Алғыс алысқа апарады
Көзге шағын көрінгенімен Жосалы кентінің арғы-бергі беті жаяу жүргіншіге әжептәуір жер. Одан уақыт кетірумен қатар, шаршап-шалдығып қаларыңыз және бар. Қазір шүкір дейік, кент ішінде жолаушы тасымалы жолға қойылған. Бұл орталықтағы тұрғындармен қоса, көлік қатынасы сирек жүретін шеткі аймақтардың да мәселесін шешіп, бір ізге салып тұр. Әсіресе мөлтек ауданына қарай қатынайтын №2 маршруттың көлік жүргізушісіне деген көптің ықыласы бөлек.
Жалпы кентке «Кад Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ғали Алмауытов жолаушы тасымалымен айналысатын 8 пазик бөлген. 3 жыл көлемінде осы жұмыстарды абыроймен атқарып келеді. Осы көліктің бірін тәжірибелі жүргізуші Алтынбек Сарбасов тізгіндеген.
– Алтекең өз ісіне ұқыппен қарайтын білікті маман. Жұмыстан соң май-суын қарап, жөндейтін жері болса дұрыстап отырады. Көлікті тоқтатпайды. Көлікті тоқтаусыз жүргізу – тұтынушыларға өте тиімді болмақ. Бұйырса, жақында жақсы жаңалығымыз болады. Жолаушылар қызметі үшін кентке тағы бір жаңа автобус қоссақ па деп отырмыз, – дейді серіктестік директоры Ғали Базарбайұлы.
Бір қарағанда көліктің бәрі бірдей болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, автобус жүргізушісі болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Адам тасымалымен айналысатын болған соң, оған мол тәжірибе қажет. Сол үшін де кез келген жан мұндай іске кездейсоқ келе салмайды. 15 жылдан бері жолаушы тасымалдап жүрген Алтекең «Басты мақсатым – халықтың көңілінен шығу» дегенді айтады. Оның күнделікті жұмыс кестесі таңертеңгі сағат 5.30-да басталып, содан кешкі 6.30-ға дейін жалғасады.
– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Ү.Томанов атындағы №183 орта мектеп кент орталығынан шетте орналасқан. Ол жаққа қарай такси қатынағанымен оған үнемі отыру қалтаға ауырлық етеді. Бір айлығымен күн көріп жүрген қарапайым адамға тиімдісі – қоғамдық көлік. Осы тұрғыда №2 қоғамдық көлік жүргізушісі Алтынбек Сарбасовқа таңнан кешке дейін үздіксіз, тоқтаусыз қызметі үшін алғысымызды айтсақ, басшысы Ғали Алмауытовқа осындай көлік тасымалын ұйымдастырғаны үшін ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Елге жасаған еңбек қашанда елеулі. Азаматтардың игі істері берекелі болсын. Тұрғындардың ризашылығына кенеліп, абырой биігінен көріне берсін, – дейді кент тұрғыны Бақыт Төребаева.
С.ДАТ