ТІЛ – АДАМ МІНЕЗІН ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ
Адамның психикалық қасиеттерін құрайтын бірнеше қасиет бар. Қабілет, темперамент, мінез және тағы басқа. Бұлар бір адамның басқа бір адамнан ерекшелейтін өзгешелігі десек болады. Түрліше мінез иелері ұқсас жағдайларда әртүрлі әрекет етеді. Демек, мінездің адамның қандай да бір шешім қабылдауына да әсері бар.
Мінездің қалыптасуына көптеген фактор әсер етеді. Соның бірі – тіл. Тіл арқылы адамдар өз ойларын ғана жеткізбейді, көңіл-күйлерін, сөз болып отырған жайға қатысты өздерінің көзқарасын білдіріп отырады. Жұмсалым үстінде сөздің ауыспалы мағыналары, көп мағыналылығы туады. Грамматикалық формалар да өздерінің негізгі мағынасымен қоса қосымша реңк беру, қосымша мағына білдіру қызметтеріне ие болады. Яғни әр тілдің фонетикасы, лексикасы сол тілді қолданушы адамның ықпалында болады. Адам өз эмоциясын тіл арқылы шығаруы сол адамның қандай эмоцияда тұрғанын білдіріп қана қоймай, сол тілді қолданушының болмыстық ерекшеліктерін де көрсетіп беретін сияқты.
А.Байтұрсынов «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды» деп жазады. Яғни, тіл – құрылымдық жағынан таңбалардың жүйесі болса, атқаратын қызметі жағынан ойды жеткізуші, сонымен қатар қарым-қатынас құралы.
ТІЛДІ ҮЙРЕНУ – СОЛ ТІЛДІҢ МӘДЕНИЕТІН ҚАБЫЛДАУ
Жоғарыда айтқанымыздай, тіл сөйлеушінің өзіндік ерекшеліктерін байқатуға қабілетті. Тіл, тарих, мәдениет, мінез секілді ортақтықтар негізінде қалыптасқан адамдар қауымдастығын ұлт десек, бір ұлттың тілінен сол ұлттың сырын, тарихын, тұрмысын, мінезін анық көруге болады. Мысалы қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, сардалада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ десек қате болмас.
Неміс ғалымы, тілтанушы В.Гумбольдт «Тіл – халық рухы, халық рухы тіл арқылы көрінеді» дейді. Әлемдік лингвистикаға осы сияқты және адам тілді неғұрлым жақсы меңгерген болса, соғұрлым тіл оның ойлауына әсерін тигізеді деген сияқты идеялар мен концепциялар ұсынды. Демек адам біртілді үйреніп, сол тілде сөйлей бастаса сол тілде ойлай бастайды деген сөз. Байқасақ, расымен солай. Мысалы, кәріс тілін үйренген таныстарыма қарап, олардың күнделікті өмірде көп жерде сыпайылық танытатынын және сөйлеу барысында бір еркелік сарынын байқаймын. Киім кию стилінде, эмоцияларында да кәріс ұлтына ұқсастықты көруге болады. Олар сол тілді үйреніп қана қойған жоқ, олар сол ұлттың мәдениетін сіңіріп алды. Осы жайында американдық лингвист Дэниел Эверетт «Тілді сол ұлттың мәдениеті қалыптастырады» деген идеяны ұстанады. Нысанаға тағы да қазақты алсақ. Қазақ халқы ХІХ ғасырдың орта шебінде патшалық Ресейге қосылғанынша, мал шаруашылығын басты күнкөріс құралы ретінде алып, соның ығына қарай көшпелі мәдениетті ұстанған болатын. Олар жазда жайлау, қыста қыстау, күзде күзеу, көктемде көктеуге қоныстарын ауыстырып отырды. Әр мезгілде, әртүрлі қонысқа бейімделу, икемделу – сол уақтағы қазақ халқы үшін қалыпты дүние еді. Міне, қазақ мәдениетіндегі осы қасиет оның тілінен де көрініс тауып отыр. Қазақ тілі – аса бай, икемді тіл. Осы тұста қазақ лингвистикасындағы сингармонизм заңдылығын айта кеткіміз келіп тұр. Сингармонизм бойынша сөздер не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке, не еріндік, не езулік болып айтылады. Түбірге жалғанатын қосымшалар да осы заңдылыққа бағынады. Мысалы, балалар, еңбекшілер. Демек, қазақ тұрмысындағы тиімділік тіліндегі икемділікке айналған. Қазақ тілінде кірме сөздер өте көп. Араб, орыс, тіпті моңғол тілінен де енген сөздер бар. Қызығы сол, қазақ халқы оны өз мәдениетіне, өз табиғатына орайластырып, икемдеп алған. Орыстың «ящигін» жәшік, арабтың «китабун» деген сөзін – кітап, моңғолдың «улус» деген сөзін – ұлыс деп пайдаланып жүрміз. Осылай орайын тауып, қисынын келтіріп пайдаланса, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, текемет оюға болады.
