Мониторинг жұмыстары жүргізілді
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің №5 және №3 студенттік жатақханаларына мониторинг жүргізілді. Бұл шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанындағы Қызылорда облыстық студенттік омбудсмені Назерке Жасұланқызы мен Қызылорда студенттері Альянсының төрағасы Расул Базарханұлының қатысуымен өтті.
Мониторинг барысында жатақханалардың қысқы маусымға дайындығы тексерілді. Жатақханалардың жылыту жүйесі, терезе және есіктердің тығыздығы, жалпы жылу жүйелерінің жұмыс істеу деңгейі мұқият қаралды. Сонымен қатар, санитарлық талаптардың сақталуы, қауіпсіздік стандарттарының орындалуы, және тұрмыстық жағдайлардың (техника және жиһаз) сай болуы назарға алынды.
Жатақханалардағы студенттердің тұрмыс жағдайы мен оқу процесіне қолайлылық деңгейі бағаланды. Жатақханалардың санитарлық тазалығы, жуыну бөлмелері мен асханалардың жағдайы тексерілді. Қауіпсіздік талаптары бойынша өрт қауіпсіздігі, алғашқы көмек көрсету құралдарының қолжетімділігі мен басқа да қауіпсіздік шаралары қарастырылды.
Студенттердің өзіндік пікірі мен толғандыратын сұрақтарына ерекше назар аударылды. Мониторинг барысында студенттермен кездесу өткізіліп, олардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Студенттерге ұйымдар мен студенттік омбудсмен туралы ақпарат беріліп, байланыс құралдары көрсетілді.
Назерке Жасұланқызының айтуынша, мұндай мониторингтер студенттердің өмір сүру жағдайларын жақсарту және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде өткізіліп отырады. Жатақханаларда анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.
Қызылорда облыстық студенттік омбудсмені Назерке Жасұланқызы: «Біздің мақсатымыз - студенттердің өмір сүру жағдайларын жақсарту, олардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Студенттеріміздің пікірлері мен ұсыныстары біз үшін өте маңызды.»