Жолдағы апат немесе Қонақбай дәрігер
І
Өлке тарихына қатысты деректер жинастырып Қалдан ағайға жиі жолығам. Бірде, Сыр бойының батырбағылан, би-шешен, ығай-сығайлары жайлы әкесінен естіген қызықты әңгімесін аяқтаған соң:
– Бала кезімде бір дәрігер өміріме араша түсіп еді, – деп, ұмытылмас күндерді есіне алды. Қалдекеңнің өз анасынан толықтырып алған бұл оқиғаны оқырманға жеткізуді жөн көрдік.
ІІ
Мен Жалағаш ауданының бұрынғы Калинин совхозында (қазіргі Бұқарбай батыр ауылы) туып өстім. Әкем Ахметбай Алданазарұлы осы ауылда отыз жыл жылқы бақты. Көктем туа Қарақұмға көшетінбіз. Ол кездері совхозымыз негізінен жылқы мен түйе бағатын. Кейінірек ірі қарамен айналыса бастаған соң үш-төрт үйір жылқы, бір табын түйе шаруашылығын ұстап қалды. Совхоздың әл-ауқаты артқан сайын Қарақұмға түйемен көш түзейтін малшылар енді автомашинамен көшетін дәрежеге жеткен кез. Бірер үйір жылқы Сырда қалатын да, екі үйір жылқы (200 бас шамасында) және бір табын түйе Қырға шығатын. Қырдағы екі үйір жылқының біреуін Кенжеғұлдың баласы Байтаңат, біреуін менің әкем, Ақмолда ағай болса түйе бағатын. Осы үш үй жыл сайын орта көктемнен Қарақұмның Нұрасына жаз бойы жайлап, боқырау түсе Сыр бойына құлайтын.
Жылда бір табын түйе, екі үйір жылқы сәуір аяғына таман Қарақұмға айдап, бір жеті бұрын кетеді. Үйлерді бір аптадан кейін көлікпен көшіретін. 1964 жылғы мамырдың онына таман екі көлікпен үйлерді де көшіретін болып Төрехан Төлеуов ағайдың «үлкен штамповка» дейтін машинасына біздің үй мен Байтаңат ағайдың үйін, Даңмұрын ағайдың ГАЗ-53 көлігіне Ақмолда ағайдың үйін тиеді. Біздің үйге арналған машинаға киіз үй керегесін борттан көтере шығарып, ортасына адам отыратындай етіп тиесе, Даңмұрын ағайдың машинасына Ақмолда ағайдың үйін жайдақы, керегені шығармай тиеді. Екі машина Марал ишан арқылы жүретін болып, жолға шықтық. Екінші көлікке мен, Байтаңат ағайдың үйіндегі жеңгеміз Рабиға, анам Күләнда және Бибісара мен Ұлсара есімді қыз апаларым отырды. Даңмұрын ағайдың көлігіне ферма меңгерушіміз Жолдас ағай, Ақмолда ағайдың үйіндегі жеңшем Қант және Байтаңат ағайдың балдары Қалдан мен Қалмырза мінген. Түс ауа Қармақшыға барып, қыстақтың арғы шетіндегі дүкендерден сауда жасап әрі қарай жүріп кеттік. Анам маған аяқ қиім алған екен...
