» » Жазғы демалыстың жайы қалай?

Жазғы демалыстың жайы қалай?

Қасықтай қар, тобықтай тоңғалдырмай, жайдары жаз да келді. Бұл кезде біреулер үйжайды реттеу қамымен құрылыс жүргізіп, жөндеу жұмыстарына кіріссе, енді бірі жыл бойы сарыла күткен демалысын алып, теңізге тартады, ел көріп, жер көріп, тынығып қайту үшін алысжақын шет елдерге сапар шегеді. Ал кезекті оқу жылынан кейінгі жазғы демалыс оқушы үшін де, ұстаз үшін де жанның дәруі екені белгілі. Әсіресе арқаны кеңге салып, достармен арқа-жарқа болып асыр салатын балалар бұл сәтті асыға күтеді. Ал жазғы демалыс босқа өтпей, мәнді де мазмұнды өрілсе, зор бақыт. Осы ретте жазғы демалысты қалай өткізген дұрыс, нені ескеру керек, ауданда жазғы демалыс қалай ұйымдастырылмақ. Сараптап көрелік.
Туризм үшін таптырмас уақыт
Басқа-басқа, жазғы демалыс – бала атаулының асыға күтетін мезгілі. Дегенмен бұл перзенттері үшін алдағы үш айдың бос өтпеуін ойлап бас қатыратын ата-аналарға қосымша жүк, ерекше жауапкершілік жүктейтіні тағы бар. Уақытты тиімді өткізудің бір жолы – жазғы демалыс орындары екені рас. Алайда бүгінгідей қымбатшылық жағдайында мұны екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні тағы бар. Баяғы тегін лагерьлер көзден бұлбұл ұшқан, барының бағасы қымбат. Сол себепті, Алматы, Астана сияқты үлкен шаһарларда тұратын балалардың дені қала маңынан ұзай алмайтыны тәрізді, көптеген ауыл балаларының да сол төңіректен аттап шығуға мүмкіндігі жоқ. Яғни жасөспірімдердің туған Отаны, атамекені туралы таным-түсінігі өзінің тұрғылықты жерінің аумағынан әріге аспайды. Осы ретте мектеп оқушылары үшін арнайы шара ретінде танымдық туризмді жолға қою мәселесі туындайды. Әсіресе, осы жазғы демалысты пайдаланып, ауыл демей, қала демей, жер-жердегі балалардың тарихи орындарға, көрікті мекендерге саяхатын ұйымдастыру ауадай қажет.
Мұндай тәжірибе бұрын болыпты. Атам «алыстағы ауылда тұрғанымызға қарамастан, сонау кеңестік кезеңде мектебіміздің бір топ оқушылары «Батыр қалалар» маршруты бойынша бірнеше қаланы көріп қайтқанбыз. Ол кезде мұндай экскурсиялар Одақ көлемінде жиі ұйымдастырылатын және жолдама тегін болатын» деп айтып отырушы еді. Осы тәжірибені қазір неге пайдаланбасқа?! Оқушылар үшін танымдық туризмді жандандыру және аталмыш жобаны мемлекет есебінен, сондай-ақ меценаттық қаражат көздерінен қаржыландыру, біріншіден, ұлт ұрпағының төл тарихын тани алуына ықпал етсе, екіншіден, үлкен қалалар мен еліміздің алыс аймақтарының арасын жалғап, мәдени дезинтеграция процесінің етек алмауына, яғни біртұтас жүйе байланысының бұзылмауына негіз болары даусыз. Сондайақ, оқушылардың жазғы демалысының қызықты, ең бастысы, мәнді, мағыналы өтуіне септігі тиер еді.
Әлем балалары әдемі демалады
Бұл ретте балалардың бос уақытын мағыналы өткізуге тырысатын тек біз ғана емес. Ғаламтордағы деректерге жүгінсек, Еуропа мен Америка мектептері де балаларды саяхатқа апарып, қызықты нәрселер көрсетуге жазғы демалысты қолайлы мезгіл ретінде қарастыратынын көреміз. Сөйтіп, олар оқушылар үшін танымдық сапарлар мен экскурсиялар ұйымдастырады және оның ауқымы өте кең. Яғни онда шетелдерге топтық турдан бастап табиғат аясына бір күндік саяхат та бар. Түрлі астаналарды, сол сияқты ірі қалаларды да көру, аралау үрдісі кең таралған. Міндетті болмағанымен, кейбір орындарға, мысалы, тарихи музейлерге, ұлттық парктерге бару өте қажет болып саналады. Мұның сыртында, анағұрлым қызықты турлар да кездеседі. Мәселен, Миссисипи штатында оқушыларға асшаян аулау және пісіріп жеу бойынша да экскурсия ұйымдастырылады екен.
