Бақылау сапаны күшейтеді
Жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов ауданға іс сапармен келді. Сапар барысында депутаттар аудан басшысы Жандос Еркінбекұлымен бірге елді мекендерді аралап, құрылыс пен инфрақұрылымға қатысты жобалармен танысты.
Алдымен Ақжар ауылындағы былтыр пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияның жұмысын көрді. 5 төсектік күндізгі емдеу орнында 14 медицина қызметкері тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетеді.
Мұнан бөлек депутаттар аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент-Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев» автомобиль жолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда аталған жол толығымен жөнделіп, белгілері орнатылып жатыр.
Көлік инфрақұрылымы ел өмірінде шешуші буын атқаратыны, орнықты орын алатыны ешқандай талас тудырмайды. Қазір ауыр көліктердің қарқынды қозғалысы әлденеше есе артқан. Осыған қарап-ақ жол шын мәнінде өмірдің өзегі, тірліктің қайнар көзі екенін байқауға болады. Өркениетті елдердің барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасына айрықша назар аударатыны сондықтан. Тақтайдай теп-тегіс жолдар барар жеріңе тез жеткізіп, ешқандай әуре-сарсаңға салмайды. Халық қалаулылары ел арасын байланыстыратын жол бірінші кезекте сапалы болу керек деді.
Одан кейін сенаторлар Жосалы кентінде аудан ардагерлері, Қоғамдық кеңес мүшелері, ҮЕҰ өкілдері, мәслихат депутаттарымен кездесіп, Парламент Сенатының VIII шақырылымының 2 сессиясында қабылданған заңдар туралы ақпарат берді. Жиын барысында қойылған сұрақтарға жауап беріп, қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Ал Төретам кентіндегі сапарында орамішілік газ тарту желілері жұмыстарымен және Ақай ауылындағы денешынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.
Қазіргі таңда Төретам кентінде жоба бойынша 79470 шақырым газ құбыры тартылып, 183 шаңырақ көгілдір отынның игілігін көріп отыр. 435 тұрғын техникалық шарт алуға өтініш тастаса, 428 тұрғынға техникалық шарттары табысталған.
Айта кетейік, аймақ басшысының қолдауымен өткен жылы Ақжар, Тұрмағамбет, Дүр Оңғар ауылдық округтерінде жаңадан дәрігерлік амбулаториялар салынып, ел игілігіне берілсе, Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал, Ақай ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендері, Жосалы кентінде «Руханият орталығы» мен кезекте тұрған тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға арналып 100 үй салынып жатыр. Сонымен қатар елді мекендерді газдандыру мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде.
Ерсін СӘДУҰЛЫ