ОЙЫНШЫҚҚА ДА ОЙЛЫ КӨЗҚАРАС ҚАЖЕТ
Бүгінгінің баласы ағашты ат қылып мініп, асық ойнап, алыспайды. Қаладағыны айтпағанда, ауылда өсіп жатқандардың өзі көк жәшікке көз тігіп, телефонға телміреді. Мұндайда төрт қабырғалы бөлмеден аттап шыға алмайтын қаланың баласын тіпті де аяп кететініңіз рас. Ашық аспанның астында асыр салып ойнай алмаған бала еріксіз мультфильмді мүлт жібермейді, ойыншықты алданыш етеді.
Ойыншығы бар дүкенге кіргенде өрмекші адам, халк, трансформер, тағы да не бар? Балалар мультфильмде жиі көретін кейіпкерлеріне бірінші болып жармасады. Қайда болса да, қанша тұрса да алады. Бір қарағанда еш зияны жоқ. Жалт-жұлт етеді. Былқ-былқ етеді. Бала біткен бір көргеннен қолмен ұстап, аузына салып көргісі келеді. Бірақ иісі мұрын жарады.
Бірде үлкен ұлым «лапка» алып берші деп өтініш қылды. Әдепкі шыққан уақытта дүкен сөрелерінің бәрінде жаңағы антистресс ойыншықтар қаптап кетті. Былқылдақ заттың баланы сонша қызықтыратын нендей сиқыры барын кім білсін?! Жалпы мұндай ойыншықтар қайда өндіріледі? Зия ны қандай? Бұл баланың дамуына қаншалықты әсер етеді? Толығырақ тарқатсақ.
БАЛА ДАМУЫНА ӘСЕРІ
Ойнау арқылы балалар айналаны, қоршаған ортаны танып-біліп, есте сақтау қабілетін арттырады, ойындағысын толық жеткізуді үйренеді. Сондайақ ойын олардың қиялына қанат бітіріп, алға жетелейді. Жан-жағын енді ғана көріп-біліп жатқан баланың психикасына, ойлау қабілетіне ең алдымен әсер ететіні – қолындағы ойыншығы. Бүгінгі нарықта ойыншықтың түрі көп, кез келгенін табасыз.
Психологтардың айтуынша, ойыншық баланы жан-жақты тәрбиелеу мақсатына пайдаланылады. Оның дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі, белгілі бір мақсаттағы, ойластырылған әрекетке үйре теді, қиялын жетілдіріп, еңбекке сүйіспеншілігін, техникаға қызығушылығын, білуге құмарлығын, аңғарғыштығын қалыптастырады, талғампаздыққа тәрбиелейді, өнерге ынталандырады. Ойыншықпен ойнауға белгілі жағдайда педагогикалық, эстетикалық, гигиеналық, техникалық талап қойылады, сондай-ақ ол баланың жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отыратыны жасырын емес.
Ойыншықты пайдалы дүниемен байланыстырсақ. Кішкентай шелек, күрек, тырма, сүзгі сияқты түрлі саймандар мен құм таситын көліктермен күн жылыда балаңыз бұл ойыншықтармен есік алдындағы құмда ойнаса, қыстыгүні қар күреп, сізге «қолғабыс» жасамақ. Бұл да – үйдегі тентегіңізді еңбекке баулитын ойыншықтың бірі.
САПАСЫЗ ОЙЫНШЫҚТЫҢ ДЕНІ – ҚЫТАЙДЫКІ
Сапасы сын көтермейтін ойыншықтардың 90%-ы Қытайдан келген. Кейбір деректерге сенсек, ойыншық құрастырудың жолын таба білген аспанасты елінде 8000-нан аса компания жұмыс істейді екен. Олар жылына ойыншықтың 30 мың түрін шығара алады. Ал елімізге келетін Қытай ойыншығының көбінде ешбір құжат жоқ. Сондықтан мұндай ойыншық базарларда сатылады. Әрине, қаладағы үлкен дүкеннен сапалы әрі барлық құжаты бар, арнайы тексерістен өткен ойыншықтарды таңдап алуға болады. Мұндағы әрбір өнімде дайындаушы, тауар белгісі, ойыншық атауы, дайындалған күні мен өндірген мемлекеттің аты жазулы тұрады. Кейбірінде тіпті қазақша нұсқада жазылғанын да байқауға болады. Бірақ олардың бағасы базардағыдан әлдеқайда қымбат. Сондықтан, дүкендегі ойыншықтар талапқа сай болғанымен, олар кез келгеннің уысына түспейді. Қытай ойыншықтарының екі түрі бар. Біріншісі – зауытта жасалып, елімізге ресми түрде әкелініп, тексеруден өтіп, сапасы жөнінде сертификаты бар тауар. Ал заңсыз әкелінген ойыншықтардың сапасы жайлы сертификаты болмағандықтан, оларды сатып алуға сақтану қажет.
Ойын, ойыншық десе көз алдымызға құм үстіне асыр салып ойнаған балалық шақ еріксіз оралады. Ауылда асық атып, ләңгі ойнаған балалар мен қолдарына жапырақты ақша етіп ойнаған қыздар, бірін-бірі қуалап асыр салып жүрген балақайлар ойыншыққа зәру емес еді. Біздің ойыншық та осы еді ғой. Бірақ сол ауыл қарадомалақтарының ойыншығы Қытайда жасалмаған еді.
БАҒА МА ӘЛДЕ САПА МА?
