» » Баланы сабақ оқуға қалай ынталандырамыз?

Баланы сабақ оқуға қалай ынталандырамыз?


«Мына бала сабақ оқымайды. Не істерімді білмеймін» деген сөздерді қыркүйек басталғалы жиі естіп жатамыз. Дәл осы уақыт 1-сыныпқа барған бала мен олардың ата-анасына стресс айы десек те болар. Бала үшін бұрынсоңды болмаған орта, мүлде айналыспаған істер, жаңа режим мен бас қатыратын білім, түсіну қиын тапсырмалар… Ал ата-ана үшін баласының жаңа қылығы, қызығы мен шыжығы басталады. Бірге отырып үй тапсырмасын орындаудың өзі бөлек бір шаруа.
Қазіргі заман баласын бір дүниеге қызықтырып, сабаққа ынтасын, қызығушылығын ашу оңай шаруа емес. Сондықтан мұғалімге де, ата-анаға да біріншіден, сабырлық керек. Дегенмен баланың оқуға, білімге, сабаққа деген ынтасын тудыратын мұғалім мен ата-ана екенін ұмытпаған жөн.
Қарым-қатынастағы қиындық
Әрбір оқушы мұғалім мен сыныптастарынан екіжақты қысымды бастан кешіреді. Мұғалім бұрын-соңды мүлде үйреншікті болмаған жаңа тәртіпке бағындыруға күш салады. Ата-анасының ықыласы мен назарына тойып өскен бала ұстаз алдында көптің бірі ғана болып қалғанына көнгісі келмейді. Олар өздерінің «жаңа өмірлерінде» кім қандай рөл атқаратынын оқу жылының алғашқы күндерінен бастап-ақ анықтауға кіріседі. Бала бірден басты рөлдердің бірін ала алса, жақсы. Ала алмаса, күресуге, тартысуға, кейде жеңілуге, жеңілісін мойындауға тура келеді.
Иә, 1-сынып оқушысы үшін күніне бірнеше сағаттық ақыл-ой еңбегі қиынға түседі. Әсіресе, жаңа тақырыпқа, үй тапсырмасына зейінін шоғырландыру өте қиын. Бірақ сабақ күнделікті жалғасатын процесс болғандықтан, үнемі назар аударуды қажет етеді. Егер ата-ана ақпаратты қабылдауға үйретпесе, аз сөйлессе және сұрағына назар аудармаса, баланың «оқымаймын» деген байбаламы көп күттірмейді.
Бармаймын деп байбалам салады
«Баламның сабақ оқығысы келмейді». Бұл әрбір ата-анаға таныс жағдай. Егер бала сабақ оқығысы келмейтінін ашық білдірсе, оған бірден ашуланып, ұрысудың, көңілді түсірудің қажеті жоқ. Ең алдымен сабаққа деген қызығушылықты қалай туғызуға болатынын, баланың не себепті сабақ оқығысы келмей жүргенін анықтау керек.
Оқушының сабаққа деген ынтасының жоғалуының бірнеше себебі болуы мүмкін. Бұл – баланың жас ерекшелігіне де байланысты. Мәселен, мектеп табалдырығын енді аттаған бала мен бастауыш мектепте оқитын немесе жасөспірімнің арасында айтарлықтай айырмашылық бар екені белгілі. Демек, 7-13 жас аралығындағы балалардың сабаққа деген қызығушылығының жоғалуы қарапайым жалқаулыққа қатысты болуы мүмкін. Ұйқысын, ойынды қимай, сабаққа барғысы келмейтіндер болады. Ал енді жеткіншектер арасында телефонға телміріп немесе достарымен қыдырып, серуен құрып сабаққа баруға құлықсыз болып жатады. Мұндағы қорытынды мәселені шешпес бұрын оның неден туындап отырғанын анықтау маңызды.
Уақыт өте келе адамның қызығушылығы өзгеріп, құндылықтарының маңызы жоғалатыны секілді балада да осындай жағдай қайталанады. Бала кездегі ойыншық, қуыршақтарды белгілі бір жасқа келгенше ойнаса, арада біраз уақыт өткен соң, олардың орнын телефон, планшет алмастырады.
Сабыр сұраған ата-ана
Әр баланың оқу-білімге деген ықыласы, қызығушылығы, шамасы әрқилы. Кейбірі тумысынан оқымысты, айтқанды қағып алады, бір білгенін ұмытпайды. Енді бір балаларға мектептен әйтеуір бірдеңе үйреніп шығу үшін ата-анасының көмегі керек. Осы орайда атаана да бала алдындағы жауапкершілігін сезініп, оның тұлғалық даму сатысында жетелеп отыруы тиіс.
Иә, ата-ананың бір күндік шаруасы онсыз да бастан асатынын түсінуге болады. Бірақ баланы қадағалауды маңызды шаруаның қатарында қоса ала жүру керек. Егер ата-ана жастайынан баланың не істеп жүргеніне мән бермей, сабағын қадағаламай, оны қараусыз әрі елеусіз қалдырса, мұның арты баланың өзіне сенімсіз, жауапкершілігі жоқ, білімсіз болып өсуіне әкеп соғары түсінікті. Баланың кішкентай кезінде алып жатқан тәрбиесі, білімі ертең өзіне азық боларын ойлауға өресі жетпейді. Сондықтан бала ес біліп, жұмысқа бейімделіп, білім алудың керек екенін түйсініп, өзімен-өзі болғанша оның әр ісін қадағалауда ұстап, мотивациялап отыру керек. Бұл істі жауапты әрі салмақты санаған әке-шеше баласының болашағынан зор үміт күте алады.
