» » ҚҰРСАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

ҚҰРСАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі басты тақырыпқа шықты. Ата-ана мен бала арасындағы қарымқатынас, бала тәрбиесі, отбасындағы құндылықтардың дәрежесі төмендегені жасырын емес. Ата-ана балаға «тәйт» деудің орнына бар тәрбиені мектепке ысырып қоятыны да мойындағымыз келмейтін ащы шындықтың бірі. Осы орайда біз ұмыт қалдырған бір дүние бар. Ол құрсақ құндылығын ұмытқанымыз. Ата салттан ажырап, өзге елге еліктеуден туған дүбәра қалпымыз біздің бүгінгі қоғамның айнасы болып отыр. Тақырыпты толығырақ тарқатсақ.
КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢНІҢ КЕСЕЛІ
Балаларын батыстық үлгіде тәрбиелеуді қалайтындар көбейді. Соның әсерінен әкенің, ананың мейіріміне шөлдеген тірі жетімдер саны күн сайын артып келеді. Неге? Бала ұлттық құндылықтар бойынша тәлім-тәрбие алмаған. Себебі ата-аналардың өздері тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрден мақұрым. Олардың пайымы бойынша бала заман ағымына қарай тәлім алуы тиіс. Бұл да жөн, бірақ заманның тәлім-тәрбиесі қай бағытта қарқын алып барады? Неден қорқу керек, қай жағынан тәлім алуы керек, оған мән беріп жатқан ата-ана некен-саяқ. Бақылаусыз қалған бала білгенін жасап жүр. Оны жасөспірімдер арасындағы күн сайын қаулап өсіп бара жатқан қылмыстардан көруге болады. Қолдарынан ұялы телефондары түспейтін балалар интернеттегі жабайы, анайы көріністерді бойына сіңіріп, дағдыланып кетті. Кішінің үлкенге деген құрметі көмескіленді. Үлкенді беттен алу, ата-ананы сыйламау, бағып-қағып өсірген әке-шешесін қарттар үйіне өткізіп жіберу, үйден қуып шығу, дүние-мүлкіне таласу осының бәрі баласына ұлттық тәлім-тәрбие бере алмаған ата-аналардың басты қателігі. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейтін аталы сөз бүгінгі қоғамда айна қатесіз қайталанып жүр. Мұның түп төркіні кешегі кеңестік жүйеде жатыр. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, әке-шешесін «мама», «папа» деп өскен ұрпақ бүгінде алпыс-жетпіс жасты алқымдап қалды. Олардың балалары да ата-ана атанды, бала сүйді, олардың әкешешелері немере сүйді. Сол ұрпақ әлі күнге дейін әкешешесін «мама», «папа» десе, олардың немерелері «мам», «пап» деп шүлдірлеп жүр. Батыстың батпағына баттық, әлеуметтік желінің арбауына түстік, әйтеуір ұлттық идеологиямызды қалыптастыра алмадық. Не болса соған еліктедік.
Бар айыпты балаға таға алмаймыз. Бала үшін әкесі жауапты, қызы үшін анасы жауапты. Ал әкесі, анасы үшін баласы мен қызы жауапты емес. Шыбықты солқылдаған көк кезінде түзей алмасаң, ол тамыр жа йып, буыны қатайып қисық өссе, түзетем деп ақ-тер, көк-тер болмай-ақ қойыңыз. «Бақпасаң мал кетеді, қарамасаң бала кетеді» деген мәтел мәйегінде осы тәлім-тәрбие жатыр.
Бүгінгі қоғамда бала тәрбиесіне қатысты үлкен мемлекеттік бағдарлама керек. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлт болып қалыптасуға, ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру керектігін осы бір аталы өсиетінен аңғаруға болады. Жеті атаңнан үзілмей келетін байырғы салт-дәстүрді, ырым-жоралғыны бүгінгі заманның ағымына қарай ұштастыра отырып, білім саласында, отбасында, балабақшада неге кәдеге жаратпасқа?
ҚҰРСАҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ДЕГЕН НЕ?
