» » АҚЫН МҰРАСЫ

АҚЫН МҰРАСЫ

Кезінде Қармақшы (Қорқыт ата) өңірінде жүз жырау шыққан. Әсерлеп айтса да шындық. Сондай-ақ ел аузындағы «...Ән мен жыр Кетелерге қонып, Шөмекейлерге түстенген» деген сөздерде көп мән-мағына жатқан жоқ па? Осындай айтулы жерден шыққан ақындардың бірі – Зейнулла Жаңабаев.
Ол кісінің өлеңдерінде өзінің өмір жолынан хабар беретін жолдар бар. Мендегі жинақталған Зәкең ақынның өлең жолдарынан оның 1923-1924 жылдардаақ өлең жаза бастағаны аңғарылады. Зейнулланың Асан мақсұммен ақынның осы өлеңінде: «...Сыртта жүрген Көбеңмін» деуі ол кісі Тамды жақта жүргенінен тағы хабар береді. Өзінің қара сөзбен жазған дерегінде: 1951 жылы Бұхарадан өзінің туған жеріне бара жатып алдымен Жаңаталаптағы туыстарынан шығып, Карл Макстегі туғандарына бет түзегенін де өлеңге қосыпты.
«... Сарыбай шыққан жерім Жаңаталап,
Азанда дүйсенбі күн шықтым үйден.
Әкем де науқас екен он бір айдай», – дей келе,
« Талабым осы жаққа көшіп келу,
Адамбыз бірнеше рет ауыз күйген.
Жер ауып Өзбекстан жүрмін аман», – деп бар мұңын өлеңмен айтқан. Өлеңдерін хатқа түсірген 5-сыныптағы қызы Үміткүл екен.
Зейнулла 1977 жылы 70 жасында, әйелі Бахаркүл Жәментікқызы 2000 жылы Жосалы кентінде өмірден өткен. 1941-1945 жылғы соғыстың алдында да, соғыстан кейін де 1953-1954 жылдарға дейін Өзбекстанның Тамды ауданында тұрған болар. Зейнулладан – Жарқын (1942), Тәжігүл, Күнім, Үміткүл, Сералы атты ұл-қыздары өсіп-өнуде. Ел ішінде ондатр, тышқан аулағандықтан болар жұртшылық оны «Тышқан молда» атандырған.
Зейнулла Жаңабаев 1975 жылдың 13 қыркүйегінде әдебиет зерттеушісі Мардан Байділдаевқа өлеңмен хат жазған.
« Аманба қалқам Мардан,
Көрем-ғой артық жаннан.
Жас келген соң жетпіске,
Шығады екен саннан», – дей келе, бұрын жіберген өлеңдер дерегін сұрапты. Біз де ақынның өмір жолына қысқаша тоқтадық.
Айтысын оқып көрелік. Алдымен ақын әрі діни қайраткер Асан мақсұм Зейнуллаға былайша жазыпты.
«Қылмайсың Зейнуллажан сырыңды паш,
Жортасың түніменен қасқырдай аш», – дей отырып,
«Отызға жеткеніңше өшіресің,
Қаншама болғанымен темір мен тас.
Шырағым тілімді алсаң жаз хикая
Жиырмаға келіп қалдың емессің жас».
Оған Зейнулла былайша жауап қайтарған:
«...Ой аға айтқаныңды қарсы алам,
Жоқ екен сөздеріңде ешбір шатас.
Ардақты алдағы аға бірісіз-ау,
Үстіне отырғызатын жайып палас».
1936 жылы Асекең (Асан мақсұм) Зейнулла інісіне ойланбай төрт ауыз өлең жазайық дейді. Сонда Зекеңнің шығарған өлеңі. Осында кеңестік кезеңді, көзбен көрген жайын өлең ете келе, соңында:
«Көпшілік еңбек етіп алдым қалам,
Жақсы сөз мен ініңнен табылмайтын».
Асан мақсұмның жауабында өлеңіне қанағаттанбай:
«...Керексіз осы айтқан сөздеріңнен
Мес артық қамписа да жарылмайтын.
Сол жерде өлең айтып көтерілдің,
Ағаңдай Арыстанбек дарылдайтын».
Оған Зейнулланың жауабының бірі.
«... Ақсүйек тірідегі басшым еді,
Үлгі сөз қалайынша табылмады.
Бас шайқап Арыстанбек деді былай.
Бала деп топқа түсіп шабылмаған». Бұдан кейін Асан Алдашбайұлына екінші сөзін жіберген. Оған да жауап қайтарылыпты.
Сырдың әзілқой, сықақшысы Күндебай Алдоңғаровтың жоғалған қойын іздеп Зейнуллаға жазғаны. Күндебайдың сұрауына Закең өз жауабында (1936 жыл):
«...Шыққан жерім қала,