АНА ТІЛІНІҢ АДАМ МІНЕЗІНЕ ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?
Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қадірлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп қалыптасады. Ж.Аймауытов «Тәрбиеге жетекші» деген еңбегінде «Ана тілі халық болып жаралғаннан бергі жан-дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі.
Жүректің терең сырларын, жанның барлық толқындарын тұқымнан-тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы – сол халықтың тілі» деген болатын. Ана тілінің адам мінезіне әсері қандай?
Ана тілі – сол тілді жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгіні және болашағы. Ана сүтімен бірге біз бүкіл ұлтымыздың құндылықтарын сіңіріп өсеміз. Мәселен, қазақ қоңыр желдей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Бірі қиналса, танымаса да екіншісі соған көмек қолын созуға әзер тұрады. Бауырмалдық, бір-біріне мейіріммен қарау, бұның бәрі байырғы қазақта да болды, қазір де бар. Яғни ана сүтімен дарыған жойылмайтын құндылықтарымыз деп осыларды айта аламыз. Тиісінше қатігездік, немқұрайлылық деген сияқты қасиеттерді қазаққа телу қиын. Әрине бұл адамның қалай тәрбие көріп өскеніне байланыс ты. Бірақ бұл тұста тілдің де өзіндік ерекше әсер беретіндігін жоққа шығаруға болмайды.
«Ұлттың тілі жұтаса, мінезі өзгереді» дейді. Қазір ана тілімізден гөрі орыс тілін жақсы білетін қазақ балалары көп. Соның әсерінен олардың мінездері тік, құрмет сезімдері кем болып қана қоймай, ұлттық мінез бен құндылықтардан хабарсыз қалып бара жатыр. Мұндай мінез орыс ұлтының табиғатына жарасады, өйткені ол сол ұлттың басқа құндылықтарымен астасып жатады. Яғни, сол халықтың бойындағы тік мінезділік, қоғамда өз ойларын кім екеніне қарамай ашық айтулары ол ортада ерсі емес. Ал үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпейтін, үлкенге деген құрметті парыз деп білетін, келіні иіліп сәлем салатын, әйел заты ердің бетіне келмейтін, «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, Ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген тәліммен өскен қазақ халқы үшін бұл жат нәрсе. Өзінен кішінің тік мінездің жөні осы екен деп, бетінен алып жатқаны жанға бататыны сөзсіз. Бұл қазіргі заманда өмір сүріп жатқан біздер үшін таныс көрініс. Осындай дәлелдемелерден кейін, тілдің адамның мінезін қалыптастырушы екеніне және оған толықтай әсер ететіне күмән қалмайды деп ойлаймын. Ал сіздің мінезіңіз қандай?
Шапағат КӘРІМБЕРДИЕВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
студенті