МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ
Бүгінгі таңда елімізде жұмысшы мамандықтар – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Құрылысшылар, дәнекерлеушілер, механиктер, электриктер, технологтар – осылардың бәрі өндіріс саласында еңбек етіп, елдің материалдық базасының негізін қалайды. Соған қарамастан, бұл мамандықтардың беделі соңғы жылдары төмендеп, жастар арасында сұраныс азайғаны жасырын емес.
Биыл Мемлекет басшысының жарлығымен жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды. Бұл шешім – еліміздің еңбек нарығын жаңғыртуға, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және жалпыұлттық дамуға жаңа серпін беруге арналған стратегиялық қадам. Еңбек адамына құрмет көрсету – қоғамның дамуы мен экономикалық тұрақтылығының кепілі. Бұл жыл әр азаматты еңбекке деген көзқарасын қайта қарауға және еліміздің гүлденуіне өз үлесін қосуға шақыратыны сөзсіз.
Осыған орай Ү.Томанов атындағы No183 орта мектепте мамандық таңдағалы отырған 9-10-сынып оқушыларына кездесу ұйымдастырылды. Кездесу кешіне аудандық білім бөліміні әдіскері Мейраш Аяшова, аудандық аграрлы-техникалық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Азиз Досболов, колледждің арнаулы пән оқытушысы Нұрлыбек Ілиясбек, колледждің жалпы пән оқытушысы Ақерке Алпамысовалар қонақ болды. Аталған арнайы мамандар білім алушыларға өз ақыл-кеңестерін айтып, еркін пікір алмасты. Сонымен қатар білім алушылар өздерінің көкейінде жүрген мамандыққа байланысты маңызды сұрақтардың жауабын алды. Онан өзге жоғары сыныптың ата-аналары да іс-шараға белсенд қатысып, мамандық таңдауда ата-ананың ықпалы зор екенін жеткізді.
Расында мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау керек. Бұл өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мұндай маңызды қадамда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Бұл іс-шара оқушылардың таңдау жасауына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Жұлдыз ЖАЛҒАСБАЕВА,
мектеп директорының бағдарлы оқыту
жөніндегі орынбасары