Еуропа мен Америкада лагерьлердің көпшілігі ақылы. Ұзақтығы бірнеше күннен бастап 8 аптаға дейін созылады. Ұлдар мен қыздардың лагерьлері бірге немесе әрқайсысыныкі бөлек те болады. Әдетте балалардың жазғы демалыс орындары белгілі бір бағытта, мысалы, спорт, көркемөнер немесе тіл үйрену мақсатына орайластырылуы ықтимал. Сондай-ақ, онда біздегі сияқты, негізінен, балалардың таза ауада тынығуына басымдық беретін, ал қалған уақытта ән айтып, би билеп, сурет салып жарысып, мәдени-демалыс шаралары мен айналысуына жағдай туғызатын лагерьлер де бар.
Кейбір шетелдерде ірі университеттер жанынан ұйымдастырылатын академиялық лагерьлер де кездеседі. 13- 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған бұл демалыс орындарында балаларға өнерден бастап құқыққа дейінгі әртүрлі сала бойынша қысқа мерзімді оқу-ағарту бағдарламалары ұсынылады. Арасында ойын-сауықтық шаралар да өткізіліп тұрады. Негізінен, дәрістер мен семинардан, тәжірибе сағаттарынан тұратын мұндай курстар көп жағдайда балалардың ертеңгі мамандық таңдауына да септігін тигізетіні мәлім.
Тұрмыстық жағдайларға байланысты бізде мектеп жасындағы балалардың көпшілігі жаз мезгілінде көбінесе қара жұмысқа жегілетіні жасырын емес. Ауылдағылар егістіктің арам шөбін отау, егін суару, шөп шабу, маялау, мал бағу сияқты дала жұмыстарына араласса, қаладағылар көлік жуу, базарда арба сүйреу, жүк тасу, дәмханаларда даяшы болу сияқты шаруаларға тартылады. Көп жағдайда ол жұмыс жасына сай ма, енді ғана өсіп-жетіліп, қалыптасып келе жатқан бала организміне оның әсері қаншалықты, оны елеп-ескеретіндер шамалы. Бірақ кейде күнкөрістің қамы қыспаққа алғанда одан басқа шара да, мүмкіндік те жоқ қой. Сонымен қатар жұмыс беруші де олардың жасын ескере бермейтіні, қоғам тарапынан бақылаудың болмауы да бар.
Ал шет елдерде «бала мектепке тынығып, күш жинап баруы қажет» деген түсінік басым. Мектеп жасындағы балалардың аптасына белгілі бір сағатқа дейін ғана жұмыс істеуіне рұқсат етіледі, онда да оларды кез келген жерге жолата бермейді, әсіресе алкогольді ішімдік қолданылатын кафе, барларға жасөспірімдерді даяшылыққа, тағы басқа жұмысқа алмайды. Балалар көбіне парктердегі ағаштар мен гүлдерге күтім жасау, фермаларда жеміс жинау сияқты маусымдық жұмыстарға тұра алады.
Біздің елдегі жай қалай?
Осы тақырыпқа орай мамыр айында Оқу-ағарту министрлігінің ақпараттық кеңесінде өңірлік білім басқармалары, ведомстволық бағынысты ұйымдар және әдістемелік кабинет басшыларының қатысуымен «Жаз – 2024» балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Аппарат жиналысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәселеге қатысты «Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру – маңызды іс-шаралардың бірі. Балалардың қауіпсіздігін басты назарға ала отырып, жазғы демалысты өткізу мәдениетін қалыптастыру қажет. Бұл бағытта қажетті әдістемелер әзірленіп жатыр, осы бойынша ата-аналарға жанжақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Сондықтан әріптестер балаларды қорғау шараларын қатаң бақылауға алып, жұмысты күшейтуге тиіс. Жауапты мамандарға тиісті әдістемелік құралдар мен алгоритмдер жолданды» деді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл жазда барлығы 3,1 млн баланы, яғни оқушылардың 88,2 пайызын демалыспен қамту жоспарланып отыр. Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова «Бүгінгі таңда 11 мыңнан аса лагерь балаларды қабылдауға әзір тұр. Балалар мен олардың ата-аналары үшін қолжетімді сауықтыру бағдарламалары, орналасу шарттары мен қауіпсіздік ережелері туралы пайдалы ақпарат қамтылған «Балаларға базарлық» және «Қауіпсіз жаз» ақпараттық пакеті дайындалды. Сонымен қатар өңірлерде жаңадан 5 сауықтыру орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, 2026 жылға дейін 50 жаңа орталық пайдалануға беріледі» деп алдағы жоспармен бөлісті.
