» » БАҒА ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

БАҒА ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

Соңғы күндері айналамыздан «азық-түлік бағасы қымбаттап кетіпті», «әсіресе картоп бағасы көтерілген» деген әңгімелерді жиі естіп жүрміз. Әлеуметтік желідегі әлеуметтің де жазып жатқаны осы дүние. Жалпы қазақ елінде қай ауылға, қай қалаға барсаңыз да «менмұндалап» алдыңыздан қымбатшылық шығады. Бұл жасырын емес. Бұған үйреніп те қалған сияқтымыз. Алайда мұның ақыры қайда апарады? Тізгінге көнбеген тариф, бағасы аспандаған азық-түлік, көбейген коммуналдық төлем халыққа оңай тиіп тұрған жоқ. «Зейнетақы мен жәрдемақы көбейеді» деген хабар құлаққа жетсе, азық-түлік міндетті түрде қымбаттайды. Сонда көбейгенінен не пайда?
Қымбатшылық салдарынан артық ақша қалтаңызда қалмайды ғой. Ал үйінде зейнетақы мен жәрдемақы алмайтындар не істейді?
Бұл қымбатшылыққа жыл сайын көтерілетін айлық есептік көрсеткішті қосыңыз. Жазатайым жол ережесін бұза қалсаңыз, айыппұл арқалайсыз. Ал айыппұл айлық есептік көрсеткішпен өлшенеді. Бұл дегеніңіз айыппұл да жыл сайын аспандай түсетінін аңғартады. Қымбатшылық қысымға ала берсе не болады? Саралап көрсек.
ҚҰНЫ ҚҰБЫЛҒАН АЗЫҚ-ТҮЛІК
Азық-түлік бағасы халық үшін басты мәселеге айналып отыр. Табыстың барлығы дерлік азық-түлікке кететін болды. Күнделікті тұтынатын азықтүлік тауарларынан бастап, жанаржағармай, құрылыс заттары, ет, ұн, шай, жұмыртқа, күнбағыс майы, жемшөп – бәрінің бағасы күн өткен сайын шарықтауда. Бірақ нарықтағы еселеп өскен бағаға сай халықтың да жалақысы өсіп, зейнетақысы мен жәрдемақысына үстеме мардымды қосылып жатқан жоқ. Нәтижесінде халықтың тапқан-таянғаны ішіпжемнен артылмайтын, ертеңгі күнге артық жос пары жоқ, күнделікті тамақ табуы мұңға айналуы қалыпты жағдайға айналды.
Мәселен, бір жылдың ішінде күнбағыс майының бағасы 50 пайызға дейін қымбаттаған. Ал жалақы ең болмаса 20 пайызға да өспегенін ескерсек, халықтың тапқаны тамағынан не үшін артылмай жатқанын түсінуге болады. Жалғыз күнбағыс майы ғана емес, еттің бағасы да себепсіз шарықтап барады. Қазірдің өзінде сиыр еті, жылқы еті мен қой етінің бағасы орташа есеппен 13 пайызға қымбаттағанын алға тартқан ауылшаруашылығы министрлігі алдағы уақытта еттің бағасы 4 мың теңгеге дейін өседі деп мәлімдеді. «Ет өнімдерінің бағасы 20 пайыздан 40 пайызға дейін көтеріледі. Мұның басты себебі – жанармайдың қымбаттауы, жемшөптің тапшылығы» дейді ауылшаруашылығы саласының мамандары. Мұны өзіміздің дүкендерден де құлақ шалып қалды. Бірде ет алуға барғанымызда «Осы кездегі арзан еттен жеп қалыңыздар, енді баға тағы өседі» дегені бар. Демек, алдағы уақытта талай қазақ қысты соғымсыз қарсы алатыны айтпаса да түсінікті.
Халқымыз ең көп тұтынатын әлеуметтік өнімнің бірі – шай бағасы да шарықтап кеткен. Оның бағасы бір жылда 12 пайызға көтерілген. Сүт өнімдері өткен бір жылда орташа 11,3 пайызға өсті. Жалпы, барлық азық-түлік өнімдері бір жылда 10 пайызға қымбаттаған. Бірақ бұл ресми статистика. Шын мәнінде базардағы баға одан әлденеше есе жоғары. Көкөністер мен жеміс-жидектердің де бағасы өсіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке дейін жетті. Шынайы баға мен ресми статистика кейде қабыспайды.
Жаз мезгілінде көпшілік жұрт құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Құрылыс заттары да бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өсуде. Яғни қымбатшылық жалынан ұстатар емес. Бір жылдары қанттың қат тауарға айналып, ол үшін талай тартыс болып жатқанын да әлеуметтік желіден аңғарған едік. Қат кездегі көтерілген бағада қалып қойғанымыз да жасырын емес.
Өткен жылмен салыстырмалы түрде есептесек, құрылыс заттары, күнделікті тұтынатын өнімдер сұйық май, қант, шай, картоп, сәбіз, әлеуметтік төлемдер бірнеше есеге қымбаттаған. Ал елімізде көтерілген бағаның түсуі сирек құбылыс. Баға бақылауға алынған күннің өзінде бүгінгі күндегі бағамен тоқталмақ. Әзірге қымбатшылыққа түсініктеме беріп, қадағалауға алып, бағаны ауыздықтау бағытында жасалып жатқан жұмыстар байқалмайды. Күнде бір тауардың бағасы аспандап шыға келеді. Қолдан туындатып отырған қымбатшылықтың соңы не болар екен?
ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚЫСҚАНДА...
«…Алған айлығым несие төлеуден артылмайды. Балам үйленді, той жасадым. Қатарынан қалдырамын ба? Баспана әпердім. Осының бәрі несиемен келген «байлық». «Елден қаламыз ба?» деген бәсекемен жүріп басым бәлеге қалды. Оның үстіне қымбатшылық та бой бермей барады. Ас-ауқатымның бәрі ақшаға тәуелді болып тұр»… Иә. Бұл жайт – бүгінде екінің бірінің айтар «жыры». Жалпы, қоғам тауар өндіруші мен тұтынушыдан тұрады. Екеуі де қаражатқа тәуелді. Алғашқысы несие алып – кәсібін жүргізгенімен, тауарын қымбатқа саудалайды. Екіншісі сол қымбат тауарды несиеге сатып алады. Қымбатшылық тізбегі осылайша айналымда жүре береді.
Бүгінде халықтың басым бөлігі айлықтан айлыққа дейін өмір сүреді. Бұл – айқын нәрсе. Халықтың тұтынушылық қабілетін жоғарылатып, тауар өндірушінің несібесін еселеп отырған негізгі фактор – несие. Соңғы уақытта адамдардың несиеге деген тәбеті тым жоғарылап кетті. Баспана, дүниемүліктен бөлек, азық-түліктің өзін несиеге берілетіндігін көріп жүрміз. Еңбекпен тапқан айлығымыз еселеніп, несиеге кетіп жатыр. Бұл адамдардың қанына сіңген үйреншікті жағдайға айналған. Қалтасында ақшасы қалмаса да «қатардан қалмаймын» деген бәсекелестік кредиттің құлына айналдырды. Тіпті, несиеге тауар алатын болсаңыз, «қолма-қол ақшамен бағасы мынша, егер бөліп төлеумен алсаңыз сәл жоғарылау болады» дейді. Сол сияқты барлық бөліп төлеу үрдісінде де үстеме пайыздар қарапайым халықтың қалтасын қағып жатады.
– Банкке несие рәсімдеуге келген адам ең алдымен ай сайынғы төлемінің аз шыққандығын қалайды. Сол арқылы жылын созады. Сайып келгенде бұл жылдық үстеменің бірнеше пайызға жоғарылап кететінін ескергісі де келмейді. Айта кетейік, егер 3,5 млн теңге қаражатты 60 айға несиеге алсаңыз, үстіне 2,2 млн теңге қосымша пайыздық үстеме қосып төлейсіз. Сонда, бұдан кімнің орасан зор пайдаға батып, кімнің қалтасы қағылып жатқаны айтпай-ақ түсінікті, – дейді банк қызметкері Индира.
Философ Маурицио Лаццаратто «Әлемдік экономиканың күретамырына қан жүгіртіп тұрған сала – қарыз экономикасы» дейді. Ол осы теориясы арқылы адамдар көлікті, пәтерді, тұрмысқа қажетті заттарды банктерден несие алу арқылы қол жеткізіп, бұл құрылыс компанияларының да, сол технологияларды айналымға шығарып отырған зауыттардың да жұмысын жүргізеді деген пікірін алға тартады.
