ПАРАСАТ ПЕН МЕЙІРІМ ҮЙЛЕСІМІН ТАПҚАНДА
«Халыққа қызмет ету – мінезден» демекші, өмірде өзінің лайықты орнын тауып, артында айта жүрер өрелі іс қалдырған, ағайын-туыс, жора-жолдастарын бір мақсатқа жұмылдыра біліп, кейінгіге өнегелі із қалдырған – Қалиев Піртаза ағамыз бен Зауыткүл апамыз туралы бірер ауыз жылы лебіз білдіре кетудің реті келіп тұр. Олар тек отбасына ғана емес, отандастарымызға белгілі жарасымды жұп болды.
Екеуінің де балалық шағы соғыс жылдарының қиын-қыстау кезеңінде ауыр тұрмыс пен жоқшылық қысқан тауқыметті тірлікпен өтті. Елде қалған шал-шауқан мен ерін майданға аттандырған келіншектер күндіз шаруашылықтың, кешкілік үйдегі балаларын аш қылмаудың қамымен қарбаласып жүрген кездер еді ол. Соғыс уақытының барлық балалары сияқты алаңсыз асыр салып ойнаудың не екенін білмей өсті. Аяз қысқан азынаған суықтарда аңлақ-саңлақ мектеп партасында отын тасып, от жағып жүріп білім алды. Уақытынан ерте есейді.
Балалық пен жастық дәуреннің қызықты өтер шағында тіршіліктің ауыр жүгіне мойымай білімін жалғастырып, мамандық алуды армандады. Соғыстан кейінгі ел тіршілігі оңала бастаған кезде, өздері ұнатқан жоғары оқу орындарына түсіп, бірі – қаржыгер, екіншісі – денсаулық сақтау саласы қызметкері атанды.
Тағдыр тоғыстырып, жарасымды жұп құрған екеуі өздерінің біліктілігімен, іскерлігімен ауданда белгілі азаматтар қатарында ел экономикасын өркендетуге елеулі үлес қосты. Тек «елеулі үлес қосты» деп айта салудың өзі де аз болар. Екеуі белгілі-белгілі екі мекеменің тізгінін ұстай отырып, өздерінің өнегелі ісімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, үлкенге де, кішіге де құрметпен қарайтын кең пейілімен, «досқа – достық парызың» деп білетін жайсаң мінезімен елге сыйлы аудандағы танымал тұлғаларға айналды.
Өмір жолы бір арнаға тоғысқан, ауданның саяси, әлеуметтік өмірінде тізе қосып бірге жұмыс атқарған тұлғалардың өмірі мен еңбек жолына тоқталсақ, Піртаза ағамыз 1936 жылы Қармақшы ауданының Төрткүл ауылдық кеңесі жерінде дүниеге келеді. 1955 жылы Жосалыдағы №26 орта мектепті үздік бітіріп, Ташкент қаласындағы экономикалық институттың қаржынесие факультетіне бірінші курсқа қабылданады.
Жүрек қалауымен өзі таңдаған мамандығы бойынша жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірген жас маман дипломын алған соң туған жерге оралып, 1959-1961 жылдар аралығында мемлекеттік банктің Жосалы бөлімшесіне инспектор болып қызмет атқарады.
Ізденімпаздығымен еңбекқорлығы оны банк жүйесі ғана емес, аудандық ақша бөлімінің, жинақ кассасының жұмысымен де жете байланысып отыруға дағдыландырды. Қаржы бөлімінің басшысы Әбдіқани Әділбаев, бұл жұмысты сәл кейінірек атқарған Жолмырза Тұрмаханов, жинақ кассасының меңгерушісі Кәрім Көбеев сияқты майталман қаржыгерлермен қатар жүріп, саланың сан қырлы сырларына қаныға бастады.
Күнделікті ісінен бөлек әріптестерінің іскерлік тәжірибелеріне жіті назар аударып, жақсы істі жадына тоқи беруден жалықпады. Мұның өзі оны тиянақтылыққа, ұқыптылыққа үйретіп, мамандығын жан-жақты меңгеруіне, ауданның белгілі қызметкерлерімен тығыз араласып, қызметтік және қоғамдық өмірге белсене араласуына ықпалын тигізді.
Еңбек жолын осылай бастаған ол 1961-1967 жылдары банк бөлімшесі басқарушысының несие жөніндегі орынбасары болды. Талапшылдығы мен әр іске сын тұрғысынан талдама жасап, жағдайды оңтайлы үйлестіре білуге дағдыланды. Іскерлігімен көзге түсіп, 1967 жылы банк басқарушысы лауазымына көтеріліп, бұл қызметті 1981 жылға дейін атқарды.
Осы жылдары Пірекең ауданның экономика, шаруашылық, мәдени-тұрмыстық өміріне белсенді араласып, көптеген игі жұмыстың басы-қасында жүрді. Жосалыдағы мемлекеттік банктің екі қабатты ғимараты осы кездерде тұрғызылып, пайдалануға берілді. Тап осы құрылыстың іргетасы қаланған күннен күндізтүні бел шешпей Мәскеудегі банктің жоғарғы басшыларынан жергілікті прорабтарға дейінгі аралықтағы барлық іс басындағы адамдармен байланысын үзбеді.
Лауазымды орындар арқылы құрылыстың қаржы мәселесін оңтайлы шешумен бірге, тас қалап, сылақ сылап жатқан құрылысшыларға да ақыл-кеңесін, ұсыныстарын айта отырып, ғимарат құрылысының сапалы аяқталуына көбірек мән берді.
Мекеме басшысының осындай ыждағаттылығы басқаларға да үлгі болды десек артық айтқандық болмас. Себебі, іле-шала қатар салынған ішкі істер бөлімі ғимараты, сақтық кассасы, қонақ үйі, тағы басқа құрылыстарды салу кезіндегі сол мекеме басшыларының осындай қатаң қадағалаулары нәтижесінде аталған ғимараттар бүгінгі күнге дейін еңселілігімен, айбындылығымен көз тартады.
Пірекеңнің қызметтік іздері облыстық банктің ақша айналымы бөлімінде, облыстық агроөнеркәсіп комитетінде, агроөнеркәсіп бірлестігі аудандық бөлімінің экономикажоспарлау саласында да сайрап жатыр.
Қай жұмыста болсын өзінің кішіпейілдігімен, көпшілдігімен басшылықтың қай деңгейінде жүрген адамдарымен де тез ұғынысып, тіл табыса білуі, қызмет бабындағы бюрократиялық мінезден бойын аулақ ұстауы күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатуға елеулі әсерін тигізді. Қолға алған істің оңтайлы шешімін табудағы үйлесімді әрекеттері жұмысының жақсы өрбуіне ықпал етіп, әріптестері мен қалың көпшілік алдында оны құрметке бөледі.
1986-1991 жылдар арасындағы аудандық есептеу-статистика станциясының бастығы қызметін атқару кезінде де өзінің принципшілдігі мен адалдығы оны табан жолдан тайдырмай, аудан экономикасының дамуындағы жетістіктер мен кемшіліктерді айқындаудың қалтқысыз индикаторына айналдырды. Қай уақытта да аудан экономикасын дамытудың стратегиялық мақсаттары статистикаға сүйене отырып айқындалатынын жете түсінген ол өз жұмысына нақтылық пен принциптілік нормаларын тірек етті.
Атқарған қызметтері мемлекет тарапынан лайықты бағасын алып, өзі қызмет атқарған банк жүйесінде Одақтық және Республикалық Бас банктерден алған Құрмет грамоталары, алғыс хаттары мен дипломдары өз алдына, 1970 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1971 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал оған деген халық ықыласы әр кезде сайланған Еңбекшілер депутаттары поселкалық және аудандық кеңесінің депутаты болуынан және Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің мүшесі, тексеру комиссиясының төрағасы болуынан көрінеді.
Ал жұбайы Зауыткүл апайды аудан халқы саналы ғұмырын мемлекеттік қызмет істеріне арнаған білікті басшы, адал да парасатты жан ретінде таниды. Іскер ұйымдастырушы, эпидемиолог маман 1968-1972 жылдары аудандағы орталық аурухананың кәсіподақ ұйымына, 1972-1975 жылдары бастауыш партия ұйымына басшылық жасады. Аудандық аурухана, емхана, аудандық санитарлықэпидемиологиялық станса, өкпе аурулары ауруханасы сияқты денсаулық сақтау мекемелері жұмысшы-қызметкерлерінің басын қосқан үлкен саяси-қоғамдық ұйымға басшылық ету оның ұйымдастырушылық шеберлігін шыңдай түсті.
Елмен етене жақындастырған осындай ұйымдастыру жұмыстарының ізгі нәтижесінің бірі ретінде 1975 жылы күзде шақырылған аудандық партия конференциясы кезіндегі ұйымдастыру Пленумының шешімімен Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің хатшылығына сайланғанын айтуға болады.
1983 жылға дейін жалғасқан аудан басшылығы қызметінде белгілі партия қайраткерлері, Елеу Көшербаев, Елтай Тыныштықбаев сияқты елге белгілі тұлғалармен тізе қосып, аудан экономикасының дамуына, халықтың мәдени тұрмыстық өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты.
Аудандағы оқу-ағарту саласы, денсаулық сақтау ісі, спорт пен мәдениеттің дамуы жаңа деңгейге көтерілді. Әлеуметтік қызмет көрсетуде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ сауда саласында да халыққа қызмет көрсету ісінде ілгерілеушілік байқалды. Әсіресе дала қостарындағы егінжайдың ерлеріне, алыс мал жайылымында жүрген малшылар үшін арнайы концерттік бағдарламалармен үгіт бригадалары жүйелі шығып отырды. Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мен сауда саласы да бұл шеруден қағыс қалған жоқ. Өндіріс, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында озық көрсеткіштерге жеткен еңбекшілердің суреттері орталық алаңнан көрнекті орын алды. Ел үшін еткен еңбегі оларды абырой, атаққа бөледі, халық құрметіне ие етті. Омырауларына түрлі мемлекеттік медальдар мен ордендер тақты.
Осындай замандастары мен әріптестеріне деген қамқорлығы Зауыткүл апаны да ел алдында құрметті етті. Ауылдастары мен ағайындары оны әркез мақтан тұтты. Әртүрлі саяси науқандарда, ел болып атқарылар жұмыстарда аудан халқы одан ілтипатын аямады, көмекке келді. Түрлі мемлекеттік сатып алу жоспарларын орындау кезінде бұл кісі өкіл болып барған ауылдық кеңес пен ауыл тұрғындары мемлекетке ет, сүт, жүн сату межелерін артығымен орындап отырды. Мұның өзі оның халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің, елге деген ыстық ықыласы мен елдегі еңбек адамдарына деген мейірімінен туған игі істерінің қайтарымы еді десек болар.
Ел үшін атқарған адал еңбегі мен халыққа жасаған қалтқысыз қызметі мемлекет тарапынан да ескерусіз қалған жоқ. Бірнеше мәрте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды мемлекеттік және мерекелік медальдармен марапатталып, 2009 жылы «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Пірекең мен Зауыткүл апаның жұбайлық өміріндегі негізгі ұстанымы ретінде ағайынтуыстан қамқорлығын аямай, оларды өмір соқпағында өз сүрлеуін тауып, туғанына жақпаса да тура жүруге бағыттап отыратын адалдығын айтуға болар еді.
Жайсаң жанды, жомарт көңілді мінезімен алдына келген кісіні жібек орамалмен желпігендей көңілін серпілтіп, мерейлендіріп жіберетін дарқандығын, мейірлене қарағанда әке құшағына енгендей жаныңа жылу беретін қамқор пейілін туған інілері Әбду мен Әбдібек әрдайым сағына еске алады.
– «Ағаның үйі – ақжайлау» дегендей, жеңгемізбен екеуінің қонақжай дастарқанының жанынан табылуға асығып отыратынбыз. Азғантай уақытымыз болса, сол кісілердің қасында өткізуге тырысатынбыз. Жауапты қызметтерден қолы босай бермегенімен ағайын-туысқа, әсіресе бірге туған біздерге қалайда уақыт тауып, ыстық ықыласын арнап, мейірімін төгуден жалықпайтын. Жақсы ісімізді естісе жадырап қалушы еді. Жіберген қателігіміз туралы айтсақ қабақ шытпай әңгімемізді тыңдап алып, мәселенің тұжырымды кесігін бір-ақ айтатын және ол талқылауға жатпайтын. Біз одан біреудің ала жібін аттамай адал жүрудің, адам баласына қиянат жасамаудың не екенін ұғынып, қия баспауға тырысатынбыз. Несін айтасың, Пірекең жан баласын жатырқамайтын, ағайынды алаламайтын, кісіні бөле-жармайтын ерен мінезді ерекше жан еді ғой! – деген Әбдібектің әңгімесінен ағаға деген қимастық сезімнің лебін аңғарасың.
Екеуі отбасында дүниеге 1 қыз, 4 ұл әкелді. Бәрі де жоғары білім алып, өз ісін жетік меңгерген мамандар болып өсті. 1961 жылы туған тұңғышы Алманат – Қазақтың Мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетін бітіріп, Алматы қаласындағы Республикалық пионерлер мен оқушылар сарайында ғылым мен техника бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2012 жылдан Астана қаласындағы Оқушылар сарайы директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1998 жылы Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» атағына ие болды.
1962 жылы туған Ерлан болса – энергетик. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының Директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры. Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Құрмет» орденінің иегері.
Өкінішке орай, 1964 жылы туған Нұрланы 1999 жылы мезгілсіз дүниеден озды. Отбасында қалған жары Раушаннан Жасұлан, Еркебұлан атты ұлдар мен Айжан атты қызы қазір ер жетіп, азамат болды.
1966 жылы туған Темірланы «Сыр суы» Қармақшы аудандық филиалының ӨЖЖЖТ өндірістік бөлімшесінің басшысы.
1970 жылы туған Ғанижаны Қызылорда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы. «Қаржы қызметінің үздігі», «Құрмет» орденімен марапатталған.
Барлығы да қазір бала өсіріп, немере сүйіп отыр.
– Әкем бір қараған адамға, отбасында аса суық, қатал адам болып көрінуші еді. Тереңіне бойлатпас бетіндегі сұстың арғы қатпарларында мейірімділік деп аталатын шуақты шұғыланың да мол екенін кейін келе аңғарғандай болып жүрміз ғой. Тіпте ұрпаққа деген мейір-шапағатындағы кейбір иірімдерінің сырын енді ұғынып келе жатқан да жайымыз бар.
Ол кісінің бала тәрбиесіндегі басты құралы – балаларын еңбекке баулу болды деп ойлаймын. Үй іші тіршілігінен бастап, қарым қабілетімізге қарай қолдан келетін нәрсеміздің барлығын өз күшімізбен атқаруға үйретті, іс нәтижесін қатаң талап етті, – дейді ұлы Ерлан абзал әке мен ардақты ана туралы ой толғағанда.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі