Күндізгі стационарда емдеу
Уақтылы емдеу – денсаулықты нығайтудың кепілі. Сондықтан күндізгі стационарлар жағдайында медициналық көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл медициналық қызмет тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында қолжетімді.
«ALEXEY SULTAN-AKHMET» емханасына 40 мыңға жуық қызылордалық тіркелген. Олардың қатарында Жетпісбай Ұрқашбаев та бар. Ақсақал жүрек ауруы бойынша есепте тұр. 80 жасқа толу қарсаңында күндізгі стационарда емделуде. Ардагер қарттарға қамқорлық жасағаны және тегін медициналық қызметтерді алу мүмкіндігі үшін алғысын білдіреді.
«Осы емханаға тіркелгендіктен, отбасымызбен медициналық қызметтерді аламыз. Диспансерлік есепте тұрғандықтан, дәрі-дәрмектерді аламын. Жылына 1 рет күндізгі стационарда емделемін. Мұнда да екпелер, дәрі-дәрмектер, физиотерапия тегін қарастырылған», - дейді Жетпісбай Ұрқашбаев.
Ақсақал зейнеткер, сондықтан мемлекет есебінен МӘМС үшін жарна төленетін жеңілдікке ие 15 санат қатарына кіреді.
Дәрігерлердің айтуынша, күндізгі стационарда ТМККК аясында әлеуметтік маңызы бар, сондай-ақ динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулары бар пациенттерді емдеу қолжетімді.
«Динамикалық бақылау - созылмалы аурулармен есепте тұрған науқастардың денсаулық жағдайын жүйелі түрде бақылау. Әлеуметтік маңызды ауруларға туберкулез, гепатит, қатерлі ісіктер, қант диабеті және басқалар жатады. Жоспар бойынша күндізгі стационарда емдеу үшін пациентте учаскелік дәрігердің жолдамасы, зертханалық, аспаптық зерттеулердің нәтижелері, бейінді мамандардың кеңесі болуы тиіс. Сондықтан МӘМС жүйесінде сақтандырылған болу маңызды», - деп атап өтті бөлімшенің терапевт Гүлназ Әбдікәрімова.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының ақпараты бойынша 2025 жылы жоспарланған бюджет 112,03 млрд теңгені құрады, оның ішінде ТМККК – 57,78 млрд теңге (51,58%), МӘМС – 54,25 млрд теңге (48,42%).