Шырағың сөнбесін, шырағым...
Өркениет дамып, ел өркендеген сайын күнделікті өмірімізге де көптеген жаңалық енуде. Экономикамыздағы іргелі өзгерісті айтпағанда, отбасындағы тәрбиеге де батыстың түрлі дәстүрі батпандай кіріп кеткенін аңдамай да қалдық. Көптен бері көңілде жүрген мәселенің бірі – мерекелік тортқа шаншылған майшамды үрлеп өшіру.
Иә, үстіне шырақ шаншылған торт бүгінгі туған күн мен үйлену тойлардың ажырамас бөлігіне айналды. Жағылған шырақты үрлеп өшіргеніне бала да мәз, жас жұбайлар да мәз, оларға қол соғып, жиналған тойшыл қауым да мәз.
Бір қарағанда онда тұрған еш сөкеттік жоқ сияқты. Балалар тәтті торттың үстіндегі шырақты өшіріп, мәз-мейрам болады. Дәмнен ауыз тиіп, ойынның көркін қыздырады. Тіпті балалар осы рәсім үшін жыл сайын туған күнін асыға күтетін уақытқа жеттік. Қонаққа келген балалар үшін де бұл шырақ бірнеше рет жағылып, өшіріледі. Біз мұны қалыпты бағалап, оған айрықша назар аударуды да қойдық.
Алайда, мұнда үлкен мәселенің бір ұшы жатқанын бәріміз бірдей біле бермейміз. Өйткені біз отқа нан пісіріп, ошаққа ет асатын дәуренді артқа қалдырып, «көгілдір отынның» дәуірінде ғұмыр кешудеміз. Осыған сай оттың қасиеті, отбасы, отанасы деген сөздердің де аясын тарылтып алғандаймыз.
Әжелеріміз алаулаған от түгілі жанып бітпеген шоқтың өзін су құйып немесе басқалай өшіруге тыйым салатын. Басына қандай қиын күн туса да атабабамыз өз отын өзі өшірмеген. Көнекөз қариялар иесіз үйге кіргенде от тұтатып, не болмаса сәбиді бесікке бөлемес бұрын отпен аластап, «жын-шайтан жарықтан, оттан қорқады, жарық түссе, шайтанның көзі байланады» деп ырым еткен. «Шырағың сөнбесін», «Отауларыңның оты маздап тұрсын», «Ошағыңды оттан үзбе», «Ошағыңның отын күзетіп отыр» деген лебіздер де жақсы ниеттен туған. Ал қазір біздер сол жанған шырақты үрлеп өшіреміз. Негізінен қазақ халқы отты өшіруді емес, керісінше оттың лаулағанын құп көреді. Сондықтан да жаңа түскен келінге «отқа май» құйғызады.
Келін босағадан аттап түскенде отқа май құйғызу – қазақтың тәңірлік сенімге иланған кезінен, бәлкім, одан да ертеректен келе жатқан ежелгі ғұрпы. Рәсімдік іс-әрекет ретінде жасалатын мұндай әдеттерді «дәстүр» деп емес, «ғұрып» деп атау қалыптасқан. Мұндай ырымдарды қазір ешкім ежелгі түсініктерге негіздеп ұстанбайды. Ақ босаға аттап, отқа май құйып жатқан қазіргі келіндер бұл ырымды от пен майға табынғандықтан емес, ата-баба дәстүрін құрметтегендіктен «бұрынғысоңғының жолы» деп жасайды. Қазақы танымда қалыптасқан «шырағым сөнбесін», «отым өшпесін» деген игі тілекпен отқа май құяды. «Оттың өшпеуі», «шырақтың сөнбеуі» қазақ үшін азаматының, отбасының аман болуы, шаңырағының шайқалмауы, ел-жұрттың тыныштығы дегенді білдіреді. Осы тәжірибе мен тағылымның барлығы отқа май құю үрдісінде жинақталған. Бұл ғұрыптың астарында «отқа май құйғанда от қалай лауласа, өмірі де солай жайнай берсін» деген ырым да жатыр.
Ал біз жағып жүрген шырақты христиандар шіркеуде иконның алдында шоқынып тұрып көбірек тұтатады. Олар мұнысын адамның Құдайға деген жылуы деп түсіндіреді. Қашан өзі сөніп қалғанша жанып тұра береді. Үрлеп жатқан ешкім жоқ. Ал біз шырақты үрлеп өшіру үшін ғана жағып жүргенімізді білеміз бе?
Шырақ демекші, қазір дүкенге бас сұқсаңыз төменгі бағасы 100 теңгеден басталатын, тортқа арналған шырақтың түр-түрін табасыз. Қарапайым шырақтар, жан-жағына ұшқын шашатын шырақтар, гүлі ашылып, ән салатын құрылғылары бар шырақтар, несін айтасыз, қалтаңызға қош келгенін сатып ала аласыз. Сатушылардан жай-жапсарын сұрай бастасаңыз, қайсысы қай тойға лайықты екенін, тіпті қазір тек туған күн мен шаңырақ көтеруге ғана емес, басқа да тойларда кеңінен қолданыла бастағанын егжей-тегжейлі айтып, кеңес те береді.