ІІІ
Біздің Қарақұмға жетер жер еш жерде жоқ шығар, сірә. Бұл өзі Құдай қарасқан өлке. Мұнда келсең уақыт пен кеңістікті бағындырған сиқыршы секілді ХХ ғасырдан ХV ғасырға бір-ақ түскендей күй кешесің. Кенттегі шатырлы, шыны терезелі, бөлме-бөлмеге жіктелген кесек там емес, кәдімгі байырғы қазақтың киіз үйі. Ас-тағам да табиғи өнімдерден. Жайылымнан қайтқан маңыраған сан қой дауысы естілгенде балалар алдынан шуласып шығар. Ұшы-қиыры жоқ көкжиекке созылып жатқан кең дала көрінісі ертегілер әлеміне жетелеп, жусанның жұпар иісін тереңдей тыныстаған сайын көкірек кеудең рақат сезімге бөлене бір жасап қаласың. Мұндағы шағын ғана ауылдың күнделікті іс-тірлігіне көз үйренген. Жылқышылар жылқыны селеуі бітік алқаптарға қыр асырса, түйекештер ащы тікенекті өсімдігі басым сортаң, тұздақ ойыс жағына ығысады. Жайылымнан төрт түлік мал оралған шақта ауыл тұрғындары түгелдей сыртқа шығып жайылымнан келе жатқан қой, желіндері ісіне селқос жылыстаған сиыр, мойындары иіліп маң-маң басқан түйе мен күндік байлаудан ағытыла ойнақтаған жабағы-құлын. Бақырауық бота мен маңыраған қойдың үніне енесін аңсаған қозы-бағыланның жамыраған у-шуы. Мөңіреген сиыр желініне бұзауын идірем деп қарбаласа жүгіріскен қатын-қалаш пен бала-шаға. Аракідік қамқоршы болған ер азаматтардың қалт шыққан дауысы. Көкке көтерілген көкала түтін мен қоңыр шаңлақ миласқан көп дауыспен бытысып араласа ауылдың күнделікті кешкі бұл тынысы мен тірлігі онша ұзаққа созылмай ел орнына қонғанша жалғасады да, екі кеш аралығында жым-жырт боп басыла, сап тиыла қалады. Жаздың қысқа түнінің жан тыныштық рахатына адаммен бірге төрт түлік мал да бөлене түспек. Ықтасын келіп төбе басынан торуылдаған жыртқыштарды сезген ауыл иттерінің үзік-үзік үрісі бұл маңда ауыл отырғандығын білдіреді. Мұндай түн тиыштығы құланиектенгенше жалғаспақ. Бұл тиыштық малшы ауылында рәббайда болып тұратын той-томалақ күндері бұзылатыны бар. Мұндай кездері ауылдан аулағырақ алтыбақан құрылып, таң атқанша тамаша ойын-сауық басталады. Алтыбақанда қыз-жігіттер тербеле ән шырқап, ақсүйек ойнаған жастардың күміс сыңғырындай алыстан шыққан шатты үндері естілмек. Желіккен бозбалалармен бірге Қалдан да араласа ойнақтап олай да бұлай жүгіріспек.
Сырдария ауданындағы былтырғы думанды той тоғыз жасар Қалданның көз алдында. Жылына бір рет дүрілдеп ұйымдастырылатын дәстүрлі той ерекше қызықты өткен-ді. Той десе қазақтың қу басы домалайды демекші, мұнда халайық көп жиналған. Сол тойға бұлар екі ат, екі түйеге мінісіп шыққан-ды. Әкесі түйе қомына теңдей артқан жүктің оң бүйіріндегі қаршынының алдыңғы жағына көрпе-төсек, артқы шетіне жастық жинастырып екі ортаға Қалданды отырғызған. Жол бойы қаршын аузынан басын қылтита жан-жағын тамашалады да отырды. Таңдайы кепсе торсықтағы қымыздан ұрттап-ұрттап, дорбасындағы жұдырықтайжұдырықтай құртын сорумен болды. Қарақұмның табиғатын жақсы білетін салт аттылар жай аяңға салып бірінен-бірі бөлек кезеңнен асып, шығыс-теріскей беттегі биік шыңға иек артты. Әкесі керуенді төтесінен тақыр, сортаң жерлермен бастап келеді. Сай-салалар аумағы, сол қапталдағы ащы ақтікенді сортаң, күн сәулесіне жалтырап шағылысқан оң қапталдағы тұзды алқап, биіктеу белестен соң жарқырап алда жатқан төмендегі бұлақ көлі төбе басынан алақанға салғандай сұлу көрініс беріп тұр. Осы ғажап көрініске көз тоймай тамашалағаныңда өзіңді әуеде қалықтап ұшып жүрген құстай сезінесің. Ойыстағы мөлдір бұлақтың сыбдырлап аққан суының мұздайлығы шекеңді жарардай-ақ. Мөлдіреген көлге жануарларды суғарған соң керуен көші қатарласа қайтадан сап түзеді. Бұлақ, суын көлге құйған сайын суы құмға сіңе бермек, суы құмға сіңген сайын және суын құя бермек.
Көштері жырақтағы тойға жеткенше жолшыбай малшыларға екі қонған. Бас-аяғы отызға жуық киіз үй және оншақты үлкен шатыр тігілген. Қырлы шалбар киген қызметтегі ірібасылар тойды жиналыспен ашып, жалынды, ұрандатқан сөздермен түрлі математикалық сандарды салыстыра шешендете жөнелгені бар. Реткезегімен тізбектеліп жетістіктер жарияланумен қоса кемшіліктер де айтылып жатыр. Озат малшылар жүлделі сыйлықтармен ду шапалақ қолпаштауымен марапатталуда. Ауылдың қақ ортасына аудандық мәдениет бөлімінің үгіт бригадасы перделі сахна тұрғызған. Сахна төрінде әншілер ән шырқап, бишілер мың бұрала би билеп, күйшілер күй тартысып жұрттың қошеметіне бөленіп жатса, қатарласа тізілген көшпелі саудасаттық автолаква дүкеншілері жұртпен қызу саудасын жүргізуде. Көгалда салмақ-салмағымен палуандар белдессе, әріректе арқан тартыс, гіртас көтеру, тағы да түрлі ойын түрлері өтуде. Қызылды-жасылды тойшылардың арасында форма киген милиция қызметкерлері қызуқанды қызбаларды тәртіпке шақырып жүрген жайы да бар. Концерт арты айтысқа ұласты. Той-думанның ең қызықты кезеңі әлбетте – бәйге. Атбегілер жүйріктерін жаратып, шабандозына соңғы ақылын қосуда. Сол жарыста көрші ауданның Күреңқасқа атты жүйрігі оқ бойы озып келген-ді...