Статистикалық деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың банк алдындағы несие қарызы жан басына шаққанда 500 мың теңгенің үстіне шыққан. Экономикалық белсенді халықтың 80 пайызының басында екіден, тіпті үштен несиесі бар. Біздің елде қарызға өмір сүру үйреншікті әрі қалыпты жағдайға айналып кетті. Көңіл қынжылтатыны, халық алған несиенің 90 пайызы тұтынушылық мақсатқа жұмсалған. Яғни қарызға техника немесе жылжымайтын мүлік емес, күнделікті қажеттіліктерін қарызға алуда.
Бір қарағанда бұл адамның жеке басының ісі сияқты, бірақ түптеп келгенде, ол – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының ең көкейтесті мәселелерінің бірі. Қаржы сарапшылары «Адамдарға әйтеуір бірдеңе қылып өмір сүру керек. Егер несиелерін кешіргендердің басындағы жағдайын сұрап көрсең, олар ең бірінші туған-туыстарына, дос-жарандарына берешек болған, сосын қарыздарын қайтару үшін банктерден несие алған. Ақыр аяғында банктердің несиесін қайтаратын ақшасы болмай, пұшайман күйге түскен» дейді.
Әлбетте, қара халық мұқтаж болғандықтан басқа амалы қалмағандықтан, банктен несие алады. Әйтпесе, біздегі қаржы институттары белгілеген 15-20 пайыздық өсімақымен несие алуға кім құштар дейсіз?! Оған комиссиялық алымдар мен жасырын үстемелерді тағы қосыңыз. Біздегі банктердің мөлшерлемесі қаншалықты жоғары болса да, халық күнкөріс үшін бәрібір несие алуға мәжбүр. Өркениетті мемлекеттерде (Еуропа, АҚШ, Жапония, басқа да елдерде) банктердің мөлшерлемесі 2-3 пайыздан аспайды. Жергілікті халық тіпті оның өзін қымбатсынады. Ал мұндай мөлшерлеме қазақ үшін ертегі сияқты.
Жалпы, халықты несиеге тәуелді етіп отырған негізгі фактор – жаппай қымбатшылық. Бой бермейтін саясат. Адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, несиеге деген тәуелділігін жою үшін табысын көтеруге жұмыс істеу керек. Сонда ғана, тұтынушының қарызға деген тәбетін тыю мүмкін болар еді. Дей тұрғанмен, еңбекақысы көтеріліп жатқандар да жетерлік. Бұл қымбатшылыққа тұсау, несиеге кедергі емес. Сайып келгенде ел ішіндегі экономикалық саясатқа түбегейлі өзгеріс енгізу халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына бірден-бір себеп болар еді.
НЕСИЕГЕ НАН
Қазақстанда азық-түлікті бөліп төлеуге сатып алушылар саны артты. Экономистер несиеге тамақтану кедейлік сатысын одан әрі арттыратынын айтып, дабыл қағып отыр. Ал ел тұрғындары жалақыны тек тағам тұтынуға жұмсайды. Бұған дейін тұрғындар несиеге тұрмыстық техника, үйге керекжарақтарды сатып алушы еді. Дүкен иелерінің айтуынша, қазір тіпті нанның өзін бөліп төлеуге алатын болған.
– Бала кезімізде үлкендер «нан мен сүтті қарызға алма және берме» дейтін. Көршіміз нан, сүт сұрай келсе, үйде барын ұстатып жіберетінбіз. Қонақ келіп қалса бізді де солай қарай жүгіртетін. Алайда қарызға емес. Ал қазір шағын ауданда тұрсақ та, нан сұрамақ тұрмақ, хал білу үшін көрші-көршіге кірмейтін болдық. Күйбең тіршілікпен қарбаласып жүреміз ғой. Қазір дүкеніме заман талабына сай онлайн төлемді де қосып қойдық. Сонда кейбір тұтынушымның қарапайым нанды да Каспий Ред пен кредитке алып жатқанын көріп қаламын. Сондайда несиеге емес, тегін ұстатып жіберуге тырысамын. Бұл мақтаныш емес. Халықтың айлығы шайлығына жетпей қалатынының көрінісі. Зейнетақы мен жәрдемақы көбейгенімен, инфляцияның өсуі оны басып кетіп жатыр. Бұл ойлантарлық мәселе, – дейді азықтүлік дүкенінің иесі.
