» » РУХЫ БИІК ТАРИХШЫ - ҒАЛЫМ

РУХЫ БИІК ТАРИХШЫ - ҒАЛЫМ

Қазақ тарихы әр кезеңдерде түрлі тұлғаларға кенде емес болған. Әрідегі хандар, батырлар мен билерді көзі қарақты, мен қазақпын деген азаматтарымыз жақсы білер. Бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған сондай ірі тұлғалардың бірі – тарихшы, ғалым, ұлтжанды азамат Ермұхан Бекмаханұлы еді. Биыл ғалымның туғанына 110 жыл толады.
Алдымен тарихшы-ғалымның өмірбаянына тоқталсақ. Ермұхан Бекмаханов 1915 жылдың 16 ақпанында бұрынғы Семей облысының Павлодар уезіне қарайтын Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасындағы Төре ауылында дүниеге келген. Әкесі Бекмахан кедейленіп, Мұса Шормановтың немере інісі Зында Шормановтың малын баққан. Бекмаханның Бәпіш деген әйелінен Дінше, Ермұхан және Қамияш деген үш баласы болады. Бекмахан мал бағып жүріп өкпесіне суық тигізіп алады да, Ермұхан алты жасқа толмай жатып қайтыс болады. Осылайша Ермұханның анасы Бәпіш үш баламен тұрмыстың ауыр тауқыметін тартуға мәжбүр болады. Ермахан 1925-1931 жылдар аралығында Баянауылдағы мектепте оқиды. Дәл осы 1931 жылдың басында қазақ даласында колхоздасу нау қаны үрдіс жүріп, өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы Ф.Голощекин үш жылдық жоспарды бір жылға орындау жөніндегі БК(б) ІІ-ның бас хатшысы И.Сталиннің нұсқауын жеделдетіп жүзеге асыру үшін Қазақстанға зор әбігершілік бастады. Баянауыл ауданы да бұл науқаннан тысқары қалған жоқ. Белсенділері көбірек болды ма, кім білсін, «көгенде қозы, өрісте бұзау қалмасын» ұраны басқа аудандарға қарағанда бұл өңірде жедеғабыл жүрді. Нәтижесінде, күні кеше ірі байларды тәркілеуден әупірімдеп аман қалған орта дәулеттілер ғана емес, бірер сиыры, он шақты ұсақ малы бар Бекмахан отбасы сияқты кедейлер де қамтылып, бала-шағасына күнкөріс жасап отырған азын-аулақ малын ортаға өткізіп, колхоз атанған ұжымдық шаруашылықтың қара қазанына қарап қалды. Ағасы Дінше өкпе ісігінен, жалғыз қарындасы мен анасы ашаршылықтың салдарынан өмірден өтіп кеткен соң бұл жағдайлар Ермұханды қатты қажытып жібергені рас еді. Оған Асылбек Сейітов деген сол кездегі өңірлік денсаулық сақтау басқармасының бастығы болған кісі ағалық қамқорлық танытып білім алуына бар көмегін аямайды.
Е.Бекмаханов алдымен Семейдегі Жұмыс факультетінде білім алады. Оны 1933 жылы аяқтаған соң Алматы қаласына келіп ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне оқуға түспекші болады. Бірақ жазушы Дихан Әбілов (ағасының досы болған) оған «сенің төре тұқымынан екеніңді білсе мұндағылар түртпектеп қудалауы мүмкін» деп ақыл айтады. Содан амалы жоқтықтан 1936 жылы Орталық Ресейдің оқу орындарының бірі Тамбов қаласындағы пединституттың тарих факультетіне оқуға түседі. Бірақ ол факультет жабылып оның студенттері Воронеж қаласындағы оқу орнына ауыстырылады. Сол уақытта Воронеж қаласында айдауда жүрген Алаш қозғалысының белді мүшелері Халел Досмұхамедұлы мен Мұхамеджан Тынышбайұлымен кездесіп ой бөлісуінің нәтижесі Ермұханның тарихқа деген қызығушылығын арттыра түседі. 1937 жылы Ресейдің Воронеж қаласындағы педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек еткен. Сонымен қатар ол Алматының жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған. 1946-1947 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, яғни 1966 жылдың мамыр айының алтысына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды. Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен, тарихи мәселелерді кең қамтуымен және оларды байыпты шешуімен ерекшеленді. Оның еңбегінің бастысы 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясы болды. Осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Асыра сілтеу, бұрмалау және күдікшілдік бел алған осы тұста бұл еңбекке пікір айтушылардың кейбіреулері оны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен еңбек деп бағалап, оны буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші деген саяси кінәға ұшыратты. Е.Бекмаханов еңбегіне байланысты пікірталастар 1947 жылдың екінші жартысында күшейе түсті. Ермұхан Бекмаханов бірақ айтқанынан қайтпады. Халқы үшін жан аямай күрескен Кенесары Қасымовтың батыр екенін дәлелдеген, оның кітабын да, өзін де қызыл империя аямай жазалады. 1947-1950 жылдарда оның күйі өте ауыр болды, күн өткен сайын оған тиген моральдық соққының салмағы арта берді. Ермұхан Бекмахановты қаралау компаниясы Тілеуқажы Шойынбаев, Хадиша Айдарова және А.