ІV
...Анамның Қармақшыдан сатып әперген су жаңа тәпішкесін бірден аяғыма киіп алдым. Екі үй тиеген біздің машина баяулап жүреді де, жалғыз үй тиеген Даңмұрын ағайдың машинасы озып отырады. Қарақұмға қарай баратын көш болсын, жолаушы болсын Қойшытөбеде өз жеке кәсібімен отыратын Сұлтан деген кісінің үйіне соғатын. Өйткені, мұнда ағарған үзілмейді. Қыр асқан барлық жолаушы Қойшытөбеге аялдап қымыз, шұбат ішетін. Біздің көш те осында тоқтады. Барлығы аяқ суытып отырғанда үш бала ойнап жүрдік. Мен он жастамын. Байтаңат ағайдың Қалданы менен екі жас үлкен, Қалмырзасы бір жас кіші. Ағайынды екеуі, «сенің машинаң қалып қояды, біздікі озып кетеді. Сен біздікіне мін. Қызықтап баралық» деп, мені азғыра бастады. «Мақұл!» деп солар мінген машинаға мініп алдым.
Қант жеңшем бізбен жұмысы болмаған соң үшеуміз емін-еркін ойнап келеміз. Таскезеңнен асып Бошыбайға беттегенде түйе жүні салынған теңге ересектеу Қалдан ашамайға мінгендей мініп алып, «ой, мамық» деп дігідікдігідік секірді. Жылқы десе делебесі қозып кететін қазақ, бұндай ойынға сырт қарап тұрушы ме еді. Қалмырза да барып, «Ой, мамық! Рақат екен» деп, ойынға ду күлісіп, «тұлпарды» қолмен сабалап-сабалап «шапқылауда». Машина ызғып келеді. Үшінші кезек менікі болған соң теңге отыра қалып, «ой, тамаша...» дей бергенімде, адырдың бір дөңбегінен көлік селт еткенде сыртқа қарай мұрттай ұштым. Қасымдағылар машинаны төбесін тоқылдатып тоқтатқан. Кабинада отырған Жолдас ағай жол шетінде топырақ көміп кеткен жерден мені көтеріп алғанша арттағы көлік те жетіп үлгіреді. Сонда шешем, «ұшып кеткен сен екеніңді аяғыңдағы Қармақшы дүкенінен сатып алған тәпішкеңнен танығанмын. Машина тоқтар тоқтамастан қалай секіріп түскенімді де білмеймін» деген еді.
Сонан адамдардың бәрі абдырап қалған. Менде жан жоқ. Шешемнің және екі апайымның есі кіресілішығасылы не істерін білмей тұрғанда тағы бір көлік келіп тоқтапты. Ақ сақалды бір кісі келіп: «Бұл кімнің баласы еді?» деп тұр екен. Есін жиған анам: «Ахметбай деген кісінің баласы» дегеніне: «Ее, балаға бай кісі емес деп естіп ем. Сорлап қалған екен ғой» деген кезде, шешем талықсып кетіпті. Сәлден кейін есін жиса менің тамырымды ұстап отырған ақсақалға: «Ақ сақалды кісі екенсіз. Сіз баланы ұшықтап жібермейсіз бе?» деп өтініпті.
Бірге келе жатқан кісілер дереу су әкелген. Ол кісі суды ұрттап үш рет бүріккенде ышқына дем алыппын. Әлгі ақсақал: «Енді балаға ештеңе бола қоймас. Бір Алла жар болсын!» деп, өз жолымен кете берген. Бұл қармақшылық Саржан деген атақты аңшы екен.
Ұшықтаудан соң шамалы жан еніп анда-санда ышқына бір дем алады екем. Әрі қарай жылжып отырып Бошыбай құдығында отырған Жалағаш (қазіргі Далдабай ауылы) совхозының малшысы Мекебайға жетіппіз.