Аталған министрлік Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп заңнамалық нормаларды, бағдарламаларды, сондай-ақ мониторинг пен бақылауды қамтитын іс-шаралар жоспарын қабылдады. Осыған қоса биыл бірінші рет лагерьлер үшін бірыңғай талаптар әзірленді, қосымша білім беру саласындағы еріктілер мен педагогтер жұмысқа тартылды, лагерлерді қабылдау мен нұсқама өткізудің республикалық мониторингі құрылды. Сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар бекіткен балаларды сауықтыру орталықтарының тізімі жолданды.
Аудандағы ахуал
Бұл тақырып ауданда да өзекті. Жыл сайын арнайы жоспар жасалып, жүйелі жұмыс жүргізіледі. Аудан балаларының жазғы демалысының қалай ұйымдастырылып жатқаны туралы білмекке білім бөлімімен байланыстық.
– Биыл 1-10 сынып аралығында 14399 оқушының барлығын жазғы демалыс және еңбекпен қамту жоспарлануда. 465 оқушы Жаңақорған ауданындағы «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында» демалса, «Қазақстан Халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры «QN Жаздық жолдама – 2024» қайырымдылық жобасымен Түркістан облысы, Төле би ауданындағы «Қуаныш» лагеріне 100 оқушы барып, тынығып қайтпақ. Алғашқы лек демалысқа аттанып та кетті. 2257 оқушы еңбекпен, яғни көркейту-көгалдандыру бригадаларында, еңбек бригадаларында мектептің жөндеу, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қамтылады. Мектеп жанынан құрылған тынығу лагеріне 1114 оқушы тамақпен, 4677 оқушы тамақсыз лагерьге қамтылады. Мектеп жанынан киіз үй тігіліп, этноауыл 14 мектепте ұйымдастырылады. Спорттық лагерьге 2544 оқушы қамтылмақ. Мұнда денешынықтыру пәнінің мұғалімдері жетекші болып спорттық ойындар, баскетбол, волейбол, теннис, футбол, спорттық сайыстар ұйымдастырылады. 838 оқушы дебат үйірмесіне қамтылып, мектеп мұғалімдері, қоғамдық даму бөлімі, жастар бірлестігімен бірге түрлі іс-шаралар өткізеді. Мұнан бөлек те, атқарылар іс-шара көп. Біздегі басты мақсат – балаларға қауіпсіз, пайдалы жазғы демалыс сыйлау, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова.
Сондай-ақ аудандық Оқушылар үйінің жанынан құрылған «Жас толқын» аулалық клубына 1000 оқушы қамтылады. Жазғы маусымда 14 үйірме, 12 аулалық клуб жұмыс жүргізеді. Жылдам оқу, тілашар, ағылшын тілі, шахмат, менталды арифметика, сауат ашу, көркем жазу, робототехника, Book time, Өлкетану, шебер қолдар, мобилография, математика, Бейнелеу өнері үйірмелері ұйымдастырылса, саябақтар мен барлық ойын алаңдарында аулалық клуб жұмыс жүргізеді.
Қауіпсіздік үшін қам
Демалыстағы бала қауіпсіздігі аудандық білім бөлімі үшін басты орында. Мектеп ұжымы демалыс кезінде де өз оқушыларын назардан тыс қалдырған емес. Олардың қайда өткізетіні сұралып, зерттеледі. Сондықтан ата-ана неғұрлым баласын қауіпсіз орында ұстағаны абзал.