Айтамын өлең жаңа.
Қой десем де қоймадың,
Жоқ екен сенде сана» деп Күндебайды тоқтатқан екен.
Зейнулла Жаңабаевтың өлең жолдарын оқи отырып, ол кісінің жұмбақ, қайым айтысқа бейім екені байқалады. Оған жоғарыдағы өлеңдер мысал бола алады.
Сталинград майданынан әйеліне жазған өлеңінде (1942 жыл):
«Хат жаздым қалам алып, алған жарым,
Тірі ме, Құдай берген жарқын жаным.
Ел үшін, жерім, суым үшін,
Жүргенім майдан жерде ағып қаным» десе, ауылдан жауап келгенде жазғанынан үзінді.
«Қуандым хат алғанда көргендей боп,
Қасында ата-ананың жүргендей боп.
Мен тұрмын осы күнде қуанышта,
Бәйгеден кер қасқа ат келгендей боп» деп, қуанышын барша жұртқа жеткізіпті.
Майданнан жазған өлеңдерінде әкесі, әжесі, адал жарын, баласын сағынғанын жазған, сағыныш сезімдері айқын білінеді.
Зейнулла Жаңабаевтың алғашқы өлеңдері 1923-1924 жылдарда жазылса, 1977 жылға дейін қолынан қаламын тастамаған, қайсар жүректі жауынгер ақын. Толғау көңіл қостары да бар.
Кеңестік кезеңде басталған істерді қолдап та жазған. Кезінде Сыр еліне есімі белгілі Керейт руының азаматы Ермахан Қарымсақовтың екі ұлы бірдей (21, 23 жаста) қаза болғанда Зейнулланың айтқан көңіл қосы, шамамен 1951 жылдар.
«Айырылдым аға аяқтан,
Құтылмадым таяқтан.
Қуатын берсін сабырлық,
Айырыпсың екі шырақтан».
Қаза иесі Ермахан Қарымсақовтың қандай абыройлы кісі болғанын және өзінің Қармақшыға бара жатқанда жазғанын хабардар еткен. Зәкең ақынның өлеңдерін саралап қарағанда, жол сапарын да өлеңге қосқан. Сондай-ақ Бұхара облысының Тамды ауданында жүргенде Бұхардан қыжым мата әкеліп беремін деп 2000 сом алып, әлі күнге бермей жүргенін өлеңге қосқан.
«Бар еді Базаровтың бір баласы,
Болып ем 2000 мың сом мен аласы.
Алуым өз ақшамды қиын болып,
Түрі бар бермегендей өз шамасы» дей отырып, өлеңінің соңында «...Елу екінші жылдың август айының сегізінде» деп нақтылайды.
Зәкеңнің әрбір өлеңін оқи отырып, оның өмір жолдарын, кімдермен араласқанын біле түсеміз. Ақын Асқар Тоқмағамбетовке, Тұрмағамбеттің баласы Әбдірауыққа, Үбісұлтан Аяповқа арнаған және белгілі жырау Көшеней Рүстембекұлының қазасына орай, анасы Әнафияға айтқан көңілқосын, 1966 жылы Қармақшы ауданының Қармақшы совхозындағы қойлардың өліміне байланысты «Коммунизм шамшырағы» газетіне жазған фельетоны, басқа да өлеңдерін осы басылымда жариялап отырған. Зейнулла Жаңабаев өлең жазумен қатар Бұдабай, Абақан Кете Аманжол, Есенжол, тағы басқа да ақын-жыраулардың мұраларын жинаған. Ақынның «Жастарға үгіт» атты (1975 жыл) өлеңінде жастардың тәрбиесіне баса назар аударуға, оларды арақ ішуден аулақ болуға шақырған. Сондай-ақ «Ақындарға өтініш» атты өлеңінде:
«...Дұрыс болса өлеңім,
Кідірмей тасқа басыңдар.
Көптен жазған қорым бар,
Жемісімді шашыңдар» деген үмітпен өлеңін жолдаған.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
ҚР еңбегі сіңген қайраткер, Қармақшы ауданының құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегер
25 мамыр 2025 ж. 160 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (10411)

14 маусым 2025 ж.

№42 (10410)

10 маусым 2025 ж.

№41 (10409)

03 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 911
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30