Көкем жылда Сайқұдыққа қоныстанатын Сарбас деген малшының үйінде тамақтанып, түнеп, қашан біздің үйлер келгенше сонда болады екен.
Біздер жолда келе жатқанда ұйықтап жатқан көкем түс көріпті. Түсінде Байтаңат ағай мені бір қараүлекке мінгізіп, «анау жылқыны былай қайырып жібер!» деп жұмсап тұр екен. Мен қараүлекпен жаңағы жылқыға қарай жортып барады екем. Көкем, «Әй, Қалдан! Алдың жар. Құлайсың. Қайт-қайт!?» деп, айқайлаған кезде ұйқысынан оянып кетіпті.
Шәйін демдеп отырған Сарбас әкенің әйелі Рабиға: «Аға, дауысыңыз қаттырақ шығып кетті ғой. Жаман түс көрдіңіз бе?» дегеніне:
– Ойпырмай! Жаман түс көрдім. Қалданым аман болса екен, – деген жауабына.
– Аха, «түс – түлкінің боғы» деген. Жаманшылыққа жорымаңыз. Далаға кетсін, – деп, ұсынған шәйін ішіп жарытпай, далаға шықса Байтаңат ағай құдықтан мал суарып жүр екен. Сорқұдық пен Сайқұдықты бөліп тұрған үлкен Қабақ төбе бар. Сол төбеден екі машина жаймендеп жылыстап келе жатқанын көріп: «Ойпырмай! Мыналардың жүрісі жағдайсыз екен. Балам аман болса екен!?» деп, құдық басынан көлікті күтеді.
Құдыққа жетпей тоқтаған көлік ішінен Жолдас ағай түсіп көкеме сәлем бере: «Аха, сабыр сақтаңыз!? Қалданды машинадан құлатып алдық» деп мән-жайды түсіндіреді. Көкем «Осындай бір жағдай болғанын сезіп ем. Баланы көрейін?!» деп, көлікке шығыпты. Жолдас ағай артынан демеп, екеуі мінеді. Хәлімді көрген көкем талықсып шалқасынан құлап бара жатқанында Жолдас ағай сүйемелдеп машинадан әупірімдеп түсіріп алады.
Осындағылар машинаны үй түсіретін жерге апарып Ақмолда ағайдың үйін тігуге кіріседі. Даңмұрынның машинасындағы жүкті жеделдетіп түсіріп, Қармақшыға дәрігерге жөнелтеді. Сарбас әкейдің үйінің көлеңкесіне масахана құрып мені жатқызады да, семіз бір қара қойды қазақы ырыммен айналдыра бастайды. Қой үш рет айналғанда бас жағыма тоқтап сарыпты. Мұны жақсы ырымға балап жаңағы қойға белгі салып, қоя береді.
Қалған кісілер үй тігіп басқа да тірліктерін атқара береді. Кешке таман Қармақшыға кеткен машинамен бірге жедел жәрдем көлігімен жеткен дәрігер «Баланың жағдайы мынадай деп маған айтпап еді. Әйтпесе бұған көмек беретін бір дәрімді ала шығатын ем» деп, өкінішін білдіргенінде, көкем «Шырағым, жас жігіт екенсің. Мына балам өз азабын тартып жатқанын көріп тұрсың. Адам болатын болса орнынан қозға, болмаса әуре қылма!?» депті. Сонда дәрігер «Аға, баланы алып жүрейік. Қолдан келген көмекті аямаспыз» деп, мені носилкаға салып, жедел жәрдем көлігі ішіндегі ілгішіне іліп жолға шығады.
Жедел жәрдемге әке-шешеммен бірге Жолдас ағай да мінеді. Таң ата Қармақшы орталығы Жосалыға кірген кезде машина алдынан мысық жүгіріп шығып жол ортасына тұра қала айбат шегіп, ізінше келген жағына кетіпті. Машинадағы дәрігер: «Аха, анау мысық алдымыздан өтіп кеткенде балаға кәдік еді. Келген ізімен қайта кетті. Ол тегін кеткен жоқ. Мына бала дертінің жартысын алып кетті» дегеніне, көкем «Рахмет інім, айтқаның келсін!» деп, алға жылжи беріпті. Шамалы жүрген соң бір кәрі әйел иінағашпен жол жиегіне аялдап бұларды өткізіп жібергенде «Аха, Құдай қаласа балаңыз сауығып кетеді. Ана әйел де баланың жарты кеселін алып қалды. Енді қауіп жоқ» деген дәрігер сол жүргеннен теміржол бойында бас сүйек түсіретін рентгенге мені ала кіріп, біршама уақыттан кейін күлімсірей шыға «Аха, рентген түсірілімін көрдім. Миы аман екен. Мен сонан қорқып келе жатыр ем» деп қуанышымен ортақтасыпты. Одан соң ауруханаға әкеп жатқызыпты.
