Татулық күнінде тал екті
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Жосалы кентіндегі «Тәуелсіздікке – 20 жыл» саябағында аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен мерекелік іс-шара өтті.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы, аудандық ардагерлер, қоғамдық кеңес төрағалары, меценаттар, түрлі этнос өкілдері, кәсіпкерлер мен волонтерлар және мекеме қызметкерлері қатысты.
Мерекелік іс-шарада аудан басшысы Бірлік күнінің маңыздылығына тоқталып, берекелі өмірдің, бейбітшілік пен келісімнің өзегі екендігін атап өтті.
– Елімізде қалыптасқан ұлттардың тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміздің экономикасы өркендеп, ілгері басып келеді. Қандай қиыншылықтар болсын ел бірлігі арқылы еңсемізді тіктеп келеміз. Соның бір дәлелі – кешегі ел аймағында орын алған су тасқыны кезінде жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілігімізді көрсеттік. Ел басына күн туып, күрделі жағдай орын алғанда қармақшылық халқымыз елдің бірлігі жолында ортақ мүддеге ұйысып, өңірлерге гуманитарлық көмек жинап берді. Сын сағатта қайырымды іске жұмылған жандарға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.
Іс-шарада аудан басшысы бірліктің үлгісін көрсеткен бейбіт күннің батырларына облыс және аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, ауданның меценаттары Орынбасар Төлепов пен Али Рагибов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар ауқымды акция. Ауданда өткен мерекелік іс-шара «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында ағаш отырғызу акциясымен жалғасты. Кенттегі «Тәуелсіздікке – 20 жыл» саябағына аймақтың климаттық белдеуіне сай жеміс ағаштары мен жасыл терек отырғызылды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