Расында, шырақ үрлеу үрдісі, той кезінде қалыңдықтың гүл лақтыруы – сырттан келген әдеттердің бірі ғана. Бірақ қазір бұл халық арасына дендеп еніп келеді. Бұл туралы қоғамдық пікір де әрқилы.
Қалай десек те, қазақ отты тіршіліктің төрт тірегінің бірі санаған. «Ошағыңның оты өшпесін» деп тілек айтып, «оттай жанып тұрған жан екен» деп мақтауын асырған. Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесін», Мұқағали «Сөнбейді, әже, шырағың» деп өлмес шығармалар жазып қалдырғанын да білеміз. Ендеше той мен туған күнде торттағы шырақты өшірмес бұрын аздап ойланып алғанымыз жөн сияқты. Осы ретте оқырманға ой салар ел аузындағы мына әңгімемен бөлісе кетсек.
Ертеде елге аты белгілі бір данагөй би өзінің өмірден өтер алдында жиған бар қазына-мүлкін ұлдарына қалдыру үшін үш ұлын шақырып алып «үйімнің ішін қажетті бір затқа толтырғандарыңа бар жиған қазына мүлкімді қалдырамын» деп уәж айтқан екен. Сонда тұңғыш ұлы қап-қап сабан әкеліп, үйдің ішін сабанмен толтырса, ортаншы ұлы үйдің ішін құс жастықтың ішіндегі мамықты шашып толтырыпты. Ал кенже ұлы бір шырақ әкеліп, оны жағып, шырақтың жарығымен үйдің ішін толтырған кезде оған дана би кенже ұлының тапқырлығына тәнті болып; «Мирасымды саған қалдырамын. Өйткені өмір сүру дегеніміз – айналаңа жарық шашу!» деп өзінің жиған бар қазына-мүлкін соған қалдырыпты. Бұл аңыз шырақтың адам өмірінде қаншалықты маңызы бар екенін айқындап тұр. «Бақыт деген есігі ашық, шырағы жанған шаңырақты таңдайды» деген көсемсөзші әрі жазушы Жақау Дәуренбековтің қанатты сөздерінде шырағы жанып тұрған үйден құт-береке үзілмейтіні аңғарылады. Бұл туралы жетпістің жетеуінен асқан ақ жаулықты әжеден сұрағанымызда:
– Бүгінде салт-дәстүріміздің дені еуропаланып барады. Жастар өздерінің қалауымен түрлі сарайларда бесікке де салып, тұсауын да кестіріп жатыр. Мұндай жаңашылдыққа қуансақ та, «әттеген-ай» дейтін тұстары да бар. Соның ішінде үйлену тойларында атасы мен енесіне торт асату, кішкене бөбекке торттың шырағын өшірту біздің салт-дәстүрімізге, таным-түсінігімізге сай келмейді. Осындайда жас ата-аналар өзгеден көргенін біліп-зерттемей лезде қайталамас бұрын, үлкендермен ақылдасып, жөн сұрағаны абзалырақ дер едім. Қазақы тәрбие, түсінігімізге сүйенсек, халқымыз ешуақытта өзінің шырағын әдейілеп өшірмеген. Бұл ырымның түп мағынасына үңілсек, мүмкін ойымыз өзгерер ме еді? От – ошақтың, отбасының, жылылықтың символы. Сол ошақтың басында жанұя мүшелері бас қосып, жақсылыққа жол бастайды. Ал қазір өзгелерге еліктеп, барымызды ұмытудамыз. Отты өзіміз өшіртіп, қараңғылыққа жол сілтеп отырмыз. Әрине, бала үшін барымызды саламыз. Баламыз ең бірінші, ең әдемі болғанын қалаймыз. Бірақ өзгені қайталамас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» ақылмен қадам жасағаны жөн. Әсіресе біз қатарлы үлкендер жастарға мұның дұрыс емес екенін айтып отырса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Тынышкүл Қатарбайқызы.
Сондай-ақ бұрындары өмірден озған адамның рухы үшін жеті, не қырық күнге дейін шырақ жағып қоятын наным-сенімдер де кездеседі. Халық даналығында «Шырақтың беймезгіл өшкені, бақыттың бастан көшкені» деген сөздер де бар.
Мұндай мысалдар ел арасында көптеп кездеседі. Ал тағдырдың сан түрлі соқпағынан сабақ алып, ой түю – әр жанның өз еншісінде. Десек те халқымыз өз отын өзі өшірмеген. «Үйіңнен береке кетсе, от жақ» деген бабалардың сөзін есте ұстаған жөн. Қалай десек те, жанған шырақты өшіру – жақсы ырым емес. Отымыз да, шырағымыз да сөнбесін!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