Ойыншықты қалаған баланың ата-анасы кей жағдайда сапалы ойыншықты емес, қалтаға қонымдысын таңдайды. Десе де самсап тұрған ойыншықтар ішінен қауіпті-қауіпсізін ажырату қиын.
Сапасыз ойыншықты өткір химиялық иісінен, ашық түстерінен ажыратуға болады. Ойыншықтың бетін майлықпен сүртсе, түсі кетіп қалатын ойыншықтардан аулақ болған дұрыс. Бұл ойыншықтар сапасыз болып саналады әрі бала денсаулығына кері әсерін береді. Аллергия туындатып, улану қаупін туғызуы мүмкін.
Ойыншықтың сыртқы жапсырмасында арнайы нұсқаулығы болуы қажет. Онда қай жастағы балаға арналған, қауіпсіздік кеңесі мен шығарылған күні, тауардың қайда шыққаны көрсетілуі керек. Өкінішке орай бұл талаптарды барлық ойыншықтан кездестіре бермейміз. Сол себепті ойыншықтарды кез келген жерден сатып алмай таңбалауға назар аударған жөн.
Кейде ата-аналар көше бойындағы базардан, тіпті жолға шыққанда пойыздағы сатушылардан да ойыншық сатып ала салады. Бұл жерде баға арнайы дүкендерге қарағанда 2-3 есе арзан. Қалтаға қонымды болған соң көп ата-ана базардан ала салғанды жөн көреді. Қазір базардан да арзан дүние таба алмайсыз. Сатушылар доллар бағасының қымбаттағанын, тасымал құнының өскенін айтып бәйек болады. Әйтсе де ойыншық бағасына лайық болса дейсіз.
Бала – бізге берілген аманат. Олардың денсаулығы мен тәрбиесіне ата-ана жауапты. Сәбиім жыламасын деген ниетпен олардың қолына сапасыз ойыншықтың сан түрін ұстатқанымыздан пайда бар ма? Олар біз сыйға тартқан улы ойыншықтармен құмарлары қанғанша, әбден жалыққанша ойнайды. Ал, біздер, ата-аналар балаларымыздың болашағымен «ойнап» жатқанымызды білеміз бе екен?
ҚАУІПСІЗ ОЙЫНШЫҚ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?
«Ойыншық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттің 4-бабында ойыншықтар қауіпсіздігіне қойылатын талаптар көрсетілген. Ойыншықтарды қолдану кезіндегі тәуекел балалардың жас айырмашылықтарына байланысты болуы керек. 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға табиғи тері, шыны, фарфор, түкті резеңке қолдануға тыйым салынған. Сонымен қатар, ойыншықтарды бұрын қолданыста болған материалдарды қайта өңдей отырып жасауға, қайталама шикізатты пайдалануға жол берілмейді. Ойыншықтар дайындалатын материалдар таза, техникалық регламент талаптарында көрсетілген стандарттарға сәйкес болуы тиіс.
КЕРЕК КЕҢЕС
Кішкентай баланы ойыншықтармен бірге қараусыз қалдыруға болмайды. Себебі оның арасында түрлі ұсақ бөлшектері мен магнит шарларын бала жұтып қоюы мүмкін. Бұл заттар ас қорыту жүйесінде бірігіп, бала денсаулығына қауіп тудырады. Кез келген ұсақ және өткір бөлшектері бар құрастырғыштарды қауіпті деуге болады. Бала деген әуелі көргенін қолына ұстайды, сосын аузына салады емес пе?! Ал тілге тиді дегенше, ішке түсті дей беріңіз. Кішкентай балақайлар барлығын ауызға салуға бейім тұрады, сондықтан ойыншық таңдауда абай болған жөн. Егер ойыншық бала өміріне қауіп төндіреді деп күдіктенсеңіз, ойнау барысында бақылап отырған абзал.
Бүгінгі аналар да жан-жақты. Олардың бір парасы балаларының дамуын басты орынға қойған. Сол себепті де олар дамытушы ойыншық алғанды құп көреді. Бүгінде мұндай тауарлар халық сұранысынан түспей келеді. Себебі бала үшін танымды ойыншықтардың маңызы артуда. Ойнап отырып ойлануға үйрететін құнынан құндылығы жоғары ойыншықтар да бар.
Әрине, ойыншық ермек қана емес, баланың ой-өрісін дамытатын құрал. Шыр етіп дүние есігін ашқан бөбекті жұбату үшін қолына сылдырмақ ұстатамыз. Аяғы шығып, тәй-тәй басқан бөбек әрқилы қуыршақтар мен машинаны жанына серік етеді. Дегенмен сапасыз ойыншықпен алдандырғанша, бір сәт балаға өзіміз көңіл бөлгеніміз жөн болар. Әйтпесе, құрамы беймәлім өнімді қолына алып, аузына салған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр болмай ма?
Түйін «Бала тәрбиесі – өнер. Өнер болғанда ауыр өнер. Жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Бала тар ойлы, ақымақ болса бала кінәлі емес. Тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса бала айыпты емес. Тәрбиеші жазалы» дейді Мағжан Жұмабаев. Бүгін біз балаларды қытайдың арзан ойыншығымен алдасақ, ертеңгі ұрпақ бізді қартайған шағымызда қарттар үйіне сүйремесіне кім кепіл?! Сол себепті балаңызға ойыншық алып берерде сақ болғаныңыз абзал.
Ақнұр САҒЫНТАЙ