Якунинің қол қойған КСРО-ның басты газеті «Правдада» 1951 жылғы мақаладан басталады. Осы жылы университеттегі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылды. Тергеуде жүргенде Сәтбаев пен Әуезовке қарсы жала жабуға көндірмекші болады. Бірақ рухы мықты адал азамат ондай екіжүзділікке бара қоймайды. Ол біраз уақыт Алматы облысы, Нарынқол ауданында мектепте тарих пәнінен сабақ берді, көп кешікпей Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы мектепке мұғалім болып орналасты. Осы жерде 1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалды. Екі айға жуық тергеу жұмыстары жүргізіліп, 1952 жылдың 3 қарашасында №699 іс бойынша Е.Бекмахановты айыптау қорытындысы дайын болды. Жоғарыдағы айыптау негізінде 1952 жылы 2 желтоқсан күні Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Е.Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдалды. Ол кісінің лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, академик, қоғам қайраткері Анна Панкратова сияқты қайырымды адамдардың көмегінің арқасында Берия атылғаннан кейін Е.Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі ақталып шықты. Бір қызығы айдауда жүргенде кезінде өзіне қарсы шығып сөз сөйлеген адамды да лагерьде кездестіреді. Сібірде айдауда өткізген жылдары Ермұханның денсаулығына өз әсерін тигізбей қоймады. Өкпесіне суық тигізіп алған Ермұханның денсаулығы жыл сайын нашарлай берді. 1966 жылы өзінің емдеуші дәрігерінің табанды кеңесімен Министрлер Кеңесінің ауруханасына жатады. Алайда Ермұхан өкпе ісігінің соңғы кезеңінде еді. Сонымен қоса, астма ауруы да асқынып кеткен болатын. Ол өзінің өлетінін білген және өмірінің соңғы күндері ғалымның жағдайын сұрауға келген жерлесі, медицина ғылымдарының докторы Хамза Жұматовқа «Менің жағдайым мүшкіл, алайда абыроймен өлу керек» деген. Дәрігерлер де Ермұханның жағдайының мүшкіл екенін түсініп өмірінің соңғы күндері ең жақын адамдарынан басқа ешкімді палатаға кіргізбеген. Алайда дәрігерлер Ермұханның әйелі Халима Адамбекқызының өтінішімен мамыр айының алғашқы күндерінің бірінде Бауыржан Момышұлына палатаға кіруге рұқсат еткен. Жағдайын сұрап келген Бауыржан Момышұлына Ермұхан: «Бауке, ер адам үшін 50 жас деген түк емес қой. Армандарым мен жоспарларымды орындай алмай кетіп барамын. Кешіріңіз мені» депті. Кейінірек Бауыржан Момышұлы өз естелігінде «Ол менен өзінің тарих бойынша жазып үлгермеген ғылыми еңбектері үшін шынайы кешірім сұрады» деп жазады. Ал кеңестік идеологияның дәурені тұсында Бауыржан Момышұлының Ермұхан Бекмахановтың Кенесары туралы, жалпы Қазақ тарихына қосқан үлесі үшін «Мен мұны ерлік деп білемін» деуі әділ баға еді. Сөйтіп 1966 жылдың 6 мамырында Ермұхан Бекмаханов дүниеден озады. Кандидаттық және докторлық диссертациясының тақырыбын Кенесарыға арнаған Ермұханның жаназасына ғалым, геология-минереология ғылымдарының докторы, Кенесарының ұрпағы Нәтай Кенесарин арнайы Ташкенттен келіп, қаралы жиында сөз сөйлеп, өзінің досын ақтық сапарға шығарып салады.
Ермұхан Бекмаханов жөнінде академик Шапық Шөкин былайша еске алған. «Ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермахан Бекмаханов уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын. Ол докторлығын екі рет қорғады. Еңбегінің нашарлығынан емес, тыйым салынған Кенесары тақырыбына жазылғандықтан. 1947 жылы Қазан төңкерісінің 30 жылдығына байланысты Одақтық Академия бойынша үлкен салтанатты кеңес өтуі керек болатын. КСРО ҒА-ның басшысы Вавилов Сәтбаевқа телефон соғып, Қазақстан тарапынан баяндама жасайтын адамды айтуды сұрайды. Қаныш Бекмахановты ұсынады. Жиналыста қағазсыз сөйлеген жас баяндамашыға ғалымдар таң-тамаша болады».
Е.Бекмаханов өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы орнын қайтадан алды. Оған университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. 1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми шығармалар, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды. Бірнеше жас ғалымды даярлауда атсалысты. Шәкірттері бүгінде Республика Ғылым академиясының мүшесі, ғылым докторы, профессор дәрежелеріне жетіп, ұстаздарының ғылыми өмірін жалғастыруда. Қазақстан төуелсіздік алғаннан кейін Е.Бекмахановтың басты еңбегі – XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан ақталып, орыс жөне қазақ тілдеріндегі нұсқалары Қазақ университеті (қазіргі Санат) баспасынан жарық көрді.
Ермек ЖЫЛҚЫБАЕВ,
№27 мектептің тарих пәнінің мұғалімі
13 ақпан 2025 ж. 55 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№11 (10379)

11 ақпан 2025 ж.

№10 (10378)

08 ақпан 2025 ж.

№9 (10377)

04 ақпан 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 383
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728