ЗОБ НЕЛІКТЕН КӨБЕЙІП КЕТТІ?
Зоб – бұл әртүрлі себептермен пайда болуы мүмкін қалқанша безінің ауруы. Ауру қабыну процестеріне немесе ісік пайда болуына байланыс ты емес қалқанша безінің көлемінің ұлғаюымен байқалады. Зобтың түрі көп. Соның ішіндегі көп тарағаны – эндемиялық зоб. Оның көлемі ұлғаюына байланысты 3 сатысы бар. Біріншісі қалқанша безі көрінбейді, сипалағанда сезілмейді. Екіншісі қалқанша безі көрінбейді, бірақ сипалағанда сезіледі. Үшінші сатысында қалқанша безі жұтынған кезде көрініп тұрады.
Адам қанының құрамындағы йод мөлшері жыл мезгіліне байланысты азайып-көбейіп отырады. Қыркүйек, қаңтар айларында қан құрамында йод мөлшері азайып, ақпанда көтеріледі. Күн ысыған кезде мамыр айларында йод жоғарылайды. Еркектерге қарағанда, әйелдер 3-4 есе көп ауырады. Ағзадағы йодтың 90 пайызы тамақ арқылы толықтырылады. Күнделікті тағам құрамына мән берген жөн. Зобтың эндемиялық (йод тапшылықты) таралуы көп жағдайда судағы микроэлементтердің жеткіліксіз болуымен байланысты. Қалқанша без ауруының пайда болуына тұқымқуалаушылық, түрлі инфекциялар, дұрыс тамақтанбау, уақытылы дұрыс ұйықтамау, ағзаның әлсіреуі, депрессия, психикалық жарақаттар, шаршау, орталық жүйке жүйелерінің, жыныс бездерінің дұрыс қызмет істемеуінен болады. Күн тәртібіне бағынбай, түнде ұйықтамай, дер кезінде тамақтанбай шапқылап жүргендіктен болады.
Эндемиялық ошақтарда адамда зоб пайда болуы бала кезінен басталады. Эндемиялық зобтың ошақтары біздің елімізде жиі кездеседі, бірақ олардың әрқайсысында халықтың жаппай аурулары пайда бола бермейді, себебі тұтынып отырған аспен және сумен жеткілікті мөлшерде қажетті микроэлементтер түсіп отыратын болса, эндемиялық аймақта өмір сүргеніне қарамастан адамда ешқандай шағым болмауы мүмкін. Зобтың эндемиялық ауруының негізгі себебі – қалқанша безінің қалыпты дамуы мен қызметі үшін қажетті йодтың ағзаға енбеуі. Бұл аймақтың жалпы жеткіліксіз йодталуына байланысты. Бұл жерде су, топырақ, сонымен қатар өсімдіктер мен тамақ өнімдері йодқа бай емес. Эндемиялық зоб қоршаған ортаға йод буларының түсуінің қуатты көзі болып табылатын теңізден алыс, көбінесе таулы аймақтарда болады. Бұл өзгерістер көбіне мынадай белгілермен білінеді. Есте сақтау қабілеті төмендеу, депрессияға шалдығу, жүйке тозуы, терінің кеуіп, шаш түсуі, ағза температурасы төмендеу, ағзаға су жиналып, қабынудың салдарынан салмақ қосу немесе салмақ тас тау – негізгі белгілеріне жатады. Мұндай жағдайдағы науқас эндокринолог дәрігерге көрінуі қажет. Сондай-ақ, қалқанша безін жұтынғанда немесе сипалап сезіп-білуге болады. Зобты болдырмаудың бірден-бір жолы – құрамында йодталған тұзды тағамдарды жиі қолдану болып табылады. Алайда, ағзаның йодқа тапшы емес кездері де болады. Жоғарыдағы шағымдар мазалай отырып, бірақ ағзаға йодқа қажеттілік жоқ кезеңнің де болатынын ескерген жөн. Ондай жағдайда дәрігермен қаралып, нақты диагноз қою керек. Ал қазіргі қоғамда зобтың жиілеп кету себебі, бізді қоршаған ортада отбасымыз бен жұмыста стрестік жағдайлардың көп болуы, дұрыс тамақтанбау және түнгі ұйқымыздың дұрыс болмауы көп ықпал етуде. Халықты йодталған өнімдермен қамтамасыз ету, ас тұзын йодпен байыту сияқты тұзға бай йодтың басқа көздерінің барлық мүмкіндіктері пайдаланылуы тиіс. Өсіп-жетілуіне көптеген дәрумендерді қажетсінетін бала организміне йодтың маңызы аса зор. 5 жасқа дейінгі балаларда 80-100 мкг, 12 жастағы балалар 130 мкг, 12 жастан асқан балалар 160-200 мкг йод қабылдауы керек. Зоб ауруын емдеу Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ережесі барлық жерде бірдей. Зобтың даму қаупін азайтуға салауатты өмір салты, ұтымды тамақтану, сондай-ақ дәрігер жазып берген дәріхана өнімдерін пайдалану ықпал етеді. Йод балықтарда, теңіз өнімдерінде, балдырларда, балық майында көп. Теңіз қырыққабатында, ламинарияда көп болады. Жемістерден апельсин, лимон, банан, қауын, жүзім, ананас, құлпынай, алма, құрмада көп. Сүт, жұмыртқа, сары май, сиыр еті, бидай өнімдері йодқа өте бай. Жидектерден сарымсақ, шалқан, қызылша, картоп, кәді, сәбіз, қызанақта көп кездеседі. Бірақ ет пен балықты қайта-қайта мұздатқанда оның ішіндегі йод жойылады. Уақытылы емделсе, эндемиялық зобтан қауіп жоқ.
Зобтың токсикалық түрі ұзақ уақыт емделіп, дәрігер қарауында болу керек. Дәрігердің рұқсатынсыз бала тууына болмай ды. Егер отбасында біреу зоб болып ауырса, тұқым қуалауы мүмкін, ол тиреоидтық гормон биосинтезінің генетикалық бұзылуы. Зобты әркім өзінше емдемеу керек. Эндокринолог дәрігерлер емдейді. Зобтың тұқым қуалайтын, қатерлі түрлеріне шалдыққандары құлан таза жазылып кетпесе де, дер кезінде емделсе, сырқат созылмалы күйінде қалады. Науқастар берілген мөлшердегі дәріні ішіп тұру керек.
Осы орайда мына ақпаратты біле жүргеніңіз абзал. Дені сау адамға күніне шамамен 150-200 кг йод қажет. Зобты өз бетімен емдеу өте қауіпті, өзіңізді жо ғарыдағы шағымдар мазаласа, дер кезінде дәрігерге қаралып, аурудың асқынуының алдын алыңыз.
Ұлжан ЗАРЛЫҚОВА,
ересектер, балалар эндокринологі
Фото