Сыйақы беру дұрыс па?
Бала өз-өзіне мотивация бере алмайды. Оған әрдайым ата-анасы, ұстаздары, жақын адамдары қолдау білдіруі керек. Ал бізде ата-аналар не істейді? «Сабағыңды оқысаң, телефон көрсетемін, ақша беремін» деп шабыттандырған болады. Әсілі бұл әдіс баланың оқуға деген құлшынысын арттырмайды.
Балаға сабақтан жақсы баға алғаны үшін ақша беру дұрыс па? Бұл сұрақ төңірегінде адамдар екіұшты көзқараста. Себебі, оны дұрыс санайтындар да, оған қарсы шығатындар да көп. Көп психолог пен мұғалім балаға баға үшін ақша беруді дұрыс деп санамайды. Олардың айтуынша, мектепте оқу – баланың міндеті. Егер оның сабақ оқуға мотивациясы болмаса, ата-ана оны «сатып алуды» шешеді. Бірақ ол уақытша ғана әсер береді. Бастапқыда жақсы нәтиже болады, бала қуанады және «ойынға» беріледі. Ескертусіз үй тапсырмасын орындайды, жақсы баға алып келеді. Дегенмен бір күні балада сабақта түсініксіз жағдайлар орын алуы мүмкін. Мәселен, тақырыпты түсінбейді, мұғаліммен сөзге келіп, бұл «ойыннан» шаршайды. Сөйтіп, қаржылық мотивация жұмыс істемей қалады. Бала «ақша болмай-ақ қойсын, есесіне, ешкім сабақ оқуға мәжбүрлемейді» деп ойлай бастауы мүмкін.
Былай қарасақ, ақша балаға үлкендерге сияқты керек емес. Балада міндетті шығындар жоқ, сондықтан олар «жалақыдан» оңай бас тарта алады. Сондай-ақ тағы бір нәрсені ескеру керек. Баға үшін ақша берген кезде бала бағаны – ең маңызды нәрсе деп қабылдайды. Ол тек баға үшін тырысады. Бұл үшін бәріне баруы мүмкін. Мысалы, өтірік айтуы, мұғалімін көндіруі мүмкін. Осылайша білім алуға деген дұрыс емес қарым-қатынас қалыптасады. Кей психологтар егер балаға қаржылай сый бергіңіз келсе, оны тоқсан сайын немесе жыл біткенде беруге болатынын айтады.
Мәселені қалай шешуге болады?
Ең бірінші кезекте балаға білім алудың қаншалықты маңызды екенін түсіндірген жөн. Одан соң уақытты тиімді пайдалануды үйреткен дұрыс. Балаға үй жұмысының басқа жұмысқа қарағанда маңызды екенін айтып, телефон, теледидар, ойынға тек бос уақытта көңіл бөлуді үйрету керек.
Баланы қинап оқытудың қажеті жоқ. Уақыт өте келе бала сабақтан қашып, мүлдем оқуға деген ынтасын жоғалтып алуы мүмкін. «Сабақ оқы!» деп бұйырып, бөлмеге қамап оқыту сияқты әдістерді қолдану тиімді емес. Себебі қысым мен айқай оның оқу үлгеріміне әсер етуі екіталай.
Демалыс туралы да ұмытпау маңызды. Әрине, есеп шығарудан, кітап оқудан бала жалығатынын түсіну керек. Жалпы адамның миы бір мазмұндағы ақпаратты екі сағаттан артық қабылдай алмайды.
Келесі кезекте араласатын ортасына мән беруіңіз тиіс. Баланың достары мен сыныптастары сабаққа баруды ұнатпайтын болса, сіздің балаңыздың да оқуға деген ынтасының жоғалуы ғажап емес. Себебі орта – әдет пен жүріс-тұрыс, мінез-құлыққа қатты әсер етеді. Бұл жағдайда баланың өзімен сөйлесу артық етпейді.
Түйін Білім алу – бұл таңнан кешке дейін кітапқа шұқшиып, жазылғанды жаттап алу емес. Ол – берілген ақпаратты түсініп оқу, сүзгіден өткізу, өз қабілет-қарымына қарай керегін алып, керек емесін өткізіп жіберу сынды күрделі әрекеттен тұрады. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің «Оқығанды көңілге, ықыласпен тоқыңыз!» деген жырының түпкі мәні терең. Алған білімін көкірегіне түйіп, одан өзіне бір сабақ алмаса, құр жаттап алған білімнің баланың болашағы үшін ешқандай маңызы жоқ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
26 қыркүйек 2024 ж. 195 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 009

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031