Оқушылардың жазғы демалысын және бос уақыттарын, жазғы лагерь жұмысын тиімді ұйымдастыруға әдістемелік көмек беру, күндізгі тынығу лагеріне тиісті санитариялық-эпидемиологиялық талаптармен таныстыру, құқықбұзушылық пен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Көңілді жаз – 2024» тақырыбында семинар өткізілген. Оған аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Г.Төлепбергенова және бөлім басшысы З.Атабаева, төтенше жағдайлар бөлімінің инженері С.Әбжаева, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Қ.Ермаханов, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Н.Пірназаров және мектеп директорлары, әлеуметтік педагогтер, медбикелер, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, психологтар, ата-аналар комитетінің төрағалары қатысып, оқушылардың жазғы демалысын және бос уақыттарын, жазғы лагерь жұмысын тиімді ұйымдастыру барысы жан-жақты талқыланды.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп, мектептерде қауіпсіздікке, су, өрт жағдайларының алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Білім беру мекемелерінде ата-аналар жиналысында жазғы мезгілде баланың қауіпсіздігі түсіндіріліп, ақпараттар берілуде. Жазғы тынығу кезінде, демалыс лагерьлерінде оқушының қауіпсіздігі басты назарда ұсталуы ескертіліп, ескертпе хаттар таратылуда. Су, өрт, көлік, төтенше жағдайларға байланысты қауіпсіздік шаралары 1-11 сынып оқушыларымен, олардың ата-аналарымен жиналыстар ұйымдастыру, өмір қауіпсіздігіне байланысты ережелерді түсіндіруде жадынамалар, естеліктер тарату тапсырылып, жұмыстар жүргізілуде. Демалыс уақытында барлық мезгілде пойыз, автобуспен, тағы да басқа көлікпен жүргенде мектеп оқушыларының ата-аналарының үнемі бақылауында болуы ескертілді. Бүгінгі күні кәмелетке толмағандардың арасындағы басты мәселенің тағы бірі – түнгі уақытта ата-анасыз жүрген балаларды болдырмау мақсатында аудандық полиция бөлімімен бірлесіп кешкі кезекшілік рейд ұйымдастырылуда. Есепті мерзімде аудан бойынша 112 рейд өткізілді. Тәрбие жұмысын ұйымдастыру кезінде басым бағыт баланың жеке басына тілектестік қарым-қатынас, құрмет пен сенім, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оларды кемсітушілікке жол бермеу, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Каналбекқызы.
Барлық білім беру ұйымдарында оқу жылы аяқталуына байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, демалыс кезеңінде балалар арасында төтенше жағдайлардың алдын алу және жазғы демалыстың тиімді ұйымдастырылуы мен қауіпсіздік мәселесі туралы аудан әкімінің орынбасарының, аудан прокурорының орынбасарының, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, аудандық полиция бөлімі, білім бөлімінің қатысуымен жоғары сыныптарда кездесу өткізілген. Бұл жұмыстың барлығы балалардың қауіпсіздігін көздейді.
Ел не дейді?
Осы орайда тақырыпқа тұздық ретінде әлеуметтік желіде танымал психолог Ержан Мырзабайдың пікірін ұсынғымыз келеді.
– Ата-ана баланың жазғы демалысын ойлағанда олардың қауіпсіздігі мен біркүндік уақытын жоспарлауды ұмытпауы керек. Өйткені бала өз уақытын дұрыс ұйымдастыра алмайды. Біркүндік жоспар құрып, оны айлық, жазғы демалыс жоспарына ұластырған дұрыс. Сол кезде бала 9 ай мектепте алған білімі мен отбасындағы тәрбиеден алшақтамайды, жағымсыз әдеттер жасамайды. Сондықтан оларды дамытатын арнайы үйірмелерге, секцияларға апарып, жаттығу алаңдарында бірге спортпен айналыссаңыз, нағыз өнеге. Оқу жылында баланың сабақ, үй жұмысы, олимпиада деп жүріп басқа үйірмелерге баруға уақыты бола бермейді. Ал жазғы демалыс – сол олқылықтың орнын толтыруға таптырмас мүмкіндік. Үш айда мынаны үйренуің керек деп алдына мақсат қойсаңыз, баланың зейіні соған ауады. Мысалы, бала тіл курсына қатысып, тігін, гитара, домбыра, шахмат үйірмелеріне барса, суда жүзіп, атқа мінуді үйренсе, оның қалауы, бұрын байқамай жүрген қабілеті ашылады. Ал ауыл балаларының демалысы қалай өту керек? Бірнеше ата-ана бірігіп, балаларды лагерьге жіберсе болады. Ал үйде мал ұстап, бақша егетіндер баласын еңбекке баулиды. Бірақ еңбек баланың бүкіл уақытын алмауы керек. Баланы шектен тыс жұмысқа салу оның балалығын жоғалтады, тез есейіп кетеді, оқуға құлшынысы төмендейді. Баланы жұмыс күші ретінде қарастырған дұрыс емес. Оның ойнауына, демалуына, жаңа бір дағды үйренуіне көмектесу керек. Ауылда бұған жағдай жоқ деп уәж айтатындар да табылар. Бірақ қазір интернет дамыған заманда онлайн оқу тиімді болып отыр. Мысалы, ауылда отырып-ақ онлайн түрде ағылшын тілін оқуға, ораторлық қабілетті дамытуға болады. Біздің қоғамда бір қызық парадокс қалыптасқан. Баланы 1 қыркүйектен 25 мамырға дейін мектеп тәрбиелейді, оқытады, білім береді. Оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс басталып, балаға жауапкершілік тікелей ата-анаға ауған кезде баланы ата-әжесіне жібереді. Сонда ата-ана қашан баласымен айналысады? Қашан баланың қолынан ұстап, таңғы асты бірге ішіп, әңгімелесіп, сырласып, әр күнін жоспарлап, қалауын тыңдайды? Бұл ойланарлық мәселе. Мүмкін күнкөрістің қамы деп өзімізді ақтап алармыз. Алайда баланы өмірге әкелген соң, оның алдындағы жауапкершілікті де ұмытпаған абзал, – дейді психолог.
Иә, көпке топырақ шашпаймыз әрине. Десе де баланың жазғы демалысын жоспарламайтын ата-аналар да ортамызда бар. Бұлай деуімізге себеп – әлеуметтік желіге келген жауаптар. Мақаланы жазу барысында қойылған сұраққа «демалысты не жоспарлайтыны бар, баламыз үйде отырады» деген жауаптар да алдық. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, көңілге қонымды пікірлер де кездесті. Мөлдір есімді үш баланың анасы «Қазір балалар ұялы телефонмен уақыт өткізеді. Балалардың жазғы демалысында әрбір күнін сағатқа бөліп қоямын. Мәселен күніне бір сағат жазу жазуға арналса, бір сағат тарихи кітаптарды оқиды, сосын ойын ойнайды. Бірақ телефонмен емес. Лагерьге баруға мүмкіндік болса, қалдырмай жіберемін. Жұмыста болсам кешке келіп, бір тексеремін. Балалар да осындай тәртіпке үйренген. Балалар 9 ай бойы білімін шыңдайды ғой, ал жазғы демалыста би, қолөнер, шахмат секілді үйірмелерге беремін. Мұның барлығы балаға тәртіпті, уақытты тиімді пайдалануға үйретеді» дейді. Расында да, таңнан кешке дейін ойнай беру баланы да жалықтырады. Ал осы ойнайтын уақыттың төрттен бір бөлігін пайдалы дүниеге бөлсе, баланың таным-көкжиегі кеңейеді.
Түйін Қарап отырсақ, балалар демалысын ұйымдастыру мәселесінде ескі ұстанымдар мен қасаң қалыптан шығып, жаңаша жол іздейтін уақыт жетті. Қазір талап та, заман ағымы да басқа. Әрине, «күні бойы қараусыз қалмасын» деп, баланы мектеп жанындағы лагерьге бере салған оңай, бірақ бұл бәрібір толыққанды демалыс емес. Әрі ол ары кетсе 14 күннен аспайды. Ал қалған 76 күнді қайда жібереміз? Балалардың демалысты пайдалы әрі қызықты өткізіп, денсаулығын нығайтып, жақсы демалуына жағдай жасау керек. Жалпы баланың жазғы каникулын денінің саулығын, білімін, тәрбиесін және шығармашылық талантын дамытумен үйлестіре білуді – демалысты дұрыс ұйымдастыру дейді. Бұл әр ата-ананың өз қолында. Айналып келгенде, балаға бүгінгі жасалатын қамқорлық – елдің ертеңіне салынған инвестиция іспеттес. Ал сіз балаңыздың жазғы демалысын жоспарладыңыз ба?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 маусым 2024 ж. 253 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 273

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930