Ауруханаға түскеннен кейін ішкі істер бөлімінен адамдар келіп тергей бастағанда «Баламның ойыннан тапқан кесапаты. Ешкімнен кінарат іздемеймін» деп қолхат жазып беріпті көкем. Әрі қарай дәрігерлер тиісті ем-домын жасай бастайды. Ол кезде ағайынның ауызбірлігі күшті кез. Мына жағы Қызылорда, Тереңөзек, Жалағаштан туыстар ағылып келіп игі тілектерін білдіріп жатса, Қармақшыда тұратын Әжімұқан әкенің, Кәрімбек, Бақтияр ағайлардың үйінен қонақ үзілмепті. Екі күннің бірінде мал сойылған сол үйлерден қонақ күтіліпті. «Әуелі Құдай, одан соң дәрігерлердің емі мен туысқандардың тілегінің арқасында аман қалдың» деп отыратын әке-шешем.
Бір күн шешем, бір күн көкем қасымда отырса, медбикелер тәуліктеп күзетіпті. Алған жарақатымның түрі ауыр. Басым ісіп кеткен. Екі көзім шарасынан сыртқа шыққан. Екі бұғанам паршалана ұсақталған.
Екі күннен соң үлкен шприці бар ұзын инесін сұғып, бұғананы қуалай енгізген кезде көкем «Қалқам, өлтірдің ғой?!» деп, дәрігердің қолына жармасқанда «Аха, бала осы жатқанында еттен ет кесіп алса да сезбейді. Бұл уколмен сынған сүйекті қалпына келтіріп ана бастағы ісікті осы бұғанаға алам. Ісік сынықтың желімі сөйтіп екі бұғананы қалпына келтірем» деп, уколын салған кезде қос бұғанам жұдырықтай боп ісіп шыға келіпті.
Ес-түссіз комада жатқан тоғызыншы күні, кезекте отырған медбикеге «Бүгін балада бір өзгеріс болуы мүмкін. Мұқият бол!» деп, тапсырыпты дәрігер. Сәске кезінде мен «Әбіләзи!» деп, бірге оқитын баланың атын атап тілге келіппін. Мұны естіген медбике палатаны аралап сүйіншілетіпті, «бала тілге келді» деп. Дәрігер тексерістен соң, «ертең тағы бір сөз қосуы мүмкін» деп ертеңгі кезекші медбикеге де, ықтиятта болуын тапсырыпты. Екінші күні «Әбіләзи құладым!» деппін. Бұны естіген бұл медбике де палата аралап сүйіншілетіпті. Сонымен мені қырық бір күн дегенде өз аяғыммен ойнатып әкем Сайқұдыққа алып қайтты.
V
Мені емдеген сол дәрігердің аты-жөні – Қонақбай Сыздықов. Ол кездері жиырма бес, отыздар шамасындағы жігіт болса керек. Медбикелердің есімдерін ұмытыппын.
Күзде елге көшіп келген соң Қонақбай ағайды жолдасымен және ата-анасымен Жалағаштағы үйімізге қонаққа шақырдық. Құрметтеп күтіп, шығарып саларда, көкем: «Қонақбайжан! Жалғызымнан аяйтыным жоқ. Осы балама атап қойған жорғам бар еді. Енді сен жаяу қайтпа. Соны саған мінгіздім. Қабыл ал!?» деген көкеме. «Аға, көп-көп рахмет! Сіз бердіңіз, мен алдым. Енді мына Қалдан балаңыз менің өкіл інім болсын. Қолымды қайтарды деп ренжімеңіз. Осы жорғаны ініме мен қайта мінгіздім. Кеуіліңізге рахмет!» деп, жорғаны маған қайта мінгізіп кетті.
Кейін ол кісіні Алматыға көшіп кетті деп естідік. Сонан соң қатынасымыз үзілді. Туысқандай жақын боп кеткен қос шаңырақ байланысы осылайша ажырап қалды. Маған екінші рет өмір сыйлаған Қонақбай ағайға рахметімді білдіре келе бала-шағасына аманшылық тілеймін. Бәлкім, осы мақала қолына тисе, өзі, иә болмаса ұрпақтары хабарласар ме екен, деген үмітім де жоқ емес» деп көптен бері көкейінде жүрген ішкі сырын толғаныспен ақтарып салды Қалдан ағай.
Марат ШӨМЕКЕЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі