Құмар ойын құлдығы: Заң қауқары қандай?
Кейінгі кезде елімізде құмар ойынға беріліп, зардап шегушілер саны артып бара жатқаны жасырын емес. Бұл ғасыр дертіне айнала бастады. Сарапшыларға сенсек, соңғы екіүш жылда елімізде букмекерлік кеңселер мен казинолар саны сегіз есе өсіпті. Ал олардан түсетін қаржы айналымы – жарты триллион теңгеге жақындаған. Мұндай жеңіл жолмен ақша табуға деген шектен шыққан құмарлық әсіресе, кешегі ел басына күн туған індет кезінде тепсе темір үзетін жігіттердің арасында өрбіген көрінеді. Соның кесірінен қаншама үміт үзілді, қанша тағдыр күйреді. Қаншама ата-ананы уайым басты. Шаңырақтар шайқалды, талай отбасы ойран болды. Расында, қоғам болып алаңдарлық жайт. Кінә кімнен? Себеп неден? Шешім бар ма?
Көп назарындағы құрдым Құмар ойын – адамның біліктілігіне қарағанда, сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Себебі құмар ойындардың заңдылығы да осында. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып, олжасын еселегісі келеді. Әйткенмен, стратегия бойынша, адам ақыры соңында қалай болмасын жеңіліске ұшырауы шарт. Барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы айым оңынан туады деген соқыр үміттің арбауында қалып, тоқтаусыз келе беретіндер де аз емес, тіпті көбейіп барады.
15 наурызда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияны «қауіпті кесел» деп атады. «Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді» деді Президент.
Сондай-ақ әскерде де құмар ойынға құмартқандардың қатары көбейген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов былтыр жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңес отырысында айтты. «Әскердегі қоқан-лоқы көрсетудің ар жағын зерттеп қарасақ лудомания тұр. Тіпті бөлімше командирі өздері ойынға кіріп кетеді де, қарамағындағы қарапайым сарбаздарды ұрып-соғып, үйінен ақша әкелуді талап етеді. Бұның барлығы – өмірде болып жатқан оқиға. Сондықтан Қорғаныс министрлігі бұл мәселеге жеке мән беруі керек деп ойлаймын. Министрлік өкілдері де осындай іс-шараларға қатысуы керек» деді Ринат Зайытов.
Мұнан бөлек, айналамызда түр әлпеті мен киім киісі дұрыс, әңгімесінен салмақты ой, патриотизм аңқитын, бірақ қарыз сұрап, жан-жағын мезі ететін адамдар көбейіп барады. Тіпті күнімен қара жұмыс істеп, кешке бар тапқанын ойын автоматына салатын кей жігіттерді білеміз. Адамды құрығына түсіру үшін айтқан сөзін жүрекке тигізіп, дегеніне жететін қабілетіне еріксіз таң қаласыз. Мұндай азаматтар ортамызда жүр. Сіз оны аңдамай да қалуыңыз мүмкін. Жалпы мұндай азаматтардың өзгелерді алдап-арбап мақсатына жетуі бір бөлек, осы ісі арқылы сенімге селкеу түсіріп, адамдарды қарапайым қиналғанға қол ұшын созатын қасиетінен айырып жатқандай әсерге қалдырады.
– Шыны керек, бұл – қоғам дерті. Оны шешу үшін кешенді шаралар қабылдануы тиіс. Құмарға берілген адамның бүкіл сана-сезімі соған тәуелді болып қалады, дұрысын айтқанда уақытын босқа өткізіп, жіпсіз байланады. Егер ол адамның отбасы болса, бүкіл жауапкершілігінен айырылып, соңында отбасының шырқы бұзылады. Бұл нағыз қасірет емес пе? – дейді кент тұрғыны Нұрбек Сабыров.
Бұл тақырып осы уақытқа дейін де көптің талқысында еді. Ал қазір су бетіне қалқып шығып, үкімет бақылауына көшті. Көпшіліктің бас уайымына айналған бұл мәселеге жуырда оң шешім шықты. Десе де, бұл дерт біздің қоғамға қашан, қайдан келді?
Тарихқа зер салсақ...
