ҚАЗАҚ ТІЛДІ КӘСІПКЕР
Жалпы адамзат баласының әлемдегі жанды жаратылыстан басты айырмашылығы оның санасы мен тілінде екені бесенеден белгілі. Осы белгілер арқылы олар өзара қарым-қатынасқа түсіп, қауымдасып, әуелі отбасын, соның негізінде қоғамды құрайды. Ал бір қоғамның екіншіден айырмашылығы, олардың өркениетке жету жолдары да осы саналылықтың деңгейімен және тілдік кеңістіктің сапасымен айқындалады. Бұл ретте қазақ тілінің қолданыс аясының кеңдігі мәселесі алға шығады. Осы тұста қазақ тілінің кең қанат жаюына тіл мамандары ғана үлес қосады десеңіз, қателесесіз. Бізде тіл мәртебесінің асқақтауына үлес қосып жүрген белсенді кәсіпкерлер де бар.
Осындай ана тілді ардақтап жүрген жанның бірі – Мағжан Медекешов. Ол кент орталығындағы өзі басқарып отырған «Мағжан» кафесінде ана тілге ерекше мән беруді қолға алған. Тұтынушыға берілетін мәзір де, түбіртек те қазақ тілінде. Даяшылар да қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Сонымен қатар бесбармақ, бауырсақ, құрт секілді ұлттық тағамдарымыз бен шұбат, қымыз секілді қазаққа тән сусындарымыз да мәзірден орын алған. Бұл кәсіпкердің ұлтқа, ана тілге деген құрметін аңғартады. Кәсіпкер тіл мәселесіне тиянақтылық керек екенін алға тартады.
– Тарихқа үңілсек, алмағайып замандарда тіл бізді ұлт ретінде аман алып қалған. Енді біз оған қызмет ету арқылы оны сақтап қалуымыз керек. Себебі біз тілге қарыздармыз. Ел болғанымыз үшін, тәуелсіз мемлекет болғанымыз үшін, ұлт болып ұйысқанымыз үшін. Бүкіл тіршілігіміздің, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, руханиятымыздың, өнеріміздің, дәстүр-салтымыздың, болмысымыздың өзегі тіл болып отырғанда, оған қызмет етпеу қиянат болар еді. Тіпті бүгінгідей жаһандану заманында тілге қызмет ету – өте қажет іске айналуда. Жан-жағымыздан анталап жеткен әлемдік тілдер «мені үйрен, мені біл, сонда бақытқа жетесің» деп тұр. Мұндай жағдайда жас ұрпақты өз тілінде ұстап қалу да қиынның қиыны. Тілге қызмет ету керек деуіміздің түпкі мағынасы осында. Біздің мәзірді, түбіртекті қазақшалаудағы басты мақсатымыз да осы тілге, ұлтқа қызмет етуден туындаған дүние. Көпке қарапайым болып көрінгенімен, бұл бастаманың берері мол деп білемін, – дейді ол.
Иә, осы орайда Жүсіпбек Аймауытовтың «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» дегеніндей, елін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі осындай болуы керек.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА