Жұлдызды қаладағы жарқын істер
Бүгінде «Байқоңыр» ғарыш алаңы әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы. Ғарыш алаңы ауданымыздың аумағында орналасқан. Іргесі 1955 жылы қаланған. Байқоңыр қаласы жалға алу жағдайында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі болып табылады.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында, халықпен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде жеке қабылдаулар және құқық қорғау органдары басшыларымен қоғамдық қабылдаулар өтуде. Онда келушілермен көтерілген мәселелері жіті бақылауға алынып, тиісті сала басшыларымен заң талаптарына сәйкес жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда Байқоңыр қаласында 57,4 мың адам тіркелген, оның ішінде 40,6 мыңы Қазақстан Республикасының, 15,5 мыңы Ресей Федерациясының және 1,4 мыңы басқа мемлекеттердің азаматтары. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 2,3 пайызды құрайды.
Бұл жерде айтып өтетін басты мәселе, қалада өндіріс орнының болмауына және кәсіпкерліктің әлсіз дамуына байланысты жаңа жұмыс орындарын құруда қиындықтар тууда. Осы орайда қалада жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде көрсетіледі. Өткен жылы тұрақты жұмыс орындарына 385 адам жұмысқа орналастырылды. 2024 жыл басынан 124 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыған 50 тұрғынға 69 млн теңге сомасына өтеусіз грант берілді. Негізінен мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, шаштараз қызметі, шағын типография ашу, жартылай фабрикант өнімдерін дайындау және т.б. қызметтерге бөлінді. Сондай-ақ, «Жасыл ел» жобасы аясында осы жылдың маусым-тамыз айларының аралығында маусымдық жұмыстарға жастар қатарынан 170 адам қамтамасыз етілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын таппақ.
Өз кезегінде Қызылорда облысының әкімдігі РФ жалға алған «Байқоңыр» кешенінің объектілерін жалдық құрамнан шығару және әлеуметтік қамсыздандыру мен кәсіпкерлік объектілерін ашу үшін Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізуде.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру және негізсіз көтеруге жол бермеу мақсатында жыл сайын Байқоңыр қаласының аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтуде. Жыл сайын Қазалы, Арал және Қармақшы аудандарының шаруа қожалықтары мен «Байқоңыр» ӘКК-ның тауар өндірушілерінің ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өтуде. Өнімдер нарықтық бағадан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылуда.
Білім саласына келсек, қалада 12 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 5-еуі қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс жасайды. Оқушылардың жалпы саны 8 477. Оның ішінде Ресей Федерациясының мектептерінде 3 179 оқушы, оның ішінде 1 282 Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстан Республикасы мектептерінде 5 298 оқушы оқиды.
Бұдан бөлек, қаладағы қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс жасайтын 5 мектепте жоғары сынып оқушыларына «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы», «Полицияның жас қызметкерлері» және тағы басқа мектеп жоспарына сәйкес үйірме, орталық жұмыстары ұйымдастырылған.
Айта кету қажет, Байқоңыр қаласының ерекше статусына байланысты туындайтын өзекті және проблемалық мәселелер «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясында қаралды.
Қазіргі таңда, Байқоңыр қаласы әкімшілігіне қарасты М.Янгель атындағы №7 орта мектебінде аталған пәндер факультатив ретінде оқытылуда (54 оқушы, аптасына 1 рет). Басқа мектептерге аталған пәндерді оқыту бойынша облыстық білім басқармасымен жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, сәуір айында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапарының нәтижесімен «Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының 2023-2026 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша жол картасы» бекітілді. Жол картасымен жалпы 29 іс-шара бекітілген, атап айтқанда, Байқоңыр қалалық білім бөлімін, балабақша, қосымша білім беру орталығын ашу, жайлы жағдайдағы 600 орындық мектеп салу және тағы басқа.
Қазіргі таңда жол картасын іске асыру мақсатында құрылыс нысандарына жер телімдерін белгілеу бойынша шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының білім стандарттары бойынша 3 балабақша жұмыс істейді, онда 685 бала тәрбиеленуде. Қалада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының санын арттыруда 2 нысан жалдан шығарылып, нысандар негізінде облыстық білім басқармасымен өткен жылы балабақшалар ашылды. Балалардың жалпы саны – 2972. Оның ішінде Ресей Федерациясының балабақшасында 2114 бүлдіршіндер, оның ішінде 1420 Қазақстан Республикасы азаматы, Қазақстан Республикасы балабақшасында 858 бүлдіршіндер тәрбиеленуде. Осы орайда, қаладағы қазақстандық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 3-тен 5-ке дейін жетті. Осы нысан негізінде шілде айында 2023-2024 оқу жылдарында тағы да бір балабақша іске қосылады.
Қазақстандық стандарт бойынша білім беру ұйымдарының санын арттыру бойынша жұмыстар одан әрі жалғасын табатын болады, ағымдағы жылы жалдан шығарылған нысан негізінде балабақша ашу жоспарлануда.
Денсаулық сақтау саласы бойынша мемлекетаралық келісімге сәйкес, Байқоңыр қаласында қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдар қызмет көрсетеді. 2016 жылдан бастап Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы жұмыс жасайды. Мекемеде 105 стационарлық орын (күндізгі стационар – 65 орын) бар, жалпы ауруханаға 42 148 тұрғын тіркелген. Оның ішінде Байқоңырда – 28843 адам, Ақайда – 4693 адам, Төретамда – 8612 адам. Ауруханада 598 қызметкер жұмыс жасайды, оның ішінде 88 дәрігер, 323 медбике, 85 аяжан, 102 әкімшілік қызметкер еңбек етеді.
Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасының құрылымдық бөлімшелеріне келсек, Төретам ауылдық емханасы (10 төсектік күндізгі стационар), Төретам ауылдық ауруханасы (25 төсектік күндізгі стационар, Ақай ауылдық дәрігерлік амбулаториясы (5 төсектік күндізгі стационар) жұмыс істейді. Аурухананың материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, қазақстандық азаматтарға барлық қажетті медициналық көмектер көрсетілуде.
Қалада гемодиализ орталығының қызметіне жүгінетін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында, жеке кәсіпкермен келіссөздер нәтижесінде, Байқоңыр қаласындағы көпбейінді ауруханасында өткен жылдың желтоқсан айында гемодиализ орталығы ашылды.
Қазір қалада көпқабатты 351 үй бар (оның ішінде 9 үй тоғыз қабатты). Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен 2019 жылы 30 жылда алғаш рет «Нұрлыжер» бағдарламасы аясында бес 50 пәтерлі тұрғын үй салынды және барлық пәтерлер қала тұрғындары, Қазақстан азаматтары арасында бөлінді. Жаңа 7 «А» мөлтек ауданы құрылды.
2021 жылдан бастап Байқоңыр қаласының 7 «А» мөлтек ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 50 пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы екіжақты келісімге сәйкес бұл желілер жалға алынып, облыстық коммуналдық меншікке берілді. «Байқоңыр қаласында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта құру және жаңғырту» жобасы аясында кәріз желілері қайта жаңартылды. Аталған жұмыстарды жалғастыру үшін 2024 жылға 500 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы тұрғын үй қоры мен инфрақұрылым жүйелеріне тексеру жұмыстары жүргізілді. Тиісті жұмыс тобы құрылып қала әкімшілігімен бірлескен инфрақұрылым жүйелеріне тексеру жүргізілді.
«Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге сәйкес қалада барлық көппәтерлі тұрғын үйлер (351 үй) газға қосылды. Бұл табиғи газдың қолданыстағы тарифін 16 есеге төмендетіп, облыс бойынша қолданыстағы көрсеткішпен теңестірді.
Қаланың жылу электр стансасы қымбат мазутта жұмыс істейді, бұл тарифтерге әсер етеді. Қазіргі уақытта қала әкімшілігі «Байконырэнерго» өндірістік-энергетикалық бірлестігі жылу электр станциясын мазуттың негізгі отынынан табиғи газға ауыстыру бойынша жұмыс жүргізуде. Жылу электр стансасын газдандыру бойынша жұмыстар кешенін 2027 жылы аяқтау жоспарлануда.
ЖЭС-ті табиғи газға ауыстыру қала мен ғарыш айлағын ЖЭС-те өндірілген арзан жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, өйткені ыстық су өндіру және табиғи газды пайдалану арқылы жылумен жабдықтау құны мазутты пайдаланудан әлдеқайда арзан. Қала жалға беру жағдайында жұмыс жасайтын болғандықтан, ұлттық құндылықтарды насихаттау және дәріптеу мәселесіне аса мән берілуде.
Өткен жылдың қазанынан бастап қалада «Қызылорда» телеарнасының корреспонденттік пунктіні ашылды. Ендігі кезекте тілшілер қаладағы маңызды оқиғалар мен өткізіліп жатқан іс-шараларды облыс көлемінде насихаттайтын болады. Бұдан бөлек, қалада мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру облыс әкімдігінің тікелей бақылауында.
Облыс әкімі мен Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысымен «Байқоңыр қаласының жастарын қолдау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілді. Кешенді жоспар аясында жыл көлемінде бірлескен мәдени-көпшілік, спорттық шаралар, тұрақты түрде облыс жастарын зымыран ұшырылымына және ғарыш айлағына экскурсияға әкелу, Байқоңыр жастарын Қызылорда қаласына экскурсияға апару және тәжірибе алмасу бойынша ауқымды шаралар жүргізілуде.
Ұлттық құндылықтарды насихаттау және дәріптеу мәселесінде ең басты жағымды жаңалығымыз, бұл Республика күніне орай қаланың бірқатар көшелеріне қазақтың ұлы тұлғаларының есімдерінің берілуі.
Бұдан былай қаладағы «Авиационный» көшесі даңқты әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының, «Гостиничный проезд» көшесі Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың, «Внутриквартальный проезд» көшесі қазақтың тағы бір қаһарман қызы, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың атымен аталады. Сондай-ақ ұзын көшелердің бірі – «Набережная» көшесі Қорқыт ата атындағы жағалау болып өзгерді.
Жұлдызды қаладағы көшелерінің қазақшалануы – тарихи оқиға. Жергілікті халық бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдады. Бұл маңызды үрдіс одан әрі жалғасын табатын болады.
Қоғамдық құндылықтарды жаңарту және Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жағдайында ақпараттық материалдарды визуализациялауға үлкен мән беру қажет. Тарихи, саяси және әлеуметтік құндылықтарды білдіретін ақпаратқа, сондай-ақ жаңа Қазақстанның дамуы шеңберінде қазақстандық қоғамдағы өзгерістерге қол жеткізуді қамтамасыз ету орынды.
Халықты Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі аспектілері, алдағы маңызды оқиғалар туралы ақпараттандыруда облыс әкімдігі қала аумағында ақпараттық баннерлер орналастырды.Сонымен қатар, қалада қазақстандық барлық ұлттық және мемлекеттік мерекелер де жоғары деңгейде аталып өтуде.
Жыл басынан бастап қаламызда республикалық және облыстық деңгейде бірнеше шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 12 сәуір – Дүниежүзілік авиация және ғарыш күніне орай мерекелік іс-шаралар өтті. Мереке күні қалада ғарыш саласының қызметкерлері, ардагерлері мен тұрғындарының қатысуымен мерекелік салтанатты шара өтілді.
Оған қатысушылар Юрий Гагарин мен ғалымконструктор, КСРО Ғылым Академиясының академигі Сергей Королевтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар, велоспорттан Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізілді. Қазақстан Республикасы Спорт және туризм министрлігі мен Ресей Федерациясы спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру саласындағы екіжақты келісіміне сәйкес және 12 сәуір – Космонавтика күніне орай жастар арасында велоспорттан Қазақстан Республикасының чемпионаты жарияланды. Жарысқа көршілес Ресей, Қырғызстан және еліміздің түрлі өңірлерінен 200-ге жуық спортшы қатысты. Чемпионаттың 1 кезеңі – жасөспірімдер арасында 50 шақырым, арадагерлер арасында 40 шақырым, әуесқойлар арасында 20 шақырым топтық – айналмалы жарыс болды. 2 кезең де «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағында өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
«Таза Қазақстан – Таза аймақ» республикалық экологиялық акциясы жалғасып, 6 сәуір – 11 мамыр аралығында өтті. 6-13 сәуір аралығында «Таза өлке» апталығы бастау алып, әрбір ұжым бөлінген қала аумағындағы көшелер мен саябақтарда, демалыс орындарында тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Киелі мекен» апталығында Байқоңыр қаласындағы тарихи-мәдени ескерткіштеріне абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, оның барысында ескерткіштің аумағын ретке келтіру, ақтау-сылау, абаттандыру жүргізілді. «Жасыл аймақ» апталығында қаламызды көгалдандыру және көркейту мақсатында ағаш отырғызылды. «Өнегелі ұрпақ» апталығында қалалық «Ардагерлер үйі» және ҰОС және тыл ардагерлерінің үй-жайларын тазалық жұмыстарын жүргізді. Ардагерлер тарапы ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында Сырдария өзенінің Байқоңыр қаласынан өтетін тұсы күл-қоқыстан тазартылды. Акцияға қаланың 3000 жуық мекеме ұжымдары қатысып, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға, қоқыс шығаруға өз үлестерін қосты.
«Байқоңыр» кешенінің кейбір жер учаскелерін жайылымдық жерлер үшін жалдан шығару мәселесіне келсек, 61 мың гектарға жуық жер учаскесін Төретам және Ақай елдімекендері тұрғындарына жайылымдық жерлер ретінде жалдан шығару пысықталуда. Жер учаскелерінің шекараларын нақтылау, тірек нүктелерінің географиялық координаттарын анықтау, жер учаскелерінің шекараларында коммуникация элементтерінің болуын анықтау, тиісті актілерді рәсімдеу мақсатында тараптар өкілдерінің қатысуымен бірлескен жұмыс тобы жұмыстар жүргізуде.
Қайрат НҰРТАЙ,
ҚР Президентінің «Байқоңыр»
кешеніндегі арнаулы өкілі,
облыс әкімінің орынбасары
ҚР Президентінің «Байқоңыр»
кешеніндегі арнаулы өкілі,
облыс әкімінің орынбасары