Ерлікке баулыған мұғалім
7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні. Бұл тәуелсіз еліміздің өзіндік қорғаныс қабілеті бар екенін білдіретін мереке, қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасын тапқан күні.
Жалпы елді қорғау, жасөспірімдердің патриоттық рухын қалыптастыру мектеп қабырғасында қаланады. Себебі мұнда алғашқы әскери дайындық пәні оқытылады. Мереке қарсаңында С.Есқараев атындағы No27 мектепке алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін Берік Әлиякбаровпен тілдесудің сәті түсті.
Ол 1970 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. 1977-1987 жылдары М.Фрунзе атындағы орта мектепте білім алады. Оны бітірген соң Шымкент қалалық кәсіптік-техникалық училищесін токарь мамандығы бойынша үздік белгімен аяқтайды. Кейіннен осы қаладағы Қазақ химия-технологиялық институтында химиялық өндіріс және құрылыс материалдарының өнеркәсіп орындарының машиналары мен аппараттары мамандығын оқып шығады. Оқу орнына қарасты әскери кафедрасында 1991-1992 жылдары химиялық әскерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау (РХБК) мамандығы бойынша бітіріп, запастағы лейтенант шенін алады. 1996 жылы аға лейтенант атағы берілді. Жан-жақты білімге құмар жанның оқуы осымен тоқтап қалмайды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарих мамандығын, «Болашақ» университетінің «Бастапқы әскери дайындық» мамандығы бойынша бітіреді.
Берік Әптайжанұлының еңбек жолы Ш.Уәлиханов атындағы No26 орта мектебінде сызу-сурет пәнінің мұғалімі болудан басталады. Ал 1997 жылы алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғаліміне ауысады. 2003 жылдан бастап No27 орта мектепте жұмысын жалғастырады. Қазіргі таңда осы мектепте құқық негіздері және алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді.
Алғашқы әскери дайындық сабағының өзіне тән ерекшеліктері бар. Аталған пән мұғалімдері келешекте Отанын, елін, жерін қорғай алатын, ұлттық намысы мол, жігерлі ұл-қыз тәрбиелеу жолында еңбектеніп келеді.
– Бұл пәннің негізгі мақсаты – жерін, елін қорғай алатын, жігерлі ұл, қыз тәрбиелеу, әскер қатарына сауатты, моральдық жағынан дайын азамат даярлау. Әскери пәндерді оқыту арқылы жасөспірімдерді тәрбиелей отырып, осы арқылы адамгершілік-рухани тұрғыда егемен еліміздің ұлттық сана-сезімі мен намысы оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, еңбекқор, бойында білімге негізделген ізгілікті қасиеттері қалыптасқан азамат тәрбиелеу, – дейді мұғалім.
«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп ұлы Абай айтқандай, өзі қызмет істеген жылдарында Берік Әптайжанұлы Qalqan қорының президенті С.Қуандықтың атынан алғыс, облыстық білім басқармасының басшысының құрмет грамотасы, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы мен ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының, аудандық білім бөлімі басшысының құрмет грамотасымен марапатталған.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, өзі сабақ беретін оқушылары да бүгінде ағайынан алған білімдері мен жақсылығын ұмытпайтынын айтады.
– Мектеп жылдарын еске алғанда ағайдан аттап өте алмаймыз. Ол ісіне шын берілген, мамандығын сүйетін жанның бірі. Біз бұл кісінің сабағына асыға дайындалатынбыз. Мектеп бітіріп, әскерге баратын кезде де құжаттарымызды бірге дайындасып жүрді. Мінезі ашық, ешкімге артық сөзі жоқ, ерлермен жақсы тіл табы- сатын қасиеті бар, – дейді шәкірттерінің бірі.
– Екі бірдей шәкіртімді ерекше атап өткім келеді. Олардың бірі – С.Есқараев атындағы No27 орта мектебінің түлегі Айдын Наурызбекұлы. Ол бүгінде С.Нұрмағанбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтының 2 курс студенті. Ал екінші шәкіртім Ш.Уәлиханов атындағы No26 орта мектебінің 1999 жылғы түлегі Ерсін Әбуов. Қазірде Қарағанды қаласында Астана өңірлік қолбасшылығы техникалық қамтамасыз ету басқармасының штаб бастығы, шені – подполковник. Өзге оқушыларым да қалыспайды. Олар облыстық «Жас мерген», «Әскерге шақырылушы», «Мерген ару» республикалық «Айбын» әскери-қолданбалы спорттық жарыстарының жеңімпаздары. Ерлікке баулыған мұғалім 1993 жылы шымкенттік Қарлығаш есімді қызбен шаңырақ көтереді. Өмірлік жары қазірде аудандық емханада медбике болып қызмет атқарады. Бүгінде олар жанұясында 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, қыздарынан жиен немере сүйіп отырған бақытты отбасы. Үлкені Мархабат Т.Көмекбаев атындағы No250 мектеп-лицейінде физика пәні мұғалімі. Ал Қуанышы Ресей мемлекетінде НИТУ жоғары оқу орнын магистрлік дәрежесімен аяқтады. Қазіргі таңда Астана қаласында «Самғау» компаниясында программист болып жұмыс істейді. Парасат болса Астана Медициналық университетінің «Жалпы медицина» мамандығының 4-курс студенті, ал кенжесі Әбілмансұр Т.Көмекбаев атындағы No250 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы.
Ақнұр САҒЫНТАЙ