Ертеректе баланы бесіктен емес, құрсақта жатқанда тәрбиелеген. Ол қалай десеңіз, бала құрсаққа бітіп, жолдасы қалыптасқанша ананың бойында аллергиялық өзгеріс болады. Қазіргі тілмен айтқанда, осы сәтте құрсақ көтерген әйелдің жүрек айнуы, құсуы пайда болады. Ол түрлі тамаққа жерік болады. Сол кезде екі ай ішінде сәбидің кіндік жолдасы қалыптаспай тұрып, жерік болған әйелге қоянның, құстың, түйенің етін жегізбеген. Егер қоянның етін жесе, «бала ерні қоян жырық» болып туады, түйенің етін жесе, құрсақ көтеру мерзімі «он екі айға созылады», құстың етін жесе, «құс таңдай» болып қалады деп ырымдаған. Ал мұның астарында үлкен мән жатыр. Өйткені оның менталитеті, гендік құрылымы балаға сіңіп кетеді деп тыйым салған. Тек қазақы тағамдармен қазықарта, қой еті, оның құйрық майы, сүт өнімдерін тұтынған. Жүкті әйелге бет алды тағамдарды да жегізе бермеген. Оны үйдің үлкені немесе енесі, не әжесі қадағалап отырған. Қазіргі аналар мұның біріне мән беріп жатқан жоқ. Оның пайдасынан зияны басым екенін, құрсақтағы балаға кері әсері барын пайымдап да жатқан жоқ. Бұл – баланың ұлттық болмысының қалыптасуына, мінезқұлқына, гендік тамыртегіне кері әсері барын елепекшеп жатқан адам бар ма? Іште жатқан баланың кіндігі қалыптасқан кезде жеген тағамдағы улы заттардан кіндік қорғайды.
Сондай-ақ, бүгінгі аналар құрсақ көтергеннен кіндіктерін ашып, жеңіл киініп жүруі сәбилердің түрлі кеселмен тууына дәнекер болуда. Қимыл қозғалыс, таза ауада серуендеу аз болса іштегі нәресте сарғайып туады. Әрі әлсіз болады, аяғы ауыр кезінде күн энергиясын көп жұтпаған аналардың бұл басты қателігі. Бала өмірге келгеннен кейін қазіргі кейбір жас аналар емізерде омырауын жуып, сауып тастайды. Ол дұрыс емес. Ананың омырауынан алғаш сары уыз емес, қара сұйық зат шығады. Бұл аяғы ауыр кезінде қалыптасады. Мұны қазақ «қара уыз» деп атаған. Қара уыз баланың жүрегінде пайда болып туылған тесікті жамайды. Әлгі уызға жарып ембеген баланың жүрегіндегі тесік бітелмейді және әлқуаты азаяды. Мұны медицина тілінде «порог сердце» дейді. Баланың айырылмас бөлігі осы қара уыз және сары уыз деген көнекөз әжеміздің өмір мектебі. Баланы құрсақта жатқаннан еңбекке баулуы көшпенді елдің қазақи тәрбиесінің бір ұшы бүгінгі медицинамен ұштасып жатыр.
ҚҰРСАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ КЕРЕМЕТІ
Баланы жастан деуші еді ғой, бірақ баланы жастан емес, бесіктен, бесіктен емесау, ана құрсағынан бастап тәрбиелеуді атам қазақ ерте ескерген. Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келген соң үйренетін, барлығын қоғамдық өмірден жинақтайтын тәрізді сезіледі. Алайда адамның бес жасқа дейінгі алған тәрбиесі бүкіл өмірден алған тәрбиесінің 90 пайызын құрайды екен.
Бір қызығы, бала ана құрсағында жүргенде, анасы нені көп үйренсе, нені білетін болса, кейін бала сол нәрсені тез игеріп алады екен. Америкада мынадай тәжірибе жүргізіпті. Бір күнде, бір уақытта туған үш немістің, үш ағылшынның, үш орыстың баласын кіндігі кесіле салысымен барлығын бір үйге апарып, оңаша жатқызып қойып, алдымен неміс тілінде, «өмірге қош келдіңдер, жолдарың сәтті болсын» деп, жақсы жақсы сөздер айтқан екен. Ағылшын мен орыс балалар қыбырсыз жатыпты да, неміс сәбилер қозғалып, үн шығарыпты. Ал осы сөздерді ағылшын тілінде айтқанда, жаңағы неміс пен орыс нәрестелер қозғалмай, ағылшын шараналар қимылдап, көңіл аударыпты. Орысша айтқанда да тура солай болған. Мұндағы себеп неде? Өмір есігін жаңа ашып, жарық дүниені жаңа көріп отырған сәбидің өз тілін білгені қалай? Әрине мұның барлығы – оның қанынан, ана құрсағында жүргенде күнделікті алған тәрбиесінен. Өйткені оның әкешешесі өз тілінде сөйлейді. Ортасы қарымқатынасы өз тілінде.