Экономистер де бұл жөнінде дабыл қағуда. Олар бұлай несиеге азық-түлік алу тоқтамаса, Қазақстандағы кедейлік деңгейі әлі де өседі дейді. Ал халықтан сұраныс болып тұрғанда қаржы институты азық-түлікті бөліп төлеу арқылы сату жүйесін алып тастамайды. Ол үшін заң жүзінде қандай да бір шара қолдануы керек екен.
САТУШЫНЫҢ ДА АЙТАРЫ БАР
Базар мен дүкендегі дүниенің бағасы қымбаттаса, уәжімізді сатушыға айтып жатамыз ғой. Дүкен иесімен әңгімелесе келе бізге айтылатын бағаға басқа көзқарас пайда болды. Сатушы да біз секілді күнкөрістің қамымен жүр. Осыны да ұмытпағанымыз дұрыс-ау.
Әсіресе көкөніс сатушылар бағаның біршама өскенін айтады. Картоп бағасы соңғы айда 2 есеге өсті.
– Көкөністің бағасы біршама өсті. Дегенмен, қажеттілік болғасын халық бағасына қарамай алып жатыр. Жалпы, азық-түліктің қай-қайсысы болса да қымбат болып тұр. Азық-түлік тауарлары бағасының өсу себебі: біріншіден, жанар май бағасының өсуі. Содан кейін доллар қымбаттады. Соның салдарынан баға тағы да шарықтай түсті. Өнім жеткізуші делдалдардың көп болуы да бағаның өзгеруіне кері әсерін тигізеді. Мәселен, алманы келісіне 400 теңгеден қорабымен алып, 450 теңгеден сатамыз. Бірақ көтерме саудамен айналысатындар бізге берген бағамен өздері сатып, екі есе пайда көреді. Біздің затымыз үстіне қосқан соң қымбат болып келеді де, сұраныс азаяды. Біздің тауарлар өтпейді. Қазіргі уақытта халықта ақша жоқ па, әйтеуір жеміс-жидекке сұраныс азайды. Біздің үстіне қоятынымыз тиын ғана. Ай сайын төлейтін несиеміз бар. Күнделікті тамағымыз бар. Бағаның өсуінен бізге еш пайда жоқ. Қымбат тауарды ешкім де сатып алғысы келмейді, – деп ағынан жарылды сатушы апай. Атын атамау ды жөн көрген ақ жаулықты ананың айтқанына қарап-ақ жағдайдың олардың қолында емес екенін аңғардық.
Біздің түсінгеніміз, бағаны сатушы емес, алыпсатарлар шешетін секілді. Егер ортада жүрген алыпсатарлар үстінен көп қоймаса, базар мен дүкендегі баға қолжетімді болады. Себебі сатушыларға қымбат өнімін сата алмай, күн өткізгеннен гөрі, қолжетімді бағамен тезірек тауарын өткізіп айналым жасағаны тиімді. Қалтаға қонымды бағамен тұрақты сатып алушылары да көбейері сөзсіз.
Түйін Не десек те, нарықтық экономикасы қарыштап дамып келе жатқан мына заманда барлық салмақ қалтаға келіп түсетіні анық. «Ақша қолдың кірі» десек те, қалтаңда теңгең болмаса, тұрмыстың түзелмейтіні де ақиқат. Басшылық бағаны бағамдау үшін жұмыла күресетіндігін айтса да, көпшіліктің күдігі басым. Ендеше әліптің артын баққаннан басқа амал жоқ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
24 қаңтар 2025 ж. 101 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (10373)

21 қаңтар 2025 ж.

№4 (10372)

18 қаңтар 2025 ж.

№3 (10371)

14 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 331
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031