Құмар ойындардың тарихы ежелден бастау алады. Бүкіл әлемдегідей, көне Үндістанда да ертеде сүйек ойыны белгілі болған. Ол жайында «Бхавишья-пурана», «Махабхарата» қолжазбаларында деректер сақталған. Мәселен, осы кітаптардың бірінде сүйек ойынына берілген ханзаданың мал-мүлкінен, билігінен, тіпті әйелінен айырылғандығы хақында жазылған. Грек-рим тарихы да құмар ойындардың болғанын дәлелдеді. Ал немістерде жеңіліс тапқан ойыншы өз азаттығынан да айырылып, ортаға тігер ешнәрсесі қалмағанда, құл болып кетуге де барған деседі. Қытайда құмар ойындардың арқасында бүкіл бір армия қаржыландырылып отырған екен. 1700-1709 жылдары оның арқасында британ колонияларын тамақтандырған. Бірнеше жыл артқа салып, америкалықтар лотореяны білім беру жүйесіне пайдаланған. Бастапқыда тек сүйек лақтыру арқылы ғана ойналатын ойын 1423 жылдары картаға көшкен. Қазір де оның бірнеше түрі танымал. Құмар ойындардың дамуы кез келген адамның ойнау құқығы бар ғимараттардың іске қосылуынан басталды.
Оның кең етек жайғандығы соншалық, құмар ойындар турасында әдебиет пен өнер де құр алақан емес. Мысалы, Пушкиннің «Пиковая дама», Гогольдің «Ойыншылар», Лермонтовтың «Маскоде», «Шотоссе», Достоевскийдің «Ойыншы», Мандельштамның «Казино» сынды туындылары адам өмірінде құмарлықтың алатын орны жайынан сыр шертеді. Онымен қоймай, ХVІ ғасырдағы Виллем Дейстер, Жорж де Латур, Караваджолардың құмарлықтың тағдырға әсері хақындағы танымал картиналары да дүниеге келген. Ал бүгінде, даму қарқыны жоғары болып отырған құмар ойындар ойнауға болатын арнайы қалалар да бар. Олар ЛасВегас, Монте-Карло. Лас-Вегас – АҚШ-тың Невада штатында орналасқан. Ол әлемде ең үлкен ойын бизнесінің орталығы болып табылады. 80-ге тарта казино мен 1000-ға жуық ойын павильондары, күн сайын болатын шоу бағдарламалар мен ұтыстар қалаға ағылған туристер санын арттыруда. Моннако қаласы Монте-Карлода дәл осындай жағдай орын алған. Әйткенмен, бұдан бөлек әлемнің кез келген нүктесінде отырып ойнауға еркіндік берілген ғаламтор арқылы жүзеге асатын онлайн құмар ойындарын қолданатындардың саны тіптен көп. 1994 жылы Microgaming компаниясы ойлап тапқан платформаның арқасында онлайн түрінде құмар ойындарды еркін ойнауға болады. Ол әзірге дәстүрлі казинолармен теңеспесе де, қолданушыларға көп мүмкіндік туғызып отыр екен. Құмар ойындардың интернет арқылы жүзеге асатынынан бөлек бірнеше түрі ажыратылады. Олар: ойын автоматтары, букмекер орталықтары, лоторея, викториналар мен ұтыс ойындары, тотализатор, карта және казино. Ойын автоматы ең алғаш 1887 жылы Англияда ойлап табылған. Өз жұмысын ойыншы қаржысын аппаратқа салғаннан кейін ғана бастайды. Адамды қызықтыратын ең тартымды тұсы өміріңде жеңіп ала алмайтын, бос сандырақ «джекпот» екен.
Букмекер орталықтары – ақша тігу арқылы жүзеге асады. Әсіресе, спорт, саясат тұрғысынан жасалатын бәстердің негізінде пайда болған. Тотализатор – әсіресе, жануарлар қатысатын бәйгелерге бәс тігу арқылы жүзеге асады. Викторина, лотерея және ұтыс ойындарын – құмар ойын деп ойламауымыз да мүмкін. Десек те, күнделікті жеңіл жолмен ұтысқа кенелу әркімнің қалайтын дүниесі. Алайда, бұның да дерті бар. Құмар ойындардың бұл түрі 6 ғасыр бойы ойналуда. Карта – құмар ойындардың ең қорқынышты түрі. Соның ішінде покер деп аталатын түрі ойынханаларда үлкен сұранысқа ие. Аталған ойын түрінен күллі әлем танитын профессионалдар бар. Профессионал ойыншылар ойынхананы бизнес көзіне айналдырып, көлемді қаражат тауып отыр. Казино – Еуропада 1638 жылдан бастап ойналып келеді. Бертін келе Венецияда, 1765 жылдан Францияда кең етек жайған. Бұл құмар ойындарының барлығының жиынтығы, топтық құмарлық болып саналады. Жоғарыда айтылған құмар ойындардың әрбір түрінің айтарлықтай қаупі бар.
Таптырмайтын табыс көзі
Онлайн бәс тігу деген пандемия кезінде тіптен өрістеп кетті. Психолог Арай Каналбекова адамдардың сол бір сыртқы әлемнен бөлініп қалған кездегі іс-әрекеттерін «суға кеткен тал қармайдының» кері деп бағалайды. «Жұмыс та, сауда жасау да, көңіл көтеру де онлайн болған кезде адамдарға жеңіл ақшаның жолын ұсынушылардың айы оңынан туғанын жасыруға болмайды. Көбі үйлерінде отырып, уақыт өткізіп, жиған-терген ақшаларынан айырылды. Өйткені ол кезде ақша ұтқандардан ақшасын ұтқызғандар анағұрлым көп болды. Мәселен, сол кездің нақты бір айғағындай елорданың бір сауықтыру орталығында осындай ойын бизнесінен дертке шалдығып, ем алып жатқан 60-70 адамды білемін. Олардың жартысынан көбіне (80 пайызына) «лудомания» диагнозы қойылған. Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, мұндай адамдардың 90 пайызы өзінің тәуелділігін мойындамайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша лудомания ресми түрде психикалық ауру деп танылды. Сондықтан оған шалдыққандар мәжбүрлі түрде емдеуге жатқызылады» дейді ол.
Қазір елімізде 400 мыңға тарта лудоман бар делінеді. Олардың тең жартысынан көбі – жасөспірім көрінеді. Бір ойыншының қарызы орта есеппен 10 миллион теңге шамасында. Құмар ойыншының әр 10 жұбының 7-еуі отбасынан безгендер, яғни айырылысып кеткендер. Суицид, асылып өлу, ұрлық-қарлық, кісі өлтіру де осы лудомандар арасында көп кездеседі.
Ал лудомания – адам өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ рухани тұрғыда да әбден азғындатты. Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Олардың негізгі пациенттері – букмекерлік кеңсе ойыншылары. Қазір онлайн ойындардың құрбаны болғандар да өз қателерін мойындап, орталық қызметіне жүгінеді екен.
Емі бар ма?
Құмар ойыншы өзіне, айналасындағыларға ғана емес, мүлде бейтаныс жандарға да кесірін тигізеді. Көңіл-күйінің тез құбылмалылығы мен өзін-өзі ұстай алмауынан кез келгенге қол көтеріп, дөрекі сөйлеп, жеңілісінің өшін алуы мүмкін. Кейде ішімдікпен басып жатады.
Мамандардың айтуынша, адамдарға «лудоман» диагнозын қою үшін бірнеше белгілері сәйкес келуі керек екен. Оның айтуынша, қанағаттанбаушылық, жалғыздық, жұмыс істемей байып кету және психикалық дертке жақындығы бар адамдар «лудоман» қатарын толтыруы бек мүмкін.
Адам құмар ойынға тәуелді болар алдында бірнеше кезеңнен өтеді. Бастапқы кезең – жеңіс фазасы. Бұл кезде бірнеше рет асығы алшысынан түсіп, оңай олжалы болу деген ой санасын жаулап алады. Жеңіс фазасында бәс құны аз болғанымен, ойынға жұмсайтын ақша мен уақыт жылдам өсе бастайды. Бұл жеңіліс фазасына әкеліп соғады. Онда лудоман қарызға, кредитке ақша алады. Ақыр соңында белшесінен қарызға батып, жұмысынан да айырылады.
Мұның барлығы көңілсіздік фазасына келіп тіреліп, туған-туыстармен қарым-қатынасы нашарлап, отбасынан айырылады. Ойынға құмарлығы тоқтамаса, қылмыстық жолмен қаражат табу схемасы ойластырыла бастайды. Дер кезінде ем-дом шараларын бастамаса, дерт соңғы кезеңге жетеді. Шарасыздық фазасында науқас алкоголизм, наркомания дертін қосып қана қоймай, қамаққа алынып, өз-өзіне қол жұмсайтындай халге жетеді екен.
