Мамандықтар әлемінде
Белгілі бір мамандық иесі болу – әрбір азаматтың арманы. Маман иесі болған соң, әрбір адам өз мамандығы бойынша қызмет етіп еліміздің экономикасын дамытуға халықтың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосуы керек.
Мамандық дегеніміз – адамның белгілі бір қызмет атқаруына мүмкіндік беретін материалдық не рухани өндірісте алған білімі мен өмірлік дағдысының жиынтығы. Мамандық таңдау жасөспірімдік кезеңде қабылданатын жауапты шешімдердің біреуі болып табылады.
Бұл басқа да таңдаулар сияқты көп мөлшердегі бірнеше нұсқа бойынша шешім қабылдау және әртүрлі факторларды ескеру қажеттілігі. Осыған орай Ақтөбе ауылындағы No109 орта мектепте «Мен мамандықтар әлеміндемін» тақырыбында 10-11-сыныптар арасында кеш өтті. Кешті мектеп директоры Б.Алмағанбетов ашып, мамаңдық таңдаудың маңызды қадам екенін айтып, оқушыларға сәттілік тіледі. Ұлттық құндылығымыз қазақ халқының домбырасымен «Балбырауын» күйін нақышына келтіре орындаған 10-сынып оқушылары Асылжан Кәрібаев пен Жанерке Нұраш кешке қатысушылардың қошеметіне ие болды. «Жас келсе – іске» демекші, әрбір мамандық иесі құрметке лайықты. Тәлімді кешке Аида Жеткергенова – дефектолог, Айсара Абсалимова – медбике-фельдшер, Нұрғиса Мырзабеков – программист, Алишер Жақсылықов – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қонақ болды.
«Сұрақ менен, жауап сенен» сауалнамасы оқушыларға сыр-сандықша арқылы жүргізілді. Оқушылар мамандық таңдауға байланысты түрлі сұраққа жауап беріп, өз ойларын ортаға салды. «Келешектегі сұранысқа ие мамандықтар» бейнебаяны көрсетілді. Қоғамда сұранысқа ие болатын мамандықтар жайлы жан-жақты мағлұматтар алынды. «Сыр-сұхбат» айдары бойынша қонақтарға сөз кезегі берілді. Кеш қонақтары бітірген оқу орны туралы, мамандығы, жетістіктері жайлы презентация арқылы таныстырылым жасап, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Оқушылар еліміздегі жоғары және арнайы оқу орындары, сондай-ақ ауылшаруашылығы, кәсіптік мамандықтар туралы да мағлұматтар алды.
Ақтөбе ауылындағы «Ақтөбе и К» ЖШС бас агрономы Үсенбек Сәденов, штатан тыс аудандық «Қармақшы таңы» газетінің белсенді тілшісі, қазіргі таңда No250 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжанат Дүзенова оқушыларға өз мамандықтары жайлы бейнебайланыс арқылы айтып, жүрек жарды лебіздерін жолдады. Ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ерлан Наргиз «Есіңе мені алғайсың» әнін кереметтей орындаса, жасанды интеллект арқылы әр оқушыға фотосуреті бойынша жасалған әртүрлі мамандықтар иелері көрсетілген «Мамандықты тап» тренингі оқушылар мен кеш қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында қазақ халқының атақты композиторы Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әні шырқалды. No109 орта мектеп директорының бейінді оқу жөніндегі орынбасары Ботагөз Абдуллаева қорытындылап, кештің мазмұнды, тартымды өткенін айтып, мектеп бітіруші түлектерге және оқушыларға мамандық таңдауда сәттілік тіледі.
Толғанай ДАЛДАБАЕВА,
No109 мектептің мұғалімі