Балмұздақ жайлы білгіңіз келсе...
Балмұздақ – жылдың кез келген маусымында кез келген жастағы адамның жалықпастан жеуге болатын дәмді тағам. Сүттен дайындалған балмұздақта А, В, Д, Е, ал жеміс-жидектен жасалған балмұздақта С витаминдері мол болады.
Кейде ол диеталық тамақ орнына да жүреді. Бірсыпыра ғалымдар оны асқазанның қан тамырларын тарылтып, тері түтіктерін кеңейтеді деп есептейді. Алайда балмұздақта май да, барынша сіңімді қанттектер де көп. Балмұздақтың ең калориялы сорттарының бірі – «пломбир». Ол Францияның Пломбир қаласының атымен аталған. XVIII ғасырдың аяғында осында балмұздақтың нақ осы сортын жасау алғаш игерілген екен.
Балмұздақтың пайдасы туралы жоғарыда атап өттік. Бүгін осы тәтті тағам жайындағы сіз естімеген ең қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз.
Тарихшылардың айтуынша, балмұздақ осыдан 5000 жыл бұрын пайда болған. Б.з.д 3000 жылдары Қытайда дастарханға апельсин, лимон, анар кесінділері араластырылған қар мен мұз қойылатын болған екен.
Ресейде сүтті мұздатып дастарханға қою – ежелден келе жатқан дәстүр. Олардың сүзбені, қаймақты мұз қылып қатырып, жүзім мен қант қосатын тағамдары кең сұранысқа ие болып келеді.
Жаз мезгілінде әлем бойынша әрбір үш секунд сайын балмұздақ сатылады екен. АҚШ-та жыл сайын әрбір азамат орташа есеппен 20 келі балмұздақ сатып алады.
Әлем халықтарының ең сүйіп жейтіні – кілегей балмұздағы, одан кейінгі орында шоколад және жеміс балмұздағы тұр. Бәрімізге жақсы танымал «Эскимо» алғашында «эскимо-пай» (эскимос бәліші) деп аталған. Бұл – шоколадпен безендірілген әлемдегі тұңғыш балмұздақ. Оны жасап шығарушы – Кристиан Нельсон есімді америкалық азамат. Ол өз балмұздақтарын қала аралап сатып, эскимостар туралы фильм көрсетіп жүрген екен.
Венесуэллалық Coromoto атты балмұздақ-кафесі өз келушілеріне 709-ға жуық балмұздақ түрін ұсынады. Бұл әлемде ешбір жерде жоқ көрсеткіш. Ол жерден пияз, шошқа шыжығы, сәбіз, қызанақ, сыра, майшабақ, спагетти, сарымсақ, тіпті ащы бұрыш қосылған балмұздақтарды жеуге болады.
Ал балмұздақтан жасалған әлемдегі ең үлкен тортты Пекинде жасап шығарған. Торттың ұзындығы 3 метр ғана болғандығымен, салмағы 8 тоннаны құрайды. Балмұздақ торты – балалардың «Балмұздақ тауы» атты қойылымдарының құрметіне әзірленген екен.
Балмұздаққа қатысты қылмыс тіркелген десек сенесіз бе? Мұндай оқиға 2002 жылы Чилиде тіркелген. Полиция қызметкерлері шоколад балмұздағының ішіне кокаин тығып жасырып жүрген көше саудагерін әшкерелеген.
Әлемдегі ең қымбат балмұздақ нью-йорктық Serendipity мейрамханасында сатылады. Бұл мадагаскарлық ваниль толтырылып, жеуге жарамды алтын жапырақтармен және әлемдегі ең қымбат шоколадпен жабылған таитяндық балмұздақты жеукім-кімнің болсын арманы. Балмұздаққа қоса гарнир ретінде Парижден әкелінген экзотикалық жемістер беріледі. Ең бастысы, өзіңізбен бірге алып кетуге болатын алтын жалатылып, бриллиантпен безендірілген қасық ұсынылады.
Біздің елде де ерекше балмұздақ ұсынып жүргендер бар. Шымкент қаласындағы кондитерлік дүкендер желісінің бірі қымыз және шұбат қосылған балмұздақ сатады. Оның дәмін бір рет татып көрген тұрғындар дүкенге қайта айналып соғады екен. Осындай тан түрлі дәмге ие балмұздақтар өміріңіздің балдай болуына септігін тигізе берсін.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