«Сүтпен біткен сүйекпен кетеді» дейді қазақ. Ал бүгінгі біздің ортамыздағы қазақ балалары қалай болмақ? Қаладағы көпшіліктің күнделікті еститін сөзі орысша болса, ұлттық қаны бар, ұлттық намысы бар қазақ ұрпағын қалай өсіреміз? Ертеңгі ұрпағыңыз туа салып орысша бейімделіп кетпесіне кім кепіл?!
ӘДЕМІ ӘУЕЗ – КЕЛІСТІ КЕЛЕШЕК
Қазіргі медицина құрсақтағы балаға сыртқы дыбыстың әр алуан әсері барын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Құрсақта жаңа қалыптасып келе жатқан шарананың қандай мінезді пенде болып туарына сырттағы әуез айтарлықтай ықпал етеді екен. Атам қазақ аттың жалында, түйенің қомында көшіп жүріп ән айтқан, күмбірлете күй тартқан. Адуын мінез бәйбішелердің өздері келінкепшікті бөлек жинап ән салдырған, бой жаздырған. Мұның ар жағында – ұрпақ қамы, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқан жоқ па?! Ән шырқаған көңілден ауру қашарын әлмисақтан білген, шадыман көңіл жас анадан шаттық кернеген, мінезді ұрпақ туады деп сенген.
Ән-әуенді айту бар да, оны тыңдау бар. Қазақ айта да білген, тыңдай да білген. Таңды таңға ұрып шырқаған салсерілер мен ақ тер, көк тер боп арығанша жырлаған жырауларды ұйып тыңдаған ел едік. Сонан да болар негізіміз әнші, күйші халықпыз. Қазір қайда сол жырлар, алты қырдың астынан естілер әндер қайда қалды? Ұйыған «құлақты» тыңдаушысы бар ма қазір? Жоқ. Оның ауылы алыстап кетті. Жас ананың тыңдайтыны жарықшақ қатқыл музыка, жұлқынған ырғақ. Тұрмыстағы ұрыскеріс пен тыстағы тарсыл іштегі нәрестеге де сол күйінде әсер етіп жатыр. Сонан да болар қазіргі туған балалар психикалық дағдарыспен дүниеге келеді. Мінезі кең бала аз. Тумай жатып тозық жүйкеге шалдыққандар басым.
Барлығымыз болмаса да, біразымыз «жаңашылмыз» деп баланы бесіктен айырдық. Құлақ ашып, азан шақырып ат қою қазақы ортаға тән дүние болып қалды. Шыр етіп жарық дүниеге келген нәрестеге шілдехана жасап, ән күймен күтіп алатын ел бар ма? Баланың адам боп алғашқы еститіні акушерлердің «мальчик», «девочка» немесе «богатырь», «красавица» деген анықтамасы. Ал кесір тілігімен босанса, көретіні жалғыздық. Ол ертең жалғыздыққа, қатігездікке үйрене бастайды. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатып, ырғалған түйенің үстінде ырғақты ән салған анадан туған баланы сол ырғағынан бірден жаңылдырмай, шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Сөйтіп, ырғақты тербелісті бұзбай, құрсақтағы көмескі үнді ананың бесік жырына ұластырған. Неткен зеректік десеңізші?! Қос дүниені үндестіру, үйлестіру осындайақ болар. Мұндай әуенмен тербеліп, өмірге келген бала қандай мейірімді де мінезді болып өсер еді. Қазіргі бала жарық дүниемен үндесіп емес, үркіп келеді. Үркек, тентек мінезімен өмірден үйлесім іздеп сандалған сәби аз ба?
Жапон халқында мынадай жақсы дәстүр бар. Ауа райы түнеріп, аспанды бұлт басса да, жаңбыр, қар жауса да, көшеде баласымен келе жатқан атаана ән айтады. Әйелдері құрсақтағы нәрестелеріне ел тарихы, ұлағатты адамдар жайлы жақсы әңгімелер айтады екен. Ал біздің жас аналар «Апырмай, қалай босанам, жағдай қалай болады?» деп уайымға салынып, болмашы нәрсеге күйіппісіп, күйеулерімен ренжісіп жатады. Соның бәрі балаға әсер етеді.
БЕСІК – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Нәрестенің өмір есігін ашқанына бірнеше күн өтіп, кіндігі түскеннен кейін бесікке бөлеу керек. Бұл бала гигиенасына пайдалы. Нәресте бесікте жатқанда шошынбайды әрі оның шүйдесі сопаймай, жалпаймай домалақ бас болып өсуі үшін басына жаулық салып, алқымнан төмен қарай тартып байлайды. Қазіргі балалардың көбінің шүйдесі неге сопақ, маңдайы тайқы десеңіз, бұл бесікке жатпағандықтан. Ал бесікке жатқан балалардың басы домалақ, шекесі торсықтай болып өседі. Мұны қазақ «шекесі торсықтай ұл туыпты, болайын деп тұрған бала екен» дескен. Бала төртбес айға дейін бесікте шалқасынан жатады. Туа салғанда құндақтап емізсе, бесікке бөлеген соң да қолын босатпай емізген. Қазақтың бұл жөнінде де өзіндік пайымы бар. Мәселен, қолы бос бала анасының омырауын ұстап емсе, өзімшіл қызғаншақ болып өседі деп пайымдаған. Ал анасының омырауын ұстамай емген бала көпшіл, қолы ашық, адамгершілікті болып өседі деп болжаған. Әрі емізгенде анасы бесіктің екі жағына кезеккезек шығып емізген. Бұл баланың еңбегі қатқанша, басы сопиып бітпес үшін жасалған әрекет.
Сондай-ақ қазақ баланы қой майымен етбетінен алдына алып жатқызып, саусақтарымен таралап, жиіжиі уқалап, құлақтың үстіңгі жағындағы шеміршектерін тартып, қалқайып өсуіне дәнекер болған. Медицина тілімен айтқанда оны «массаж» дейді. Сәби шағында бала көп жылайды. Жылаудың бес түрі бар. Қарны ашып жылайды. Іші кеуіп ас қорытпай жылайды, бесікке дұрыс бөлемегендіктен бала ыстықтап жылайды. Бала ана құрсағында бүктеліп жатқандықтан, бесікке бөлегеннен кейін қол аяғы жазылғанда «шынтақ», «қылта» сіңірлері тартылып сыздайды, бала осыған жылайды. Буындары сыздамас үшін құйрық май және сары майдың тортасын айырып майлап, сылап отырған. «Қарды қылау өсіреді, баланы сылау өсіреді» деген тәмсілі баланы көп сылапсипау, қимыл әрекет жасау, жауырыны жабысса ажыратып, баланың тез жетілуіне және ақаусыз өсуіне аса мән берген. Әрі «долы жылау» деген бар. Бала бұғалыққа көнбей бұлқынып жылай береді. Міне, қазақ осы долы бала, алғыр, зерек болып өседі деп пайымдаған.
«Ат болатын құлынды желісінен танисың» деп ақын, әнші, сазгер Кенен Әзірбаев айтқандай, қазақ болатын баланы бесікте жатқаннан танып, белін буған. Бұрынғылар бесіктегі балаға малдың жүнінен, таза мақтадан сырып, ауа өтетін киім кигізген, бұл баланы ыстықтатпай салқын ұстап, әрі аяқ қолының түзу қалыптасуына мүмкіндік жасаған.
Бесікке шалқасынан жатып қалыптасып өскен бала болашақта жаужүрек батыр және «опалы» адам болып өссе, бүктеліп, құрысып жатқан балаға қарап бабаларымыз көрегендік танытқанын біз тарихтан білеміз. Мәселен, шалқасынан жатқан балаға «мынау батыр, басшы болады десе, бүктеліп жатқан балаға «мынау қорқақ, әлсіз, әлжуаз» деп жорамал жасаған. Бұл баланың бесіктегі тәрбиесі.
Түйін Жанның он екі арнасын тек ана құрсағындағы тәрбиемен ғана аша аласыз. Ана құрсағындағы бала төрт айында тәрбие күте бастайды. Бала бойына біткеннен бастап ана бойын, жүріс-тұрысын түзеп, мінезін қалыптастырып, жаман қылықтардан арылып, денсаулығын қадағалауы, сұлу табиғат көріністерін тамашалап, әсем әнкүй тыңдап алған әсерін жан күй тебіренісі арқылы іштегі нәрестеге жеткізе білуі тиіс. Өйткені ана қуанса іштегі бала да қуанады, қайғырса қайғырады. Ананың бойындағы мінез-құлқы, денсаулығындағы ақаулар құрсақтағы балаға беріледі. Қазіргі таңда ана құрсағындағы тәрбиенің сақталмауынан жанның он екі арнасы жабылу алдында. Кешегі Абайдай дана өткен, Әбу Насыр әл-Фарабидей ғұлама өткен қазақ даласында бүгін де сондай дана ұрпақтар туса, кәні!? Бұл үшін құрсақ құндылығын қолға алар уақыт келген секілді.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
27 қаңтар 2025 ж. 123 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№7 (10375)

28 қаңтар 2025 ж.

№6 (10374)

24 қаңтар 2025 ж.

№5 (10373)

21 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 342
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031