Психологтың айтуынша, лудоманияны емдеудің негізгі тәсілі – психотерапиялық методика. Науқастың емделіп шығамын деген ұмтылысы мен келісімі аса маңызды. Емдеу кезеңі қиын әрі көп уақытты талап етеді. Бойынан бірінші фазаның белгілерін байқаған адамға көмек пен қолдау қажет. Өйткені, білікті психолог пен психотерапевтке жолығып, топтық психотерапияға сеанстарына барған уақытта ғана нәтижеге қол жеткізеді екен.
Барлық дәрі-дәрмек тек емдеуші дәрігердің қатаң бақылауымен тағайындалады. Әрине, мұндай жағдайға тап болған құмар ойыншыны ең бірінші психологтар емдеп, ал тым тереңдеп кеткен, күрделі жағдайларда психотерапевтер мен психоаналитиктер араласады. Бір айта кетерлігі, Қазақстанда бүгінгі таңда бірде-бір мемлекеттік сауықтыру орталығы болмай тұр. Тек бұл түйінді түйткілмен айналысуға көмектесетін жекеменшік сауықтыру-оңалдыру орталықтары мен қоғамдық қорлар ғана жұмыс істейді.
Тағы бір айта кетерлігі, құмар ойынға салынған адамның өзімен ғана емес, отбасымен бірге жұмыс жүргізуі тиіс екен. «Тәуелділік – бір ғана адамның мәселесі емес, отбасының мәселесі. Тәуелді адамның өзін ғана емес, оның ата-анасын да емдеу қажет. Себебі емделіп шыққан адамның сол жолға қайта салынуына 70% ата-анасымен қарым-қатынасы әсер етеді. Алайда осы жұмыстардың нәтижелі болуы 99% емделушінің ынтасына, ерік-жігеріне байланысты. Емделушінің өз қалауы, ерік-жігері болмаса, құмар ойынына тәуелділік ешқашан емделмейді» дейді психолог Арай Каналбекова.
Заң қабылданды. Талап қандай?
Жуырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі.
Атап айтқанда, құмар ойындарға бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосылды.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.
Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді.
Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады.
Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде, спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
Бұл тыйымдар ойынға тәуелділіктен шыға алмай жүргендерге біраз көмек болары сөзсіз. Осы талаптың үдесінен шықпаған жандарды жауапты жаза күтеді. Бұл мәселе жалғыз Қазақстанда ғана емес, әлемде де бар. Мәселен, Қытай мен Ресей, Араб елдері рұқсат етілген арнайы аймақтан басқа жерде ойын бизнесіне тегіс тыйым салған. Сондай-ақ құмар ойындарды заңсыз жарнамалау үшін айыппұл мен бас бостандығынан айыру шарасын қолданатын елдер де бар. Мәселен, Сингапурде оның мөлшері 20 000 доллар болса, Ұлыбританияда 2 500 фунт стерлингке дейін айыппұл қарастырады немесе 51 аптаға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Біздің елде жуырда қабылданған Жаңа заңда да букмекерлік кеңселердің жарнамасын таратқан жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұлдар қарастырылған. Ал онлайн-казино ұйымдастырушылары екі жылға дейін бас бостандығынан айырылумен байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі бар.
Түйін Ата-бабамыз «Ойынға ойсыз құмар» деп дөп басып айтқан. Бабалар тарихына үңілсек, құмар ойнау деген ұғым қазақ танымында болған емес. Дінімізде де бәс тігуді құп көрмейді. Қазақ «тілсіз жау» деп өрт пен суды атаса, бүгінгі қоғам бейнесіне қарап, өз тұжырымымызда үшінші жау ретінде «Лудомания» дертін де қосуға болады. Бұл дерттің өрттен несі кем? Үнсіз келіп адами құндылықты өрттей жалмап, талай жастың ғұмырын жалындай шарпиды. Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс болып есептелетіні хақ. Соған қоса, ол қазақ қоғамының тамырын кесетін, қасіретті әрекеттің бірі. Тек қазақ қоғамы ғана емес, адамзаттың – індеті, дерті. Сондықтан әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білуді үйренсе дейміз. Үкімет тарапынан заң қабылданды ғой. Десе де, бұл жерде нәпсімен саналы түрде тоқтау болмаса бәрі бекер. Ойынға құмарту – өміріңді өз қолыңмен құрдымға жіберу. Таңдау – өзіңізде.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