» » ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ЖАН ЖАРАСЫ

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ЖАН ЖАРАСЫ

Қазақстан халқы үшін ХХ ғасырдың алғашқы жартысы – ең қайғылы әрі ең ауыр кезеңдердің бірі. Бұл уақыт қуғын-сүргін мен ашаршылық, ашық репрессия мен зұлмат жылдар тұспа-тұс келуімен тарих бетінде өшпестей із қалдырды. Сол зобалаңда сан мыңдаған жазықсыз жан жапа шекті, талай шаңырақ ортасына түсті, бүтін ұрпақ өмірінің бағыт-бағдары өзгерді. Қазақ халқы өз тарихындағы ең зұлмат күндерді бастан өткерді.
лдарынан 1920-1950 жылдар аралығында 5 миллионнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның кемінде 100 мыңнан астамы Қазақстан аумағында тұтқындалды. Ресми дереккөздер 25 мыңнан астам адамның ату жазасына кесілгенін растайды. Ал қолға түспеген мәліметтер, белгісіз жағдайлар қаншама?! Бұл – бір ұлттың рухын сындырып, жадын өшіру саясатының көрінісі.
1928 жылы Кеңес билігі қазақ даласында байлардың мал-мүлкін тәркілеу науқанын бастады. «Ірі байлар – еңбекші халықтың қанау­­ шысы» деген ұранмен мал иелерінің барлығы жау ретінде қарастырылды. Жүздеген бай отба­сының мал-мүлкі тәркіленіп, өздері отбасымен жер аударылды. Экономикалық саясат болуымен қатар әлеуметтік негізді қопарып, қоғамдық құрылымды бұзу әрекеті ретінде танылған бұл құбылыс халықтың тұрмыс-тіршілігінің күрт нашарлап кетуіне, ел тұрғындарының жанжаққа босып кетуіне апарып соқтырды.
1930-1931 жылдары ел ішіндегі наразылық­ тар күшейе түсті. Кеңестік ұжымдастыру саясаты қазақ халқын отырықшылыққа көшуге зорлады. Малынан айырылған көшпенді халық тіршілік көзінен жұрдай болып, күн көре алмай қалды. Жергілікті наразылықтарды билік «ұлтшыл бүлік» деп танып, жаппай жазалауға кірісті.
1932 жылы республика басшылары ОГПУ (қазіргі КГБ-ның арғы тегі) мекемелерін күшейтіп, елдің барлық аймағында күдікті адамдарды бақылауға алды. Бұл бақылау 1937-1938 жылдары шарықтау шегіне жетті. Осы жылдар Қазақстан тарихында «Үлкен террор» деп аталады. Соның нәтижесінде ұлт қаймағы «халық жауы» атанды.
Қуғын-сүргіннің ең ауыр салдары қазақтың ұлттық элитасының жойылуы болды. Қазақ даласына білім мен ғылымның шуағын сеуіп, рухани тірегіне айналған ұлт зиялылары жаппай жазықсыз жазаға тартылды. Олардың ішінде: Ахмет Байтұрсынұлы – көрнекті лингвист, ағартушы, Алаш қайраткері, 1937 жылы ату жазасына кесілді. Мағжан Жұмабаев – ақын, педагог, қазақ романтизмінің негізін қалаушы, 1938 жылы атылды. Міржақып Дулатов – жазушы, публицист, 1935 жылы Соловки лагерінде дүниеден өтті. Бейімбет Майлин – жазушы, сатирик, 1938 жылы ату жазасына кесілді. Сәкен Сейфуллин – мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, 1938 жылы атылды.
Жоғарыда келтірілгендер – бірнеше мысал ғана. Ондаған мың ұлт зиялыларына жалған айып тағылып, «ұлтшыл», «пантүркішіл», «жапон тыңшысы» деген желеумен атылып кетті. Қазақтың рухани өрлеуін жүз жылға кейін шегерген үлкен қасірет табы әлі талай жанның есімін тарих бетіне шығаруды қажет етеді.
1931-1933 жылдар аралығындағы ашаршылық кеңестік биліктің жоспарлы әрекетінің салдары болды. Орталық билік Қазақстаннан ет пен астық дайындау жоспарын бірнеше есе арттырды. Қазақ даласында дайындалған астық пен малдың барлығы орталыққа жөнелтіліп, жергілікті халық ашаршылықтың құрбанына айналды.
Тарихшылардың бағалауынша, ашаршылықтан 1,5-2,3 миллион қазақ қаза тапқан. Бұл сол кездегі қазақ халқының шамамен 40 пайызын құрайды. Аталмыш сан әлі нақтыланған жоқ. Уақыт көші алға озған сайын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары жайлы деректердің беті ашылып, сұмдығы таңдай қақтырып келеді. Ашаршылықтың екінші толқыны 1946-1947 жылдары орын алды. Соғыстан кейінгі күйзеліс кезеңінде азық-түлік тапшылығы тағы да елді есеңгіретті.
Америкалық зерттеуші Сара Кэмерон 2018 жылдың қараша айында жарыққа шыққан «Аштық жайлаған Дала: Ашаршылық, Зорлық және Кеңестік Қазақстанды орнату» атты еңбегінде ашаршылықты Кеңес Одағы тарапынан қазақ халқын жоюға бағытталған саясат ретінде сипаттайды. Халықаралық деңгейде геноцид ретінде қарастырылып жатқан тарихи зұлмат осы уақытқа дейін тарихтан әділ бағасын алып, ресми тұрғыда геноцид деп танылған емес. Бұл әлі де болса терең зерттеуді, зерделеуді қажет етеді.
1931 жылы Қарағанды облысында Карлаг (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері) құрылды. Бұл лагерьде 1 миллионға жуық тұтқын ауыр еңбекте жұмыс істеді. Олар шахта қазып, жол салды, құрылыс жүргізді. Жағдай адам төзгісіз еді: аштық, суық, қорлау, ату, ауыр жұмыс...
АЛЖИР – Ақмола лагеріне «халық жауы» атанғандардың әйелдері мен балалары тоғытылды. Мұнда 18 мыңнан астам әйел жазасын өтеді. Олардың көпшілігіне «халық жауының әйелі» деген айып тағылды. Репрессияның шектен шыққан формасы, отбасылық жазалаудың шектен тыс көрінісі ретінде танылған бұл лагерь туралы кейінгі уақытта түсірілген фильмдер мен түрлі деректер сай-сүйегіңізді сырқыратады. Карлаг пен Алжир – адамзат ар-ұятының сынағы.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған соң ғана қуғын-сүргін мен ашаршылық туралы ашық айтуға мүмкіндік туды. 1993 жылы алғашқы репрессия құрбандарын ақтау заңы қабылданып, тарихи әділеттілік орнады. 1997 жылы Президент Н.Назарбаев 31 мамырды ресми түрде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.
2020 жылы Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, тарихи деректерді зерттеу, архивтерді ашу жұмыстары жанданды. Бұл – тарих алдындағы әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды бетбұрыс.
Тағзым – тарихқа деген құрмет. 31 мамыр – ұлт тарихына үңілетін, тағылым мен тәрбие алатын күн. Өткеннің ауыр сабағынан болашаққа дұрыс бағыт іздейтін сәт.
Қазіргі Қазақстанда бұрынғы жазалау лагерлерінің орнында «АЛЖИР» мемориалды мұражайы, Карлаг ескерткіш кешені, Жаңалық мемориалы және өзге де тарихи орындар құрылған. Олардың бәрі ұрпаққа ұмытылмас естелік қалдырып, өткеннің зұлматын ұмыттырмау мақсатында жасалған.
Өткеннің ауыр жүгі – бүгінгі жауапкершілік. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары жайлы зерттеулер легі күн санап көбейіп, ақпараттар да ашық айтыла бастады. Бұл сөзімізге жазушы-зерттеуші Елдос Тоқтарбай, журналист Майя Бекбаева, журналист Әлия Әшім келтірген мәліметтер мен деректі фильмдер, кітаптар айқын дәлел бола алады. Ахмет Байтұрсынұлы жайлы «Ұлт ұстазы», «Міржақып Дулатұлы туралы «Оян, қазақ!», Мағжан Жұмабаев турасында «Мен жастарға сенемін», «Ұлы Дала таңы», «Ұлы Дала зары», тағы басқа фильмдер мен телехикаялар түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл істер өткенімізді бағдарлап, тарихи тұлғаларымыздың еңбегіне оң баға беруге үлкен үлес қосты деп айтуымызға әбден болады.
Бүгінгі бейбіт өмір – сол боздақтардың қанымен, терімен, тағдырымен келген қасиетті мұра. Біз оларды еске алу арқылы тек тарихқа құрмет көрсетіп қоймаймыз, болашақ алдындағы жауапкершілігімізді де сезінеміз.
Қуғын-сүргін мен ашаршылық – қазақ халқының жадына өшпестей жазылған жара. Бұл жара ешқашан жазылмайды, ұмытылмайды. Өйткені ұмытылған тарих – қайталанатын қайғы да.
Лаура БАҚТЫБАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
01 маусым 2025 ж. 118 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№46 (10414)

24 маусым 2025 ж.

№45 (10413)

20 маусым 2025 ж.

№44 (10412)

17 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 966
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30