БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ
Жаз – жылдың керемет мезгілі. Отбасылық демалыс – бұл өз балаңызға ең көп уақыт бөлетін кез. Жазғы демалысты балаңыз жыл бойы аңсап келді. Бұл маусымда балалардың жазғы лагерьге шығуына, туыстарға баруға, өзенге шомылып, орманда қыдыруға тамаша мүмкіндік туады. Десе де шақырайған күннің көзі, суық су, тез бұзылатын тағам сияқты әртүрлі қауіп-қатер де жоқ емес.
Балалар үшін жазда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ең алдымен – атаананың міндеті. Егер сіз балаңызды жазда демалысқа жіберетін болсаңыз – онымен суда, күн көзінде, жолда, орманда, тауда жүрудің ережелері туралы әңгімелескеніңіз жөн.
Өкінішке орай көптеген жайсыз жағдайлар жазғы демалыста орын алады. Сол себепті демалыс сізге және балаңызға тек қуаныш әкелуі үшін бірнеше ережені сақтау керек. Бірінші кезекте су қоймаларының жанында абай болыңыз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Су қоймаларының маңайында жалғыз серуендеуге рұқсат бермеңіздер. Суда балалармен бірге серуендеу кезінде оларды қарап отырыңыз, әсіресе, суға шомылу кезінде жалғыз қалдырмаңыздар. Тіпті суы таяз жерде де олармен бірге болыңыздар. Сырғанауға арналмаған заттармен сырғанақ тебуге жол бермеңіз. Сақ болыңыздар, балаларға көмек керек болып жатса, оған немқұрайлы қарамаңыздар.
Келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін бірнеше қағидаларды есте сақтаған жөн. Демалыс орындарын, судың тереңдігін, су түбінде тырбиған ағаш, балдыр немесе балшық жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Таныс су қоймаларының арналары мен түбі жыл сайын өзгеріп тұруы мүмкін. Суға шомылып жүрген балаларды ересектер үнемі бақылауда ұстауы тиіс. Балаларға жүзуді үйретіңіз, сонымен қатар әртүрлі төтенше қиын жағдайлардағы жүріс-тұрыс ережелерін де үйретіңіз.
Суда демала жүріп, жағада немесе судың ішінде төнетін қауіп-қатер бар екенін есте сақтаңыз. Қауіпсіздік ережелерін сақтау – су қоймасындағы адамдардың қауіпсіздігінің басты шарты.
Құрметті ата-аналар, балаларыңызды қорғаңыздар! Сіздің балаңыздың үйде және көшедегі қауіпсіздік ережелерін есте сақтаңыздар.
Ауданық төтенше жағдайлар бөлімі