді аяғымен түртіп. Күнсұлуда қозғалыс жоқ. Шекесі жырып қанап қалған. «Тұр деймін, әйтпесе тағы көрсетемін». Осы кезде үлкен қызы әкесін итеріп жіберді. «Кет үйден, кет деймін. Сен бізге керек емессің, жек көреміз сені» деп әлі жеткенше төмпештеп жатыр. Қызының қатты сөзінен Мырзабек есін жыйғандай болды. Ол жердегі әйеліне қарап «Күнсұлу байқамай қалдым, тұршы» деп жақындай беріп еді, қызы жақындатпады. Ызасы ішіне сыймай тұр, «кет деймін, әйтпесе полиция шақырамын» деді көзін алмай. Осы сөзден кейін Мырзабек тоқтап қалды. «Полициясы несі, мен сенің әкеңмін ғой. Мұның не?» деп кібіртіктеп көшеге қарай шығып, басы ауған жаққа кетіп қалды. Бұған дейін осы әрекеті үшін тәртіп сақшыларының бір ескертуін алғаны бар еді. Жағдай тағы қайталанса қамаққа алатынын айтқан.
Қатты соққыдан кейін Күнсұлу ауруханаға түсті. Жағдайы ауыр. Ал Мырзабек түсірілген арыз бойынша полицияға ұсталып, қамаққа алынды. Арақ пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың соңы осылайша отбасының ойранын шығарды.
Бұл – ауданда болған оқиғалардың бірі. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын тартып отырған отбасылар ауданымызда жетерлік. Айдың-күннің аманында үйіндегі отағасының немесе баласының ащы суға тойып ата-анасына, әйеліне қол көтерген жағдай көптеп тіркелуде. Қоғамдағы ажырасудың бір себебі осыдан туындап отыр. Бұған қанша шара көріліп, алдын алғанымен нәтиже де ойдағыдай емес. Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Ал мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе.
Жақында Жосалы кенті әкімшілігінде аудандық прокуратура, аудандық ішкі істер бөлімі, ардагерлер кеңесі, білім бөлімі, аудандық Отбасын қолдау орталығының мамандары бас қосты. Кездескендегі жай белгілі. Өкінішке орай қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған өзіміз де куә болып отырмыз.
Негізінен қай халық та отбасындағы зорлықзомбылық туралы айтуды жөн санамаған. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген жазылмаған заңдарымен бекітіп қойған. Өмір бойы таяқтан көз ашпай, үреймен күн кешсе де, «балаларым әкесіз өспесін» деген жалған намысты ұстанған аналардың бүгінгі жайын ойлайтын кез келді.
– Бүгінгі жиында көтеріліп отырған тақырыптың өзектілігін бәріңіз білесіздер. Өкінішке орай қазіргі қоғамда отбасындағы кемсіту мен қорқыту қалыпты жағдайға айналды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарына құлақ үйренді. Қоғам дертіне айналған бұл құбылысты қалай да тоқтатуымыз керек. Кей әйелдер отбасындағы жанжалды жасырып қалғанның кесірінен бұл қайта ушығып, ауыр қылмысқа әкелуде. Ер мен әйелдің арасындағы мәселе аздай, енді баласы ата-анасына қол көтеру фактісі ауданымызда орын алып жатыр. Бұл дегеніміз – ең қорқынышты жағдай. Бұрынсоңды өңірімізде мұндай іс-әрекеттер болмаған. Осы кезден алдын алмасақ, ертең қоғамда үлкен резонанс тудыратыны сөзсіз, – деді аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков тұрмыстық зорлықзомбылық мәселесін шешуге ақсақалдардың көмегі қашанда дайын екенін тілге тиек етті. Ертеректе ел арасындағы кез келген дауды билер рубасыларымен бірігіп шешіп, бір ізге қойып отырған. Міне, сол сияқты ауданымыздың ардагерлер алқасы қай істе де басы-қасында жүріп, көмек қолын созудан аянып жатқан жоқ.
– Қазір отбасы мәселесі оның ішіндегі әртүрлі жанжалдар қоғам мен мемлекетімізге үлкен залалын тигізіп отыр. Сан жағынан сөйлесек, ауданымыз басқа аудандардан, елден алдыңғы қатарға шығып кетпесе де көңіл көншітерлік жағдайда емес. Ертең ел болады, Отанын қорғайды деп сенген ұрпағымыз әлден өз отбасын күйретуде. Ерлеріміз әлсізге күш көрсетіп әйеліне, анасына тіпті әкесіне, жақындарына қол көтеріп жүр. Бұл – дұрыс емес жағдай. Мен осыған қарап бұл еркектік іс емес, нағыз ездің, тәрбиесіздің ісі деп айта аламын. Ата-анаға қол көтергеннің ертең ақыреті, Құдай алдында жауабы қиын болады. Өзгенің аманат етіп тапсырған қызына зорлықзомбылық көрсеткенге заң алдында жазасы бар. Осыны санасы бар әрбір азамат ескеру керек деп ойлаймын. Ертең үйінде өсіп келе жатқан ұлқызы осыны алдына келтірмесіне кім кепіл?! Дана халық «Өмір – алма-кезек» деп бекер айтпаған. Сондықтан осы бастан тәрбиені дұрыстап, отбасыға құрметпен қараған жөн деп санаймын, – деді аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Аудан прокуроры отбасындағы зорлықзомбылық мәселесін ішкі істер бөлімі, соның ішінде жауапты мамандар тікелей жіті бақылауда ұстау керегін айтса, сонымен қатар арыз-шағым қайталанған отбасылардың тізімін жасақтап, тәртіп бұзған тұлғаларға қатаң шара қолдану керегін алға тартты. Бұл ретте психолог мамандарға да тұрмыста зәбір көрген әрбір екінші әйелге ұдайы көмек қолын созу керегін тапсырды.
Келелі жиында өзекті мәселе қаузалды. Ендігі іс, осы айтылғандардың бәрі тек сөз ретіндей қалмай нәтижеге жұмыс жасау. Иә, әрбір отбасы мүшесі қоғам үшін маңызды. Әр үйде бала күлкісі сыңғырлап, отбасы берекесі артуы тиіс.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
13 маусым 2025 ж. 85 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (10411)

14 маусым 2025 ж.

№42 (10410)

10 маусым 2025 ж.

№41 (10409)

03 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 915
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30