Ана денсаулығы - ұлт саулығы
Жүктілік – әрбір әйелдің өміріндегі ең ерекше әрі маңызды кезеңдердің бірі. Бұл уақытта тек физиологиялық өзгерістер ғана емес, сонымен қатар эмоционалдық және психологиялық өзгерістер де орын алады. Болашақ ананың денсаулығы мен көңіл-күйі баланың дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан жүктілік кезіндегі психологиялық дайындық пен босанудан кейінгі эмоционалды тұрақтылық – ана мен бала денсаулығының маңызды құрамдас бөлігі.
Жүктілік кезінде әйелдің гормоналды жүйесі айтарлықтай өзгереді. Бұл оның көңілкүйіне, ойлау жүйесіне және эмоционалды тұрақтылығына әсер етеді. Жүктіліктің әр кезеңінде психологиялық ерекшеліктердің орын алуы мүмкін. Оның алғашқы сатысында (1-12 апта) көңіл-күйдің тұрақсыздығы, жылауықтық, ренжу сияқты мінездер кездеседі. Бұл болашақ ананың жүктілікті қабылдау кезеңі, қорқыныш және алаңдаушылықтың пайда болуынан туындайтын сезімдер.
Келесі сатысында (13-27 апта) жүктілікке бейімделу кезеңі басталады. Бұл кез – баланың қимылын сезіну арқылы эмоционалдық байланыс орнату, өз-өзіне деген сенімділік арту кезеңі. Одан кейінгі (28-40 апта) кезеңде кейбір аналарда босану алдындағы қорқыныш күшеюі мүмкін. Мұндай кездегі қиындықтарға психологиялық дайындық аса қажет.
Жалпы әйелдерге жүктілік кезінде эмоционалды қолдау маңызды. Жақын адамдардың қамқорлығы, болашақ әке мен отбасының қолдауы, босанудан кейінгі өмірді бірге жоспарлау ананың психологиялық жағдайына оң әсер етеді. Ана мен бала арасындағы байланыс жүктілік кезінде-ақ қалыптасады. Ғылыми зерттеулер бойынша, ана құрсағындағы сәби анасының дауысы мен көңіл-күйін сезінеді екен.
Ана бақытты және тыныш болса бала құрсақта өзін жайлы сезінеді делінген. Ал стресс пен алаңдаушылық көп болса баланың дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Жүктілік кезінде іштегі сәбимен байланыс орнатудың мынадай жолдарын қарастырыңыз: құрсақтағы балаңызбен сөйлесу және оған музыка тыңдату, жағымды эмоцияларға көңіл бөлу, медитация және тыныс алу жаттығуларын жасау.
Егер ана жүктілік кезінде жиі күйзеліске түссе, балада болашақта мазасыздық, ұйқының бұзылуы және тіпті гипербелсенділік, неврологиялық ауру мәселелері туындауы мүмкін. Сондықтан босануға психологиялық тұрғыдан дайындық өте маңызды. Көптеген болашақ аналар босану алдындағы ауырсынудан, босану процесінің қалай өтетінінен немесе аналық рөлге дайын болмауынан қорқады. Қорқынышты азайту үшін оның жолдарын қарастырыңыз. Босану процесі туралы сенімді ақпарат алу, арнайы курстарға қатысу өз көмегін береді. Ол үшін сізге аудандық емханадағы «Денсаулық мектебінің» қызметін ұсына аламыз. Онда «Отбасын жоспарлау мектебі», «Босануға дайындық және жас аналар мектебі», психолог кеңестері беріледі. Сонымен қатар, басқа да «Жүктілерге арналған» дайындық курстарына» қатысуға да кеңес береміз. Егер қорқынышы күшті болса және мазасыздық басылмаса, психологпен, перинаталды маманмен жұмыс жасаған жөн.
Босанудан кейін әйел ағзасында үлкен гормоналды өзгерістер орын алады, бұл оның көңіл-күйіне әсер етуі мүмкін. Кейде «Босанудан кейінгі депрессия» дегенді естіп жатамыз. Босанғаннан кейін кейбір аналар мұңды, шаршаңқы, жүйкесі жұқарған күйде жүреді. Бұл – гормоналды өзгерістерге және жаңа өмірге бейімделу процесіне байланысты өзгеріс. Босанудан кейінгі депрессия белгілері мынадай сипатта болады: үнемі жылауық болу, көңілсіздік, баламен байланыс орнатуда қиындықтар, ұйқысыздық немесе керісінше, ұйқышылдық, өзөзіне сенімсіздік, кінә сезімі, тағы сол сияқты.
Енді бұл күйден қалай шығуға болады? Өзіңізге уақыт бөліңіз, демалыңыз, бала күтімімен бөлісу үшін жақындарыңыздан көмек сұраңыз. Спорт түрімен айналысу және таза ауада серуендеу, психолог маманнан кеңес алу – нәтижелі іс. Босанғаннан кейінгі күйзеліс барлық аналарда да болуы мүмкін. Бірақ егер ол ұзаққа созылса, оны елемеуге болмайды. Көп жағдайда әйелдер босанғаннан кейін жалғыздықты сезінеді. Бұл кезде жолдасының, ата-анасының және жақындарының, әсіресе баланың әкесінің қолдауы өте маңызды. Жас босанған әйелге жарының демалыс беруі, баланы ойнату, жаялығын ауыстыру, серуендету, баланың дамуына белсенді араласуы, әйелге жылы сөздер айтып, қолдау көрсетуі – көп мәселенің шешімі. Отбасындағы тыныштық пен қолдау – ананың психологиялық саулығының кепілі.
Жүктілік пен босану – тек физиологиялық процесс қана емес, сонымен қатар үлкен психологиялық өзгерістер кезеңі. Сондықтан босануға алдын ала дайындалу – түрлі қорқынышты жеңуге көмектеседі. Ана болу – ұлы бақыт. Өз-өзіңізге қамқор болыңыз, өйткені бақытты ана – бақытты бала!
Әмина ТАХИРҚЫЗЫ,
аудандық аурухананың психологі