» » БЕКЗАТ БОЛМЫС ИЕСІ ХАҚЫНДА

БЕКЗАТ БОЛМЫС ИЕСІ ХАҚЫНДА

Қазақ «Өлді деуге бола ма, өшпейтін із қалса» деп тәмсілдейді. Бүгінгі жазба жалған мадаққа жалданбай, арзан атаққа алданбай жалғаннан жарқылдап өткен жан – Қуаныш Жәнібеков туралы болмақ. Шынында да, кейіпкеріміздің бақиға бет түзегеніне көп жыл өткенімен, өмірде салған ізі әлі күнге дейін жадымызда жаңғырып тұр. Ағаймен таныстығымыз сонау өткен ғасырдың орта тұсында басталған еді. Ол – адамдықтың көйлегін кірлетпеген, адалдықтың ақ туын құлатпаған бекзат болмыс иесі.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары еді. Отандық қаржы жүйесі жұмысын енді бастап жатқан. 1921 жылдың тамыз айының 21-де республиканың Қаржы халық комиссариаты туралы ереже бекітіліп, аталмыш ереже республиканың қаржы органдарының құрылуы мен дамуына аса маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ халық комиссариаттарының және оның жергілікті құрылымдарының міндеттері мен мақсаттарын да белгілеп берді. Осыған байланысты елімізде мемлекеттік, қоғамдық және әртүрлі жеке салалардың шаруашылық қызметтеріне қаржылық бақылау жұмыстарын, мемлекеттік қаржының жұмсалуы мен бюджеттің орындалуы туралы есептерге бақылау жүргізуді аудандық қаржы бөлімі атқаратын. Мұндай маңызды жұмысты межесінен асыра орындау кез келген адамның қолынан келе бермейтін. Бұл жауапкершілікті ұзақ жылдар бойы аудандық қаржы бөлімінде аға бақылаушытексеруші қызметінде болған Қуаныш ағайымыз атқарған.
Қуаныш Жылқыбайұлын қаржы бақылау саласының алтын көмбесі деуге болады. Себебі бұл кісі бюджет қаржысын, материалдық игіліктерді көзінің қарашығындай сақтай білді және келешек ұрпақтың ел игілігі үшін жұмсауына үлгі етіп кетті. Ағамыз өз саласының білгір маманы ретінде кәсібилігімен, білімділігімен, адалдығымен, қарапайымдылығымен қаржы саласының қалыптасуына қайталанбас ізгі жол қалдырды, облыс, аудан экономикасының ілгерілеуіне аянбай қызмет етті. Аға буынның даңқты жолын жалғастыру, олардың жетістіктерін көбейту – жас қаржыгерлердің борышы. Қаржы бөлімдерінде ардагерлерді құрметтейді және еске алады. Ел экономикасын өркендету жолындағы еңбек әрбір қаржыгер жұмысының негізгі қағидаттарының бірі болып табылады және бұл дәстүр бүгінгі күні де жалғасуда.
Қуаныш Жылқыбайұлының қайраткерлігімен қатар, адамдығын һәм адалдығын қоса айтқан жөн. Кісіге қарсы келіп көрмеген, мінезі жайдары болатын. Ол еңбекқорлығымен, кішіге де, үлкенге де құрметпен қарай алатын, жаспен жастай, қариямен үлкендей тілдесе кететін қасиеттерімен ерекшеленетін. Осындай асыл болмысымен елге сыйлы, халқына құрметті бола білді.
Биыл қаржы саласының ардагері Қуаныш ағайымыздың туғанына 100 жыл толды. Қуаныш ағайымыз бен Ұлжан апайымыз ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ардақты әке мен аяулы ана. Ұрпақтарына ата-анасының өнегелі еңбек жолдарындағы жақсы жетістіктері жұғысты болсын, ел үшін еңбек еткен ерлерін елі ұмытпайды демекпіз.
Зере МЕТЕРОВА,
қаржы саласының ардагері
12 қараша 2024 ж. 221 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031